Қызылордада Алаш рухы жаңғырды

Қызылорда Жастар театрында «Жас Алаш. Шындық шырағы» тарихи драмасының премьерасы өтті.
Бұл спектакль – ұлт қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына, тарихи оқиға куәгері Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың 110 жылдығына һәм тарихи алғашқы астанамыздың 100 жылдығына тарту-тәберек.
Қызылорда – 1925–1929 жылдары ұлттық әдебиет, мәдениет, өнер, дәстүрлі ән, білім-ғылымның ірі ордасына айналған, қазақ ренессансын тудырған, Алаштың рухы айбаттанып тұрған қасиетті мекен. Сыр өңірінде Алаш рухын жаңғыртқан бұл қойылымның өзегі – Гүлнәр ананың естеліктерінде нақты жазылған аңызға бергісіз тарауих-тарихымыз.
Қызылорда Жастар театры – еліміздегі ең жас өнер ордасы. Әкімдік шапағатына бөленіп, енді ғана бюджеттен қаражат алып, жеке ғимаратын иеленгеніне небәрі екі-ақ жыл болса да арман-мұраты – биік, жоспары – анық, актерлері – белсенді. Қойылым режиссері Ұлан Болатбек аймақтағы жастардың көзінен жылт еткен сәулені сезіп, әр актердің болмысына сай өз кейіпкерін нақ тауыпты. Таңдауы, талғамы алдамапты. Ойындары халықты сендірді, жылатты, толғантты. Актерлік труппа – Гүлнәр Дулатова – Тоғжан Дастанқызы, Толғанай Амангелді; Міржақып Дулатұлы – Мақсат Серіков; Смағұл Сәдуақасов – Нұрдаулет Әбдіқаппар; Сұлтанбек Қожанов – Нұрғани Шеңгелбаев; Нығмет Нұрмақов – Жасұлан Ханқожаев; Аққағаз Досжанова – Зарина Ерболқызы; Елизавета Сәдуақасова – Айша Әбдірахман; Амандос Абдрахманов – Мұхамедхан Алиханов; Асқар Дулатов – Ұғым Баймаханов; Чекист – Азамат Жұмахмет; Ғайнижамал – Аружан Серікқызы; Ахмет Байтұрсынұлы – Берік Ахмед, Санат Жүзбай; Бадрисафа – Толғанай Аманкелді, Тоғжан Аяпова; Ботакөз – Жания Ыбырайхан; Шолпан – Жанерке Серік; Қалыбек – Мұраділ Ертөре; Редакторлар – Қуаныш Әбілқасым, Мұраділ Ертөре түр-сымбаты келіскен әрі дауыс мәнерлері ашық та қоңыр, жанып тұрған талапты жастар. Тарихи драманы сахналаған театрдың көркемдік жетекшісі – Оңталап Нұрмаханов, қоюшы режиссер – Ұлан Болатбек, композитор – Серікжан Айтқали, қоюшы суретші – Жарқынбек Қоспаев.
Алаш аманатын терең түсіне білген, тарихи тұлғалар образын сомдаудың жауапкершілігін жан-тәнімен сезініп, Сыр халқын ұлылар рухымен қайта қауыштырған шығармашылық ұжымға толайым табыс тілеймін!
Елдос ТОҚТАРБАЙ