«Келешек мектептері»: ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция
13.04.2026
35
0

Қазір Қазақстанда салынып жатқан «Келешек мектептері» – қатардағы қарапа­йым мектеп емес. Бұл – бала өзін еркін сезінетін, оқуға қызығатын жаңа формат­тағы білім ордасы. Өйткені бүгінгі білім беру жүйесі – ел дамуының басты тіректерінің бірі. Сондықтан мемлекет айқындаған білім саясаты аясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы мен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы сапалы, қолжетімді және заманауи білім берудің нақты тетігіне айналып отыр.

Ақтау қаласындағы №35 «Келешек» мектебінің басшысы ретінде бұл бастамалардың қағаз жүзінде емес, күнделікті өмірде қалай жүзеге асып жатқанын өз тәжірибемде көріп келемін.
Біз үшін мектеп – тек білім беретін орын емес. Бұл – әр баланың болашағы қалыптасатын орта. Жаңа форматтағы «Келешек мектептері», ең алдымен, инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника, хореография залдары, алғашқы әскери дайындық кабинеттері мен коворкинг аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар төрт спорт залы, заманауи жиһазбен жабдықталған оқу кабинеттері және аспаздық, тігін, IT бағытындағы шеберханалар бар. IT-сыныптар оқушылардың теориялық білімін практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.


Бүгінде оқушылар тек тыңдаушы емес, олар – зерттеуші, жасаушы, өз идеясын іске асыра алатын тұлға. Барлық сынып интерактивті тақта, компьютер, мультимедиялық құралдармен қамтылған. Бұл оқу үдерісін қызықты әрі нәтижелі етуге мүмкіндік береді. Электронды кітапхана, оқу залдары жүйелі жұмыс істейді. Бұл жерлерде оқушылар тек сабақ оқып қана қоймай, шығармашылықпен де айналыса алады.
Сонымен қатар «Келешек мектептері» жобасы аясында инклюзивті білім беруге ерекше назар аударылуда. Әрбір бала – ерекше және әрқайсысының сапалы білім алуға тең құқығы бар. Біздің мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы жағдайлар жасалған: бейімделген оқу бағдарламалары, логопед, дефектолог, психолог мамандардың қолдауы, кедергісіз орта. Ең бастысы, мұндай балалар қоғамнан бөлінбей, өз қатарластарымен бірге білім алып, әлеуметтенеді. Бұл – тек білім беру емес, бұл – адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.


Мектебімізде қауіпсіздік жүйесі күшейтілген. Ғимарат толық бейнебақылаумен қамтылған, кіріп-шығу арнайы турникеттер арқылы бақыланады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.
Алайда ең үлкен өзгеріс ғимаратта емес, оқу мәдениетінде. Біз оқушының білімге деген ішкі қызығушылығын оятуды басты мақсат етіп отырмыз. Сабақ барысында сыни ойлау, зерт­теу дағдылары, пікір айту мәдениеті қалыптасады. Оқушылар өз ойын ашық жеткізіп, жауапкершілік алуды үйренеді. Бұл – сапалы білімнің негізгі көрсеткіші.
Тіл саясаты да жүйелі түрде жүзеге асуда. Қазақ тілінің мәртебесін арт­тырумен қатар, оқушылар орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп, көптілді ортада еркін жұмыс істей алады. Бұл олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Ұлттық құндылықты дәріптеу – ең басты мақсатымыз. Әр баланың бойына халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сіңіруге атсалысудамыз.
Мұғалім – білім сапасының басты кепілі. Сондықтан педагогтардың кәсіби дамуына ерекше мән берілуде. Біліктілікті арттыру курстары, тәлімгерлік жүйе, тәжірибе алмасу алаңдары мұғалімнің үздіксіз дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі ұстаз – тек білім беруші емес, бағыт беруші, тұлға қалыптастырушы.


Мектепке дейінгі және орта білім арасындағы сабақтастық та күшейіп келеді. Балалардың мектепке бейімделуі жеңілдеп, оқу үдерісіне тез қосылуы – осы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ал жаңартылған оқу бағдарламалары оқушыларды өмірге бейімдеуге бағытталған: олар тек білім алып қана қоймай, шешім қабылдауды, командада жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды үйренеді.
Шынымды айтсам, директор ретінде ең маңызды көрсеткіш – ата-аналардың сенімі мен балалардың өзгерісі. Бүгінде біз оқушының өздігінен білім іздейтінін, жаңа нәрсеге қызығушылық танытатынын, өз болашағына жауапкершілікпен қарай бастағанын көріп отырмыз. Бұл – жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесі.
Бүгін мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушылар – ертең ел экономикасын дамытатын мамандар, жаңа идеялар әкелетін кәсіпкерлер, қоғамға бағыт беретін көшбасшылар. Олардың бүгін алған білімі мен қалыптасқан құндылықтары Қазақстанның ертеңгі деңгейін анықтайды. Сондықтан «Келешек мектептері» жобасы – жай ғана білім беру бастамасы емес. Бұл – ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Біз әр баланың мүмкіндігін ашу арқылы, тұтас ұлттың әлеуетін арттырып отырмыз.
Бүгінгі мектеп – ертеңгі Қазақ­стан. Ал «Келешек мектептері» сол болашақтың берік іргетасын қалыптастырып жатыр.

Любовь НАМ,
Ақтау қаласындағы №35 «Келешек» мектебінің директоры,
Маңғыстау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір