ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ТАНЫМАЛ ҒАЛЫМ
07.10.2025
230
0

Түркі әлеміне танымал тұлға, түрколог-ғалым, академик Шора Сарыбаевтың 100 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтілуде. Қазан айының 10-11 күндері Алматыда өтетін Халықаралық түркология конгресіне алыс-жақын шетелдерден келетін тілші- ғалымдар академиктің түркология ғылымын дамытуға қосқан үлесін сөз ететін болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, түрколог-ғалым, ұстазым Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың шығармашылық шеңбері кең, ауқымды әрі әр алуан. Ғалым – 300-ден астам ғылыми мақалалардың, оның ішінде 20 шақты монография, оқулықтар мен сөздіктердің авторы. Академиктің еңбектері тек елімізде ғана емес, бұрынғы одақ көлемінде шығып тұрған «Вопросы языкознания», «Советская тюркология», «Народы Азии и Африки», «Советское востоковедение» тәрізді ғылыми-теориялық журналдарда, сондай-ақ шетел баспаларында жарық көрген.
Ғалымның еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, т.б. көкейкесті мәселелерге арналған.
Академик зерттеген екі саланы ерекше бөле-жара атауға болады. Оның бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімінің тарихы. Әсіресе ғалымды түркі әлеміне танытқан аймақтық лек­сикографияның ғылыми-теориялық мәселесі жөніндегі монографиялық зерттеуі түркі диалектологиясындағы жаңа бір бағытты айқындап берді.
Шора Шамғалиұлының әріптестерімен бірлікте жазған «Современный казахский язык» еңбегі түркітілдес республикалардағы жаңа грамматикалар топтамасын дайындауды бастап бергенін Кеңестер одағының ғалымдары жоғары бағалаған болатын.
«Түркі аймақтық лексикографиялық проблемалары» атты докторлық диссертациялық еңбегінде тек қазақ тілінің ғана емес, сонымен қатар жалпы түркі тілдерінің аймақтық лексикография проблемаларын індете зерттеуінің нәтижесінде Шора Шамғалиұлы түркология әлемінде өзіндік орнын алып, түркі дүниесіне танымалдығы артқаны анық.
Жиналған мол диалектілік материал­дар негізінде бірнеше ғылыми-зерт­теулер жарық көрді. 1976 жылы жеке кітап ретінде жарияланған «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» атты докторлық диссертациялық еңбегі түркітану ғылымында аймақтық лек­сикография теориясына арналған алғашқы монография еді. Әлемдік деңгейде өткізілген халықаралық конференцияларға, симпозиумдар мен форумдарға қатысып, «Диалектілік сөздіктерді құрастыру», «Диалектілік лексикографияның талас мәселелері», «Тіл мәдениеті және жергілікті ерекшеліктер», «Әдеби-сөйлеу тілі сөздігі», «Диалектілік терминология», «Түркі тілдерінің аймақтық лексикографиясы» сияқты тақырыптарда баяндама жасап, әлемдік түрколог-ғалымдардың назарын өзіне аудартқаны айқын.
Түркі лексикографиясына түрен салып, диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіздерін жасағанын сөз еткен белгілі лексикограф-ғалым, профессор Мырзаберген Малбақов академик Ш.Сарыбаев қазақ аймақтық лексикографиясын теориялық тұрғыдан зерттеудің негізін салушы ғалым екенін айта келіп, «Жалпы қазақ тіл білімінің, қазақ диалектологиясының дамуына зор үлес қосумен бірге, күллі түркі лексикографиясында алғашқылардың бірі болып, диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіздерін жасаған ғалым» екенін ерекше атап өтеді.
«Ғалым есімінің кеңінен танымал болуына себеп болған тағы бір жағдай – оның қазақ тілшілері арасынан алғаш алтаистика проблемасымен шұғылдануы. Өйткені ар жағы алтай (түркі, моңғол, тұңғыс, манжүр, орал, фин, корей, жапон, т.б.) тілдерінің, бер жағы 30-дан астам түркі және моңғол тілдерінің туыстық төркінін анықтау – түркология ғылымының 150 жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі де өзекті мәселелерінің бірі. Осы күнге дейін бұл мәселені алтаист, түрколог ғалымдар көбіне-көп тек теория жағынан ғана қарастырып, нақтылы тілдік фактілермен дәлелдеуге тереңдеп бара алмай келсе, Шора Шамғалиұлы қазақ тілі мен моңғол тілдерін салыстыра-салғастыра зерттеу арқылы бұл тілдердің генеологиялық туыстығын айқындауда алтай теориясына («болжамына») өзіндік үлес қосты» деген академик Әбдуәли Қайдаровтың пікірі барлық түрколог ғалымдардың ортақ ойын білдіреді десек, артық айтпаған болар едік.
Алғаш рет 1958 жылы Алматыда өткен VІ түркологиялық ғылыми-тео­риялық конференцияда баяндалып, ғалымдардың оң пікіріне ие болып, одан әрі алтаистика саласында жазылған еңбектерге арқау болған ғылыми ізденістерінің нәтижесінде академик нағыз түрколог-ғалым ретінде ғылыми жұртшылыққа танылды. Осы пікіріміздің дәлелі ретінде бір-екі белгілі ғалымның берген бағасына тоқталғанды жөн көрдік.
Белгілі лексиколог-ғалым, профессор Жамал Манкеева «…Тіл тарихы мен диалектология мәселелерін сабақтас қарау дәстүрін қарастырған, көшпелі тұрмысы мен мәдениет ұқсастығы негізінде қалыптасқан тілдік ортақтықты қазақ-моңғол туыстығы деп қараған, диалектілік лексиканы әдеби тілді байытудың қайнар көзі деп санаған көрнекті диалектолог-лексиколог ғалым Ш.Сарыбаевтың бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар, аудармалар және терминдер туралы ой-тұжырымдарын тілге деген нау­қандық сипаттағы жай қызығушылық, әуестік деп түсінуге болмайды. Біздің ойымызша, оның тамыры жоғарыда көрсетілген ғалымның ғылыми-зерт­теушілік мұрасы мен теориялық-әдістанымдық қағидаларымен сабақтасып жатқан, ішкі даму болмысын көрсететін идеяларымен сабақтасады» десе, академик Фаузия Оразбева: «Профессор Шора Шамғалиұлының қазақ және моңғол тілдерінің өзара байланысы жөніндегі зерттеулері алтайтану теориясына қосылған жаңалық деп танылып, кезінде түркология ғалымдары тарапынан жоғары бағаланды.
Алтайтаным мәселесін әртүрлі тілдер тоғысында қарастырған ғалым 1958 жылы өткен VI түркологиялық ғылыми-теориялық конференцияда өз пікірін ғалымдар талқысына салып, көпшіліктің назарын аударды. Профессор Шора Сарыбаев қазақ тілі мен моңғол тілдерін анық деректер мен нақты бірліктер аясында салыстыра талдау, теориялық-практикалық дәйек­теу арқылы жаңа тұжырымдар мен тың пікір-көзқарастардың пайда болуына, ғылым өрісінің кеңеюіне әсер етті» деп баға беруі академиктің түркі дүниесіне танымалдығын айқындай түседі.
Академик Шора Шамғалиұлы түркі- тілдес халықтар мұрасын жинақтау ісіне де қызығушылық танытқанын білеміз. 1989 жылы баспадан шыққан «Түркітану әдебиетінің библиографиясы» кітабы түркология ғылымына қызығушылық танытқан жас ғалымдардың кәдесіне жарар пайдалы еңбек екенін атап өткіміз келеді.
Ғалымның қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерімен қатар, өзге туыс тілдерге байланысты тақырыптарды да қаузағанын аңғаруға болады. «К вопросу о монгольско-казахских языковых связях» (1960), «Монгольско-казахские лексические параллели» (1971), «Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы жайлы» (1967) атты мақалаларына алтаистика мәселесін арқау еткені пікіріміздің дұрыстығын көрсетсе керек.
Академиктің түркі әлеміне танымал болуы зерттеу ізденістерінің нәтижелерін халықаралық форумдар мен ғылыми конференцияларда баян­дап, әлемге белгілі түркологтардың оң бағасын алуында деп бағамдауға болатын сияқты. Түркия, Германия, Болгария, АҚШ, Қытай, Моңғолия, т.б. елдерде өткен халықаралық ғылыми жиындар қорытындысы бойынша жарық көрген жинақтарға қарап, осылай ой түюге болады.
Шора Шамғалиұлының ғылымды ұйымдастырушылық қырын да ерекше атап өткен жөн. Өйткені оның Тіл білімі институты басшыларының бірі ретінде алыс-жақын шетелдерде өткен ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру ісіне де белсенді араласқанын тілші-ғалымдар жақсы біледі. Әсіресе Бүкілодақтық аймақтық диалектологиялық конференция(1973 ж.), Бүкілодақтық түркология конференциясын (1976 ж.) өткізудегі ұйымдастырушылық қызметі үшін Кеңестер одағы Ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапатталуы ғалым еңбегіне көрсетілген құрмет деп бағалауға әбден болады.
Академиктің басты еңбектерін атағанда, айтпай кетуге болмайтын, әрбір тіл білімі ғылымымен шұғылданған тілшіге шамшырықтай болатын «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» кітабы. Осы еңбектің алты томын жариялау барысында, бір ғасырға жуық мерзімде жарық көрген том-томдаған кітаптарды шаң басқан мұрағат­тардан аршып, мерзімді баспасөздерде жарияланған мақалаларды, монографиялық еңбектерді екшеп, оларды картотекаға түсіріп (қазіргідей компьютер болса сөз басқа), жүйелеп, кітап етіп бастырып, көпшілікке ұсынуын бұрын-соңды қазақ тіл білімі тарихында кездесе бермейтін ерлік ретінде таныған Ө.Айтбайұлы осы «Көрсеткіштер» арқылы барша қауым тіл білімінің тарихын біліп, осы салада еңбек еткен, еңбектеніп жүрген тілші ғұламалардың ой-пікірімен толық танысуға мүмкіншілік алып, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы,
Т.Шонанұлы, Н.Төреқұлұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, О.Жандосұлы, Ғ.Тоғжанұлы, т.б. 1920–1930 жылдардағы маңдайалды қазақ зиялыларының еңбектерімен кейінгі ұрпақ алғаш осы көрсеткіштер арқылы табысқанын, ерекше бағалағанын баса айтқанымыз абзал.
Түрколог-ғалым Ш.Сарыбаевтың халықаралық терминдерді қолдану, бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар, аудармалар, жаңа атаулар туралы және баспасөз тіліне қатысты зерттеулері профессор Қалбике Есенованың мақаласында кеңінен тарқатылған.
Академик Шора Сарыбаевтың есімі елімізде ғана емес, күллі түркі әлемінде әйгілі болуын сөз еткен ҚР ҰҒА академиктері, көрнекті тілші-ғалымдар Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлы: «Оның басты себептері, біріншіден, ғалымның жеке басына тән қасиеттеріне – ғылымға деген адалдығына, жауапкершілігіне, принципшілдігіне, еңбексүйгіштігіне байланысты болса, екіншіден, зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, ауқымдылығы мен ғылыми-практикалық тиімділігіне, актуалдылығына байланысты деп қараған жөн», – дейді.
Жалпы, түркологияда түрен салған ғалым, академик Шора Сарыбаевтың қазақ тілі білімі атты іргелі ғылымды ілгері дамытып, оны түркі дүниесіне танытуға қосқан үлесін әлі де зерделей түсу – келешектің ісі.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы
Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір