САРЫАРҚА, КЕРЕКУ МЕ, ТҰЗҚАЛА МА, ӘЛДЕ…
Қазақ елінің топонимикасында көзге шыққан сүйелдей болып тұрған екі нәрсе бар, ол – Петропавл және Павлодар қалаларының атаулары. Осы арада мына бір жайды айта кетуге тиістіміз, Құдайға шүкір, Петропавлдың ескіден келе жатқан, ешкімнің таласы жоқ Қызылжар деген өзінің тарихи аты бар. Сондықтан жақын болашақта қаланың осы атауды иеленуі уақыт еншісіндегі жайт. Олай дейтініміз, қазір шаһар тұрғындарының этникалық құрамы үлкен өзгеріске ұшырап, жыл өткен сайын қазақтар облыс орталығында бірте-бірте басым көпшілікке айналып келеді.

Ал Павлодарға келсек, қала тұрғындары арасында байырғы автохтонды қазақ этносы қазірдің өзінде саны жағынан айқын доминантқа айналып үлгерді. Осыған байланысты қала атауының қазақылануы бұл күндері кезек күттірмес мәселенің бірі десек болады. Біздіңше, осы шаһар атауына байланысты әзірше шешімін таппаған бір ғана түйткілді мәселе бар, ол – Павлодардың жалпы жұрт бірауыздан мойындаған Қызылжар секілді тарихи атауының болмай тұрғаны.
Сондықтан біреулер оны Тұзқала деп атауды ұсынса, екіншілері Кереку, үшіншілері Сарыарқа деген атауларды алға тартады. Меніңше, бұл топонимдердің Павлодарға қазақша ат болуға қисыны келіңкіремейді. Өйткені уикипедияға жүгінсек, «Сарыарқа – Қазақстанның ірі физикалық-географиялық және тарихи-табиғи аймағы. Сарыарқаға Қарағанды, Ақмола облыстарының жері толықтай, бұрынғы Торғай, қазіргі Семей, Павлодар облыстарының біраз жері кіреді. Қарағанды облысы Сарыарқаның ортаңғы бөлігінде орналасқан, сондықтан жергілікті халық осы өңірді ежелден Сарыарқа, Арқа даласы деп атаған» дейді.
Көріп отырғанымыздай, біріншіден, Сарыарқа тек Павлодар қаласына тиесілі географиялық аймақ емес. Екіншіден, ол – Еуразияның қақ ортасынан ойып тұрып орын алған о шеті мен бұ шеті ұшқан құстың қанаты талатын осы бір апайтөс даланың ықылым заманнан бері қалыптасқан тарихи атауы. Сондықтан бұл топонимді Павлодарға тықпалауымыздың реті жоқ.
Керекуге келсек, ол – Корякин деген орыс көпесінің фамилиясының қазақша бұрмаланған, ана тіліміздің лексикалық қорында атымен жоқ, жеке тұрғанда ешқандай мағына бермейтін бұралқы сөз. Сол себепті бұл нұсқаның да негізге алынуы мүмкін емес.
Тұзқала… Рас, ертеректе осы қаланың маңайындағы көлдердің бірінен жергілікті кейбір кәсіпкерлер тұз өндіріп, оны басқа өңірлерге керуенмен саудалаған екен. Содан азды-көпті пайда да тапқан секілді. Бірақ Павлодарда тұз өндіруден басқа кәсіп түрлері де жеткілікті болған ғой, сондықтан қазіргі заманғы отандық индустрияның ірі орталықтарының бірінен саналатын шаһарды бұлайша атау да ешқандай ақылға сыймайды. Міне, сондықтан да мен ерке Ертісті бойлай қоныстанған осы бір көркем қалаға Мойылды деген поэтикалық атауды лайық көремін.
Неге дейсіз ғой, айтайын. Павлодардан бар болғаны он-он бес шақырым жерде еліміздегі әйгілі «Мойылды» деген курорт-санаторий бар. Оның бұлай аталуы бекер емес, өйткені осы сауықтыру орнын ғана емес, бүкіл Павлодар қаласын жағалай айнала, әсіресе жазғытұры көрер көздің жауын алатын тамаша жеміс бұтасы Мойыл (черемуха) өседі. Сондықтан осы маң Мойылды атанып кеткен. Мысалы, Қарағанды қаласының атауы да оны айнала қаптап өскен қараған деген бұтамен байланысты шыққаны бәрімізге белгілі емес пе. Ендеше осыған ұқсас, Павлодар қаласын мойыл деген қасиетті өсімдік атауымен байланыстыру өзінен-өзі сұранып тұрған топонимдік поэтикалық балама емес пе?! Меніңше, ендеше біздің тарихи жадымызда әлімсақтан бері сақталып келе жатқан Қарағанды, Қайыңды, Өлеңті деген секілді топонимдермен керемет үйлесіп тұрған Мойылды атауы біздің ұлттық таным-талғамымызға барлық жағынан да сай келмек. Сондықтан көпшілік, оның ішінде Павлодар шаһарының жұртшылығы қолдау білдірсе, осы атауды Республикалық топонимикалық комиссияның қарауына ұсынғанымыз жөн болар деген ойдамын.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, драматург