Абай – қазақ музыкатану ілімінің
24.09.2025
276
0
Абай Құнанбайұлы қазақтың рухани мәдениетінде тек ақын, ойшыл, ағартушы ғана емес, сонымен бірге ұлттық музыкалық-эстетикалық ойдың, қазақ музыкатану ілімінің негізін қалаушы тұлға. Ол өзінің өлеңдерінде ән мен күйдің табиғатын, орындаушы мен тыңдаушы арасындағы мәдени байланысты, әнші дауысына қойылатын кәсіби талаптарды және репертуар таңдаудағы өлшемдерді анықтап көрсетті. Абайдың өлеңдерінде қолданылған кейбір сөздер тікелей кәсіби музыкалық терминдерге балама бола алады. Мұнда біз ақынның «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген өлеңіндегі музыкалық ұғымдарды терминологиялық түсініктемемен талдаймыз.

1. Өнерді сүю және музыкалық эмоция

«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына билесін ол құлаққа», – деп басталады жыр жолдары. «Әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң, арқалан», – дейді тағы бір туындысында Абай. Өнерпаз арқалануы үшін оның ойы түрленіп, ойды ой қозғап, шабыт тууы керек. Ал сол шабыт сенің жай-күйіңе қарамай, көңіліңді шартарапқа әкетеді. Абай соны: «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа, Адам ойы түрленіп ауған шақта», – деп дәл суреттейді. «Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің», – деу арқылы әннің динамикасы (динамикалық реңктері) мен тембрлік бояуы орындаушы көңіл күйінің айнасы екенін білдіреді. Ал «Тактысына билесін ол құлаққа» деуі – музыкадағы takt (өлшем, метр) ұғымына сәйкес келеді. Бұл сөз әннің ырғақтық құрылымына, музыкалық фразаның метрлік өлшеміне, сондай-ақ эмоция тепе-теңдігін сақтауға қатысты. Егер орындаушы эмоцияны шектен тыс беріп, шығарманы тым әсерлеп жіберсе, онда ол шығарманың сұлулығына кері ықпал етеді. Артық қыламын деп, керісінше, бүлдіріп алады. Әр нәрсенің өлшемі бар екенін ұмытпауымыз керек. Суды ыдысқа ернеуіне дейін ғана құямыз. Егер ернеуінен асырсақ төгіледі, маңайды былғайды. Артық эмоция да тура солай.

2. Әнші шеберлігі және динамикалық өрнек

Абай өлең жолдарында:
«Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды», – деп, ән айту техникасына тән тәсілдерді қарапайым сөзбен айшықтайды. Бұл – музыкалық динамикадағы crescendo (дыбыстың біртіндеп күшеюі), decrescendo/diminuendo (дыбыстың біртіндеп бәсеңдеуі), portamento (дыбыстардың бірінен біріне жұмсақ сырғып өтуі) сияқты ұғымдарды дәл сипаттайтын бейнелі сөздер.
• «Шырқап» – дыбыстың forte деңгейіне жетіп, биік нотаға көтерілуі;
• «Қалғып» – дыбыстың mezzo piano не piano деңгейінде жұмсаруы;
• «Сорғалап» – әуендегі ноталар тізбегінің үзілмей жалғасуы. Кәсіби музыка тілінде – legato немесе glissando;
• «Тамылжиды» – дыбыстың созылып, әсем sustain қалпында қалуы:
Жалпы алғанда, әдемілікті үзбей ән салу – bel canto.
Бұл – Абайдың поэзия тілінде кәсіби вокал техникасын бейнелеуі. Мұнда біз Абайдың әншілік техникасына қаншалықты мән бергенін көреміз. Бояуы қанық, үні анық, мән-мағынасы терең үн ғана жүрек тербеп, миды оятады.
«Бұл дүниенің ләззаты – бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды».
Ақын бұл жерде тыңдарманды кез келген туындыны ой көзімен тыңдап, оны саралап, жасырын жатқан ләззатты көріп, сезінуге шақырады. Ән мен күйді оймен сезініп, ішкі мазмұнын түсіну – эстетикалық тәрбиенің өзегі.

3. Әннің эмоциялық әсері және вокалдық талаптар

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар».
• «Үннің тәтті оралған мәні» – vocal timbre (дауыс тембрі) және vocal resonance (дауыс резонансы). Абай осы жолдармен дыбыстың бояуы мен сапасының мәнін атап өтеді. Кәсіби вокалдағы placement қағидаты сезіледі.
Ойшыл сонымен қатар әннің басты мақсатын анықтайды: ол – жүрекке әсер ету, сезімді ояту. Мұнда «тәтті оралған үн» – вокалда legato мен timbre сапасының үйлесімі.
«Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар».
Әлемдік вокал педагогикасында да әнші дауысының әсері тембрдің байлығына, дыбыстың эмоционалды бояуына, интонациялық тазалығына байланысты бағаланады. Абай осыны поэтикалық тілмен жеткізіп, әншінің үнінде «мән» болуын талап етеді. Бұл – тек диапазон немесе күш емес, interpretation (шығарманы ішкі сезіммен түсініп орындау) қажеттігін білдіреді.

4. Орындаушы һәм тыңдарман

«Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге,
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық».
Бұл шумақта Абай әннің қыр-сырын білетін орындаушының да, әнді ой көзімен тыңдайтын тыңдарманның да өте аз екенін сөз етеді. Әннің келешегі үшін қам жеп, уайымдайды. Шынында, бас-аяғы бүтін, орындаушысы да келіскен әнді ой елегінен өткізіп тыңдайтын тыңдарман Абай заманын былай қойғанда, біздің заманымызда да өте тапшы екені рас.

5. Репертуар және  орындау мәнері

«Көбінесе ән басы келеді ащы,
«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы»
Абай бұл жерде қазақ сал-серілерінің орындаушылық дәстүрін бейнелейді. Ол – шаршы топ алдында ән бастарда жоғары регистрдегі дыбысты бар дауысымен созып (full chest voice), бір сәтке айқайлап алу. Бүгінгі қазақ музыка зерттеушілері мұны «ақындық иірім» деп атайды.
Әлемдік музыка терминологиясында бұл құбылыс:
• declamatory opening – тыңдарман назарын бірден аудару үшін жасалатын риторикалық бастама;
• vocal call – әннің мазмұнын алдын ала сездіретін шақыру интонациясы деп аталады.
Абай әншіден бұрын тыңдаушыны тәрбиелеу қажеттігін де айтты.
 «Керім толғап тауысар қоңыр күңгір,
Сол жеріне оныңмен араласшы…» – деген жолдарда ол орынсыз айқай мен дыбыстың дөрекілігін сынай отырып, эстетикалық қабылдау мәдениетін қалыптастыруға шақырады. Мұндағы «талап» – интонацияның бұзылуы, тембрдің дөрекілігі, артикуляцияның көмескілігі сияқты кемшіліктерді талдап, дұрыс ұғынып, сауатты арттыруды меңзейді. Абай тыңдарманнан жай ғана «тыңдау­шы» болуды емес, әр дыбыстың, әр иірімнің эстетикалық мағынасын сезіне білуді талап етеді. Бұл – бүгінгі музыка психологиясының негізгі қағидаларының бірі.

6. Тыңдаушы мен орындаушы мәдениеті және жауапкершілігі

«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар».
Дәл осы шумақта Абай тыңдаушы мен орындаушының талғамы биік, танымы терең болуын талап етеді. Олардың дұрыс репертуар таңдап, плейлисті есті әннен құрап, есер әннен безуі керегін жеткізеді. Әнді, жалпы кез келген шығарманы ой елегінен өткізіп, талдап түсінуді тұспалдайды. Сондай-ақ орындаушы тыңдарманға тек бас-аяғы түзу, мағынасы терең, әуені сұлу, сапалы, адамды рухани кемелдікке бастайтын әнді көркем түрде, табиғатын бұзбай ұсынуы керек.
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар».
Тап осы жолдар қазіргі вокал әдістемесіндегі тон сапасы, динами­ка­лық диапазон, артикуляция­лық тазалық сынды кәсіби ұғымдармен де тікелей байланысты.
• «Есті ән» – көркемдік сапасы жоғары, мазмұнды шығарма (art song).
• «Есер ән» – көркемдік сапасы төмен, эмоциялық және техникалық жағынан кеміс шығарма.
«Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі,
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға,
Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын».
Міне, Абай кәсіби музыка теоретигі секілді алты ауыз өлеңмен әннің жайын білдірді. Орындаушы мен тыңдаушының таным-түйсігін кеңейтіп, биік деңгейден түспеуін негізгі тұғыр етті. Хакімнің бұл ойлары тек қазақтың әншілік дәстүрі мен ұлттық музыкасына ғана емес, әлемдік вокал өнері мен музыканың алтын қағидаларына да сай келеді. Сондықтан оны қазақ музыкатану ілімінің бастауында тұрған тұлға деп тану – тарихи әрі ғылыми тұрғыдан әділетті шешім.
Абай – қазақ музыкатану ілімінің негізін салушы.
Ерлан РЫСҚАЛИ
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір