Манар ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ. Жеті жетпегір
02.06.2026
70
0

Бітеубек өз өмірінде тұңғыш рет балалары жайлы байыпты ойлауға әрекет етті. Оған себеп, Мырза көршісінің ауласынан білдіртпей барып, бос шөлмектерді жинап әкеліп, арақкеш әйелін «сомапал» әкелуге жұмсап жіберген-ді. Арқасынан ауыр жүк түскендей, көңілі көтеріліп отыр еді. Сол сәтте тұңғыш баласы келіп: «Әке, мен биыл онжылдықты бітіремін. Вечерге киетін киімім жоқ. Елдің балалары әлден дайындап қойды», – деп жабырқай да жаси сөйлеген.

Бітекең басында: «Мода қуған не теңің, алдымен дұрыстап оқып ал, сонысын айт», – деп бұрынғы бетсіздігіне басқанда, ержетіп қалған баласы бұрынғыдай ықпады, қайта ызғарлы дауыспен: «Мода емес, дені дұрыс мектеп формасы да жоқ үстімде», – деп босаңсыған-ды.
Ұлының бұл көңіл күйін ездікке жорыған Бітекең: «Тәйт әрі, көрсетпе көз жасыңды жасық неме. Өзіміз де жалаң бұт, жалаң аяқ өскенбіз. Құдайға шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз».
– Қайдағы ел қатарлы? Осы ауылдағы ең ескі жұтаған біздің үй. Біз ес білгелі мамам екеуің жарыса ішіп, бүкіл өмірлерің ұрыс-керіспен өтпеді ме. Жолдастарымның ортасында сендер үшін жасып, ығып жүремін. Не тәрбие бердіңдер? Арақ ішіп, ауыздарыңа келгенді айтып, жанжалдасып жатқанда асылып өлгім келеді, – деп ұлы ашуға булығып, шығып кеткен.
– Ақылсыз неме, асылып өлем дейді ғой. Осы күнгінің балалы бір түрлі. Түртіп қалсаң түтіп жеуге даяр тұрады. Полигонның әсері ме, әйтеуір сіркелері су котермейді, – деп Бітекең біраз тулап алса да баласының сөзінен тіксініп қалды.
Расында да не өнеге бердім деп ойлады ол. Үйленген жылдары әкеден қалған азын-аулақ ақша мен малға сеніп, өкіртіп ішті. Арақтың су тегін, мол кезі. Кеш қонақсыз өтпейді. Арақ, достар жеткілікті. Алғашқы кезде көп ішесің, тыныштық бермейсің деп әйелі реніш білдіре берген соң, оны да араққа үйретіп алды. Кейіннен өзінен асып түспесе, олқы соқпайтын болды. Оның үстіне жиі жүкті болып, айналасы оншақты жылдың ішінде бірінен- бірі өткен жеті ұл тапты. Шетінен сүйекті, алдарына ас келсе апырып-жапырып жейтін кілең «ашқарақтар». Кейде үйде нан болмай қалатын кезде әйелі: «Жеті жетпегір-ай, мені жеңдер?» – деп қарғап-сілеп, үйден безіп шығып, кешке қарай масалаң болып оралатын.
Ондайда Бітекең көше кезіп, ұсақ-түйек көтерме жұмыс істеп, өзі сияқтылармен бірігіп бірдеңе ішіп, үйге нандық пұл әкеп, отбасын асырағанситын. Ал балалары болса, мектеп табалдырығын аттасымен интернаттарға кіріп, өз күндерін өздері көріп кететін. Олардың оқуында, тәрбие­сінде, киім киісінде Бітекеңнің шаруасы болмады. «Балаларыңа ие болсаң еді» деп айтқандарға: «Өкімет өзі асырайды, далаға тастамайды, менен туғаны анық болса, әйтеуір бір жерден шығады», – деп өзінше әзілге айналдыратын.
Енді «өз күніңді өзің көр» деп үкімет суық қарай бастағанда мектеп-интернат­тар мен балалар үйі жаппай жабылып жатқанда, балаларыңның тауқыметі өз мойынына мінгенде, Бітекеңнің білтеленген санасына «енді қайттім» деген қауіп ұялай жөнелгенде, «қуанышын» құшақтап, әйелі кіріп келді. Солақ екен әлгінде ғана әрең-пәрең ояна бастаған әкелік парыз әп-сәтте сөнді.
Ерлі-зайыптылар шөлмекті орталап, жағалары жайлау болып отырғанда «Жеті жетпегір» бірінің артынан бірі тізіліп, кіріп келмесі бар ма. Көңілді отырған әке-шеше: «Е, шырақтарым дастарқанға келіңдер, отырыңдар», – десті қосамжарлана.
– Ал отырдық, енді не ішейік? – деді жеті жетпегірдің үлкені. Басқалары үстелді айнала жайғасып жатыр.
– Мынадан басқа… – деп Бітекең шөлмекті ұстаған күйі ернін тістей қойды.
– Бұлар тамақ ішкізеді дейсің бе, өзі әрең табылғанда, жеті жетпегір, мені жеңдер, – деді арақ басына шыққан шешелері.
– Шешелеріңнің түрі мынау, мен қайсыңның қолыңда тұрам, қайсың асырайсың? – деді әкесі әңгіменің бетін бұрғысы кеп.
– Бізді қалай асырасаң, солай асыраймыз. Ал қазір арағыңды бере тұр, түскі астың орнына ішейік, – деп жеті жетпегірдің үлкені әкесінің қолындағы шөлмегін жұлып алып, аузынан қылқылдата бір-екі жұтты да қалғанын тете інісіне ұстатты. Өзі екі қолын жайып әкесіне:
– Бата беріңіз, – деді.
– Не бата? – деді әкесі таңданып.
– Абай атамыз баласы Мағышқа:
«Аузымды сөзден босатқан қарағым,
Алдымды кісіден босатқан қарағым»
деп бата берген екен. Енді өзің:
«Аузымызды арақтан босатқан
қарағым,
Алдымызды тамақтан босатқан
қарағым» –
деп бермеймісің деді. Басына ештеңе бара қоймаған шешесі: «Жеті жетпегірдің сұрағанын бере бер», – деп қисалаңдай барып ескі темір төсекке құлай кетті.
Бітекеңнің тынысы бітеліп қалды ма, үн шығаруға дәрмені болмай сілейді де қалды.
Бата берілмеді. Жеті жетпегір бірін-бірі жетелеп шығып кетті. Ар жағы…
Далаңда, қалаңда қайыршың өріп жүр,
Не сұмдық пәлені шыққыр көз
көріп жүр,
Солардың ішінде тірідей жетім боп,
«Жеті жетпегір» көз жасын
төгіп жүр…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір