АЙБЫНЫ АСҚАҚ АТА ЗАҢ
02.09.2025
219
0

26 тамыз күні Алматыда Ұлт­тық кітапханада Конституция күніне орай, осы мекеме мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Айбыны асқақ Ата заң» деген тақырыпта салтанатты жиын болып өтті. Жиынды ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенова алғы сөзбен ашты.

Ары қарай Қазақстан Жазушылар одағы деректі проза кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті жазушысы Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) Ата заң ерекшеліктері туралы баяндама жасады. «Бұдан тура отыз жыл бұрын референдумда қабылданған конституциямыз біздің ең басты, ең негізгі құжатымыз болып табылады. Қазақстан Республикасы осы Ата заң бойынша өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Бұл мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілді. Халық­аралық құқық нормаларымен үндескен қағидалар өте құптарлық. Құжатта Қазақ­стан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екендігі баянды етілді. Еліміздің солтүстігінен, шығысынан сепаратистік пиғылдар бой көрсете бастаған тұста, бұл өте-мөте орынды шешім болатын. Ата заң Қазақстан халықаралық субъектілердің толыққанды мүшесі болып табылатынын дәйекті етті. Мемлекеттік биліктің үш тармағының: атқарушы, заң шығарушы және сот биліктерінің аражігі ажыратылып құзыреттіліктері айқындалды.
Негізгі заң Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жекеменшік бірдей қорғалатынын көрсетті. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады» деген қағидалар референдумда электорат тарапынан үлкен қолдау тапты.
Ата заңда: «Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі» екендігі шегеленді. Осы құжатқа арқа тіреген «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңының 4-бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп көрсетілді. Осы қағида әуежайларда, супермаркеттерде, демалыс орындарында, білім беру мекемелерінде, қоғамдық көліктерде, т.б. жерлерде көрнекі түрде ілулі тұруға тиіс деп ойлаймын,— деді Марат Байділдаұлы.
Салтанатты жиында өнер сүйген жастар Ата заң туралы жыр шумақтарын жатқа оқыды. Жиынға зиялы қауым өкілдері мен студенттер, әскери оқу орындарының курсанттары қатысты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір