ӘДЕБИЕТ АРҚЫЛЫ БІЗ ӨЗІМІЗДІ ҚАЙТА ТАНИМЫЗ
06.01.2026
379
1

Газетіміздің өткен санында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер делегациясының екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық аясында Қытай Халық Республикасына жасаған іссапары туралы жазған едік. Сапар барысында қазақ қаламгерлері «Қазақ-Қытай қаламгерлері» конференциясына қатысып, қытайлық әріптестерімен ой-пікір алмасты. Газеттің осы санында сол жиында сөз сөйлеген Қытай қаламгерлерінің пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ван
Цаньсинь,
жазушы:

– Қазақстан Республикасы – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет әрі Қытайдың тату көршісі. Табиғаты көркем, жері кең-байтақ, қазынасы мол ел. Біз екі ел арасындағы әдеби ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанына куә болдық. Форум аясында қазақстандық жазушылардың шығармашылығымен тереңірек танысып, рухани әсер алдық, домбыраның әсем әуенін тыңдадық. Бұл Қазақстанның, шын мәнінде, жүректі баурайтын, аңсауға лайық өлке екеніне көз жеткізді.
Қытай мен Қазақстан – таулары мен өзендері жалғасқан, халықтарының жүрек байланысы берік елдер. Қазақстан – әлемдік деңгейдегі ойшыл, композитор, философ, ұлы ақын Абайдың отаны. Қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің аспанында жарқырап тұрған асыл маржан іспетті. Осы жолғы кездесулер мен сұхбаттар арқылы қазақ әдебиетін тереңірек танып, шығармашылық көкжиегімді кеңейттім.
Менің туған өлкем – Дали де поэзияға толы қасиетті мекен. Мұнда айбынды Цаншань тауы, үстірттің інжу-маржаны саналатын Эрхай көлі, еңбекқор әрі мейірімді халық, сан қырлы аймақтың мәдениеті бар. Менің шығармашылығым осы табиғат пен рухани ортадан нәр алады.
2018 жылы мен «ана көліміз» саналатын Эрхайды жаяу айналып өттім. Бір жыл ішінде көл жағасындағы жүзден астам ауылды, өзендер мен тауларды, аралдарды, тарихи орындар мен көне сәулет ескерткіштерін араладым. Осы сапар нәтижесінде 200 мыңнан астам сөзден тұратын «Эрхай күнделігі» атты көлемді эссе кітабым дүниеге келді. Бұл еңбек Қытайдағы аз ұлттар әдебиетіне берілетін ең жоғары марапат – «Жуньма» сыйлығына ие болды. Қазылар алқасы еңбекті «мекенді жүріп өту арқылы суреттеп, үйлесім мен сұлулыққа толы адамзат әлемін бейнелеген шығарма» деп бағалады.
Аталған кітап «баланың анасына арнаған лирикалық жыры, Эрхай – ана көлге айтылған шынайы махаббат сыры» ретінде сипатталды.
2025 жылы еңбектің ағылшын тіліндегі нұсқасы Юньнань университетінің баспасынан жарық көрді. Ал жекелеген тараулары қазақ тіліне аударылып, «Ұлт әдебиеті» журналының қазақ тіліндегі нұсқасында жарияланды. Бұл шығарма Қытайда жүзеге асырылып жатқан экологиялық өркениет пен «Әсем Қытай» құру жолындағы тәжірибенің көрінісі деп ойлаймын. Эрхай жағалауындағы түрлі ұлт өкілдері табиғатты қорғауда ортақ жауапкершілікті жоғары қойып келеді.
Форум аясында мені ерекше толқытқан сәттердің бірі кітап көрмесінен өзімнің «Қар барысы» атты әңгімелер жинағымды көруім болды. Бұл жинақ 2024 жылы Қытай Халық Республикасының 75 жылдығы қарсаңында Қытай Жазушылар одағының қолдауымен жарық көрді. Тоғыз шығармадан тұратын кітапта кедейліктен арылу, ауылды жаңғырту, орташа
әл-ауқатты қоғам құру жолында еңбек еткен ауыл адамдарының бейнелері суреттеледі.
Қытайда «Алыстан дос келсе, қуан» деген нақыл бар. Қытай халқы ежелден қонақжай. Осы орайда Қазақстаннан келген барша жазушы достарымды туған жерім – Далиға шығармашылық сапармен келуге шын жүректен шақырамын. Сол өлкенің табиғаты мен рухани қазынаға толы тарихын жолбасшы болып таныстыруға әзірмін.

Гань Сюэфан,
жазушы, Лу Синь атындағы
Әдебиет институтының қызметкері:

– Қазақстан– Қытай қаламгерлерінің әдеби форумында қазақстандық әріптестермен жүздесу мен үшін үлкен қуаныш болды. Қытайда «тау мен су түбі бір түйіседі» деген көне тәмсіл бар. Бұл сөз осы әдеби диалогтың мәнін дәл бейнелейтіндей.
Қазақстанмен алғашқы таныстығым география оқулығынан басталды.
Онда бір жағы тұщы, бір жағы тұзды Балқаш көлі табиғаттың шешуі қиын жұмбағы ретінде сипатталатын. Кейін Абайдың өлеңдерімен таныстым. Терең ойлы, кең тынысты бұл поэзия дәл осындай кеңістікте тууы заңды сияқты көрінді.
Уақыт өте келе қазақ жерінің өзі көркем дүние тудырып тұрғандай әсер қалдырды. Жел шатқалдарды жылдар бойы шарлап, тарихты қашап жатқандай; толқынды дала көз жетпестей жерге дейін созылған ұзақ поэмаға ұқсайды.
Ал жыршы-жыраулардан жеткен әндер мен толғаулар жұлдызды аспан астында қалықтап, осы өлкенің тынысы мен ырғағына айналғандай.
Кейінгі жылдары Қытай мен Қазақ­стан жазушылары арасындағы әдеби байланыс айтарлықтай нығайды. Аударма арқылы біз қазақстандық авторлардың жаңа шығармаларын оқып отырмыз, ал қытай жазушыларының туындылары
Тянь-Шаньнан асып, алыс оқырманға жол тартуда. Форум аясында ұйымдастырылған этнограф әрі жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған кітап көрмесі осы рухани байланыстың жарқын дәлелі болды. Бұл көне Жібек жолындағы рухани алмасудың бүгінгі жалғасындай әсер қалдырды.
Мен Қытайдың поэзияға бай Цзянси өлкесінде туып-өстім. Қазіргі кезде Поян көлі Сібірден ұшып келетін мыңдаған құстарды қарсы алады. Бір мезетте көкке көтерілген құстар суық сиямен салынған алып суретке ұқсайды. Дәл осы өлке Қытай әдебиетіндегі «Цзянси ақындар мектебін» қалыптастырып, Хуан Тинцзянь, Ян Ваньли сынды көрнекті тұлғаларды дүниеге әкелді. Менің шығармашылық жолым да осы топырақпен тығыз байланысты.
Табиғат аясында серуендеп, өзеннің ағысын, күннің батуын, жыл мезгілдерінің ауысуын бақылау – мен үшін ойды тазартудың бір жолы.
Осындай сәттерде адам мен табиғаттың біртұтастығын сезінесің. Бұл – қытай ойшылдары айтқан «аспан мен адамның үйлесімі».
Табиғатқа жақындық мені «сағыныш» ұғымына жиі жетелейді. Бүгінгі қарқынды индустрияландыру мен ақпараттық тасқын адамды виртуалды және шынайы әлем арасында сергелдеңге салады. Дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімі – тек бір елдің емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесі. Мен үшін сағыныш – өткенді аңсау ғана емес, ол мәдени сананың жаңғыруы, «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу.
Қалада тұрсам да, ауыл мен тауға жиі барамын. Бұл – жай ғана сапар емес, ішкі үйлесімді қалпына келтіру. Кеңістікте баяу қозғалған сайын ой тереңдеп, ішкі әлем тынышталады. Кейде дала көне әлемнің мұрасын сақтап тұрғандай әсер қалдырады.
Алдағы уақытта рухани тірегімді сақтай отырып, кеңірек тақырыптарға, замана тынысын айқынырақ бейнелеуге ұмтыламын. Лу Синь айтқандай, «Шексіз алыс жерлер, сансыз адамдар – бәрі де маған қатысты».
Бізді бүгін тоғыстырып отырған – әдебиет. Әрқайсымыз өз мәдениетіміздің тамырын сақтай отырып, аударма мен сұхбат арқылы бір-бірімізге жарық түсіреміз. Бұл Балқаш көліне ұқсайды: бір жағында тұзды су, бір жағында тұщы су бар, ал олардың тоғысуы ғана оны тірі әрі толық етеді.
Сөз соңында барша қазақстандық қаламгерлерді туған өлкем Цзянсиге шақырамын. «Қытайдың ең көркем ауылдары» атанған Уюаньды көрсеңіздер, шығыстық поэзиядан туған тыныштық пен сағыныштың нақты бейнесін сезінер едіңіздер. Біздің әдеби достығымыз кең даланың ерке желіндей желісі үзілмесін.

Лю Цзысянь,
ақын, Шыңжаң әскери округінің
мәдениет-өнер ансамблінің драматургі:

– Осы халық­аралық шараға қатысып, Шыңжаңдағы өмірім мен шығармашылық жолым, сондай-ақ Қазақстанның ұлы ақыны Абай шығармаларын оқу арқылы түйген ойларыммен бөлісу мүмкіндігіне ие болғаныма өте
қуаныштымын.
Мен Шыңжаң әскери округінің мәдениет-өнер ансамблінде драматург болып жұмыс істеймін. Мен үшін шығармашылық тек кабинет ішінде тумайды. Ол шекара сызығында, көшелер мен жайлауларда, базарлар мен киіз үйлер арасында қалыптасады. Шыңжаңның табиғаты, күн шуағы мен жауын-шашыны, көпұлтты достарымның өмірі – менің шығармашылық «шикізат қоймам».
Сол достарымның арасында қазақ ұлтының өкілдері де аз емес. Біз бірге сүтті шай ішеміз, палау жейміз, Налаты жайлауының аңыздарын айтамыз, шекара бекеттерінде қатар өнер көрсетеміз. Осындай ортада мен бір нәрсені ерте ұқтым: егер «ұлттық тақырып» немесе «шекара тақырыбы» тек міндет ретінде ғана қаралса, одан шынайы шығарма тумайды. Ұлттың мінезі мен жанын күнделікті өмірдегі шынайы қарым-қатынастан ғана тануға болады.
Мен Абай шығармаларымен де дәл осындай жағдайда таныстым. Бірде
до­сым Гайдармен бірге «Қара жорға» билеуге дайындалып жүріп, бұл бидің түп-төркіні қай халыққа тән деген әңгіме қозғадық. Жауабы оңай болмаған осы сұрақ қазақ мәдениетіне деген қызығушылығымды оятты. Сол кезде Гайдар: «Қазақтардың өмірінде ән мен ат – қос қанат секілді», – деді.
Достарымның кеңесімен Абайдың өлеңдері мен Қара сөздерін оқи бастадым. Оқыған сайын бұл тіркестің жай тұрмыс-салтын емес, тұтас бір халықтың рухын білдіретінін түсіндім. Ат – кеңістікті игерудің, елді
қорғаудың күші болса, ән – ғасырлар бойы жадыны сақтаудың, ой мен сезімді жеткізудің жолы. Ал Абай осы «қос қанаттың» ортасында тұрып, халқын поэзиясы мен ойы арқылы биікке самғауға үндеген тұлға екен.
Абай XIX ғасырда, қазақ халқы дәстүрлі көшпелі өмірден жаңа қоғамдық кезеңге аяқ басқан шақта өмір сүрді. Ол өлеңдері мен қара сөздерінде білімнің маңызын, өзін-өзі танудың қажеттігін, жалқаулық пен надандықтан арылудың жолын қайта-қайта ескертті. Ол халқының заман көшінде кейін қалмауын қалады, сонымен бірге ұлттық ізгі қасиеттердің жоғалмауын ойлады.
Абай ойларының түйіні біреу: адам үнемі үйреніп, өзіне есеп бермесе, ол, шын мәнінде, өмір сүріп жатқан жоқ. Бұл ойды шекара бойында қызмет етіп жүргенде ерекше сезінесің. Сызықтың бір жағында – таныс өмір, ауылдар мен қалалар, ал екінші жағында – өзге әлем, өзге тағдырлар. Осындай кеңістікте отырып Абайды оқу маған екі үлкен әсер сыйлады.
Абай көтерген мәселелер – жалқаулық, надандық, білімге ұмтылыс, жастарға сенім – бір ғана дәуірге немесе бір халыққа тән емес. Бұл – адамзаттың барлық кезеңіндегі өзекті сұрақтар.
Абай табиғатты жырлайды, бірақ оны жай көрініс ретінде емес, адам жанының айнасы ретінде көрсетеді. Ол табиғатқа қарап отырып «Біз осы кеңістікке лайықпыз ба?» деген сұрақ қояды.
Қазақ достарыммен Абай туралы әңгімелесе жүріп, әдебиеттің халықтар арасындағы көпір ғана емес, айна екенін терең түсіндім. Әдебиет арқылы біз өзімізді де қайта танимыз.
Бүгінгі осындай кездесулер өзге елдердің әдебиеті мен мәдениетін бетпе-бет танып-білуге мүмкіндік береді. Бұл – аса маңызды әрі нақты мазмұны бар жұмыс.
Шыңжаңдық қаламгер ретінде біз мәдениеттер тоғысында өмір сүріп отырмыз. Мұнда әртүрлі халықтар, ескі мен жаңа, дала мен қала қатар тіршілік етеді. Осындай кеңістікте Абайды оқу оның бізге алыста емес, дәл жанымызда тұрғанын сездіреді.
Әдеби алмасу – жай ғана «шетелдік жазушымен танысу» емес, ол ойлау мен баяндау шекарасын кеңейтетін үдеріс.
Сөз соңында қазақстандық жазушы достарыма және қазақ әдебиетін қытай оқырманына таныстырып жүрген аудармашыларға шынайы алғысымды білдіремін.

Пэн Мин,
ақын, «Ши кань»
(«Поэзия») журналының редакторы:

– Қазақстандық достарымыз бен қытайлық әріптестеріміз бас қосқан осынау алқалы жиынға қатысу мен үшін үлкен мәртебе.
Мен – бір кездері ақын болдым, ал бүгінде Қытай Жазушылар одағына қарасты «Ши кань» («Поэзия») журналының редакторымын. Қытай – поэзияға бай ел. Ежелгі заманда қытайлар өлеңді күнделік секілді пайдаланып, оны әлеуметтік ортадағы жазбадай бөліскен. Достар бас қосқанда суырып салма өлең шығарып, ал алыста жүрген жанға деген сағынышты жырмен жеткізген. Тіпті ресми дипломатиялық жағдайлардың өзінде «Өлеңдер кітабынан» алынған жолдар арқылы ой мен сезімді білдіру дәстүрі болған.
Поэзияны адамның күнделікті өмірімен, тіпті қанымен біте қайнастырып жіберген бұл мәдени үрдіс бүгінгі Қытайда да өз жалғасын тауып отыр. Пекин университетінің әйгілі ақыны Хай Цзы туралы ел аузында жүрген бір әңгіме бар. Бірде қалтасында ақшасы болмай, сырахана иесіне: «Мен саған бір өлең оқып берейін, сен маған бір бөтелке сыра бер», – деген екен. Ал мен студент кезімде қаржы таусылғанда, өз өлеңдерімді басып шығарып, Вэймин көлі жағасында сататынмын: бір өлең – екі юань. Осылайша бір аптаға жететін азық-түлікке ақша тауып алатынбыз.
Оқуды аяқтаған соң поэзия журналының редакторы болып, елдің түкпір-түкпіріндегі ақындармен жұмыс істей бастадым. Әдетте поэзия тыныш, оқшау кітапханаларда туады деп ойлаймыз. Алайда қытай поэзиясының тамыры табиғат аясында, тау мен өзенде, кең дала мен ауыл өмірінде жатыр. Мен жұмыс істейтін журналдың авторлары арасында университет профессорлары немесе жоғары лауазымды қызметкерлерден гөрі курьерлер, диқандар, ұсақ саудагерлер көп. Даланың иісі аңқыған олардың жырлары өмір қуатына толы, адам жанының сан қатпарлы тереңдігін айқын көрсетеді.
Ежелгі даналар: «Өлең – адамның сезімін жырлау» деген. Поэзия мен әдебиетті сүйетін жандар – бұл
дүниедегі ең сезімтал, жан дүниесі нәзік адамдар.

«Қазақ-қытай әдеби байланысы. Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұралары»

Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
жазушы,
ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Әдебиет адамзаттың рухани көпірі, ал сол көпірдің берік болуы — халықтардың бір-бірінің мәдениетін түсінуі мен сыйлауына байланысты. Қазақ пен қытай халықтары ғасырлар бойы көршілес өмір сүріп келе жатқан үлкен өркениетті қауымдастықтар. Сондықтан да екі ел арасындағы әдеби байланыс — тек шығармашылық алмасу емес, ол — тарихи сабақтастық, рухани үндестік, мәдени серіктестіктің көрінісі.
Қазақ пен қытай арасындағы әдеби қатынас бір күнде пайда болмаға­ны белгілі. Оның тереңде жатқан тарихи негіздері бар. Түркі және қытай жылнамаларында бір-біріне қатысты деректердің мол болуы — сол рухани жақындықтың ізі. Фольклорлық бейнелердің ұқсастығы, ерлік жыр­ла­рын­дағы ортақ сарындар да екі халықтың рухани байланысын көрсе­теді.
Өткен ғасырдың екінші жартысында Алтай, Іле, Тарбағатай өңірлерінде өмір сүрген қазақ ақын-жазушыларының шығармалары қытай әдеби кеңісті­гіне енді. Сонымен бірге қытай классикте­рінің таңдаулы туындылары қазақ оқырмандарына жол тартты. Аударма ісінің басталуы — екі халық әдебиетінің өзара толықтырылуына үлкен ықпал етті.
Тәуелсіз Қазақстан мен жаңа дәуір­дегі Қытай қарым-қатынасты страте­гиялық деңгейге көтерді. Сол барыста мәдени байланыстар, әдеби ынтымақтастық та жаңа қарқын алды. Ортақ кітап көрмелері, жазушылардың сапарлары, шығармашылық одақтар­дың байланысы екі елге де жаңа мүм­кіндіктер ашты.
Қазақ-қытай әдеби байланысы туралы сөз қозғағанда, біз міндетті түрде жазушы, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнік есімін ерекше атап өтуіміз керек. Ол — Қытай қазақтарының рухани дүниесін сақтап, оны қазақтың ортақ қазынасына айналдырған қайраткер.
Зейнолла Сәніктің еңбектері бір­неше ірі арнаны қамтиды: Олар: тарихи зерттеулер, этнографиялық мұралар, ше­жірелік еңбектер мен көркем туын­дылар.
Оның еңбектерінде архивтік дәлдік те, халықтың ауызша тарихына деген құрмет те қатар жүреді. Бұл — қазақ дүниесін қытай топырағында сақтап қалған үлкен мектеп.
Зейнолла Сәнік Қытай қазақтары­ның мұрасын жинақтап ғана қоймай, оны Қазақстандағы ғылыми ортаға жеткізді. Оның еңбектері арқылы Қазақстандағы көптеген зерттеушілер үшін Қытайдағы қазақ мәдениеті мен әдебиеті қолжетімді бола бастады.
Ол қазақ пен қытай арасындағы рухани көпірді бірнеше бағытта жалғай білген тұлға. Алдымен, Қытайдағы қа­зақ әдеби ортасын жүйелеп, оның идеялық-көркемдік деңгейін кө­тер­ді. Екіншіден, Қазақстандағы әде­биеттануға жаңа деректер, жаңа мәтіндер әкелді. Үшіншіден, аударма мен тарихи зерттеу арқылы екі елдің ғылыми-мәдени диалогіне үлкен серпін берді.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттың түп-тамырын, мәдени негізін сақтау — аса маңызды. Зейнолла Сәніктің еңбектері осы жолда бағасы өлшеусіз қазына.
Қазіргі кезеңде қазақ-қытай әдеби байланысы жаңа мазмұнға ие болуда. Қазақ әдебиетін қытай тіліне және қытай классикасын қазақ тіліне аудару — өзара түсіністіктің басты арнасы. Бұл бағытта бірлескен жобалар мен кәсіби аудармашылар мектебі қажет-ақ. Ортақ резиденциялар, әдеби фестивальдар, жас қаламгерлердің бірлескен шеберлік сабақтары – мәдени байланыстардың болашақ негізі екені даусыз.
Зейнолла Сәнік мұралары секілді ортақ зерттеулерді қолдау, әдеби журналдар арасындағы серіктестікті арттыру – екі ел үшін де маңызды қадамдар болар еді.
Қазақ-қытай әдеби байланысы – өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың да кепілі. Сол байланысқа өнеге болып отырған тұлғалардың бірі – Зейнолла Сәнік. Оның қалдырған мол мұрасы екі елдің рухани арасын жақындастыра түсуге қызмет етіп келеді.
Әдебиет – халықтарды табыстыра­тын күш. Біз сол күшті дұрыс пайдалан­сақ, қазақ пен қытай арасындағы мә­дени достық одан әрі кеңейіп, жаңа биікке көтеріледі деп сенемін.

«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің дамуы»

Кәдірбек Сегізбай,
жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері халқымыздың рухани әлемінде жаңа дәуір басталды. Ескі шектеулердің көлеңкесін артқа тастап, еркін тыныстауға мүмкіндік туған шақта қазақ әдебиеті де жаңаша бағытқа бет бұрды. Бүгінгі баяндамамда сол кезеңдегі әдебиетіміздің даму жолдары, ерекшеліктері мен жетістіктері жөнінде ой бөліссем деймін.
Тәуелсіздік жылдары қазақ қаламгерлеріне, ең алдымен, еркін ойлау, еркін жазу, еркін бағалау мүмкіндігін сыйлады.
Жазушылар XX ғасырдың ақтаңдақ беттерін — ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, ұлттық қайраткерлер тағдырын — батыл жазып, тарихи әділдікті қалпына келтіруге атсалысты. Бұл — тек әдеби миссия емес, ұлттық сана жаңғыруының маңызды қадамы болды.
Қазақ әдебі, салты, дүние­танымы, адамгершілік ұстанымы жаңа тұлғалық биікте көрініс тапты. Көшпелі мәдениеттің рухани тереңдігін тү­сінді­ретін шығармалар көбейді. Қалам­герлеріміз ұлттық кодты көркемдік әдістермен тереңінен ашуға кірісті.
Қоғамдық өзгерістер, урба­низа­ция, жаңа әлеуметтік топтар­дың қалыптасуы әдебиетте жаңа кейіпкерлер мен жаңа пробле­маларды тудырды. Бұл – прозаның да, поэзияның да тынысын кеңейтті.
Тәуелсіздік жылдары прозада: тарихи романның жаңа толқыны; авторлық деректілікке құрылған мемуарлық шығармалар; әлеу­меттік-психологиялық романның тереңдеуі; модернистік және пост­мо­дернистік ізденістердің күшеюі байқалды. Жас жазушылар жаңа формаға батыл қадам жасады. Өмір шындығын бұрынғы қалыптан бөлек тәсілдермен көрсетуге тал­пыныс артты.
Қазақ поэзиясы тәуелсіздікпен бірге жаңаша ырғаққа көшті. Ақындар ұлттық рухты, тәуелсіздік идеясын; адам мен қоғамның күрделі қатынасын; жаңа заманның рухани құбылыстарын еркін кестеледі. Жеке адам болмысына үңілу, ішкі драматизмді ашу, сим­воликалық бейнелеу кең тарады.
Драматургия жаңа тақырыптарға бет бұрып, тәуелсіздік тарихындағы тұлғалар, тағдырлар сахналық туындыға өзек болды. Балалар әдебиетінде жаңа кейіпкерлер, тарихи-ағартушылық бағыттар күшейді.
Қазақ әдебиеттануы да жаңа белеске көтерілді. Әдеби сын кеңестік кезеңдегі біржақты ба­ғалар­дан бас тартты; ұлттық әдебиетті жаңаша ғылыми тұрғыдан саралауға кірісті; салыстырмалы әдебиеттану мен халықтық мұраларды қайта бағалауды күшейтті. Ұлттық тұлғалар тура­лы монографиялар, архивтік зерт­теулер жарық көрді.
Бұрынғы шектеулер жойылып, жеке баспалар ашылды. Қалам­гердің өз кітабын шығаруы жеңіл­деп, оқырманға жол ашу мүмкіндігі артты.
Бүгінгі конференция — соның бір көрінісі. Қазақ қаламгерлері әлем әдебиетінің үлкен кеңістігіне шықты. Аударма ісі жанданып, қазақ кітаптары шетелдік оқыр­манға жол тауып жатыр.
Тәуелсіздік дәуірі әдебиетке жаңа көзқарастағы жас толқын әкелді. Бұл буын еркін, батыл, жаңашыл. Қазақ әдебиетінің бола­шақ беделі осы буынға байланысты деп сенемін.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті — халқымыздың рухани жаңғыруының айнасы. Әдебиет қоғамдағы өзгерістерді ғана бейнелеп қойған жоқ, өзі сол өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Біз бүгінгі жетістікке тоқмейілсінбейміз, себебі кез келген әдебиет – үздіксіз ізденістің, биік мақсаттың нәтижесі.
Қазақ әдебиеті тәуелсіз елдің ру­хани жалауы ретінде әлі талай белесті бағындыратынына сенемін. Осын­дай екі елдің қаламгерлерін жақын­дататын игілікті шараның ұйым­дас­тыру­шыларына алғыс айтамын. Рухани байланысымыз беки түссін!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.01.2026 | 21:57

Қазақ әдебиеті мен мәдениеті ондағы миллиардтаған дұрт көкейіне қанат жайып, аударылып әлемге таныла берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір