Алаш арыстары және азаматтық ұстаным
30.05.2026
60
0

Қазақ халқының тарихында саяси қуғын-сүргін жылдары ең ауыр әрі қайғылы кезеңдердің бірі болып саналады. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары болған бұл нәубет қазақ қоғамының дамуына орасан зор зиянын тигізіп, ұлттың рухани және мәдени өміріне ауыр соққы болғаны ақиқат. Оларды еске алу тек өткенге тағзым ету ғана емес, олардың азаматтық ұстанымдары мен ел алдындағы жауапкершілігінен тағылым, өнеге алу болып табылады. Алматы ОКЖ қарасты №39 балалар кітапхана бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен тарихи сағат осы мақсат аясында өтті. 

Мамыр айының соңында аталып өтілетін қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай өткізілген іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы мен «Qyr balasy» қоғамдық қорының мүшесі, жас зерттеуші Мансұр Сәдір, сондай-ақ ҚР мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы 0111 әскери бөлімі «Батыр президенттік полкінің» сарбаздары, топ командирі Спанбетов Мейірхан Нұрахметұлы, бөлімнің 1 санатты маманы Салимбаева Лиза Еділқызы қатысты. 

Кітапхана жетекшісі Сымбат Асанованың алғысөзімен ашылған тарихи сағат ұлттың тәуелсіздігі мен рухани дамуын басты мақсат еткен алаш арыстарына тағзым жасалып, олар жайлы арнайы даярланған бейнероликпен жалғасты. Модератор ретінде іс-шара тізгінін алған Меруерт Мәулетқызы қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың басты ерекшелігі – олардың азаматтық жауапкершілігі екендігін тілге тиек етті. 

— Жеке басынан гөрі халықтың тағдырын жоғары қоя білгендігінен, қоғам, ел алдындағы жауапкершіліктерінен олар тарихи тұлға ретінде санамызда жатталып, қатталып келеді. Арыстарға рухани тағзым жасай отырып – олардың өмірлік ұстанымдарын түсініп, сол құндылықтарды бойымызға сіңіре білсек ұтарымыз көп болмақ. Азаматтық белсенділік, әділдікке ұмтылу, білімге құштарлық, елдің болашағына бей-жай қарамау сияқты қасиеттер бүгін де өте өзекті, — деді. 

Ал алаштанушы, жас зерттеуші Мансұр Сәдір болса «Үлкен террор» кезеңінде ату жазасына кесілсе де есімі көп айтыла бермейтін Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист Ыдырыс Мұстамбайұлы туралы ақпараттармен бөлісті. 

— Ыдырыс Мұстамбайұлы алғашқы абайтанушының бірі. Ұлы ақынның мұраларын ұрдажық, сыңаржақ айтылған, жазылған орынсыз пікірлерден қорғаумен қатар, халқымыздың ақиық ақыны М.Жұмабаевтың өлеңдері жөнінде жазған мақалалары үлкен ерлікке пара-пар. Өзі голощекиндік қуғын-сүргінді басынан кешіріп, «топшыл, ұлтшыл, троицкишіл» деген секілді қуғындаулармен сөгіс алып, партия қатарынан шығарылып жатқан қиын кезеңнің өзінде де тайсалмаған қайраткер. Қазақстанның әдеби өміріне белсенді түрде қатысып, Абай, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтың әдеби мұрасын кеңестік және идеологиялық органдардың шабуылынан қорғай білген публицист, — деп алаш қайраткерінің ұлт мүддесі жолындағы өзге де еңбектеріне кеңірек тоқталды. 

Сарбаздар сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Ал сарбаздарды бастап келген топ командирі Мейірхан Нұрахметұлы тәуелсіз елдің азаматы ретінде жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін мәңгі есте сақтап, олардың азаттық жолындағы күресін әрдайым құрметтеуіміз керек деген жалынды лебізін білдірді. Кездесуге қатысқан әр жан өткеннің тағылымын бағалай білгенде ғана болашақты нық қадаммен қалыптастыра алатынын сезініп тарқасты. 

М.Маулина,

Журналист 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір