Қазақ-қытай қаламгерлерінің әдеби конференциясы
Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында 9 – 12 желтоқсан күндері аралығында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі, Бейжіңдегі Қазақстан Мәдениет орталығы және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының ұйымдастыруымен «Қазақ-Қытай қаламгерлері» атты халықаралық әдеби конференция өтті.

Төраға Нобель сыйлығының иегерімен кездесті
Іссапардың алғашқы күнінде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов әлем әдебиетінің ірі өкілі, Нобель сыйлығының иегері, танымал жазушы және романист Мо Янмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қос қаламгер бүгінгі әлем әдебиетінің даму үрдістері, шығармашылық байланыстардың кеңеюі және қазақ-қытай әдеби қарым-қатынасының болашағы жайлы келелі әңгіме өрбітті. Әсіресе, заманауи әдебиеттегі жаңа тақырыптар, жазушылардың әлеуметтік жауапкершілігі және екі ел арасындағы мәдени ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Мереке Құлкенов Мо Янның әлемге танылған шығармашылық ерекшелігін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінде де оның туындылары оқырманға кеңінен жол тартып келе жатқанын атап өтті. Өз кезегінде Мо Ян қазақ әдебиетінің бай мұрасы мен бүгінгі дамуына қызығушылық білдіріп, қазақ жазушыларымен бірлескен жобаларға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу аясында екі ел жазушыларының қатысуымен бірлескен жобалар және әдеби алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар қарастырылды. Қаламгерлер алдағы уақытта әдеби байланыстарды жаңа деңгейге көтеру жөнінде ортақ мүддені қуаттады.
Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайтуға, екі халықтың рухани байланысын тереңдетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Әдеби байланыс көкжиегі
Алқалы жиын Зейнолла Сәнік шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесімен ашылды.
Конференцияның алғашқы сөзін алған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов екі ел арасындағы әдеби байланыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүгін Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының алғашқы мәдени орталығында жүздесіп отырмыз. Бұл – әзірге шетелдегі жалғыз қазақстандық мәдени орталық. Ұзақмерзімді дипломатиялық келіссөздің және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесінде бұл орталықтың ашылуына 4 ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысты.
Екі ел арасындағы мәдени алмасудың маңызды кезеңіне айналып, қазақстандық мәдениетті халықаралық аренада танытуға елеулі үлес қосатын бұл бастаманың да, бүгінгі «Қазақ – Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясының да Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстар мен стратегиялық әріптестіктің нығаюына сеп болары анық. Бүгінгі жаһандану дәуірінде халықтар арасындағы мәдени алмасудың ең пәрменді жолы – сапалы аударма екенін айтқым келеді. Сондықтан да қазақ және қытай әдебиеті арасында рухани көпір орнататын аударма жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру, оны жүйелі түрде жандандыру – уақыт талабы. Өйткені екі елдің рухани байланысын тереңдетуде бұл бағытты дамытып, жас аудармашыларға қолдау көрсету – біздің ортақ міндетіміз деп санаймын. Әдебиет – адамзатты жақындастыратын ең нәзік әрі ең қуатты күш. Біз соның елшілеріміз. Бүгінгі сапарымыз да ұрпақтар жадында, тарихта қалатын үлкен мәдени, әдеби бастама деп білемін, – деді Мереке Құлкенов.
Шара барысында Қытай Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары У Ицинь қазақ-қытай әдеби ынтымақтастығының жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтіп, өзара ынтымақтастықты жандандыру туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Конференцияда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али, кәсіпкер, меценат Қанат Сәнік пен Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, республикалық «Простор» әдеби журналының бас редакторы Фархат Тамендаров сөйледі. Сонымен қатар әдеби конференция аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Қытай Жазушылар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға ресми түрде қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов және Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары У Ицинь қол қойды.
Халықаралық конференцияның «Қазақ – Қытай қаламгерлері. Зейнолла Сәнік шығармалары» атты пленарлық мәжілісінде екі елдің көрнекті жазушылары мен әдебиеттанушылары – жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлы қазақ-қытай әдеби байланыстары мен Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы туралы; жазушы, аудармашы Акбар Мәжит екі ел арасындағы аударма алмасу үрдістері жайында; жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбай Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің дамуы туралы; Қытай Жазушылар баспасы бас редакторының орынбасары Янь Хуэй әдебиет арқылы мәдени байланыстарды тереңдету мәселесі жөнінде; Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының аға ғылыми қызметкері Ван Сяоюй қазақ және қытай әдебиеттерінің өзара таралуы мен аударма тәжірибесі жөнінде баяндама жасады.
Секция соңында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, екіжақты әдеби байланыстарды кеңейту бағыттары талқыланды.

Жас қаламгерлер жүздесті
Халықаралық әдеби конференция аясында жас қаламгерлердің арнайы кездесуі ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – екі елдің жас ақын-жазушылары арасындағы әдеби байланыстарды нығайту, шығармашылық тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды талқылау.
Іс-шара барысында қазақ жастары өз шығармашылық таныстырылымдарын жасады. Қазақстан тарапынан ақын Қалқаман Сарин, жазушы Мақсат Мәлік және ақын Еділбек Дүйсен қатысып, өз туындылары мен көркемдік ұстанымдары туралы баяндады.
Қытай тарапынан әдебиет өкілдері – ақын Лю Цзысянь, жазушылар Ван Цаньсинь мен Гань Сюэфан, редакторлар Минаргүл Нұрлазат пен Шалхар Мұрат, ақын-аудармашы Ыбырай Дүйсен және ақын Пэн Минь сөз сөйлеп, шығармашылық бағыттары мен қазақ әдебиетіне қызығушылықтары туралы ой бөлісті.
Бұдан соң конференция еркін пікір алмасуға жалғасты. Бұл бөлімде екі елдің жас қаламгерлері әдеби үрдістер, аударма мәселелері, мәдени өзара ықпалдастық және болашақ ортақ жобалардың мүмкіндіктері жөнінде еркін диалог жүргізді. Кездесудің рухани мазмұнын тереңдеткен айтыскер ақын Серік Қалиев әннен шашу шашты. Артынша қазақтың күмбірлеген күйі төгілді.
Кездесу соңында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қорытынды сөз сөйлеп, шараның маңызын атап өтті. қатысушылар естелік суретке түсті әрі конференцияның ресми жабылуы жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы Бейжің қаласындағы Қазақстан Мәдениет орталығының Қазақ тілі бөлмесіне кітаптар табыстады.
Қорыта айтқанда, халықаралық әдеби кездесу екі елдің жас қаламгерлері үшін жаңа шабыт, шығармашылық серпін және өзара түсіністікті тереңдететін маңызды алаңға айналды.
Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі