Тұрақтылық пен Даму кепілі
Елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық мемлекет дамуының маңызды факторы болып саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында елдің тұрақты дамуы үшін барлық этностардың құқықтары мен мәдени ерекшеліктері құрметтелуі тиіс екенін айта келіп, «Біздің басты күшіміз – бірлікте. Қазақстан халқының татулығы мен келісімі – мемлекетіміздің ең басты байлығы» деп атап көрсетті. Бұл сөздер еліміздегі этносаралық саясаттың негізгі бағытын айқындайды.
Қазақстанда түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді, түрлі фестивальдер мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. Мұның бәрі халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға бағытталған.
Елімізде ұлтаралық келісім мен татулықты сақтау – қоғам дамуының басты қағидаларының бірі. Ежелден қонақжай, кеңпейіл қазақ халқы тарихтың қилы кезеңдерінде Қазақстан жеріне келген түрлі этнос өкілдеріне пана болып, оларды бауырына басты. Қолындағы барымен бөліскен бауырмал халқымыздың жанашырлығының арқасында өсіп-өнген сол ұлттардың өкілдері бүгінде еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы ұлтаралық келісім – тәуелсіздігіміздің тірегі әрі жарқын болашағымыздың кепілі. Ел бірлігі мен татулығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені бірлік бар жерде – ырыс, береке бар, яғни елдің тұрақты дамуының негізі берік болмақ.
Арайлым ТОҚТАСЫН,
Тұран университетінің 4-курс студенті