Ұрпаққа өсиет
04.11.2025
236
0

немесе әр саналы азамат өз ұрпағына не қалдыруы керек ?

Сөз басын осындай сұраулы сөйлеммен айдарлауымның себебі – әр адамды күндердің күнінде осы бір сұрақтың жиі-жиі мазалайтыны кәміл екеніне көз жеткізгенім дер едім. Иә, шынында да әр адам өз ұрпағына не қалдыруы керек? Бірден жауап бере салу, әрине, оңай емес.

Өмірге келген әрбір адам өз ұрпағына талмай өсиет айтып, шыққан тегін, ата-баба шежіресін және өзінің басып өткен өмір жолын ауызша түрде өнеге етіп, балалары мен немере-шөберелерінің жадында сақталуы үшін жиі-жиі құлақтарына құйып отыратыны белгілі. Дегенмен сол өсиет, өнеге, ұрпаққа деген аманатты жазбаша түр­де қалдыруды әр адам өз міндетім деп санамайтыны шындық. Соның салдары­нан кейінгі ұрпақ көп жағдайда өз ата-баба­сын тектеп, таратуда көмескілікке, күмән­ділікке ұрынып жататыны жасырын емес.
Бұл жолы менің қолға қалам алғандағы мақсатым – жеке бір адамның басып өткен өмір жолы жайлы немесе оның қоғамда атқарған қайраткерлігі жөнінде жазу емес. Бүгінде жасы 87-ге толып, киелі абыздықтың ардақты ауылына абыроймен жетіп, өсіп-өнген бала-шағасы мен немере-шөберелерінің ортасында маңына саясын жайған алып бәйтеректей мамыражай күй кешіп, Құдай қосқан қосағы Сара Әжіғалиқызымен жұбын жазбай 64 жыл өмір сүріп келе жатқан Жұбатқан ағаның анығырақ айтқанда, Жұбатқан Аманғалиұлы Нитқалиевтің тасқа таңба басқандай етіп өз немере-шөберелеріне арнап жазған өсиетнамасын оқып шыққанда, мемуарлық жанрдағы стилі мен формасында өзіндік бір ерекшелігі бар осы бір дүние жайлы әңгіме қозғау көкейіме орала берді.
Жұбатқан ақсақалдың «Өмірдегі дара жол іздерім – немере-шөберелеріме
өсиет» деп аталатын, өз ұрпақтарына арнаған көлемі небәрі 80 беттен тұратын шағын ғана кітабын оқып шыққанда, бұл қымбат дүниенің кейбіреулердің бірнеше том етіп шұбыртып жазып жататын ғұмырбаяндық роман-эсселерінің жүгін көтеріп тұрғанын айқын сезіндім.«Немерелерім, шөберелерім! Болашақта қоғамнан қалмай, білімді, мәдениетті, ақылды болуға, еліміздің саяси және әлеуметтік проблемаларын дұрыс түсіне білуге тырысыңыздар. Оның барлығы сіздердің тыныс-тіршіліктеріңізге, ақыл-ойларыңызға тікелей байланысты екенін ұмытпаңыздар!» деген терең жан толқыныстарымен басталған ақсақал өсиеті кітаптың алғашқы бөлімінен-ақ адамның өз ұрпағына деген ыстық та жүрек түбінен елжірей шыққан ата тілегі кімді болса да тебіреніске түсірері анық. Өсиет кітабындағы Жұбатқан ақсақалдың сонау қапалы 1938 жылы өзінің өмірге қалай келгені жайлы қысқаша баяндауы ұрпақтарына ел басынан сондай бір қасіретті жылдардың өткенінен хабар береді. Ал «Бабаларымның дара жолы» деген бөлімінде ата-ананың өз перзентіне деген шексіз сүйіспеншілігінің қаншалықты жоғары екені айтылады.
Аманғали әке мен Қазына ана өткен ғасырдың 1955 жылдары қияндағы Гурьев облысының (қазіргі Атырау) Құрманғазы ауданындағы қызметін тастап, үй-жайын басқаға аманаттап, жалғыз ұлының қасында болу үшін Алматыға келеді. Олар аядай бір бөлмелі пәтер жалдап, бастарына түскен қиындықтың қандайына болса да бел буып, тек баласының амандығын тілеп, жұпыны өмірдің өзін ұлының қасында тойдай көріп өмір сүреді. Осы қысқа ғана баяндаудың өзінен-ақ балаға деген әкелік, аналық сезім мен шексіз қамқорлық жайлы ата естелігін оқыған бүгінгі немере-шөберелердің тебіреніссіз қалмасы анық. Бұл жолдарды оқыған әр жас ұрпақтың бойына ата-анаға, туысқа, жалпы адамзатқа деген мейірім деп аталатын қасиетті ұғым сіңіп, кеуделеріне адамгершіліктің биік те адал ұстанымы ұялары сөзсіз.
Жарық дүние жаратылғалы бері теңіз толқындарының бірінен соң бірі лықсып келіп, жағадағы жартасқа соғылып, ғайып болып жататыны секілді, адам өмірі де тоқтаусыз ағылып, бір ұрпақ кетіп, орнына екінші толқын келіп жатады. Ол – адамдар легі. Толқынның жағаға соғылып жоқ болатыны сияқты, адамдар да өмірге келеді, кетеді, тағы келеді де кетеді,бірақ қандай із қалдырды.
Адамның есімін адам қойғанымен, оның сол атқа лайық болуын, тағдырын бір Жаратушы өзі реттеп тұратын болса керек. Жұбатқан ағамыздың әкесі Аманғали 1937–1938 жылдардағы қиын-қыстау заманда қазақтың елім деп еңіреген атпал азаматтары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, екі ағасы шетінеп кеткен кезде дүниеге келіп, анасы Қазынаның қайғысын басып, көңілін жұбатқандарынан, оның есімін азан шақырып Жұбатқан деп қойған екен.
Айта кету керек, Ұлы Отан соғысы кезінде мектеп оқушысы бола тұра, Жұбатқан аға қолынан келгенше небәрі 7–8 жасында ауылдың шаруашылығына белсене араласып, үлкендермен бірге түрлі жұмыстар атқарған. Мысалы, жеміс-жидек теру, малдарға жем-шөп беру және басқа да шаруаларға қолғабыс еткен.
Сондықтан Жұбатқан аға соғыс жылдарында жап-жас болса да еңбек майданының мүшесі болып, мемлекетіміздің қамқорында болған деуге болады. Осыны ескере отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 2025 жылғы 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай абзал азамат ағамызды арнаулы медальмен, құттықтау хатпен және ақшалай сыйлықпен марапаттағаны өте орынды деуге негіз бар. Әр адам жасы саналы шаққа жеткеннен кейін үнемі өткенін сараптап, өмірінің әр кезеңін қорытындылап, айналасында болып жатқан жақсы-жаман құбылыстарды жадында зерделеп түйіп, өз кезінде еш боямасыз, өңін өзгертпей қағазға түсіріп, кейінгіге дерек етіп, ұрпақтарына өнеге етіп қалдырып отырған адамдардың, шын мәнінде, артында сайрап ізі қалып, есімі де өшпейтінін айтсақ, мұнымызды ешкім сәуегейлік дей қоймас.
Жасынан еңбекке араласқан ол қатарынан оқ бойы озық азамат болып жетіліп, еліміздін ең таңдаулы және тұңғыш ашылған (1928 жылы ) қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1960 жылы Экономикалық-гео­графия мамандығын бітіріп шықты, сол жылдан бастап ғылыммен шұғылданып, әрі қарай жоғары оқу орындарында желкілдеп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты білім жане ғылым нәрімен сусындатты, атап айтқанда, педагогикалық университет, Халық шаруашылығы, Еуразия нарық институты. Шәкіртерінің көбі бүгінде елімізге белгілі қоғам қайраткелері, атақты педагогтар, ғалымдар, бизнес өкілдері, ірі банк басшылары қызметінде жемісті енбек етуде.
Қоғамнан қоғам ауысып, бүгінде ұрпақтар психологиясы өзгеріп, еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін санасын ғаламтор билеген мына заманда, жоғарыда айтқанымыздай, сол ғайыптық құшағына еніп кеткеніне сан жылдар өткен қазақ ауыз әдебиетінің өлшеусіз қазыналарын алғаш жинап, зерттеушілердің бірі, Кеңес Одағының Батыры, белгілі ғалым, ол кезде Абай атындағы ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық университеті) ректоры Мәлік Ғабдуллинмен естен кетпес кездесуін ерекше тебіреніспен еске алып, еліміздің ардақты ғалым-экономистері мен көрнекті өнер және спорт қайраткерлерімен де, атап айт­қанда, есімдері аңызға айналған Яхия Аубакиров, Қаби Окаев, Марат Кенжегүзин, Райымбек Сейтметов, Абдусалам
Нұрмаханов, Ғұсман Қосановтармен қоян-қолтық араласқан кездерін, сондай-ақ біртуар талант, жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденов пен асқақ ойлары кеудесінде тулап өткен ғаламат жазушы Асқар Сүлейменов сынды әдебиет дүлдүлдерінің есімдерін ерекше ілтипатпен атап, олармен бірге өткізген сыйластыққа толы жылдарын да Жұбатқан ақсақал өз өсиет кітабында тегіннен-тегін әңгімелемесе керек. Бүгінгі немере-шөберелері олардың есімдерімен танысқан соң: «Міне, біздің атамыз осындай ірі тұлғалармен дос, дәмдес болған екен-ау!» деген мақтаныш сезімдері оянып, олардың шығармашылығын іздеп, тауып оқып, бойларына дарытатыны кәміл.
Өмірде өзіне лайық жар таңдап, отау құрып, ұрпақтарына отбасылық сыйластық пен ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жоғары деңгейдегі жан ұғынысының да қаншалықты қастерлі екенін Жұбатқан ағамыз өмірлік жолдасы, асыл жары, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, эпидемиолог-инфекционист, бүгінде медицина саласының үздігі, немерелерінің сүйікті әжесі Сара Әжіғалиқызы туралы да ұрпақтарына әсерлі баяндаған. Әрине, ұрпақтарының бәрі де: «Біздің әжеміз міне, осындай адам!» – деп әркез мақтан тұтатыны анық. Өйткені ата-әжесін мақтан тұту – әр немеренің арманы емес пе? Сөз реті келгенде айтпасқа болмас, сол немерелерінің сүйікті әжесі Сара Әжіғалиқызын 85 жасқа толған мерейтойымен мен де шын жүрегімнен құттықтаймын!
«Өмірімнің жалғасы, көзімнің нұры — немере-шөберелерім!» – деп Жұбатқан ақсақалдың өзі айтқандай, жанының жайқалған жапырақтары іспетті немерелеріне бала деп қарамай, әрқайсысын азамат санап, терең мағынаға толы ойлы өсиетін былайша жалғастырады:«Айналайындар, Руслан – Әйгерім, Айбек – Анеля, Анвар – Сабина, Алмас – Адина, Айбар-Айымжан, Алима, Айтуар, Айна, Алишер! Болашақта елдегі және өмір жолдарыңызда табысты болып, ортаңыздан қалмай, білімді, мәдениетті, ақылды болуға, еліміздің саяси және әлеуметтік проблемаларын дұрыс түсіне білуге тырысыңыздар. Оның барлығы сіздердің тыныс-тіршіліктеріңізге, ақыл-ойларыңызға тікелей байланысты екенін ұмытпаңыздар, сүйікті немерелерім!
Өз мінін, кемшіліктерін байқамаған адам, жетістікке мастанған адам өркениеттілікке ұмтыла алмайды. Ата өсие­ті үнемі естеріңізде болсын!» – деп әр немересінің есімін атай отырып және оларға асқан сыпайылық пен жоғары мәдениеттілікпен сөйлеудің өзін үлгі ете отырып, олардың жалындаған жас жүректеріне ізгілік дәнегін себеді.
«…Адам туғаннан ақылды, әдемі, бақытты, ұлы тұлға болам деп ойламайды. Оның өмір жолындағы адал еңбегіңіздің, адамгершілігіңіздің, кішіпейілділігіңіздің, байсалдылығыңыздың, ақыл-ойыңыздың арқасында бірте-бірте қалыптасады. Осы ізгі қасиеттерді сіңіргенде ғана қоғамдағы өз орныңызды адаспай табасыздар. Еш уақытта жасампаздыққа, орынсыз жасампаздыққа шабыттанудың қажеті жоқ. Қатарластарыңыздың, аға-бауырларыңыздың ізгі істеріне, жетістіктеріне шын ниеттеріңізбен қуанып, ұсыныстарына үлкен сенім білдіріп, жоғары адамгершілігіңізді таныту керек. Әріптестеріңізді руға, жерге, елге бөлмей, қолыңыздан келгенше қолдау көрсетіп, көмектесуге тырысқандарыңыз жөн.»
Жұбатқан ақсақал жүрегінен жарып шыққан осы өсиет, өнегелерін Арслан, Аделя, Айдан, Айсара, Заури, Айлин, Айсұлтан, Ақбар, Анвар есімді шөберелерінің де есіне салып және бұны болашақта қадағалап отыруды сүйікті балалары Серік пен Берікке, сондай-ақ қызы Әселге тапсырады, яғни бұл дегеніңіз, ата тілегі мен өнегесінің ұрпақтан-ұрпаққа сайрап жетіп отыратынының кепілдігі болса керек.
Иә, бүгінде экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, өмірінің 60 жылдан астам уақытын еліміздің ең таңдаулы оқу орындарында сапалы білім берумен өткізген Жұбатқан Нитқалиев ақсақал өз немерелері мен шөберелеріне арнап жазған аталық өсиетінде осылай деп терең толғана сөзін арнайды. Бұл ұзақ та қалтарысқа толы өмірді бастан өткізіп, қандай адамдық қасиеттердің кез келген адамды ойлаған асыл арманының асқақ шыңына адастырмай жетелеп алып шығатынына көз жеткізген абыз ақсақалдың өз ұрпағының өмір жолына сілтеген айқын бағдары іспетті.
Бұл — біз сөз еткен шағын кітап-өсиетнамадағы бүгінгі және барша келер ұрпаққа да арналған аталы сөз, өмірдегі пендеуи тірліктің қандайынан болса да жоғары тұратын тұтқыры биік, жаны таза, санасы сергек, кез келген кедергіні ой-жігерінің қуаттылығымен, білімділігімен жеңетін, тілдікті ту ететін рухы мықты ұрпақ болып қалыптасуға тәрбиелейтін даналық мәйегі іспетті.
Сөзіміздің басындағы сұрағымыздың жауабын да тапқандаймыз.
Дана Абайдың сөзіне жүгінсек:
«Білімдіден шыққан сөз — талаптыға болсын кез».

Шаяхмет Оразымбекұлы,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір