ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНА және ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР
Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласында ем-шара түрлерін жетілдіру жұмыстарымен қатар, мамандарды дамыту жұмыстары да үздіксіз жүргізіледі. Соның бір көрінісі Медицина қызметкерлері күніне орай дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылған болатын.

Спорттық шара «Дені сау ұлт – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында өткізілді. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бұл дәстүрлі дода жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл спартакиадаға қатысушы командалар саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Бұл медицина қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігінің жоғары екенін, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән беретінін көрсетеді.
Биылғы жарысқа Шымкент қаласындағы 43 медициналық ұйымның қызметкерлері қатысып, кіші футбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика (400 метр), 16 келілік гір тасын көтеру және арқан тарту спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылғаны да сала қызметкерлерінің қоғамдағы әр үрдіске сергек түрде атсалысатынын аңғарса керек. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталған жиын барысында қызметкерлерге Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты нышандары екені айтылып, олардың тарихи маңызы мен қоғамдағы орны туралы кеңінен ақпарат берілді.
Салтанатты жиында сөз сөйлегендер мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен патриоттық рухты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Шараға қатысқан басқарма қызметкерлері Мемлекеттік рәміздердің ел тұтастығы мен егемендігінің символы екенін атап өтіп, оларға деген құрметтің әрдайым жоғары болуы қажеттігін жеткізді.
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Психикалық денсаулық орталығында» «31 мамыр – дүниежүзілік темекісіз күн» аясында дөңгелек үстел өткені де көпке аян.
Темекі шегу мен есірткіге тәуелділіктің алдын алу, оның салдарымен күрес бағытында түрлі кәсіби және мемлекеттік ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейтуді мақсат тұтқан жиынға психиатрлар, наркологтар, ішкі істер департаментінің өкілдері, жастар орталығы және ЖИТС орталықтарының мамандары, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, еріктілер қатысты.
Кездесу барысында мамандар темекі шегудің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, темекі жүрек-қантамыр ауруларының, өкпе обырының және тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларының негізгі себептерінің бірі екені айтылды. Темекі түтіні тек шегушінің өзіне ғана емес, айналасындағы адамдардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіретіні атап өтілді.
Мамандар қазіргі таңда электронды темекі, вейп және өзге де никотин өнімдерінің жастар арасында кең таралуы алаңдаушылық тудырып отырғанын жеткізді. Бұл өнімдердің де адам ағзасына зиян келтіріп, никотинге тәуелділікті қалыптастыратыны түсіндірілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі қала ауруханаларында әрбір ота аса үлкен жауапкершілікпен жасалатынын алға тартады. Аурухана дәрігерлері нейротравматология, урология, жалпы хирургия, оториноларингология, бет-жақ хирургиясы, кардиохирургия салаларында балаларға сапалы әрі тиімді ем жүргізуде. Әрбір ота тәжірибелі мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында жоғары деңгейде орындалуда.
Күрделі диагноз қойылған көптеген балалар бүгінде қажетті емді өз қаласында қабылдап, білікті мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік алып отыр. Бұл – ата-аналар үшін де үлкен қолдау. Себебі кішкентай пациенттердің дер кезінде сапалы ем алуы олардың тез сауығып кетуіне оң әсерін тигізеді.
Ауруханада қолданылатын жаңа әдістер мен заманауи медициналық жабдықтар дәрігерлерге күрделі операцияларды сәтті жасауға мүмкіндік беруде. Әрбір ақ халатты жанның басты мақсаты — балалардың денсаулығын жақсартып, оларға бақытты балалық шақ сыйлау. Бүгінде аурухана ұжымы кішкентай пациенттердің өмірі мен денсаулығы үшін тәулік бойы аянбай еңбек етіп келеді.
Шымкент қаласында тұрғындарға жыл басынан бері 200-ге жуық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілгені де қала медицинасының дамып, күрделі ауруларды емдеуге мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді. Олардың ішінде ми-қан тамырларының күрделі ауруларына жасалған операциялар, жүрек-қан тамырлары сырқаттарын емдеу, бүйрек пен бауыр алмастыру оталары бар. Осындай жоғары деңгейдегі ем-дом шаралары көптеген науқастың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұндай оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.
Қаладағы екі ірі ауруханада нейрохирургиялық күрделі оталар жасалады. Бүгінде бұл орталықтардың мүмкіндігі жоғары болғандықтан, тіпті кейбір науқастар шетелге бармай-ақ, қажет емді Шымкенттің өзінде ала алады. Бауыр мен бүйрек алмастыру оталары бойынша да Шымкент алдыңғы қатарда келеді. Бұған дейін мегаполисте үш жүрек алмастыру отасы сәтті жасалып, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен медицинаның дамуы нақты дәлелденді.
Жалпы алғанда, Шымкентте жоғары технологиялы медициналық көмектің дамуы тұрғындарға сапалы ем алуға кең жол ашып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, халық денсаулығын жақсартуға мол үлес қоспақ.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласында балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы да жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3500-ге жуық бала оңалту емінен өткен.
Мамандардың айтуынша, ерекше балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсаруының нәтижесінде оң динамика жоғарылап отыр. Оңалтудан өткен балалардың түгел дерлік (99,3%) денсаулығы жақсарып, үйлеріне шығарылған.
Қалада №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы (диспорт) кеңінен қолданылуда. Бұрын мұндай ем түрін алу үшін ата-аналар Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде Шымкент қаласындағы медицина ұйымдарында ем алуда.
Бүгінде №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» орталығы, сондай-ақ, №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» орталығы мен «Психикалық денсаулық орталығы», мемлекеттік тапсырыс аясында т.б жекеменшік орталықтар да қызмет көрсетуде.
Оңалту қызметтері неврология, ортопедия-травматология және кардиология бағыттары бойынша жүргізіледі: 2273 бала тәуліктік стационарда, ал 1179 бала амбулаториялық деңгейде, 2405 бала неврологиялық бағыт бойынша, 775 бала ортопедия-травматология бойынша, ал 492 бала церебральды сал дерті бойынша оңалтудан өтті. Әсіресе айрықша күтімді қажет ететін балаларды қолдау бағытында айтарлықтай нәтиже бар: 4 ай ішінде оңалту емін алған 2074 бала (60,1%) – ерекше балалар санатында.
Шымкент қаласында сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында екі ірі медициналық ұйымда күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмысы қарқынды жүзеге асырылуда.
Қалалық №3 аурухананың бас ғимаратында ауқымды күрделі жөндеу жұмысы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Аумағы 2,6 гектарды құрайтын бұл медициналық мекемеде ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Есік-терезелер толық ауыстырылып, жылыту жүйесі мен инженерлік коммуникациялар заманауи талаптарға сай жаңартылуда. Бұл мекеменің энергиялық тиімділігін арттырып, науқастар мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын «Строй-проект-инвентаризация» ЖШС әзірлеп, ол тамыз айында мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, оң қорытынды алған. Құрылыс-монтаж жұмысын «НКО» ЖШС жүзеге асыруда. Күрделі жөндеу 2025 жылдың қазан айында басталған болатын.
Айта кету керек, қалалық №3 аурухананың тарихы 1986 жылдан бастау алады. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам аудандық ауруханасы ретінде қызмет көрсеткен мекеме 2018 жылы Сайрам тұрғын алабының Шымкент қаласына қосылуына байланысты қайта құрылып, қалалық №3 аурухана атанды. Бүгінде бұл медициналық ұйым қала тұрғындарына кең ауқымды медициналық көмек көрсетіп келеді.
Қаладағы диагностикалық орталықта да ауқымды құрылыс-монтаждау және жаңарту жұмысы жүргізілуде. Жоба аясында ғимараттың электрмен жабдықтау, желдету, жылыту және сумен қамтамасыз ету сияқты инженерлік жүйелері толық жаңартылып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілуде. Бұл медициналық жабдықтардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды.
Реконструкция барысында орталықта жаңа жоғары технологиялық диагностикалық құрылғыларды орналастыруға арналған арнайы кабинеттер жабдықталып, пациенттерге қолайлы орта қалыптастыру үшін күту залдары мен қабылдау бөлімдері кеңейтіледі. Нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артып, зерттеу нәтижелерін алу уақыты қысқарады, диагностика тиімділігі едәуір жақсарады.
Жалпы бұл жобалар Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге және тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып саналады.
Саладағы негізгі жаңалықтардың бірі – біршама уақыт бұрын Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада остеоартрозды емдеудегі эндоваскулярлық катетерлік эмболизация (ЭКА) әдісіне арналған халықаралық шеберлік сағаты өтті. Іс-шараға Германиядан келген профессор Аттила Ковач қатысып, Алматы, Қарағанды және Шымкент қаласының мамандарымен тәжірибе бөлісті.
Практикалық бөлімде дәрігерлер түрлі феморальды қолжетімділік тәсілдерін көрсетіп, Шымкент қаласының 3 тұрғынына тізе буынындағы ауырсынуды азайтуға бағытталған ота жасады. Шеберлік сағаты барысында ЭКА әдісінің артықшылықтары, остеоартрозды емдеудің заманауи тәсілдері және пациенттерді іріктеу талаптары талқыланды.
Сондай-ақ Шымкент қалалық №2 ауруханасында жүрек ырғағы бұзылыстарын диагностикалау және емдеуге арналған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында дәрігерлер бірден үш күрделі аритмологиялық операцияны сәтті жасады. Екі пациентке Вольф–Паркинсон-Уайт синдромы бойынша жоғары технологиялық ота жүргізілсе, тағы бір науқасқа жүрекшелер фибрилляциясына байланысты операция жасалды. Іс-шараға еліміздің жетекші аритмолог мамандары қатысып, тәжірибе алмасып, мастер-класстар өткізді. Теориялық баяндамалармен қатар, операциялық бөлмеде тәжірибелік көрсетілімдер ұйымдастырылды.
Бұл — Шымкент қалалық №2 ауруханасы базасында алғаш рет өткізілген күрделі аритмологиялық операциялар. Заманауи технологияларды енгізу арқылы пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артып келеді.
(Материал Шымкент қаласы әкімінің
баспасөз қызметі жариялаған
ақпараттар негізінде дайындалды)