ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНА және ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері 71 жастағы науқастың өмірін аман алып қалған. 27 наурыз күні 103 қызметіне шұғыл шақырту түсіп, бригада науқасқа тез жеткен. Дәрігерлер оның инфаркт алғанын және жағдайы өте ауыр екенін анықтады. Көмек көрсету кезінде науқастың жүрегі тоқтап қалғанында Ержан Жантуғанов және Гузеля Шаяхметова сынды білікті фельдшерлер бірден жүрекке массаж жасап, екі рет ток беріп, қайта соқтыра алды. Бірнеше минуттан кейін науқастың жүрегі қайта соғып, тынысы қалпына келді. Осындай сәттерде әр секунд маңызды. Бұл жолы да дәрігерлер уақытты жоғалтпай, адам өмірін аман алып қалды.
Шымкент дәрігерлері күрделі операцияны сәтті жасап, жұлын ішіндегі ірі ісікті алып тастағаны да көптің назарын аударды.
70 жастағы науқас бірнеше ай бойы екі аяғының ұюына, сондай-ақ үлкен және кіші дәретінің бұзылуына шағымданған. Уақыт өте келе оның жағдайы нашарлап, №1 қалалық клиникалық ауруханада толық тексеруден өтті. Тексеру барысында кеуде омыртқасының 6-7 тұсында жұлын ішінде үлкен көлемді ісік анықталды. Егер ісік шұғыл түрде алынбағанда, ол өте ауыр және қайтымсыз асқынуларға, соның ішінде аяқтардың сал болып қалуына, жұлынның қайтымсыз зақымдануына әкелуі мүмкін еді. Дәрігерлер жоғары кәсіби шеберлік пен зергерлік дәлдіктің арқасында аса қауіпті аймақта орналасқан ісікті толық алып тастады. Операция бірнеше сағатқа созылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізілді. Нәтижесінде жұлын ішіндегі ісік толық алынып, ота сәтті аяқталды. Нәтижесінде науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған: аяқтарындағы ұю толық жойылып, үлкен және кіші дәретінің қызметі қалпына келген.
Шымкент жүрек орталығының пациенттері де сала жетістіктеріне дән риза. Олар: «Сіздердің еңбектеріңіз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен кең жүректеріңіз адам өмірін сақтап, науқас жандарға толыққанды өмірдің қуанышын қайта сыйлауға көмектеседі. Дәрігерлерімізге, мейіргерлерімізге және бүкіл ұжымға жанқиярлық еңбегі мен өз мамандығына деген адалдығы үшін алғыс айтамыз!» – деп, медицина қызметкерлеріне жоғары кәсібилігі, ілтипатты қарым-қатынасы, қамқорлығы мен емдеу барысында көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қалалық медицина тетіктері түрлі аппараттармен жабдықталып, денсаулық сақтау бағытындағы шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
Мәселен, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының қан тамырлары хирургі Ерлан Дауренбекұлы науқасқа төсек жанында планшеттік ультрадыбыстық аппараттың көмегімен зерттеу жүргізуде. Дәрігердің айтуынша, планшеттік УДЗ аппараты – ықшам әрі тасымалдауға ыңғайлы заманауи құрылғы. Оның көмегімен науқастарды қабылдау бөлімінде, жансақтау бөлімінде және палатада, яғни төсек жанында тексеруге мүмкіндік бар. Бұл технология диагнозды жедел әрі дәл анықтауға, уақтылы медициналық көмек көрсетуге және пациенттер үшін тексеру процесін барынша қолайлы етуге септігін тигізеді.
Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдар заманауи планшеттік үлгідегі ультрадыбыстық диагностикалық аппараттармен жабдықталған. Мұндай құрылғылар диагностикалық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, шұғыл жағдайларда медициналық шешім қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сәуір айының 6-10 күндері аралығында «ТМД-дағы денсаулық және адам құқықтары апталығы» атты мемлекетаралық іс-шара өтті. Бұл шараның маңыздылығы ерекше, себебі Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен 2026 жыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Денсаулық сақтау жылы болып жарияланды. Бұл бастама халық денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Апталық аясында Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жастар арасында психикалық денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруды, зиянды әдеттердің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыруды мақсат тұтқан кездесу барысында орталықтың нарколог дәрігерлері мен мамандары студенттерге темекі, алкоголь және психоактивті заттардың адам ағзасына тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жастар арасында буллинг, күйзеліс, эмоционалдық тұрақсыздық және тәуелділіктің алдын алу мәселелері де кеңінен түсіндірілді.
Мамандар салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталып, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, психологиялық тепе-теңдікті сақтау және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша кеңестер айтты. Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дәрігерлерден нақты жауап алды.
Осындай профилактикалық кездесулер жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамда психикалық саулық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алып, олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сала мамандарын қуантқан жаңалық – Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына 25 жаңа мамандандырылған автокөліктің кілтін табыстады. Арнайы техникалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Олардың қатарында кардиографтар, дефибриллятор-мониторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, электрлі сорғылар, оттегі баллондары және науқастарды тасымалдауға арналған арнайы құрылғылар бар.
Жедел жәрдем автопаркінің жаңартылуы шұғыл шақыртуларға дер кезінде әрекет етуге, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қала басшысы жауапты мамандарға техникалардың тұрақты дайындығын қамтамасыз етіп, қызмет сапасын одан әрі жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ біршама уақыт бұрын Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылғы 4 айдағы қызметінің қорытындысына арналған алқа отырысы өткен болатын. Жиын қала әкімінің орынбасары А.Сәбитовтің төрағалығымен ұйымдастырылып, денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Алқа отырысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков 2026 жылдың 4 айындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жергілікті бюджет есебінен екі медициналық ұйымға заманауи КТ және МРТ аппараттары сатып алынып, пайдалануға берілді. Ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 90 медициналық ұйымның 60-ы аккредиттеліп, көрсеткіш 67 пайызды құрады. Жоғары технологиялық медициналық көмек аясында 4 айда 106 ота жасалған.
Жиын барысында медициналық және фармацевтикалық бақылау, жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал, иммунопрофилактика, МӘМС жүйесінің жұмысы және тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды қарау нәтижелері де талқыланды.
Отырыс қорытындысында мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшыларына қызмет сапасын арттыру, халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты №7 емханада жаңа емдік және инфрақұрылымдық нысандар іске қосылғаны ел әлеуетін арттыруға бағытталған іс, яғни емхананың оңалту бөлімшесі базасында «Тұзды шахта» (галотерапия) бөлмесі ашылды. Бұл – қала емханалары арасында алғаш рет енгізіліп отырған емдік қызмет түрі. Тұзды үңгірде қалыптасатын ерекше микроклимат тыныс алу жүйесіне оң әсер етіп, бронхит, астма, аллергия сияқты аурулары бар пациенттерді оңалтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған әдіс иммунитетті нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, №7 емхана аумағында екі корпусты байланыстыратын өтпелі галерея пайдалануға берілді. Галерея науқастардың қауіпсіз және қолайлы қозғалысын қамтамасыз етеді. Әсіресе ауыр халдегі немесе операциядан кейінгі пациенттер үшін ауа райының қолайсыз жағдайларынан қорғай отырып, бір бөлімнен екінші бөлімге кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Жаңа галерея мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар мен балалар үшін де ерекше қолайлы жағдай жасайды әрі медициналық қызметкерлердің бөлімдер арасында жедел қозғалуына жағдай жасап, шұғыл көмекті уақтылы көрсетуге ықпал етеді.
Шымкентте соңғы жылдары күрделі әрі жоғары технологиялық операциялар тұрақты түрде жасалып жүр. Дәрігерлер ағза трансплантациясын 13 жылдан бері шетелдік мамандардың көмегінсіз жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында бүйрекке 200-ден астам операция жасалып, оның 95 пайызы сәтті өткен.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының м.у.а. Жайсаң Бегайдардың айтуынша, 2026 – 2029 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленген. Аталған жол картасында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, жоғарғы технологиялық көмекті кеңейту, шетелдік және өңірлік пациенттерді мед туризм саласына тарту бойынша нақты шаралар көзделген. Өткен жылы қалада 160-тан астам шетелдік медициналық көмекке жүгінген екен. Дертіне шипа тапқандардың қатарында Түркия, Эстония мен Литва, тіпті Швейцария елдерінің азаматтары бар. Мамандар: «Біздегі медициналық қызметтің сапасы мен бағасы шетелдіктер үшін тартымды болып отыр. Өйткені көршілес Ресейде дәл осындай жоғары технологиялық операциялар үш есе қымбатқа түседі», – дейді.
Тағы бір деректерге сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 11 500 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде: 8 500-і – мемлекеттік ұйымдарда, 3 000-ы – жекеменшік медициналық мекемелерде қызмет атқарады. Кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында Шымкент қаласының Жоғары медициналық колледжінің қосымша білім беру бөлімінде жыл сайын 2 500 орта буын медицина қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Оның 1 150-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқытылады. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап Шымкент қаласы бойынша мектеп мейіргерлері арнайы сертификаттау курстарынан өтуде. Бұл бастама алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға және балалар денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Аймақ медицинасы халықаралық қатынастарда да игі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков Біріккен Араб Әмірліктерінен келген медицина саласының мамандарымен кездесіп, жүздесу барысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын қорғау, перинаталдық қызметті дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу бағыттары қарастырылды.
Іс-шара аясында шетелдік мамандар қалалық перинаталдық орталықтың жұмысымен танысып, бөлімшелерді аралады. Орталықтың материалдық-техникалық базасы мен медициналық қызмет көрсету сапасы туралы ақпарат берілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты. Мұндай халықаралық әріптестік өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға оң әсер етеді.
Қызметкерлерге серпіліс беру де назардан тыс қалмайды. Осындай негізде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен орта буын медицина қызметкерлері арасында «Мамандық бойынша үздік» қалалық байқауы өтті. Аталған байқау – медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, тәжірибе алмасуға және үздіктерді анықтауға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Байқауға қаладағы 25 медициналық ұйымнан 35 үміткер қатысып, алғашқы кезеңде теориялық білімдерін тексеру мақсатында тестілеуден өтті. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 16 қатысушы келесі кезеңге жолдама алып, өзара бақ сынады. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. II кезеңде қатысушылар «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында өзін-өзі таныстырып, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін, жетістіктері мен тәжірибесін таныстырды. Ал III кезеңде жағдаяттық тапсырмаларды орындау арқылы коммуникативтік дағдыларын көрсетіп, тәжірибелік іс-әрекеттерін дәлелдеді.
Үздік фельдшер, үздік акушер, стационардың үздік мейіргері және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін үздік патронаж мейіргері деген төрт номинация бойынша өткен байқаудың қорытындысында: «Үздік фельдшер» ретінде Ольга Андреевна (жедел медициналық жәрдем станциясының №1 бекетінің фельдшері), «Үздік стационар мейіргері» ретінде Зарина Ешетқызы (№1 қалалық клиникалық аурухананың мейіргері), «Үздік акушер» аталымы бойынша Қарлығаш Маратқызы (қалалық перинаталдық орталығының акушері), «Үздік патронаж мейіргері» ретінде Нәзира Сайидвалиқызы (№2 қалалық аурухананың емханасының аймақтық мейіргері) жеңіске жетіп, барлық қатысушылар мен жеңімпаздар Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды, қалалық кезең жеңімпаздары республикалық деңгейде өтетін «Өз кәсібінің үздігі» байқауына жолдама алды.
Шымкент қалалық ЖИТС орталығы жұмысының жоғары бағаланғаны да қалалық медицина көрсеткішінің жоғары екенінің дәлелі.
Алматы қаласында Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы мен Жаһандық қор бірлесіп, «Өмір үшін бірлік» атты АИТВ саласындағы медициналық мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестік диалогын ұйымдастырған еді.
Кездесуде сарапшылар АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу шараларын, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады. Диалог алаңында тестілеуді кеңейту, үздіксіз терапиямен қамтамасыз ету, емге бейілділікті арттыру және стигманы төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін барлық тараптардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Іс-шара бүкіл мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіруге, тәжірибе алмасуға және әріптестікті дамытуға мүмкіндік беретін тиімді платформаға айналды.
Іс-шара қорытындысында Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы ұжымының кәсібилігі, халық денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігі, профилактикалық шараларды күшейтуге қосқан үлесі жоғары бағаланып, орталық Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы тарапынан жоғары алғысқа ие болды. Бұл марапат – үкіметтік емес ұйымдармен тиімді серіктестік орнатып, Қазақстанда АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізудің айқын көрінісі.
Шаһарда тиімді жүздесулер де жиі ұйымдастырылады. Соның бірі – Шымкент жоғары медициналық колледжінің қабырғасында өткен жиында қабылданған Конституция мен медицина, саланың болашағы және конституциялық бастамалар төңірегінде әңгіме өрбіді. Іс-шара дәрігерлерді, медбикелерді, фельдшерлерді, медициналық ұйымдардың басшыларын және студенттерді біріктіріп, елдің негізгі Заңын және оның кәсіби қызмет пен қоғам өміріне ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында қатысушылар әрбір азаматтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу құқығын кепілдендіретін жаңа Конституция баптарына ерекше назар аударды. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, ұлт денсаулығын қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлі мәселелері қозғалды. Сонымен қатар медициналық қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы, еңбек жағдайларын жақсарту, мамандықтың беделін көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, кәсіби тәуекелдердің алдын алу, медицина қызметкерлерін үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен қорғауды күшейту шаралары да сөз болды.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Мұндай кездесулер медициналық қоғамдастықтың бірлігін нығайтып, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Денсаулық аптасы» аясында тұрғындарға ашық форматта қабылдау жүргізіліп, әрбір азаматтың өтініші мен сұрағы жеке қаралды. Қабылдау барысында барлығы 20 пациент келіп, білікті мамандардан кеңес алды. Тұрғындарға қажетті медициналық түсіндірмелер мен өзекті сұрақтарына жауап берілді. Сонымен қатар келушілерге аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және уақтылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы жөнінде ақпараттық-кеңестік жұмыстар жүргізілді. Аталған шара халыққа қолжетімді медициналық көмекті арттыруға және тұрғындардың денсаулығына қатысты сауаттылығын көтеруге бағытталды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жоспарына сәйкес, Психикалық денсаулық орталығында Денсаулық күніне орай «Спорт – есірткіге қарсы» атты алдын алу акциясы өткізілді. Салауатты өмір салтын насихаттауды, медицина қызметкерлері арасында спорттық белсенділікті арттырып, есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруды мақсат тұтқан іс-шара барысында медицина қызметкерлері эстафеталық жарыстар, жүгіру, волейбол, шахмат және басқа да спорт түрлері бойынша сайыстарға қатысты. Жалпы шараға қалалық Психикалық денсаулық орталығынан 150-ден астам қызметкер қатысқан. Төрешілер алқасы үздік командалар мен белсенді қатысушыларды марапаттап, кәсіподақ тарапынан ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Акция Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының медициналық ұйым қызметкерлерінің белсенді қатысуымен өтіп, ұжым арасындағы бірлікті нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Шымкент қаласына ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлері жұмыс сапарымен барғаны да өзара тәжірибе алмасудың тиімді жолы. Республикалық орталық мамандары қала стационарларында күрделі хирургиялық операциялар жүргізіп, тұрғындарға консультациялық қабылдау ұйымдастырған, тегін кеңес беріп, қажетті ем түрлерін тағайындаған.

Екі күндік іс-шара барысында мамандар Шымкент қалалық №1, №2 көпбейінді ауруханаларында және онкологиялық орталықта жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып, пациенттерге кеңес беріп, қажетті тексерулер мен емдеу шараларын жүргізді. Сонымен қатар қала дәрігерлері үшін лекциялар, семинарлар және тәжірибелік шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, олардың кәсіби біліктілігі арттырылды. Аталған іс-шара Шымкент қаласы әкімдігімен жасалған меморандум аясында ұйымдастырылған.
Денсаулық саласы мамандары ерекше балалардың қоғамда тең мүмкіндікке ие болуына да бей-жай қарамайды. Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 оңалту орталығында дамуында ерекшеліктері бар, психоневрологиялық бағытта қолдауды қажет ететін балалардың тұсауы кесілді. Орталық мамандарының жүйелі жұмысының нәтижесінде балалар алғашқы сенімді қадамдарын жасап, ата-аналарына үлкен қуаныш сыйлады. Әрбір отбасы үшін бұл сәт үміттің, жаңа мүмкіндіктердің және болашаққа деген сенімнің ерекше нышанына айналды. Өз кезегінде ата-аналар медицина қызметкерлері мен қонақтарға көрсеткен қолдауы мен қамқорлығы үшін шынайы алғыстарын білдірді. №2 оңалту орталығында соңғы екі айда 301 бала ем қабылдаған. Оның ішінде 51 бала оң нәтижемен емін аяқтаса, 153 балада сөйлеу дағдылары қалыптаса бастаған.
Орталықта тірек-қимыл аппаратына байланысты және даму ерекшеліктері бар балалар кешенді оңалтудан өтуде. Әрбір нәтиженің артында үлкен еңбек, ата-ананың үміті мен мамандардың кәсіби біліктілігі жатыр.
(Жалғасы келесі санда)