Мөңке бидің 350 жылдығына арналды
Ақтөбеде тарихи тұлға, қазақ хандығы дәуірінің ірі өкілі, көреген би, өз заманының ойшылы Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына арналған кең көлемде іс-шаралар өтті.

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық театр сахнасында «Мөңке би» тарихи драмасы сахналанды. Облыс орталығының іргесіндегі Ақшат елді мекенінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен асық атудан сайыс өтіп, ат бәйгесі ұйымдастырылды.
Ақшатта дөңгелене тігілген 60 ақшаңқан киіз үй 20 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтарды қабылдады. Облыс әкімі
Асхат Берлешұлы Шахаров ұлы тұлға, данышпан би, ағартушының есімін ұлықтаудың маңыздылығын атап өтіп, оның даналығы мен әділдігі бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі болып қала беретінін айтты. Этноауылдағы шаралар Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Мөңке бидің «Қиқу дәурен» күйімен басталып, дәстүрлі әншілер мен жыраулар орындауындағы жыр, терме, халық әндерімен жалғасты.
Өнер орталығында өткен «Мыңжылдықты болжаған Мөңке би» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда 1675 –1756 жылдары қазақ хандығының күрделі кезеңінде өмір сүрген тұлғаның ел ішінде сақталған мұралары, ол өмір сүрген тарихи кезең туралы айтылды.
Филология ғылымдарының докторы
Бауыржан Жақып «Мөңке би өсиеттерінің өміршеңдігі» туралы баяндамасында Мөңкенің даналығы, әулиелігі құбылысына тоқталды. Дананың ел ішінде тараған сөздерін Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен Сейфуллин, Нұржан Наушабаев, Ахмет Жұбанов хатқа түсірді.
– Ғалымдар арасында Ахмет Байтұрсынұлы Мөңкеге ең алғаш қалам тартты. Ол 1926 жылы «Сауат ашқыш» кітабында шекті Мөңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауын бітіргенін жазады. Мөңке өмір сүрген кезеңде теміржол салынған жоқ, тепловоздар да шыққан жоқ. Соған қарамастан, әулие түрлі-түрлі халық болатынын, күндіз түні жарық болатынын айтып, электр шамдарын болжап кетті. Электр шамдары Еуропа көшелерінде ХІХ ғасырдың аяғында пайда болғанын ескерсек, оны 150 жыл бұрын көре білген.
«Бармақтай зат тауды жығар» деп атом бомбасын айтып кеткендей. Мөңке бидің шешендік өнері туралы архив құжаттарына сүйене отырып, бүгінге жеткізген фольклортанушылар – Балтабай Адамбаев, Нысанбек Төреқұлов, Тұрсынбек Кәкішев, Бауыржан Омарұлы, Серікқали Байменше, – деді Бауыржан Жақып.
Түріктің тарихшы ғалымы Ахмет Ташоглы, башқұрт ғалымы Гүлвира Нуралиева, Қырғыз ҰҒА академигі Абдылдажан Акматалиев, т.б.шет елдік ғалымдар баяндама жасады.
Қазіргі уақытта Мөңкенің «Қиқу дәурен», «Шалқыма», «Өттің жалған-ай» және «Жиын. Алқа. Кеңес» күйлері Құрманғазы оркестрінің репертуарына енген.
Ақтөбе облысы