ҚАЖЫМҰҚАН КӨТЕРГЕН ТАС
26.08.2025
197
0

Таяуда қалалық телеарналардың бірінен абайтанушы ғалым Асан Омаров ініміз телефон шалып: «Аға, өткен ғасырда қаланың Чайковский мен Морозов көшелерінің қиылысында Жаяу базар болыпты. Сол жерді анық білетін сіз ғана екенсіз. Соны көрсетсеңіз және Тінібай мешітінің қасында Қажымұқан бабамыз әкелген тас бар екен. Мұны семейліктердің көбі білмейтін көрінеді. Соны көрейік, халыққа жариялайық. Екі-үш күнде барамыз, дайын отырыңыз», – деді.

«Семейді бала кезімнен білгеніммен, сол тасты көрмек түгілі, бар екенін естімеппін де. Дегенмен Жаяу (Жайма) базардың болғанын білемін. Сол жердегі алаңда киім-кешектерін білектеріне асып алып арлы-берлі сапырылысып жүретін саудагерлерді, алушыларды көргенмін. Базардың шетінде мал да, ауылдан арнайы әкелінген шөп те сатылатын. Білемін. Жарайды, бірге барайық», – деп данышпан Абайдың туғанына 180 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламыздың көне жерлеріне барып, тарихымызды есімізге түсірейік деп келісімімді бердім. Бұрын базар болған жер ойпаң болатын. Базарда қалта қаққыштар да, алдап кетушілер де аз болмайтын. Байқап жүрмесең қалтаңдағы бар ақшаңнан көз ілеспейтін уақыт­та айы­рыласың. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңы мен елуінші жылдарының басында үйдің тапсырмасымен ауылдан Семейге келіп, шәй-пәй алып-кетіп жүретінмін. Түсетін үйім бұрынғы Песчаная көшесінде болатын. Жаяу базарға бару үшін суды қысыммен айдайтын қызыл кірпіштен салынған биік мұнараны бағытқа алып жүретінмін. Базардың келесі шетіне жақын Қазақ (қазір В.Терешкова) көшесінде тұратын біздің ауылдың қызы Бақтан Құмарқызының үйіне барып, «тас» шай аламын.
Төртінші класты бітірген соң әкем маған: «Хат танисың, көзің ашық баласың, қалаға барып қант-шай алып кел деп», – жіберді. Орысша білмеймін. Әйтеуір әкем жайлаудағы балағанның қасынан өтетін жолмен қалаға бет алған жүк машинасына отырғызып, шопырға ақшасын берді. Ол қаланың ішіне кірген соң бір жерге түсіріп кет­ті. Қолымдағы әдірісі бар қағазбен сұрастыра жүріп, Көк базардың қасындағы Өтей тәтеміздің үйін тауып алдым. Машинадан түсе салысымен алдымнан үш бала шыға келіп, қалтамдағы ақшамды алмақ болып жабылды. Төбелесе жүріп қолыммен таяз қалтамның аузын қысып ұстап, оларға мүмкіндік бермедім. Әрең жинаған шешемнің ақшасынан айырылсам, үйге қалай қайтамын. Тапсырған зат­тарды әкелуім керек қой. Ертеңінде Көк базардың қасында тұрып, аласа үйлердің арасынан көрінген мұнараны бетке алып, базарға жет­тім де, оның шетімен жүріп Бақтан тәтенің үйіне барып шай алғаным бар. Содан бері Жаяу базарды білемін. Үлкен алаңдағы базардың басы мен шеті көрінбейтін, иін тіресіп, сапырылысқан жұрт. Базардың бір шеті 1861 жылы салынған 7-мектеп болатын, батыс жағында Чайковский көшесі, сондағы бір үйде пәтерде де тұрғанмын. Сондықтан Жаяу базардың тұрған жері әлі есімде, көкірегімде сайрап тұр. Қазір ол жерде сол кездегі Жаяу базар жоқ, үйлер, айналма жол салынған, жанар-жағармай құятын станция тұр. Бұрынғы жетінші мектеп жабылған, қазір «Қалиқан» кафесі.
Өткен ғасырдың басында сол базарда Қажымұқан Семейге келер қарсаңында оған арналып брезент­тен цирк құрылады екен. Қажекең сонда цирк ойындарынан өнер көрсетіп, күреседі екен. Қалаға жиі келіп тұратын әкем Ақымар Қажымұқанның цирктегі өнерін жырдай етіп айтып отыратын. Оның кеудесіне үлкен тасты қойып, ауыр балғамен жаратынын, кеудесіне қойылған тақтайдан құрастырылған көпірді астынан қолымен тіреп жатып, үстінде 25 кісі бар жүк машинасын өткізгенін, рельсті иығына салып игенін, қызыл, жасыл бетперде киген палуандарды бірінен соң бірін жығып, бетін ашқызғанын, тағы басқа өнерлерін айтқанда ертегі естігендей таңғалып, қызыға тыңдайтынбыз.
Машинаға отырып, жаңа Семейдегі Тінібай мешітінің қасына тоқтадық. Мешітке кіріп, тағзым етіп алып, қайтадан далаға шықтық. Мешіт қоршауының сыртқы бұрышында қараусыз жатқан тастың қасында үш жігіт тұр. Тастың көптен бері қараусыз жатқаны көрініп тұр, қоршауы жоқ, жан-жағында шөп өскен, топырақ жиналған, шаң-тозаң басқан. Жүргіншілердің жолында көлденең жатқан тас көліктердің де бұрылғанына кедергі. Әйтсе де ешкім алып тастауға шамасы келмейді, ауыр. Бәзбіреулердің айтуынша «елеусіз жатқан тасты Қажымұқан әкеліпті» деген сөз бар. Оны әрлі-берлі өткен тұрғындардың бірі естісе, бірі білмейді. Қалай болғанда да, әлем чемпионының қолының табы бар деп ескеріп жатқан ешкім жоқ. Тасқа тіл бітсе, балалардың үстіне шығып ойнайтынын, бір шетін шағып алғанын, шұрқ-шұрқ тесік болып, жел мен жаңбырға желініп, қысы-жазы қараусыз жатқанын айтып берер еді. Көрінгеннің аяғын сүрткенін, ауыр жүк әкеле жатқан кісілердің үстіне қойып тыныстайтынын, ал енді біреулердің көлденең жатқан тас жолды бөгейтініне ызаланып теуіп кететінін ренішпен айтар еді. Әт­тең тілі жоқ, үндеместен сырын ішіне бүгіп, бұғып жатыр. Арлы-берлі өткендер оған көзінің бір шетімен «бұл не қылған тас?» деп оқырана қарап өте шығады. Немересімен кетіп бара жатқан қарт «бұл тасты Қажымұқан атаң біреу­мен бәсекелесіп, Ертістің жағасынан осы жерге жеткізіпті» дейтін болар. Бір бүйірі опырылған, сынған жері ашық қоңыр сұр түсті, ал шеті ешкім боямаса да ашық қызыл күрең түспен көмкерілген. Әр жерінде ойылған шұрқ-шұрқ тесік, мүмкін, біреулер оны бөлшектеп лақтырып тастағысы келді ме екен? Жаяу жүргіншілер жолын жауып жатыр, машиналарға кедергі, бөгет.
Мешіт­тен шыққан Асанның қасына келген адамдар үйіріле кет­ті. Ол жиналған мақсатымызды айтып, сөз бастады. «Бала кезімнен осы тасты әлем чемпионы, палуан, цирк әртісі Қажымұқан әкеліпті дегенді естіп келемін. Енді осыған қамқоршылық керек. Жерден жоғары көтеріп қойып, Қажымұқан палуанның әкелгені туралы жазылса деймін. Осы мәселеге қала басшыларының, мәдениет саласы қызметкерлерінің, қалталы азамат­тардың телеарна арқылы назарын аударғымыз келеді. Қажымұқанның әкелгені шын ба? Арамызда соны білетіндеріңіз болса, дәлелдеп айтып берсеңіздер және тасқа қатысты ұсынысқа пікірлеріңіз қандай?» – деп өз ойын ортаға салды.
1983 жылдан бері Тінібай мешітінде қызмет атқарып келе жатқан Талғат есімді жігіт бірінші болып сөз алды. «Бастапқыда мешітке намазға жығылуға келіп жүретінмін. Қазір кезекші молда болып қызмет атқарамын», – деп сөзін бастаған ол мешіт­тің 1836 жылы салынғанын, мұнда Шәуешекке барар сапарында Шоқан Уәлиханұлының болғанын, кейіннен Құнанбай қажының Меккеге жол сапарында мінәжат еткенін, биыл туғанына 180 жыл толу мерейтойы аталып отырған, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазақтың бас ақыны, данышпан Абай да бірнеше мәрте болғанын, Қажымұқанның да Семейге келген сайын мешітке келіп-кетіп жүргенін, патша заманында көпестердің де келіп, мешіт­те ғибадат жасайтындарын айт­ты. Тас туралы сөз болғанда ол: «Мына жатқан тасты Қажымұқан, бүйірінде көрсетілгендей, 1928 жылы әкелсе керек. Солай деп айтылғанын талай кісілерден естідім, бірақ белгі жоқ. Қайдан әкелінгені белгісіз. Бір дерек бойынша, мұны Түйемойнақ аралының жиегінен, тағы біреулер Ертістің сол жағалауынан әкелген деседі. Нақты дерек жоқ. Әйтеуір Қажымұқанның әкелгені анық. Палуанның әкелгенін кім көрді, кімге тапсырды, неліктен әкелгенін ешкім анықтап айта алмайды. Бізге жеткен ондай дерек жоқ. Бірақ оның әкелгенін көрген, естіген адамдар айтып жүргенін білеміз. Олай болса, бұл тасты Қажымұқан атамыздың осы мешіт­тің қасына әкеліп қойғанына күмән жоқ. Ол туралы мешітке келіп жүретін қарт­тар айтатын, естігенмін. Енді осыған бір белгі қойылып, астына таған төселіп көтерілсе деген тілегім бар», – деді.
Талғат­тың айтқанын қолдаған Асан Омаров та: «Тасты қай жылы Қажымұқан палуанның әкелгені туралы жазылып, астына төсеніш қойылып көтерілсе екен. Осы ұсынысымызды облыс басшылары, мәдениет қызметкерлері, қалталы азамат­тардың бірі болмаса бірі ескеріп, назардан тыс қалмаса екен дейміз. Бұл тасты Қажымұқанның әкелгенін 1957 жылы Семейге алғаш келгенімде естіп, көргенмін, содан бері жатыр. Міне, қанша жыл өтсе де, бұған ешкім көңіл бөлген емес. Қолынан іс келетін азамат­тарға айтар өтінішім осы», – деген тілегін қайталап, телеарнадан үндеу жарияламақшы екенін айт­ты.
Тас туралы сөзді жалғастырған Бағдат деген азамат: «Менің атамның, әкемнің үйі осы мешіт­тің сыртында тұрған, қазір де ұрпақтары тұрады. Сол кісілер де Қажымұқанның осы тасты әкелгенін растайтын. Бірақ не үшін әкелгені, не себеп болғаны, кімге тапсырылғаны туралы естімеппін. Мүмкін айтылған болар, көп нәрсеге мән бере қоймаған бала кезім ғой», – деді ол.
Мен өз кезегімде: «Көлемі мынадан үлкен, салмағы ауыр осындай тасты Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауылының Темірлан селосындағы музейден көргенмін. Ол тасты музейге Павлодар облысындағы Баянауыл ауылынан әкеліпті. Қажымұқан Баянауылда болғанда ауылдың қасындағы таудан қонақ болған үйіне ескерткіш ретінде өзі көтеріп әкеліпті. Соған қарағанда, мұндай тасты сыйлық, ескерткіш ретінде әкеліп жүргені жалғыз болмаған. Мына тастың тарихы да солай шығар. Музейден орын тапқан тасты Баянауылдан Темірлан ауылының жігіт­тері арнайы жүк машинасымен барып әкеліпті. Әрине, оның жағдайы мына жетімсіреп жатқан тастай емес, музейде, күтулі, қар мен судың, жел мен топырақ боранының астында қалмайды, көшеде жүргіншілерге бөгет емес, мекеменің назарында. Мына тас мүлде қараусыз, көшеде жатыр, бәзбіреулер саяжайына алып кетуі де мүмкін. Олай болса, жоғалып кетеді. Шұбартаулық Байқұда палуан Баянауылдан әкелген тасты төрт жігіт көтере алмапты. Қазір Балқаш көлінің жағасындағы Майқамыс ауылында жатыр екен. Мына, Тінібай мешітінің қоршауының сыртында жатқан тасты Өлкетану музейіне апарып қойса дұрыс сақталар еді», – деп ұсынысымды білдірдім. Осылай Қажымұқан әкелген тас Асан Омаров әкелген топтың сөзімен сөйледі.
Биыл Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына – 154 жыл. Оның өнері туралы кітаптар жазылған, өмірінің соңғы жанкүйерлік күндері де белгілі. Әлем чемпионы 1871 жылы, 7 сәуірде Қараөткел болысы, Ақмола уезінде дүниеге келген. 54 мемлекет­те күресіп, 48 медаль ұтып алған аты аңызға айналған атамызға қатысты осындай жәдігерге мән беріп, назар аударымыз керек.
Әлем таныған, қалың көрермен өнеріне бас иген батырды халқы ұмытқан емес. Семейліктер оны өте-мөте сыйлаған. Бұл сонау 1913 жылы төменгі Новгородтан бастау алады. Сондағы палуандар сайысында неміс палуаны Вестерганд Шмидт Қажымұқанға күресер алдында көнге 100 рубль тігуді талап етеді. Ақшасы жоқ, кедей Қажымұқан абыржып, не істерін білмей тұрып қалады. Осы кезде семейлік саудагерлер Нұрлан мен Абдолла Бейсекеновтер Қажымұқанның қолына аталған соманы ұстатады. Қажымұқан Шмидт­ті жеңеді. Ол осының алдында Троицкіде өткен жарыста 18 палуанды жеңген, соның ішінде Шмидт те болған. Екінші рет жеңілгісі келмей, сондай шарт қойыпты. Палуан атамыз Семейге келген сайын қошеметке бөленіп, кезекпен-кезек қонаққа шақырылып отырған. Сондай күндердің бірінде, Қажымұқан Семейге келіп, Жоламандағы бір үйде қонақта отырады. Онымен бірге әншілер мен өнерпаздар болған. Беймәлім бір жігіт келіп қонаққа шақырады. Оны арбасына отырғызып Түйемойнақ аралына әкеліп, күтеді. Соңында одан өзінің күшін сынап беруді өтінеді. Қажекең орнында тұрған жігіт­ті оңға, солға, артқа, алға итереді, қозғалмайды, орнынан мызғымайтын тамыры тереңде жатқан емен іспет­тес. Кезек беймәлім жігітке келгенде ол Қажекеңді иығынан қапсыра ұстап алып шыркөбелек айналдырады, төбесіне көтеріп те қалықтатады. Соңында тік көтеріп жерге тұрғыза қояды. Осыдан кейін Қажымұқан оны әлемде ешкім жыға алмайтынын айтып, өзімен бірге алып жүрмек болады. Бірақ жігіт келіспейді. Осылай екі палуанның айырықта жүрген жолдары қиылыспайды. Қажекеңнен «Қазақ жігіт­тері арасында сізден күштісі бар ма?» деп сұрағанда, ол «Бар» деп жауап береді. «Сол оған беймәлім жігіт­тің аты Ыбырай Түсіпұлы Ақымбет, керейдің Арыстан ұлынан туған Қарекенің ұрпағы», – деп жазыпты бұрынғы Новошульба ауданының артқару комитетінің төрағасы болған Сейітжан Тәбәріков. Оны көрген адамдардың айтуы бойынша Ыбырай Түсіпұлы – біздің өңірдің азаматы, жамбасы жерге тимеген палуан, оның күшін сынаған Қажымұқан болғанын жадымызда жаңарт­тық.
Ал енді Түйемойнақ аралына келетін болсақ, Ыбырай Түсіпұлы Қажымұқанды әлі де ел аузында жүрген «Қайық аузына» әкеліп, қайықпен өткізген. Ол жерде жалдамалы қайықшылар ақы алып, кісілерді Ертістің екі жағасына өткізіп тұрған. Қонақ қылған жерін қазір де іздестіріп, белгілеп алуға болады және керек те. Мүмкін, қазір тұрған «Бүркіт ұясы» (Орлиное гнездо) мейрамханасының орнын білетін адамдар әдейі таңдап алды ма екен?! Әйтеуір «Қажымұқан болған жер» деп белгі қойыл­са, құба-құп болар еді.

Шаймардан
ҚАЛИАҚПАРОВ,
ҚР Қарулы Күштерінің
отставкадағы полковнигі,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір