ДЕРБЕС КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ БОЛУЫ – ЗАҢНЫҢ БІРКЕЛКІ ҚОЛДАНЫЛУЫНЫҢ КЕПІЛІ
11.01.2026
106
0

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен дербес кассациялық сатының құрылғаны сот төрелігі жүйесін дамытудағы тарихи кезең деп бағалауымызға болады. Астана қаласында 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істеп жатқан дербес Кассациялық соттың жұмысына бюджеттен қосымша қаражат бөлінген жоқ. Ол қолданыстағы бюжеттен үнемделген қаржы есебінен құрылып, өз жұмысын жүргізуде.
Дербес Кассациялық соттың ұйымдастырылуы, құрылуы, соттың қоғамға тигізетін пайдасы туралы, онда жұмыс істейтін білікті басшылар мен тәжірибелі судья­лар конкурс арқылы іріктеліп алынғаны туралы материалдар БАҚ-та ұдайы жарияланды. Ашық дерек көздерінде бар. Әлеуметтік желі арқылы да көпшілік толық хабардар. Дегенмен Президенттің бастамасымен құрылған соттың жұмысына жарты жыл өтпей, түрлі сипатта пікір айтылып жатқанын аңғарып отырмыз. Ол пікір бойынша ұстанымдармен толықтай келісу қиын деп есептеймін.
Авторлар өз пікірлерін судьялар мен қызметкерлердің санын арттыру – халықтың салықтан жиналған бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау, сондай-ақ азамат­тарды кассациялық қарау үшін Астанаға баруға мәжбүрлеу болып табылатынын; апелляциялық қаулыларына келтірілген кассациялық шағымдарды әр өңірдің өзінде құрылған кассациялық алқа қарауы мемлекетке де, жұртшылыққа да қаржылық шығын әкелмейтінін, егер Жоғарғы сот істерді іс жүргізу барысында қараса, «сот қателігі» деген ұғымның азаюына ықпал ететініне негіздеген.
Аталған үш мәселе – кассацияға қарсы пікірлердің негізгі өзегі, қалғандары қосымша уәждер деп ойлаймын.
Осы пікірлермен таныса келе, бірінші мәселеге байланысты қысқаша мынадай жауап бергім келеді. Бұрын арыздардың аз қаралу себебі кассациялық істердің жаппай емес, жеке судьяның ұсынуымен қаралу тәртібі енгізілген болатын. Нәтижесінде, кассацияға түскен арыздардың шамамен 10 пайызы ғана іс жүргізуге қа­был­данып, қалған 90 пайызы «қаралуға негіз жоқ» деген уәжбен кері қайтарылып келді.
Енді Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жаңа реформаны іске асырып, кассацияға түскен шағымдардың 100 пайызы сот отырысында алқалы құрамда қаралады және әрқайсысы бойынша толық әрі уәжді қаулы шығарылады. Оған қоса, шешімнен бөлек әр ұйғарымға келтірілген шағым да алқа құрамында қаралуда.
Кассациялық соттың негізгі міндеттерінің бірі — сот практикасын зерттеу, ал талдау және біріздендіру жұмысы Жоғарғы соттың құзыретінде қала береді.
Бұқаралық ақпараттарда жарияланған мәліметтер бойынша, жарты жылғы жұмыстың нәтижесінде ғана кассация­лық шағыммен Жоғарғы сотқа жүгінгендердің саны бұрынғы 9 747-ден, бүгінгі Кассациялық сотқа – 14 131-ге дейін, яғни 45% пайызға өскені – жаңа дербес соттың көпшіліктің сұранысына ие екеніне айқын дәлел.
Сонымен қатар тек азаматтық істер жөніндегі Кассациялық сот түзеген сот актілерінің көрсеткіші 3 пайыздан 18 пайызға дейін, ал қылмыстық істер бойынша
8 пайыздан 29 пайызға дейін едәуір артқаны, шағымданып жатқан азаматтар мен заңды тұлғалардың сенімдері ақталып, құқықтары мен бостандықтарының қалпына келтірілгенінің нақты белгісі.
Жалпы, әрбір азаматтың құқығының қорғалуы және әділ сотқа қол жеткізу мүмкін­дігінің артуы маңызды емес пе? Осы орайда, еліміз басшылығы бұл реформаны қолдап, оған қажетті қаржы соттардың өз резервінен қарастырылып, ел бюжетінен еш қаражат бөлінбегені бәрімізге мәлім. Оның үстіне, авторлар мысалға келтіргендей, «қазіргі заманда кассациялық сот отырыстарына қатысу үшін Астанаға бару» міндетті емес, себебі процестердің басым бөлігі онлайн-форматта өтуде. Бұл азаматтар мен олардың өкілдерінің өз сұраныстары бойынша қолданатын ыңғайлы тәсіл.
Соңғы сот реформасы азаматтардың құқықтарын үш сатыда қорғауға мүмкіндік береді: бірінші саты – аудандық сот, екінші – облыстық және оған теңестірілген соттар, үшінші – жаңадан құрылған кассациялық сот. Осылайша, кассациялық сот істің соңғы нүктесін қояды.
Бұл ретте, Жоғарғы сотқа немесе халық­­аралық ұйымдарға жаппай шағымдану қажеттілігі туралы пікірмен келісу қиын. Мемлекет нақты үш сот сатысын белгіледі, ал қоғам сол заңды түсініп, орындауы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекеттің қалыптасқан қағидаты.
Сондықтан аталған нәрсені бұрмалап, «тағы бір төртінші саты пайда болды» деген негізсіз ақпарат таратып, жар салып жатқандарға, алдымен, заңмен толық танысып, Жоғарғы соттың заңда нақты белгіленген құзыретін түсініп алулары қажет дегіміз келеді.
Атап айтсақ, Жоғарғы соттың «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конс­титуциялық заңының 17-бабына сай үш құзыреті белгіленген. Ол өзiнiң қарауына жатқызылған iстер мен материалдарын қарайтыны, оның ішінде, Орталық сайлау комиссиясының әрекеттерін даулағанда немесе ерекше жағдайлар бойынша ғана Бас прокурордың наразылығы немесе Жоғарғы сот судьясының ұсынымы бойын­ша қарай алатыны, екінші – сот прак­тикасын зерделеп, оны жинақтаудың қорытындылары бойынша соттардың заңдылықты сақталу мәселелерiн қарап түсіндіретіні, үшінші – нормативтік қаулылар қабылдайтыны шегелеп көрсетілген.
Үшінші ұсынысқа келсек, әр облыста кассациялық сот алқасын құру – құқық қолдану практикасының бірізділігіне кері әсер етуі мүмкін. Әр өңірде әртүрлі практика қалыптасса, бұл құқықтық теңдік қағидатына қайшы болар еді. Сонымен қатар қассациялық сот жергілікті облыстардағы әкімдерден, атқарушылық органдар мен облыстық соттардан тәуелсіздігі істер бойынша бейтарап, әділет­ті және заңды шешім қабылдауға ықпалын тигізеді. Дербес кассациялық соттың болуы – заңның біркелкі қолданылуының кепілі.
Осы жайттардың барлығын ескере отырып, Жоғарғы сот пен Парламент қабылдаған шешімдер халықтың мүддесіне бағытталған деп ойлаймын. Жоғарғы сот­тың құзыреті мен жұмысы заңмен нақты айқындалған, бұл жүйенің ішкі ерекшеліктерін онда қызмет атқарған адам жақсы түсінеді.

Серіккелді ӘбдІрахманов,
сот жүйесінің ардагері,
отставкадағы судья

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір