Ғалым да, қаламгер де – Медеу Сәрсеке
16.01.2026
308
0

2026 жылдың 16 қаңтарында сағат 11:30-де Алматы қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының И.А. Крылов атындағы кітапханасында көрнекті жазушы, әдебиеттанушы, зерттеуші, қоғам қайраткері Медеу Сәрсеке шығармашылығына арналған «Ғалым да, қаламгер де – Медеу Сәрсеке» атты дөңгелек үстел өтті.

Бұл тағылымды кездесудің түпкі өзегі – кітапқа деген сүйіспеншілік болды. Өйткені кітап – ұрпақ санасын тәрбиелейтін, рухты асқақтататын мәңгілік құндылық. Сол құндылықтың жарқын үлгісі саналатын Медеу Сәрсекенің шығармалары бүгінгі кештің арқауына айналды.

Дөңгелек үстелге педагог та, жыршы да, гидрология мен биотехнология саласының мамандары, ұстаздар мен кітапсүйер оқырмандар қатысып, Медеу Сәрсеке тұлғасына әр қырынан үңілді. Әр сала өкілі қаламгердің еңбектерінен өз мамандығына, өмірлік ұстанымына ортақ ой тапқанын атап өтті. Бұл — жазушы шығармаларының уақыт пен шекараға бағынбайтын рухани қуатын дәлелдеді.

Кеш барысында Медеу Сәрсекенің жазушылық жолы, ғылыми-зерттеу еңбектері, тарихи тұлғалар туралы жазылған деректі прозаларына терең талдау жасалды. Қатысушылар қаламгердің еңбектеріндегі деректік дәлдік, ғылыми ой мен көркем тілдің үйлесімін ерекше атап өтті. Оның шығармалары жас ұрпақты ізденіске, ойлануға, ең бастысы — кітапты сүюге тәрбиелейтіні айтылды, қаламгер еңбегінің өміршеңдігін өз пікірлері арқылы дәлелдеді.

Шара аясында кітапханашылар жазушының еңбектерінен арнайы көрме ұйымдастырып, мазмұнды әдеби шолу жасады. Оқырмандар өз ой-пікірлерін еркін ортаға салып, шығармалар жайлы әсерлерімен бөлісті. Кітап туралы ашық әңгіме, түрлі сала мамандарының пікір алмасуы кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.

Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары:

– әдебиеттанушы, профессор Бақыт Есімбекова;

– «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының өкілі Ғазиза Құлмағанбетқызы;

– жылдам оқу орталығының негізін қалаушы, Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыруды мақсат еткен азамат Нұрберген Бақытұлы болды.

Аталған дөңгелек үстел тек бір қаламгердің шығармашылығын танытумен шектелмей, кітап оқудың маңызын терең ұғындырған, жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашқан, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттырған мәні зор мәдени-рухани кеш ретінде есте қалды.

Бұл басқосу Медеу Сәрсекенің еңбегінің тек әдеби мұра ғана емес, кітап арқылы адамды біріктіретін, білімді бағалауға, тарихты тануға жетелейтін рухани бағдаршам екенін айқын көрсетті; әр сала мамандары мен оқырмандарды ортақ рухани кеңістікте тоғыстыратын күш ретінде де көрінді.    

                                                 А.Жолдасқызы

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір