
Алматыдағы рухани орта тағы бір тағылымды кешке куә болды. Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №20 кітапхана-бөлімшесі Еуразия техника-экономика колледжімен бірлесе отырып, қазақ сөз өнерінің заңғар өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Тағдырлы тарихтың тағылымы» атты әдеби-танымдық шығармашылық кеш өткізді.
Бұл кеш – жай ғана еске алу емес, ұлт жадын жаңғыртқан, тарихтың тұнығынан сыр тартқан рухани сұхбатқа айналды. Қабдеш әлемі – көркем сөздің ғана емес, халықтың тағдыр-талайының көрінісі. Оның қаламынан туған әрбір туынды – көшпенді рухтың жаңғырығы, ұмыт бола бастаған тарихи сананың қайта тірілген үні іспетті.
Жиында сөз алғандар қаламгердің тарихи тақырыптарға барудағы батылдығы мен шынайылығы, ұлт тағдырын көркем өрнектеудегі шеберлігі – уақыт сүзгісінен өткен асыл мұра екені терең толғаныспен айтты. Оның туындылары – тек өткеннің елесі емес, бүгінгі күнмен тілдескен тірі шежіре.

Кештің қадірлі қонағы, жазушының ұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Қабдешұлы әкесінің тұлғалық болмысы мен шығармашылық әлеміне жүрек жылуымен үңілді. Оның естеліктері арқылы қаламгердің азаматтық келбеті, шындыққа адал мінезі, өмір мен өнерді қатар ұстаған парасат биігі айқын көрінді. «Әкем үшін тарих – тек дерек емес, тағдыр еді» деген мазмұндағы ойлар кешке ерекше әсер сыйлады.

Ал әдебиеттанушы ғалым, профессор Руда Зайкенова Қабдеш прозасының көркемдік қуатын ғылыми тұрғыдан саралап, оның ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын терең пайымдады. Ғалым пікірінше, жазушының тарихи романдары – халық жадын жаңғыртқан көркем шежіре, ұлт рухын асқақтатқан рухани биік.
Кеш тізгінін ұстаған жазушы, драматург Әлібек Байбол мазмұнды сұхбат өрбітіп, ойлы сауалдарымен басқосудың тынысын кеңейтті. Оның әрбір сұрағы – тың ойға бастар көпір, әрбір түйіні – әдеби әңгімеге серпін берген салмақты пікір болды.

Жастардың белсенділігі де ерекше назар аудартты. Студенттер қонақтарға сауал қойып, өз ойларымен бөлісіп, әдебиетке деген шынайы қызығушылықтарын танытты. Бұл – кітапқа бет бұрған, рухани ізденісті серік еткен буынның бар екенін көрсеткен үмітті көрініс.
Кеш барысында ұйымдастырылған кітап көрмесі де көпшілік көңілінен шықты. Кітапхана қызметкері Нұржаубекова Аяла жазушы шығармаларына шолу жасап, олардың мазмұндық тереңдігі мен тәрбиелік мәнін әсерлі жеткізді. Бұл көрме – қаламгер мұрасымен қайта қауыштырған үнсіз сырласу алаңы болды.
Кездесу соңында ЕТЭК колледжі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Құстайқызы мен №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы өз сөздерінде, қонақтарға алғыс білдіре отырып, шараның рухани мәні мен мұндай кездесулердің ұлт руханиятын байытудағы орны ерекше екенін айтты.

«Тағдырлы тарихтың тағылымы» атты кеш – сөз өнерінің құдіретін ұқтырған, өткен мен бүгінді жалғаған, рух пен тарихты тоғыстырған тағылымды басқосу болды. Бұл – ұлт жадын жаңғыртып, әдебиет арқылы рухты асқақтатудың жарқын үлгісі.
Медина БАҚЫТ