Ғылыми-фантастика жанрын жандандырған жазушы
19.01.2026
187
1

Туғанына 90 жыл толған үлкен жазушы Медеу Сәрсекенің таңдамалы прозасының I томына енген «Жетінші толқын» және «Көрінбестің көлеңкесі» атты қос повесінде фантастикалық элементтер тәрізді деректердің өзегі ғылыммен бітеқайнасуымен тартымды. 1960 жылдары жазушының әдебиетті ғылыммен байланыстыруының бір қыры оның жоғары инженерлік білімінен бастау алады. Кейіпкерлер автор жүріп өткен жолдарды басып өтеді, сондықтан басы артық баяндау, сөз бұйдалау жоқ, көркем проза қиялмен қанаттаса қабысатын реализммен шебер қиюласқан.

«Жетінші толқын» атты повестің бас кейіпкері аса жұмбақ болуымен баурайды, оның кім екені қиялай шапқандай біртіндеп, сатылап ашылады. Оның әуелгі болмашы дерегін студент Қайсар Қайнаров дипломдық жұмысын қорғауға қажет зерттеу ескі баспасөз бетінен тауып алады. Арқада ісмерлік өнерімен танылған Шынтас деген жасөспірім туралы очерк жариялаған, мұны жазған адамның бүркеншік аты – Дәусаба. Ол мұны ерекше қабілетті жас Шынтастың ары қарай білім іздеп, үлкен жолға түсуі үшін жанашырлықпен жазған екен. Кездейсоқ ештеңе жоқ, Қайсар біртіндеп осы іске тартылды. Үздік студент ретінде оның Балканға жолы түсті, тау үңгіріне саяхат хорват шалы Вацлав Мирзеге кезіктірген. Дәусабадан жылға тәрізді басталған тарих сыры Ұлы Отан соғысының беймәлім қаһарманы Чингисты ашты. Ол 1944 жылы қыста Балканда қоршауда қалған партизан тобын ажалдан құтқарып, мүмкін еместі жасап, тас үңгірді түбінен тесіп шығады. Лазерлік қондырғымен ескі өркениет оңтүстік-шығыс елдерде тас тілгеніне архитектурасы керемет храмдар айғақ. Тау үңгірін тесіп шығу фантастикалық элемент сияқты сезілгенімен жазушы мұны ширатып әкеп шындыққа балайды. «Әлдеқандай бір ғажайып жарақпен адам айтқысыз бүлдіру жасаған… Оны фашист әскері де біліп өкшелей қуған… Партизан атанған топтың ішінен соны ғана ұстауды қалапты? Не үшін? Әрине, құпия өнерін иемдену үшін…»
Энергия қуатын ешқандай өткізгішсіз алысқа жеткізе білген, өз ортасында Чингис атанған кейіпкер электропойызды минасыз, снаряд, бомба тастамай-ақ құлатқан. Кванттық физика қазір жұмбақ құбылыс емес, мамандардан бөлек, көпшілік қауым да бірдеңе біліп қалғандай. Күн культы, солярлық мифтер, Архимед жау кемесін күн сәулесін бір нүктеге шоғырландыру арқылы өртеді. Күн энергиясы, жылу қасиеті, Никола Тесла есімі повесте бар. Чингистің сенімді серігі поляк инженері Станислав Ерковский де – қаһарман, Отан үшін құрбан болған ер. Шынтас пен Станислав сұмдық қуатты жарылыстан контузияға ұшырайды, поляк есі ауысқандай жаны қиналса, Шынтас – өзінің кім екенін танымайтын, есімін білмейтін, жадын мүлде жоғалтқан мүгедек. Соғыс кескіні осындай.
Шынтастың уәделескен қалыңдығы Аққыз тағдыры арқылы аштық тақырыбы қозғалады. Ғылыми трактат сияқты берілген текст тартымды, физика, химия, жаратылыстанудың қасиетін мейлінше уағыздайды. Шынтас ауылда өсіп, табиғи қабілеті арқасында ұсталық механизмді қисынын келтіріп жасайтыны әсірелеу емес, талай ауыл баласының кеудесінде бұлқынған дарындылық феномені болатын.
Медеу Сәрсеке таудай тұлғасын жарты әлемге асырған Қаныш Сәтбаев Чингис-Шынтасқа прототип болған сияқтанды. Өркениеттен алшақ жатқан сауаты аз ескі қазақ ауылында өскен қазақ балаларының оқу-білімге құлшынысы, интеллектуалдық әлеуеті, күш-жігері, ғалымдық қуаты ұқсас. Ә дегеннен шешуі күрделі көрінген жігіттің жұмбақ тағдыры қызықтырып, оқырман зейінін түгел билеп, ынтықтырып қояды. Ол туралы деректер шым-шымдап, жер астынан шығып жатқан тас бұлақтың суындай шымырлап шығып жатыр. Сонау Югословия жерінде фашистерге қарсы әрекет еткен қазақ жауынгері туралы ақыры повесть жазып шыққан студент Қайнаров. Автопортрет. Медеу аға – Қайнар ауылының тумасы, таза бұлақ басында туған. Кейіпкер табиғатын ашу үшін жазушы эпистолярлық үлгіні шебер қолданған, хат, күнделік түріндегі жазбалар үзінді фрагмент, деталь атаулы кішкентай болса да қара нар сияқты ауыр жүк көтерерін танытары даусыз.
«Көрінбестің көлеңкесі» атты повесінде жазушы ғылыми-фантастикалық сипатқа кіріктіріп мистика, аңыз қосады. Оның түбі реализм және табиғи құбылыспен астасқан ғылым болып шығады. Герберт Уэллс 1897 жылы жариялаған «Көрінбейтін адам» атты фантастикалық роман жадқа түседі. Екеуін ұқсас тәріздендірген атауы ғана.
«Көрінбестің көлеңкесі» – бұл енді оксюморон, кері мағыналы қос сөздің тіркесі халық санасында аңызға айналған ұғым. Бөрі асыраған құбыжық бала туралы аңыз – қазақ прозасында көркем аңызды фрагмент бола тұра негізгі арқау етіп келтірудің тамаша үлгісі. Бұл аңызда есім философиясы бар. Мұнда да тас үңгір сарыны бар.
Үңгірлер құпиясы жер қыртысын, оның геологиялық жаратылысын айқындауға мүмкіндік берерін инженер жазушы әбден біледі. «Әулие үңгір» туралы суреттеулерді, зорлап берген бай күйеуінен анасы қорлық көріп, ауру баласы елден қуылған аңыздық астарды оқып отырып, жазушы советтік цензор заманда Семей ядролық полигонын тұспалдап отырған сияқтанғаны рас. Тау аңғарын зерттеуші топ экологиялық зор апатты анықтайды. «Жусан клеткасы өлген, – деді ол. – Сонымен жағдай түсінікті, төтенше жылу әсері өзгермесе, бүгін болмаса ертең бұл өңірде өмір біржола тоқтайды…
– Өмір тоқтаған жердегі өсімдік атаулы қурап күлге айналады; жаңбыр тамшысы жерге түспей жоғарыда кеуіп, бу болып ұшады; бұлақтар, жайдақ сулар, көл біткен тегіс тартылады; жапырағы жайқалған ағаштар, желкілдеген шілік-талдар қу томар боп семеді; азықсыз қалған мал, малсыз қалған ел Кенбідей шұрайлы өлкені тастап қиянға көшеді; өсімдіктен жұтаған Кенбі баурайы бірте-бірте құмайт далаға, одан қу медиен шөлге айналады…»; «Ауаға тараған күкіртті газдың мөлшері көбейе түсті, – деп жариялады бір сәтте геолог»; ««Газ. Күкірттің мөлшері ерекше көбейді. Ауаның құрамы дем алуға жарамсыз…» деген жазу экранға түсті»; «Сол сәтте қарсы алдынан төбесі жұлым-жұлым болып күлтелеген тау жотасы көрінген. Бергі бет – өрт орнындай қап-қара күйік, ал құзар үсті алабұртқан ақ тұманға оралған. Сәлден соң-ақ іштегілер оның тұман емес, лапылдаған от белдеуі екенін аңғарды. Бүкіл тау үсті жанып жатқандай. Әр тұста ойдым-ойдым емес, жолындағыны сыпыра жайпап келе жатқан өртке де ұқсамайды, сұмдығы – бір орында үздіксіз лапылдап, әлдеқайдан сарқылмас күш-қуат алып тұрған жойқын алау».
Подтекст айқын, мына суретте Дегелең тауы ғой расында! Мұның бәрі Семей топырағы, Абыралы, Абай елінің басынан кешкен азабы, 40 жыл ядролық жарылыстан көз ашпаған елдің қиянаты болатын. Сол кезде Абыралы ауданын таратып, Абай ауданына қосқанын автор тұспалдап отырғаны айдан анық. Полигон аймағында туып-өскен Медеу Сәрсеке үшін бұл – өте ауыр тақырып. «Енді жазу жазбаймын, осымен қойдым», – деп айтса да, жасы ұлғайған уақытта Медеу аға үш жылын сарп етіп, бүкіл деректерді қопарып, «Семей полигоны» атты деректі кітап жазып, үш тілде жарыққа шығарды. Бұл кітап – қазақ халқының басына зауал болып тиген, Арқа жерін ойрандаған полигон трагедиясы әрі энциклопедиясы. Вулкан, ол бірақ жазушы суреттеуінде полигонға ұқсайды. «Айдаһар тілі дегені әншейін екен, дамылсыз жалын құсып, от түкіріп жатқан ғаламат бір мақұлық демеске шара жоқ. Әлде қоқыс пен түтінді бумен араластыра дамылсыз атып тұрған жанартау ма, жоқ, қисапсыз от бұлағын төккен лава ма?! Айыру қиын, әйтеуір табан астыңды солқылдатып жер тітіреткен жойқын күш». Немесе термокомбинезон киіп келе жатқан гелолог Иван Трофимович көзімен көрген көрініс: «Ауаның қызуын дәл білмесе де геологтың кәнігі көзі күйікке айналған өсімдіктерді, ағаш, бұта қалдықтарына қараған сайын жаны түршігіп келеді. Иә, комбинезонсыз жағдайы қиын болар еді». Повесть кейіпкері Тұрардың бұл жерді «Жанартау жайлаған сормаңдай аймақ» деп атауы да тегін емес. Негізгі кейіпкерлер – ғалымдар, ауа райын бақылаушы синоптик тобы.
Геолог образы қандай дәл: «Ернеуі мұжылған, қаттырақ басып еді шатынап кетті. «Жер бетінің тасы былай сынбайды. Тереңнен келген қазына бұл… Қалдырып кетуге көзі қимай бір сынығын арқасындағы жолдорбасына салды. Тап қазір тіршілік үшін күресу қажеттігін жан-тәнімен сезсе де, тасқа деген ежелгі құмарлығы жеңді. Иван Трофимович осы жүрісінің өзін Кенбі құпиясымен танысудың елеулі кезеңі деп таныған жайы бар. Әр тасқа зейінмен қарайды, әр затқа зерттеу жынысы деп үңіледі».
«Экран бетіндегі тау көрінісі кенет шұғыл өзгерді. Мезгіл күн батар шақ еді. Тұман сиреген тәрізді, алдыңғы беткей ап-айқын көріне бастады. Ол – ол ма, алыс көкжиектен ұясына кіріп бара жатқан күн табағы да жылт етті. Сол сәтте көкжасыл реңдегі тұман ортасынан, сонау күн сәулесі құлаған қызғылтым шапақ астынан аспанға шаншылған қара жолақ пайда болды. Жіп-жіңішке. Бірақ керемет ұзын, найзадай көкке шапшыған ұсқыны да үрей тудырғандай.
– Көрінбестің көлеңкесі! Әнеукүні де осылай көрінген. Дәл өзі! – деп даурыға айқайлады Рақыш, сірә, құбыжық көлеңкені қайта көру оған ерекше әсер еткен тәрізді. – Қазір ол зым-зия жоқ болады…».
Кенбі жақтан салаң еткен қара жолақ, құпияның шешуі: «Тұтқиылдан тап болған ыстық себебі – жанартау; оның өтімді қызуын таратушы – жел; ал сол желді бір бағытқа тұрақты айдап тұрған – өзі қазір паналап отырған тастың астындағы тараң қуыс»; «– Кенбі жанартауы кей уақ от емес, қарақошқыл газ атады. Бір емес, бірнеше жүз метр биікке. Әмбе онда қозғалу, орын ауыстыру жоқ, тік шаншылады. Ал Күн мен Жер үнемі айналыста. Кешке таман күн көзі жанартаудың ту сыртына шығады».
Медеу Сәрсеке техника, ғылым-білімді уағыздайды. Оның уақытында ауыл балаларының дені мұғалім және дәрігер болуды мақсат ететін. Адамды мұратына жеткізер шынайы қуат-күш арман-қиял екені ақиқат. Кемел сондай қияли бала, кітапты көп оқиды, Рақыш досы екеуі – болашақ ғалымдар.
Медеу Сәрсеке – «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен Мәскеуден үш роман шығарған ірі суреткер. Медеу ағаның «ЖЗЛ» арқылы төртінші кітап жазғысы келгенін көп жұрт біле бермеуі мүмкін, Мұхтар Әуезовті пір тұтып, ғұмырнамасын жазуға ниеті болған. «Жетінші толқын» повесінде Мұхтар Әуезов және оның «Абай жолы» романын журналист Қайсар Қайнаров бірнеше рет оқығанын келтірген. Медеу аға өмірлік принциптерден айнымайтын, жалтақтауды, жағынуды, құбылуды білмей өтті. Айзек Азимов ғылыми фантастика жанрын реалды өмір шындығынан басы ауып, қияли дүниеге қашу емес, керісінше, шындық өмірге келу деп түйіндеуінде ғажап әрі шынайы идея жатыр.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.01.2026 | 14:09

Орыстың мықты деген ғалымдары қазақты мойындамайды. Бірақ олардың бәрі Сәтбаевты мойындайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір