Заманына қарай – заңы
02.04.2026
52
0

Дамушы елдер Конституцияға өзгеріс енгізіп, заманына сай толықтырып, түзетіп отырады. Ол – өмір, заман дамуының заңдылығы. Ел болып болашағымыздың маңызды құжатына өз дауысымызды қосайық.

Бірнеше ай бойы қоғамда жаңа Конституцияға байланысты қызу пікірталас жүрді. Ата заңның жаңа жобасы мемлекеттік тілде, тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып, республикалық референдумға шығарылды.
Жаңа Конституцияның негізгі ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуінде. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген ұстанымда жазылған. Тәуелсіздік, Қазақ­станның егемендігі, аумақтық тұтастығы мызғымас құндылық екені нығарлап көрсетілген.
Конституциямызда сондай-ақ әділетті Қазақстан идеясы, заң мен тәртіп қағидаты, қоршаған табиғатымызға қамқорлық жасау, егемендіктің иесі –Қазақстан халқы екені де нақты баптармен айқындалған.
Бізде енді бір палаталы парламент – Құрылтай деп ана тілімізде аталатыны да басты жаңалықтың бірі болып отыр.
Мен Қазақстан халқының басым көпшілігі жаңа Конституциямызды бір ауыздан қолдайды деп сенемін. Конституциядағы әр өзгеріс сауатты да білгірлікпен, бүгінді таразылап, ертеңді жарқын ете түсер көрегендікпен, әр қазақ азаматының құқығы қорғалатын жоғары деңгейде жасалды. Ұлтымыздың сандаған мыңжылдық тарихы, отбасылық, ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктері ескеріліп, ел болып ұйысуға, бірлігіміз бен берекемізді нығайтуға бағытталған оң өзгертулерді оң көзқараспен қабылдайық.
Ертеңімізге, ұрпақтарымыздың болашағына қызмет ететін Ата заңымыздың жобасын қолдауға барша отандастарымды шақырамын!

 

 

 

Сәуле ДОСЖАН,

жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
«Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір