«Таза Қазақстан»: Жетісу университетінде су ресурстарын басқару мәселелері талқыланды

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаевпен кездесу өтті. Шараға білім ордасының офлайн форматта 150, онлайн форматта 1000-нан астам студенті қатысты.
Кездесуді әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев жүргізді. Ол өз сөзінде аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі бүгінгі күннің өзекті бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.

Арсен Жақанбаев студенттерге «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» тақырыбында дәріс оқып, еліміздегі су ресурстарын басқару саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
«Су – тіршілік көзі. Оны үнемдеу – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қазіргі таңда елімізде су ресурстарын тиімді басқару бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ескірген су қоймаларын жаңарту, су ағынын реттеу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және суды үнемдеу технологияларын енгізу қолға алынған», – деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ, комитет төрағасы су тапшылығы қаупінің артып келе жатқанын атап өтіп, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Шара соңында су ресурстарын ұқыпты пайдалану мәдениетін насихаттауға және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен студенттерге ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Алғыс хаты табысталды.
Кездесу аясында Арсен Жақанбаев университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу орнының мұражайын аралады.
