ЕЛ ӘЛЕУЕТІН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
«AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының ұйымдастыруымен Аққұм ауылдық округіндегі «Аққұм» бастауыш партия ұйымында фермерлер мен шаруа қожалықтарының құрылтайшыларына арналған маңызды кездесу өтті.
Іс-шараға аудан әкімдігінің сала жетекшілері, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдерінің жауапты өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, микроқаржы ұйымдарының басшылары, ауыл кәсіпкерлері мен белсенді тұрғындар қатысты.
Бұл басқосу Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың өңірлік деңгейде нақты түсіндіріліп, іске асырылуына бағытталды. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын қолдау тетіктерімен қатар, еліміздің болашағын айқындайтын жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарының орнығуына жәрдемші болатыны да қозғалды. Жиында партияның басты мақсаты мемлекеттік қолдау тетіктерін ауыл тұрғындарына нақты, түсінікті әрі қолжетімді форматта жеткізу, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға жол ашу екені түсіндіріліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды. Кездесу барысында ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселесі стратегиялық басымдық ретінде қарастырылатыны, ауылдың әлеуетін арттыру ел экономикасын нығайтудың, халықтың әл-ауқатын көтерудің ең тиімді жолы екеніне баса мән берілді.
Осы тұрғыда «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жұмыссыздықты азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін көтеруге бағытталған кешенді жоба ретінде ұсынылды. Кездесу барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының VI бағыты аясында Отырар ауданы аумағында жүзеге асырылатын кәсіпкерлік бастамаларға ерекше назар аударылды.
Бұл бағыт ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға нақты мүмкіндіктер ашып бергені айтылды. Атап айтқанда, бағдарлама аясында қызмет көрсету саласына қатысты кәсіп түрлеріне – шаштараз, автожөндеу, тұрмыстық қызмет көрсету жобаларын төменгі пайызбен несиелеу мүмкіндіктері жөнінде мағлұмат берілді. Шағын өндірісті дамыту саласында тігін цехтары, наубайханалар, қолөнер бұйымдарын өндіру жобалары басымдыққа ие екені түсіндірілді. Туризм және демалыс қызметтері саласында агротуризм, экскурсиялық бағыттар, ұлттық тағамдар орталықтары, атпен серуендеу, балық аулау сынды жобаларға қаржы бөлу қарастырылып отырғаны туралы ақпарат берілді.
«AMANAT» партиясы Түркістан
облыстық филиалының баспасөз қызметі