ҰЛТТЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАҒАН…
Қытайдағы қазақтардың талантты тұлғаларының бірі Зейнолла Сәнікті өзін көрмей тұрып, сыртынан ертерек білген едім. Өйткені ұлтымыздың аса талантты ақын қызы Шәмшабану Хамзақызының әкесі Хамза менің әкем Жаппаспен жақын сырлас болған. Семей өңірінің Ақсуат ауданы «Ақсуат» қой кеңшарының 4-бөлімшесінде екеуі де шабан еді. Жазда жайлауда қойлары қоралас, өрістері аралас, екі кезең астында бірінің үйінен бірі дәм татысып жүретін. Бірде күрең шайды сораптай ұрттасып, алты айырықтан терлерін ағыза отырып, мақтанға бой алдырғандары бар.

– Әй, Жәке, менің қызым Шәмшабанудың дара дарынды ақын екенін білесің. Сол қызым өзіне сай талантты да ғалым, жазушы Зейнолла деген азаматпен жұптасқанын естіген едің ғой.
– Шәмшабанудың өлеңдерін оқығанмын. Қайсыбір тілектестерінің жатқа айтып жүргендерін құлағыммен тыңдағанмын. Ал Зейнолланың атын естігенім болмаса, өзін көрген жоқпын.
– Иә, тағдыр дәмі оларды Тарбағатай тауының күнгейінде қалдырып, бізді теріскейдегі өз Отанымызға суішерлікке жөнелтті. Жастар оқу қуамыз деп ішкеріге кетті. Біз мал бағып, шөп шауып жүріп, Босудың соққан дауылындай екі-үш-ақ күннің ішінде тау асып кететінімізді білдік пе!
– «Адамның басы – Құдайдың добы» деген…
– Сен кемпірің Ажар екеуің арғы беттен хат күтіп, көздерің жасаурайды да жүреді. Ондағыларың кімдер еді?
– Сенің қызыңа да, күйеубалаң Зейнолла Сәнікке де дәріс оқып, ұстаздық жасайтын Ахметбек те, келінім Күлбаран да менің балаларым ғой.
– Бәсе, екеумізді бір мұң жақындастыра береді.
– Сырымыз да, жырымыз да ортақ қой.
Осы әңгімеден кейін мен Зейнолла Мүбәракұлын аға тұтып кеттім. Біртіндеп Зекеңнің шығармаларымен таныса бастадым. Жазушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф ғалым екенін ажыратуға өрем жетті. Қазақстан азаттыққа қол жеткізгеннен кейінгі жылдарғы келіс, барыста кездесудің де сәті түсті. Мені ағаймен Қабдеш Жұмәділов, Қажытай Ілиясұлы жақындастарды. Өз елімізде шыққан фольклорлық зерттеулер кітабының жарық көруіне септестім-ау деймін. Ол кездегі баспа істері жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің бас редакторы Нұрғазы Шакеевпен таныстырғандардың бірі болғаным рас еді. Кітапқа қосарлы бір автор араласып, жайсыз әңгімесымақтар тұтанып барып, өшті-ау.
Менің ағайым Ахметбек Кіршібай арнайы шақыртумен келіп, Қазақ Мемлекеттік университетінде дәріс оқи жүріп, Қазақстан Жазушылар одағына өтуге өтініш жасаған. Кепілдеме бергендер қазақ әдебиетін зерттеудің ұлы тұлғалары Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішевтер еді. Сол құжаттар бірде жоғалып кетіп, бірде мүшелікке қабылдау комиссиясы кезінде ескерілмей қалып, он бес жылдай жатты. Тағы бір қабылдау жиынында Зейнолла Сәнік ағай екеуінің құжаттары қалтарыста қалып қойғанын айтып, Жазушылар одағының сол тұстағы басшысы Нұрлан Оразалинге өтініш жасадым. Нұрлан Мырқасымұлы екі қаламгердің де Бейжің және Үрімжі Жазушылар одақтарының мүшелері екенін тіліне тиек ете отырып, Қазақстан Жазушылар одағына кезектен тыс қабылдатты.
Осылай Зейнолла Мүбәракұлының қаламынан туындаған шығармалармен етене қауышуға жол ашылған еді. Төлтумаларының бас діңгегі – Қабанбайды тұғырына қондырған «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай» еңбектері жұрт жүрегіне жол тапса, «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Басбай» атты тарихи тұлғаларды зерделей дәріптеген туындылары деректілігімен, дәйектілігімен баурайды. Осы шығармалар төңірегінде сөз қозғаған көрнекті жазушы, танымал ғалым Тұрсын Жұртбай өз зерттеуінде: «…бүкіл халықтың санасын тарихи ойлау жүйесіне қарай бұрып және оны нақтыландыру бағытында жаңа тыныс әкелген, шағын болса да шағымды шығармасының бірі – Зейнолла Сәніктің Абылай, Қаракерей Қабанбай және т.б. тарихи тұлғалар жайлы еңбектері. Сол шығармалардың нәтижесінде, біздің жалпы қауым Қабанбайдың туғанына 300 жылдықты тойлау туралы халықтық қозғалыс бастады. Егер де 1989–1990 жылдары Зейнолла Сәніктің тарихи шығармалары жарық көрмесе, 1991 жылы бұл мәселені жолға қойып, оны орындап болғанша біраз уақыт кетер еді», – деп ағынан ақтарылады. Зерттеуші зерделеуші тұлғаның еңбегін тереңдей, түкпір-түкпіріне үңіле тану – осылай айғақталса керек.
2005 жылы өз Отанында жарық көрген З.Сәніктің кітаптарының таныстырылымы барысында халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеев бастаған ақын-жазушылар ән-жырмен көмкерілген ыстық ықыластарын төкпелеп, мерейтой иесін арқаландырып тастағаны әлі есімізде. Сөз тиегін ағытқан көсем ойлы, шешен тілді асқақ дарын иесі Бексұлтан Нұржекеев: «…бұл күнде әлем әдебиетінде деректі әдебиеттің құны артып барады. Ал Зейнолла Сәнік тарихи шығармаларында дерек көздерін егжей-тегжейлі жазатын стилімен, өзіне тәнті ететін дерек көздерінің құндылығымен ерекшеленетін еңбектер жазды. Мен ол кісіні осы жағынан сыйлаймын», – деп туындыгердің тынысын кеңейте саралап, қаламгер Зейнолланың табысты, тағылымды тұстарын жеріне жеткізе бағалаған еді. Міне, бұл – әріптесіне деген шынайы ыстық ықылас лебі. «Ақылы терең адамның аясы кең келеді, тамыры терең шынардың саясы кең келеді» дегенді осындайда айтқан-ау.
Зекең шығармашылық уақытының алғашқы бастамаларын ауыз әдебиетін жаңа, соны көзқараста барлауға басымдық бергенін жасырмайды. «Жазба әдебиеті тапшы бір халық үшін айтқанда оның тарлан тарихының сұлбасына терең үңіліп, жай сүрдектен жан сүйінтерліктей із тауып, оған қан-сөл беріп, қайта қаз тұрғызу шынында да қиын іс қой. Осы салада менің де азды-көпті ізденгенім бар. Өзім ауыз әдебиетін зерттеуге ойыстым. Алдыңғы қатарда Қытай ауыз әдебиеті қоғамының мүшелігіне өттім. «Бейнет түбі –зейнет» деген осы екен, ертегі мені ел құрметіне бөледі…
О, дүние-ай! Бір кезде басыма таяқ болып тиген ертегі енді бақ болып қонды», – дей келіп, солақай саясаттың кесірінен тартқан азабын да өткен күннен «тағлым» ретінде көз алдына елестетіп отырады.
Зейнолла Мүбәракұлы – «Басбай» романын жазуға да көзсіз жүректілікпен барған жазушы. Өмір сүріп отырған мемлекетіндегі қылышынан қан сорғалаған Коммунистік идеология байлар мен байшылдарды еш уақытта жақтаған емес. Бірақ өмір тәжірибесі мол қаламгер Басбайдың халықшылдық жағын мол қамтиды. «Сұңқар жемін шашып жейді…» демекші, жарлы-жақыбайларға жасаған қамқорлығын, тіпті қоғамдық өмірге тікелей араласып, малын сатып, өзенге көпір салдырғанын көлденең тартады. Апта бойы соғып, малдың да, жанның да мазасын алатын Ебінің желін тоқтатам деген күштерге жүз өгіз атағаны да халыққа аңыз болып тараған. Талғампаз сөз зергері Басекеңнің дінге беріктігін де сыналап шығармасына сіңірген. Оның бір сөзді, тік мінезді, «айттым – бітті, кестім – үзілді» әрекеттерін де кісілік тұрғыдан айшықтайды. Күндердің күнінде дін жолын ұстанғандар алдарына үйіп-төккен дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып отырғанда, отағасы өз бойында бар мінін жайып салады. Кеңірдектей кекірік атып отырған имандылар: «Жоқ, Басбай, сіздей құшыр-зекеті ұшан-теңіз Құдайдың құлын Алла өзі кешіреді. Мәңгілік тұрағыңыз – бейіш», – дегенде, Құдіретті күш иесіне деген адалдықтан аттамайтын Сармолла: «Ей, молдалар, Басбайдың дастарқанына бола, Құдайдың түзу жолын қисайтқанымыз болмас. Басбайдың әлгі айтқандары күнәға жатады. Оның о дүниедегі орны бейіш емес, тозақтың лайлұқ деген шұңқыры», – деп сұқ саусағымен жерді нұсқай көрсетеді. Ішіп-жегенге мастанып, адалдықтан аттап кетпегені үшін өзі де әділет жолын ұстанған Басекең Сармоллаға сол жерде ат мінгізіп, шапан жабады. Бұл, алдымен, аққа жақ болудың үлгісі болса, екіншіден, қанша мыңғырған бай болса да құдайшылдығының шынайы көрінісі еді. Жазушы шеберлігі деп осындай ұтымды эпизод, детальдарды ойнатуын айтсақ керек.
Зейнолла ағаның философиялық толғамдары да назар аудартпай қоймайды. Оның ұлттық мұраларға еркін бойлағандығы сондай – әр ұлтқа тән төрттағанды даралай түйіндеуі. «Әр халықтың ұлт болып сақталып тұруы үшін төрт түрлі шарт керек тәрізді. Біріншіден, сол халықтың үні, яғни ән-жыр, музыкалық мәдениеті, екіншіден, тілі өзіне тән, өзгеден бөлек қатынас құралы. Үшіншіден, әр ұлттың өзіндік тарихы, этностық белгілері, салт-дәстүрлері бар. Төртіншіден, атамекен, тарихи қоныстары. Осындай төрт тағаны толық, төрт мүшесі түгел ұлт қана өмірден өзіндік орын алатын болады…» Міне, бұл – ұлтының ұлылығын ұлықтаған тұлғаның ішкі әлеміндегі берік ұстанымы. Мұны ғылыми теорияға қарай икемдей салуға да болады. Негізінен көрген, оқыған, білгеннен жинақталған ой түйіні ғой.
Енді Зейнолла аға мен Шәмшабану апайымыздың отбасын құру салтанатына бір аялдай кетейік. Бірін бірі көре жүріп, сырттай бақылап, зерттеген екі жастың ортақ түтін түтетуге деген қадамдары да басқалардыкінен өзгеше. Әбден түсіністік-ау деген, иланымға иліккен күндердің бірінде жігіт: «Социалистік семья» құрайық деп ұсыныс жасайды. Апайымыз оқыған, тоқығанын тоқайластыра келіп, ішінен күбірлеп: «Өзіме сүйеніш, ұстаз, ақылшы етейін, тірлігімізде сыйлап өтейін» деген сертпен келісім береді. Ақ тілекті, адал жүректі ақын мен ғалым қол ұстаса жүріп, Қытай еліндегі «мәдениет төңкерісінің» небір қиямпұрыс қиындықтарын бастарынан өткерді. Бірақ мойымады, жасымады. Өз салаларында таланттарын ел алдына жарқырата көрсетіп, тасыды. Сайқал саясат өз дегенін істеп бақты. Жабылған жаладан қылмыскер атанған отағасы «Манас» жаза өтеу лагеріне жөнелтілмек болғанда ақын жүректі отанасы қызметін тастап, ерінің қасынан табылды. Жың ауданында қара жұмысқа жегілгенде де апайымыз Зеке ағаның көңілін аулай білді. Мұны уәделі сенім, берік махаббат демеске шараңыз бар ма! Біріне бірі демеу бола жүріп, бала сүйіп, ұрпақ өсірді. «Құс қанатымен ұшады…» демекші, Жаратқан Иеміз тарту еткен Қанаты әкесі З.Сәніктің күллі әдеби мұрасын жылма-жыл оқырмандарына тарту етуден аянар емес. Анасын қанатымен көкке қалықтатып, ыстық алақанында аялауда.
Зеке ағаның ауыз әдебиеті, этнография, тарих, әдеби зерттеу саласындағы еңбектері қаламгердің ұлттың ұлылығын ұлықтаған тұлға екенін уақыт келген сайын дәлелдей түсуде.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері