ӘДЕБИ АУДАРМА – ӘЛЕМДІК БАЙЛАНЫСҚА АШЫЛҒАН ЕСІК
13.04.2026
123
0

Халықтарды қосатын, араластыратын –олардың барыс-келісі мен қарым-қатынасы. Солардың ең бір көрнекті жолы әдебиет пен мәдениеттің байланысы дер едім. Еларалық әдеби және мәдени ауыс-түйістер ұлттар мен ұлыстарды жақындастыратын қолайлы тәсіл. Әсіресе, әдеби байланыстың тиімді жолы аударма қызметі мен әдебиеттің ауысуы арқылы жүзеге асады. Қазақтың ұлы жазушысы, көрнекті ғалым Мұхтар Әуезов көркем аударма мәселесіне ерекше мән берген. Ол аударманың тек сөзді ғана емес, автордың рухын, стилін, ұлттық бояуын жеткізуі керек екенін айтқан. «Аударма – бір халықтың мәдени қазынасын екінші халыққа жеткізетін өнер», – деген болатын.

Екінің бірі көп тіл біле бермейді. Ендеше ұлтты ұлтпен, халықты халықпен етене араластырып отыратын алтын көпір – әдеби шығармалар. Бұл ойымыз Виктор Гюгоның: «Аударма – бір халықтың рухани байлығын екінші халыққа жеткізетін көпір» деген пікірімен үндеседі. Ол, әрине, көркем әдеби аударма арқылы іске асады. Осыған дейін ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Саят Қамшыгер тәуелсіз әдеби агент ретінде Қырғыз, Башқұрт, Саха, Әзербайжан халықтарының ұлттық Жазушылар одағымен, жекелеген шығармашылық ұйымдармен байланысып, аталған халықтардың әлде неше кітабын қазақ тіліне аудартып шығарды. Онымен ғана тынбай, қазақ қаламгерлерінің еңбектерін де сол халықтардың тіліне аудартып, сол елдерде жарық көруіне себеп болып жүр. Ондай іс-шаралардың әлде нешеуіне куәгер болып ішінде жүрміз. Мінеки, қолымыздағы татар жазушыларының бір томдығы қазақ тіліне, қазақ жазушыларының бір томдығы татар тіліне аударылып басылып шықты. Тағы бір том қазақ жазушыларының шығармалары қырғыз тіліне аударылса, қырғыз қаламгерлері қазақ тіліне аударылып оқырманға жол тартты. Осы үш елде сол төрт кітаптың таныстырылымы өтіп оқырманға жол алған болатын.
Атап айтар болсақ, татар әңгімелерінің жинағы «Жанымның бір бөлшегі» атты кітапты және қырғыз әңгімелерінің жинағы «Күннің көзін көргім келеді» еңбектерін меңзеп отырмын. Бұл екі кітап 2024 жылы бірінші рет басылып шыққан соң, екінші рет «Kitap» баспасынан 2025 жылы тағы басылыпты. Алдыңғысына қазіргі татар жазушыларының үздік әңгімелері енген. Татар әдебиетіндегі өзіндік орны, оқырманы бар қаламгерлердің отыз әңгімесі таңдалып осы кітапқа жинақталған екен. Әңгімелер өмірдің түрлі сәттерін, қилы тағдырларды арқау еткен. Мұндағы мәселелер мен көтерген тақырыптар, оқиғалар қазаққа да жат емес. Шығарма бұрынғыдай орыс тілінен емес, қайта тікелей татар тілінен түпнұсқадан аударылып отыр. Саят Қамшыгер, Жібек Зинелова, Гүлнұр Қыранбай, Іңкәр Ізбай сынды төрт аудармашының қолынан шыққан еңбек ел қолына тиді. Оқыған адам қаламиелерінің көркем әлемімен танысып көп нәрсеге көз жеткізеді. Әсіресе, екінің бірі бара алмайтын аударма әдебиеті саласы күрделі де нәзік дүние. Жазушы көп болғанымен аударма әдебиетінің өкілдері өте көп емес. жалпы жазушыларда болатын ерекшеліктерден өзге, басқа ұлт жанын түсіну, олардың табиғатын дәп басатын қабілет пен нәзік шеберлік қажет болады. Сол үддеден шыққан шығармашылық адамы ғана әдебиеттің талғамы мен күткен жерінен шығады.

Енді кітаптың аудармасына келер болсақ, оның өзі – үлкен сын, үйлесімділікті қажет ететін жұмыс. Тіл білу бірінші кезекте тұрғанымен, қаламгерлік шеберлік, ұзақ жылғы ысылған тәжірибе өзінше бөлек дүние. Сол тұрғыдан алып қарасақ, Қырғыз тілінен тәржімаланған «Күннің көзін көргім келеді» атты кітаптың аудармасына атсалысқан Нұрлан Қами, Саят Қамшыгер, Әбділдабек Салықбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы (автор), Роза Ыстай, Гүлбақыт Қасен, Нұрбек Нұржан қатарлы қаламгерлер айтулы аудармашылар деуге болады. Олар – осыған дейін де бауырлас түркі жұртының біраз шығармасын қазақ тіліне аударуға қатынасқан, еңбектері көршілес мемлекеттерде жарық көрген жандар. Аталған қаламгерлер қазақ елінде және бауырлас елдердің әдеби ортасына аты белгілі адамдар. Сондықтан да, бұл команданы, Самуил Маршак айтқандай, «Аудармашы – екі тілдің ғана емес, екі мәдениеттің де қызметшісі» деп айтар едік. Бас ұйымдастырушы Саят Қамшыгердің айналасында бір қуатты команда болып қалыптасқан белсенді шоғыр.
Кітаптан Зинахан Пасанова, Сүлеймен Рысбаев, Әбділәмит Мәтисақов, Әбдікерім Мұратов, Әбдінәби Даабеков, Сұлтан Раев, Топшыгүл Шайдуллаева қатарлы 24 жазушының шығармасын оқи аласыздар.
Қолымыздағы аударма кітаптардың арасында Алматыдағы «KITAP» баспасынан жарық көрген екі кітапты атауға болады. Оның бірі – Әбділдабек Салықбай аударған «Түнгі жарық» жинағы. Кітапқа әлем әдебиетінің классиктері С.Цвейг, Э.Хемингуэй, М.Шолохов, В.Шукшин секілді жазушылардың ішінара әңгімелерін, туысқан түрік халықтарынан қырғыздың белгілі халық жазушылары Асан Жақшылықов, Әбділамит Матисақов, Топшыгүл Шайдуллаеваны аударыпты. Түрік Әли Ақбаш, татар Рабит Батулла, Айсұлу Имамиева секілді авторларды қазақша сөйлетіпті. Талғампаз талантты жазушы Әбділдабек Салықбайдың қолынан шығып, синтезінен өткен 24 аударма тіпті жұтынып тұр.
Келесі шығарма «Тас қорған, Ақ бәйбіше, Қара кемпір» деп аталады. Қырғыз тілінен 14, өзбек тілінен 3, ұйғыр тілінен 1 еңбек аударып оқырманға ұсынған Дәулетбек Байтұрсынұлы (автор). Жинақта Қырғыз қаламгерлері Акпар Ырысқұл, Сұлтан Раев, Қаныбек Иманалиев, Қайрат Иманалиев, Мелис Абакиров, өзбек жазушылары Шойим Бутаев, Уйғун Рузиев, Абдунаби Хамро, ұйғыр ұлтының өкілі, халық жазушысы Ахметжан Аширидың туындылары, жалпы 18 әңгіме топтастырылыпты.
Кезі келіп тұрған соң айтайын, дәл осы «KITAP» баспасынан жазушы-драматург, аудармашы, ғалым Әлібек Байбол аударған үш кітап жарық көріпті.
Қос томдық драматургия жанры. Оның біріншісі – әлем драматургиясынан «Құбыжық» атты еңбек. Онда әлемге әйгілі драматургтер туындыларының көркем аудармасы топтастырылған. Мариус фон Майенбург, Валентин Красногоров, Гарольд Пинтер, Кобо Абэ, Нил Саймон, Родион Белецкий қатарлы 6 автордың еңбегі сап түзепті. Екіншісіне «Туған күн» деп ат қойыпты. Жинақта Рэй Куни, Сэмюэл Беккет, Славомир Мрожек, Сомерсет Моэм, Теннесия Улиямс, Василий Шукшин секілді алты қаламгердің шығармасының басы қосылыпты. Үшінші кітабы, «Әділ қазы» деп аталады. Жинаққа әлем халықтары ертегілерінің, аңыз-әпсаналарының аудармасы жинақталыпты. Көп жылғы тұрақты ізденістің нәтижесі осылайша бір мезетте үш жинақ болып жарық көргені үлкен жетістік.
Менің ылғи айтып келе жатқан бір сөзім бар: «Тұтас халық болып құшақтасып дос болып араласа алмайды. Жекелеген адамдар мен ішінара азшылықтың араласуы, үйір-айқас болуы жалқыдан жалпыға өтіп халықтар достығына жалғасады», – деген сөз еді.
Ендігі еңбек – аударма саласында жиі бой көрсетіп жүрген баспагер, ысылған аудармашы Гүлнұр Қыранбайдың кесек жұмысы. Ол – қазіргі қырғыз әдебиетінің үздік өкілдерінің бірі, көрнекті жазушы Сұлтан Раевтың «Топан» роман-тәмсілі. Кітап министрліктің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша жарық көріпті. Танымал жазушы Сұлтан Раевтың «Топан» романы – адамзаттың рухани тамырына үңілген терең философиялық шығарма. Романда Нұх пайғамбар дәуіріндегі топан судың басталу тарихын, адам баласының күнәға батып, менмендікке берілуін, сол күнәлардың жазасы қалай болғанын қозғайды. Кітап – аңыз бен миф, тарих пен дін қатар жарысып жататын еңбек.
Жазушы Сұлтан Раев – осы заманғы қырғыз әдебиетін биік белестерге көтеріп жүрген тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, Шыңғыс Айтматов эстафетасын түсірмей іліп алып жалғаушылардың бірі. Осы кезге дейін «Жанжаза» романын Кәдірбек Құныпия және Әсем Ережеқызы жеке-жеке аударыпты. Бір топ аудармашының атсалысуымен қазақ тілінде «Көкжал» деген бір томдығы басылып шыққан. Осы аудармашылардың еңбегі арқасында қазақ оқырмандарына кеңінен танылып жүрген қаламгер.
Осыдан қырық жыл бұрын Жюль Верннің (1828–1905) «Капитан Грандты іздеу», «Су астында сексен мың шақырым», «Сырлы арал» деген желілес үш романын оқып едім. Міне алдымнан талантты ақын, мықты аудармашы Гүлімай Әбішқызы тәржімалаған «Су астындағы жиырма мың лье» деген роман жарқ ете қалды («Foliant» баспасы, 2025 ж). «Жиырма мың лье» «Сол сексен мың шақырым» болар. Бұл роман жазылғанда ондағы айтылған дүниенің барлығы фантазия немесе «өтірік» болатын. Бүгінгі таңда оның бәрі – баяғыда шындыққа айналып кеткен өмір. Осыдан көретініміз жазушының бұл қиялы шын мәнінде көріпкелдік. Ұшақ, тікұшақ, теледидар, реактивті зымырандар, жарылғыш химиялық дәрілер, суасты сүңгуір кемесі… бәрі-бәрі бүгінгі таңда қолданыста жүрген айдай ақиқат.
Осы орайда Гүлімай Әбішқызының екінші аудармасын да айтуымыз керек. Ол – Рэй Брэдберидің «Бақбақ шарабы» атты романы. Романда он екі жасар Дуглас деген жасөспірім бала туралы баяндалады. Кіршіксіз таза, күнделікті тіршіліктің күйбеңінен тысқары баланың естеліктеріне толы. Дугластың басынан өткен оқиғалар мен оның ішкі көңіл күйі жан әлемі әдемі үйлестірілген шығарма оқырманын өзіне тартады. Ең бастысы, жыл сайын қайталанып отыратын дәстүрлі отбасылық шаруалары «бақбақ шарабын» әзірлеу жазғы үш айлық өмірдің қызығы еді. Жазушы бұл романында отбасы, достық, адалдық, балалық шақ, адам өміріндегі әртүрлі кезеңнің өз қиыншылығы мен қызықтарын суреттеу арқылы бала өмірі арқылы дәуір мен қоғамның сипатын ашады.
Қолымдағы келесі кітаптың аты: «Батырбектің хандығы», авторы – Георгий Гребенщиков. Авторы өзге ұлт өкілі болғанымен, кітап аты – қазақша… Бұл қалай екен деп қолымызға алдық. Сөйтсек, авторы Георгий Гребенщиков қазақтың елімен де, жерімен де етене жақын, аудармашының жерлесі, тағдырдың жазуымен ризығы түзден бұйырып шетелдерде көп жортқан жан болып шықты. Ол әлем әдебиеті алтын қорына қосылған жеті томдық «Чураевтар» романының авторы екен. Автор 1910–1925 жылдары көшпенділер өмірінен жазған повестері, пьесалары, ертегілері біршама болыпты. Әне соның бір парасын аударып жинаққа топтастырыпты. Бүгінгі күннің оқырмандары өткен ғасырға бір сәт назар салып, басқаның көзімен, бөтеннің сөзімен жазылған шығарма арқылы ұлты мен жерін сырттай қарауына болады. Өскемен қаласындағы «Шығыс ақпарат» баспасынан шыққан бұл 23 баспа табақ көлемді кітапты Айтмұхамбет Қасымов аударыпты.

2025 және 2026 жылдары арт-артынан көлемді екі романды аударып аяқтап баспадан шығаруға себеп болу деген айтарға болмаса, ауыр жұмыс. Өз басым көптен бері білетін, өлеңдерін үлкен құрметпен оқитын ақын Гүлімайдың әлем әдебиетіне дендеп кіріп, асыл жауһарларды жарқ еткізіп оқырманға ұсынуы үлкен ерлік. «Мұндай жұмысты не елім деген ұл істейді, не құлақкесті құл істейді». Қысқасы, мені таңдандырды. Осы жұмыстың нәтижесінде қазақ оқырмандары сол жазушының елін біле бастайды. Ұлттың ішкі менталитетін, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын таниды. Әркім өзімен салыстырып, ұқсастығын, өзгешелігін түсінеді. Әдебиет – рухани елші, үнсіз дипломатия. Ол саясатшылар мен шенеуніктер бара алмайтын аймақтарға барады, жете алмайтын жер түбіне жетеді. Шығарманы оқығандар өздеріне бөтен көрінген бөгде жұрттың кейіпкерлерімен сөйлесіп, сырласып таныса бастайды, табыса бастайды. Иоганн Вольфганг Фон Гете айтқандай, «Аударма арқылы халықтар бір-бірін танып, рухани жақындай түседі». Жүректен көтерілген жылы сезімдер бойға жайылады. Адам деген тамыры бір, тағдыры бөлек бейтаныс халықтар осылайша жақындайды, тұтастыққа қарай ұмтылады.

Бұрын бар аударманы тек орыс тілінен ғана аударып келсек, тәуелсіздіктен кейін ағылшын, қытай, түрік, моңғол тағы да өзге тілдерден тікелей аударатын азаматтардың көбейгені қуантады. Солардың бірі – жазушы, публист, аудармашы Абай Мауқара. Ол кісі моңғолдың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының иегері Цэндийн Доржготовтың «Ламалардың қанды қырғыны» атты романын моңғол тілінен аударыпты. Кітап «MEREKE» баспасынан шықты. Негізі мен бұл романды 15 жылдың алдында «TANBALY BASPASY»-нан 2011 жылы шыққанда оқып, мақала жазғанмын. Ол «Айқын» газетінде жарық көрген болатын. Кітап өңделіп, байытылып, сапалы болып екінші мәрте «MEREKE» баспасынан жарық көргені қуантты. «Қазақ пен қалмақ – киіз-туырлық» дегендей, тіліміз бөлек, дініміз бөлек демесек, өмір сүру әдеті, шаруашылығымыз, азық-түлік, киім-кешектерімізге дейін ұқсас ұлт едік. Бұл романда соған көз жеткіземіз.
Әдеби жыл қорытындысына үш күн қалғанда қолымызға «Қарашада өмір бар» деген аударма келіп түсті. Авторы – белгілі ақын, ысылған аудармашы Гүлбақыт Қасен. Осыған дейін түбіміз бір түркі дүниесінен әдеби аудармаларға қатынасып өзін тәжірибелі аудармашы ретінде көрсетіп келе жатқан Гүлбақыт бұл жолы қозғалыс орбитасын кеңітіп, әлем әдебиетінің таңдаулы шығармаларына ойысқан екен. «AR» баспа үйінен 2025 жылы жарық көрген кітаптағы шығармаларға назар аударғанда байқағаным, Азия мен Еуропаның бұрынғы-соңғы қаламгерлерінің оқырман назарын аударған еңбектерін қазақша сөйлетіпті. Бірінші «Поэзия» тарауында 15 ақынның өлеңі, екінші «Проза» бөлімінде 4 жазушының әңгімелері оқырманға жол алыпты.
Жинақта Қырғыз елінің жазушысы Алимжан Алимбековтен аударған «Торғай кемпір» деген әңгіме бар. Бұл – екі халықтың достығы мен бірлігіне арналған шығарма. Кейде ерлердің қолынан келмейтін жұмысты бір әйелдің атқаратыны әдемі оқиғалармен өріледі. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деген бар. Маған келген 12 кітаптың салмақтысы да, өзімізге жақын өтімдісі де Кенжеғали Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың «Жауһар жәдігерлер» кітабы мен «Түркі арулар поэзиясы» атты екі жинақ. Алдынғы кітапқа Қожа Ахмет Иасауи хикметтері, Сүлеймен Бақырғанидың дастандары, Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйынан» үзінділер енген. Осылайша 6 автордың айшықты жырлары мен тарихи туындыларын аударыпты. Кітаптың сілтемесінде бұл жинақтағы аудармалардың келу қайнары сөз болып, «Кітапта Қарахандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы тұсында жазылған діни-танымдық, софылық, ғибраттық туындылар филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр мен магистр Күнсұлу Әсетованың арап әліпбиінен кирилл әліпбиіне аударған нұсқасы бойынша көркем тілге аудырылып берілген» делініпті. Олай айтудың да жөні бар. Өйткені осы уақытқа дейін біраз ғалым мен бірталай аудармашы бұл тақырыпты қаузаған болатын. Бұл да өзіндік ерекшелігі бар, бір нұсқасы бола алады.

Ғасырлар қойнауынан жеткен орта ғасырлық бұл шығармалар адам баласының үлкен байлығы. Иманы кәміл бабаларымыздың баға жетпес асыл мұралары ұлттық руханиятымыздың темірқазығы.

Қожа Ахмет Иасауи хикметтері он ғасыр бойы түркі жұртын әлдилеп тербетіп, ұрпақты ұлағатқа ұмтылдырып келген киелі күш. Екі дүниенің шекарасын көрсетіп, тазалықтың тұнығында, парасаттың биігінде сыр шертетін мақам.

Құл Қожа Ахмет, сен пенде,

Нәпсінің құлы шерменде.

Махшар күні келген де,

Не істермін, Құдайым?

 

«Алла» деген пенденің,

Жаннатта жанын көргенмін.

Қазірет Сұлтан мен Ариф,

Жалғыз Хақ Өзің сенгенім!..

Міне, бұл мұсылман баласы мойындаған қабір әлемі. Ақырет күнінің баспалдағы. Алғашқы сынақ, алғашқы сұраққа қалай жауап беріп, қалай кешірім алармын деген жанның қайғысы, жүректің мұңы.

Осы еңбектекрдің ішіндегі Алтын Орда тұсында жазылған «Жұмжұма» дастанын анау жылдары Әділет Ахметтің аудармасы бойынша оқып, мақала жазған едім. Кенжеғали Серікбайұлы да өзінше толғанып, жаңа бір нұсқасын кестелепті.

Екінші кітапта ғалымдық ізденіс, ақындық шабыт негізінде өмірге келген жинақ дер едім. Кітап аты: «Түркі арулар поэзиясы». Ғалымдық төзім, мұқият ізденіс болмаса, ғасырлар қойнауына үңіліп, сары майдан қыл суырғандай түркі дүниесінің әйел ақындарын теріп шығар ма еді?!.

Ал, оларды тапты, білді дейік, олар өз тілінде, өз заманының үнімен тіл қатады. Ендеше, бүгінгі ХХІ ғасырдың ұрпағына табиғаты басқа, танымы бөлек буынға жеткізу үшін әрине аудару керек. Әне сол мақсатпен Әзірбайжан, Башқұрт, Қарақалпақ, Қырғыз, Ноғай, Өзбек, Татар, Түркімен, Түрік, Ұйғыр ақын аруларын тізбелеп, қазақша сөйлетіпті.

Осы еңбектердің ішіндегі Алтын Орда тұсында жазылған «Жұмжұма» дастанын анау жылдары Әділет Ахметтің аудармасы бойынша оқып, мақала жазған едім. Кенжеғали Серікбайұлы да өзінше толғанып, жаңа бір нұсқасын кестелепті.
Өлеңдерді оқып отырып ұйғырдың ақын қызы Патигүл Мәхсатоваға келгенде көзіме жылы ұшырады. Өйткені осыдан он жыл бұрын Патигүлдің бір жинағын «Өзіңе сенемін» деген атпен тұтастай қазақ тіліне аударып шығарып едік.

Балалығым, қалды сенде таң құсы,

Мөлдіреген махаббаттың тамшысы.

Парақтасам өмір – кітап беттерін,

Сағыныш боп елестейді әр тұсы.

 

Қош, балалық шаттықтарға толған шақ,

Өткенімді еш сездірмей алған шақ.

Келмейсің-ау, енді маған оралып,

Жырларыма талай арқау болған шақ.

Туындыларын жатық тіл, жайдары көңілмен сөйлетіпті. Әркімнің басында жүретін, әр кез аңсап армандап есіне алатын жастық шақ, оралмас көктемді көсілте жырлапты.
Корней Чуковский айтпақшы, «Аудармашы – автордың көлеңкесі ғана емес, оның серіктесі» болып шығады. Жарық көрген еңбектер адамзаттың бірлігі мен халықтар достығына қызмет ететіні сөзсіз!

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір