«АСТАНА – ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА»
05.12.2025
35
0

 

Есіл университетінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алуға арналған іс-шара өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Ұлттық құрылтайда: «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.
Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.
Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін», – деп қоғамды жат әдеттерден, нашақорлықтан арылтуға баса мән берді.


Жалпықалалық «Астана – салауат­ты өмір» бағдарламасының бір бөлігі саналатын бастама барысында Гиннес рекорд­тар кітабының жеті дүркін иегері Сергей Цирульников, белгілі блогер және қоғам қайраткері Нұргелді Кердеш, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, театр және кино актері Әділ Ахметов ашық пікірталас пен мотивациялық баяндамалар жасады. Қонақтар өздерінің түрлі саяхаттары жайлы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді және саналы таңдау мен өмірге белсенді көзқарастың маңызды екенін ұғындырды. Сонымен қатар Сергей Цирульников қысқаша шеберлік сыныбын жүргізіп, оқушылармен бірге ат тақасын иіп, күш жаттығуларын көрсетіп, таңғалдырды.
Есірткімен күрес мамандары Назым Омарова мен Русалина Молдахметова нашақорлармен жұмыс және психоак­тивті заттарды қолданудың салдары туралы ақпараттық презентация жасады.
Астана қаласы Құқық бұзушылықтың алдын алу департаментінің қызметкері полиция подполковнигі Дамир Байбазаров департаменттің іс-шараларымен таныстырып, одан кейін студенттермен құқық бұзушылықтың алдын алу
туралы ақпараттандыруды арттыруға бағытталған интерактивті сессия өткізді.
Тыңдаушылардың қамауға алу әдістерін, тактикалық маневрлерін және қиын жағдайларда қалай әрекет ететінін көрсеткен Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлерінің демонстрациясы көрермендерді ерекше қызықтырды. Сондай-ақ шара өтетін жерде кинологтар мен қызметтік иттер де өз өнерлерін көрсетіп, тыйым салынған заттарды анықтаудағы шеберліктерін көрсетті.
Жиын соңында студенттер деканы Шынар Күнгелдіқызы шақырылған баяндамашыларға алғысын білдіріп, шараға қатысушыларға естелік алғыс хаттар табыс етті. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір