«Қазақы қара сөздің алдаспаны»
ҚР Ұлттық кітапханасында «Ел-шежіре» қоғамдық қорының мұрындық болуымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қазақы қара сөздің алдаспаны» атты ғылыми конференция өтті.

Жиынға жазушылар қауымы, ғалымдар, әдебиет сыншылары, оқырмандар мен студенттер қатысты. Ғылыми конферецияны жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш жүргізді. Конференция барысында Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған суретшілер байқауынан жүлде алған туындылар мен қаламгердің шығармашылығына арналған кітап көрмесінің таныстырылымы болды.
Конференцияда Ғ.Қалибекұлы руханиятқа қосып жүрген айрықша үлесі үшін «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті Дәулет Дидахметұлы Әшімханға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан Алғысхат табыстады.
Іс-шара барысында жазушы Нұрдәулет Ақыш «Күрмеуі шешілмеген күрделі тағдырлар» тақырыбында, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова «Тереңнен тартқан тамыр» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы Гауһар Балтабаева «Қалихан Ысқақ прозасындағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова «Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» әңгімесіндегі стиль мен сөзсаптам» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның халық жазушысы Ахметжан Ашири, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы Еркін Нұразхан және өзге де қаламгерлер Қ.Ысқақ туралы естеліктерімен, ойларымен бөлісті.