Басты басымдық аясында
02.09.2025
293
0

Ата заңымыздың І бабында жазылғандай, өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған еліміздің негізгі басымдықтарының бірі – барлық қазақстандықтың денсаулығы, білім алуы және әл-ауқатының өсуі.

Осы ретте денсаулығына, басқа да түрлі жағдайларға байланысты толыққанды еңбек ету қабілетіне нұқсан келген адамдарды әлеуметтік қорғау еліміз Конституциясымен және Әлеуметтік кодексімен реттеледі. 2015 жылы БҰҰ мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға қосылған елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек және қолдау; мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру шектеулерін еңсеруі үшін жағдай жасауға, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін ұсыну арқылы ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, әлеуметтік оңалту; өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға кепілдендірілген арнаулы әлеуметтік қызметтің сегіз түрі ұсынылады.
Осының ішінде әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түрінде көрсетілетін мемлекеттік көмек пен қолдауға қатысты айтар болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, биыл жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 381,9 млрд теңге жұмсалды. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асырау­шысынан айырылу бойынша шамамен 52,3 млрд теңге сомаға әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. Бірінші тамыздағы жағдайға қарағанда, шамамен 542,8 мың адам мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, ал 184,7 мыңға тарта адам асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алады.
Министрліктің хабарламасында атап көрсетілгендей, мүгедектігіне қатысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі­нің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушының қамқорлығындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, биылғы 1 тамыздағы жағдайға сәйкес 95,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылуға байланысты әлеуметтік төлем, ал 65,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған екен.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір