Педагог беделін арттыру – ұстаздың өз қолында
23.09.2025
214
0

Биылғы Тамыз конференциясының бір ерекшелігі сол – ұстаздардың дәстүрлі жиынына Мемлекет басшысы қатысты. Президент Қ-Ж.Тоқаев өз сөзінде: «Еліміздің лайықты азамат­тарын тәрбиелеу – педагогтердің және ата-аналардың міндеті. Лайықты азамат – бұл өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек», – деу арқылы мұғалімге құрметін көрсете отырып, міндетімізді нық қойып берді. Расында, біз мемлекет тағайындап берген мәртебеге лайық болуымыз үшін бала зейінін ашу жолында үнемі ізденісте жүруге тиіспіз. Президент тиімді әдістерді әрдайым зерделеп отыруды тапсырды. Оқушылармен үздіксіз жұмыс істеп, сыни ойлауы мен білімге құштарлығын шыңдап жүрген Республикалық «Үздік педагог» атағының иегері ретінде өз тәжірибемді бөлісіп, мемлекет тапсырмасына қатысты үлесімді қоссам деймін.
Оқушылардың өзі еңбектеніп жұмыс жасайтындай және ұлттық тілдің құрметін арттыратын бір әдіс – метапәндік оқыту әдісі. Бұл әдіс стандарттық білім мазмұнының негізі, дегенмен метапән стандарттық білім мазмұнымен ғана шектелмей, әр пән сабақтарының ғылыми мазмұнын жүйелеп, талдап, анализдеп, зерттеу жүргізіп, оқушының өзіндік ой-тұжырым жасауына және өзіндік іс-әрекетінің қалыптасуына, шығармашылық тұрғыда дамуына негіз болады. Оқушылардың ғылыми зерттеушілік әлеуетін арттыруда өте тиімді. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті сабағын тек сауат ашу деп түсінетін, заман талабына сай жаратылыстану бағытында ізденуді қалайтын оқушылардың танымын кеңейту үшін интеграцияланған бағдарлама жаздым. Бағдарлама 8 – 10-сынып оқушыларына арналған. Авторлық бағдарлама: Психологиялық бөлім; Шығармашылыққа баулу; Тақырып бойынша жұмыс бөлімі (практикалық бөлім); Рәсімдеуге қатысты жоба сыртындағы жұмыстар төрт үлкен бөлім негізінде құрылды.


Шәкірттің зерттеушілік жұмыстарға көзқарасын анықтау арқылы бағдарлама кіріспесін психологиялық тренинг жасаудан бастауды жөн көрдім. Бұл бөлімде оқушыларға психологиялық тренингтер жүргізу негізінде жеке қабілеттерінің жетілуі ескерілді. Сананы қалыптастыру, ойлай білу, табысқа жету, проблемаларды анықтай білу, өзіңді бағалау, сенімділік – бәрі де жемісті, табанды жұмыс жасаудағы қажетті қасиеттер болып саналады.
«Шығармашылыққа баулу» бөлімінде оқушыларға ортақ тақырып беріліп, зерттеу тәсілдерін меңгерту көзделген. Бұл шығармашылық сағаттарды оқытуда әртүрлі оқу стратегиялары қолданылып, оқушылар таразылап, талдауды үйренеді.
Үшінші бөлімде оқушыларға жеке тақырыптар бойынша практикалық тапсырмалар беріледі. Әдебиеттегі өзекті мәселелерді биология пәнімен, медицина ғылымымен байланыстыра зерттеу әр пән сабақтарының ғылыми мазмұнын жүйелеп, анализдеуге, өзіндік ой-тұжырым жасауына және өзіндік іс-әрекетінің қалыптасуына, шығармашыл дамуына негіз болып отыр. Сол сияқты, оқушыларға әлеуметтік және тарихи проблемалармен байланысты жобаларды орындауды ұсыну да олардың бойындағы қоғамдық жауапкершілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Төртінші бөлімде жоба сыртындағы жұмыстар, яғни рәсімдеу сауаттылығы сіңіріледі. Ғылыми эссе жазу, тезис құрастыру, аннотация жазу және презентация жасау детальды оқыту стратегиясы бойынша іске асырылады. Сондай-ақ жобаны бағалау мен өзін-өзі бағалау, дауыс интонациясын қою жұмыстары да осы бөлімде іске асады. Пәндердің бірігуі білім алушылардың белсенді азамат, терең ойлы тұлға ретінде дамуына ықпал ететін тиімді әрі мазмұнды оқу процесін құруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның мақсаты – жаратылыстану және өнердің басқа түрлеріне бағыттай отырып, оқушылардың қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәніне деген сүйіспеншілігі мен ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу құзыреттілігін арттыру. Биология, информатика, тарих, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, құқық, сурет пәндерін кіріктіру, интеграциялау негізінде оқушының зерттеушілік қызығушылығын арт­тырып, ғылыми жобаны өз күшімен жаздыртуға дайындау да басты мұрат болды.


«Шығармашылыққа баулу» бөлімінде оқушыларға ортақ тақырып беріліп, зерттеу тәсілдерін ұғындыруға тырыстым. Атап айтсақ, «Денсаулыққа қатысты жинақталған мақал-мәтелдердің мәнін биологиядағы, медицинадағы қағидалармен байланыстыру» деген тақырыптағы жұмысқа оқушылар бірлесе ізденеді. Нәтижесінде, оқушылар 1913 жылы 6 сәуірде жарық көрген «Қазақ газетінің» №9 нөміріндегі «Денсаулық жайынан» мақаласын (Жұмағали Тілеуов, 97-бет), Н.М.Амосовтың «Денсаулық туралы толғаныстар» кітабындағы денсаулыққа қатысты ойларды, «Биология» пәніндегі денсаулыққа қатысты тұжырымдамаларды оқып, «бұл мәселе XX ғасыр басында қалай қозғалды, XX ғасырдың соңында қалай қозғалған, XXI ғасырдағы маңызы қандай?» деген сұрақтарға жауапты ұжымдаса іздеп, салыстыра келе қорытынды жасайды. Ал үшінші бөлімде оқушыларға берілген жеке тақырыптар бойынша теориялық және практикалық тапсырмалар бірге беріліп, ғылыми жоба жұмысын жазу пысықталады. Бұл шығармашылық сағаттарды оқыту «Проблема. Факті. Көзқарас», «Пікіріңіз құнды», «Диалогке түсу» әдістерін және түрлі оқу стратегияларын қолданумен ерекшеленеді.
Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасындағы оқу мақсаттарымен жүйелі жұмыс жасау осы көлемді бағдарламаның туындауына себеп болды. Сонымен қатар тәжірибе барысында оқушылар қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні барлық ғылымның метадологиялық негізі екенін ұғынды. Жүйелі жұмыс пен тынымсыз еңбекті бала да бағалайды. Осындай бағдарламалар балалардың жан-жақты, адал азамат болып қалыптасуына да ықпал етері сөзсіз. Менің шәкірт­терім Әділет­ті Қазақстанның тірегі болатынына сенемін.

Майра ҒАЛИЕВА,
№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын
дарын мектебінің мұғалімі,
Шымкент

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір