Ұлт мұрасы мен туризмнің тоғысқан тұсы
14.10.2025
128
0

Әлеуеті зор өңір

Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Катонқарағай ауданы – табиғатымен де, еңбекқор халқымен де ерекшеленетін өлке. Ауданның жалпы аумағы 940,8 мың гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығына жарамды жерлер – 174,8 мың гектар. Жердің басым бөлігі жайылым мен шабындық, бұл – мал шаруашылығын дамытуға таптырмас мүмкіндік.
Бүгінде аудан экономикасының негізгі бағыттары – ірі қара және ұсақ мал өсіру, жылқы және марал шаруашылығы, ара шаруашылығы, сонымен қатар туризм.

Катонқарағайдың жаңа тынысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді», – деген болатын.
Бұл сөздердің өміршеңдігін Катонқарағай өңірінен айқын көруге болады.
2023–2025 жылдары Катонқарағайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 53 жоба жүзеге асырылды. Жалпы құны 523,92 миллион теңге болатын бұл жобалар ауыл экономикасына жаңа серпін берді.
Салалық үлеске көз жүгіртсек:
Ауыл шаруашылығы – 26 жоба , 153,64 млн тг;
Туризм – 25 жоба , 330,05 млн тг;
Өндіріс – 2 жоба , 12,9 млн тг.
Бұл көрсеткіштер аудан халқының белсенділігін, өз кәсібін дамытуға деген сенімін айқын байқатады.
Бұрын ауданда бір ғана мал сою пункті жұмыс істеп келген. Енді 2025 жылы жаңа мал сою алаңын салу жобасы мақұлданды. Бұл нысан санитарлық талаптарға сай ет өңдеуге, шаруаларға өнім өткізу тетігін жеңілдетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
2026 жылы аудан аумағында 5 мал қорымын салу көзделіп отыр, жалпы құны –153 млн.теңге, сонымен қатар 5 ветеринариялық пункттің құрылысына 120 млн. теңге бөлу жоспарланған.
Бағдарламаның арқасында: ауыл шаруашылығына 150 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды; инфрақұрылым нығайтылды; туризм саласы жаңаша қарқын алды.
Соның нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыспен, ал 20-ға жуық тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылды.
Ауданның әлеуеті мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта модульдық мал сою пунктерін, тері өңдеу және марал шаруашылығын дамыту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Бұл бастамалар өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына қосымша серпін бермек.
2025 жылы Катонқарағай ауданы туризм саласында қарқынды даму жолына түсті.
Шығыс Қазақстанның інжу-маржанына айналған Катонқарағай ауданы – табиғаты көркем, тарихы терең, әлеуеті зор өлке. Бұл аймақ – еліміздің ең ірі ұлт­тық паркі орналасқан, Алтайдың асқақ таулары мен мөлдір сулы өзен-көлдері үйлесім тапқан өңір. Соңғы жылдары Катонқарағай ауданы ішкі және халық­аралық туризмнің жаңа бағыты ретінде белсенді дамып келеді.
Ауданның ерекше географиялық орналасуы – тау туризмі, экотуризм, сауықтыру және этнотуризм бағыттарын дамытуға мол мүмкіндік береді. Табиғи байлығы мен биологиялық әртүрлілігі мол бұл мекен бірегей флорасы мен фаунасы арқылы ерекше қорғалатын аумаққа айналған. Осындай баға жетпес табиғи мұралар Қазақстан мен шетелден келетін туристерді жыл сайын көбірек қызықтырып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойын­ша, Катонқарағай ауданына келетін туристер саны күрт артып, сервистік қызметтердің сапасы мен көлемі де айтарлықтай жақсарды. Ауданда бүгінде 97-ден астам туристік нысан жұмыс істейді, олардың қатарында экологиялық демалыс базалары, этноауылдар, сауықтыру кешендері мен пантолечебницалар бар. Жыл соңына дейін туристер легі 200 мыңнан асады деп күтілуде. Биылғы туристік маусымда ауданды көруге отандық және шетелдік демалушылар көптеп келді. Атап айтқанда, Ресей Федерациясынан, Қытай Халық Республикасынан, Испания, Италия, Моңғолия, Швейцария, Түркия және Америка Құрама Штаттарынан туристер келіп қайтты.
Ауданға тартылған инвестиция көлемі де қомақты: 2026 жылы Туризм саласына 15 миллиард теңгеден астам қаражат құйылады. Бұл қаражат «ALTAY TERRA RESORT», «Wellness Resort», «Pana Asia» ЖШС-нің туристік қалашығын салу, «Altai taihe» ұлтаралық компаниясының туристік комплекс құрылысы сияқты ауқымды жобаларға бағытталмақ. Сондай-ақ әуежай құрылысы басталып, инфрақұрылымдық дамуға ерекше назар аударылуда жолдар жөнделіп, санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылып, туристік бағыттар цифрландыру жүйесіне енгізіліп жатыр.

Катонқарағай туризмін дамытудың басты бағыттарының бірі – тұрақты туризм қағидаттарын сақтау. Экожүйені қорғау, туристік жүктемені реттеу, жауап­ты туризмді насихаттау қазіргі таңда аудан әкімдігі мен сала мамандарының басты ұстанымына айналды. Бұл мақсатта халықаралық ұйымдармен, инвесторлармен және туристік қауымдастықтармен бірқатар меморандумдар жасалып, ортақ бастамалар іске асырыла бастады.
Келешекте Катонқарағай Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ең танымал экотуристік орталығына айналуы әбден мүмкін. Мұнда демалыс пен рухани байлықты ұштастырып, адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүруінің жарқын үлгісін көруге болады.
2025 жылы Катонқарағай ауданында ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантолечебницасын кеңейту (400 млн теңге), Аршаты ауылында «Altay Resort» курорттық кешенінің құрылысы (2 млрд теңге), Өрел ауылындағы «MuzTau» эко-отелі аумағында мейрамхана салу (200 млн теңге), Катонқарағай ауылында «ALTAY TERRA RESORT» туристік кешенінің құрылысы (500 млн теңге), «Баян» пантымен емдеу орталығын кеңейту сияқты ауқымды жұмыстар жасалды.
Одан бөлек, аудан туризмін дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, туризмді тұрақты дамытудың (sustainable tourism) қағидат­тарын енгізу арқылы жаппай туризмнен экологиялық жауапты және саналы модель­ге көшу ұсынылды. «Green Destination» халықаралық экологиялық сертификатын алу мүмкіндігі қарастырылды. Ауданның туристік тартымдылығын арттыру мақсатында бірыңғай брендинг пен дизайн-код енгізу, яғни ғимараттар мен туристік нысандарды біртұтас сәулеттік стильде салу мәселесі қолға алынды. Туризм инфрақұрылымын жүйелі дамыту үшін мастер-план әзірлеу, қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ ауыл туризмі мен экотуризм бағыттарын дамыту бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар Қытай тарапымен серіктестік негізінде «Канас – Марқакөл – Катонқарағай» туристік бағытын біріктіру жөнінде келіссөздер жүргізілді. Мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Синьцзян Ұйғыр автономиялық ауданында іссапармен болып, «Канас – Марқакөл – Катонқарағай» бағытын іске қосу және екі елдің туристік инфрақұрылымын интеграциялау мәселелері талқыланды. «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы туризмді тұрақты дамытуға, экологиялық жауапты өнімдерге, туристік ағымдарды басқаруға қатысты ұсыныстар жасап жатыр.
2025 жылы Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында маңызды серіктестікке жол ашылды. Шығыс Қазақстан облысында өткен «Altai Invest Forum» халықаралық инвестициялық шарасы аясында Катонқарағай ауданы мен Қытай Халық Республикасының инвесторы Умути Джалиль арасында туризм саласындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға ресми түрде қол қойылды.
Меморандум аясында Катонқарағай аумағында халықаралық деңгейдегі туристік кешендер салу; экотуризм мен этнотуризм бағыттарын бірлесіп дамыту; жаңа инфрақұрылым мен сервистік нысандарды іске қосу; туристік бағыттар бойынша «Канас – Марқакөл – Катонқарағай» маршрутын қалыптастыру секілді бірқатар бастамалар көзделіп отыр. Бұған қытайлық инвестор тарапынан 8 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалғалы отыр.
Алға қойған міндеттер қатарында 2029 жылға қарай Шығыс Қазақстан облысына келуші туристер санын 650 мың адамға дейін жеткізу жоспарлануда.
Ауданның дамуына Мемлекет басшысының Катонқарағай ауданында әуежай салу туралы шешімі де үлкен серпін берді. Заманауи әуежай туристер мен кәсіпкерлерді тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ауданның халықаралық туристік бағыт ретіндегі мәртебесін арттырады. Әуежай Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына ішкі рейстерді, сондай-ақ Алтай мен Қанасқа (Қытай Халық Республикасы) және Баян-Өлгейге (Моңғолия) халықаралық маршруттарды қамтамасыз етеді. Жаңа әуежайдың ашылуы өңірдің көліктік қолжетімділігін жақсартып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашады, Катонқарағай ауданында қонақүй бизнесі мен қызмет көрсету саласын дамытуды ынталандырады.
Алдағы уақытта Катонқарағай ауданы Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударатын экотуризм орталығына айналары сөзсіз. Табиғатқа ұқыпты көзқарас пен заманауи инфрақұрылымның үйлесуі ауданның тұрақты дамуының кепілі болмақ.

Г.Жақсылықова
Катонқарағай ауданының Ішкі саясат,
Мәдениет, тілдерді дамыту және
спорт бөлімінің басшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір