Сан қырлы қаламгер
20.08.2025
219
1

Атқарып жүрген шаруасы мен елмен араласу үлгісіне қарап бой түзеген ағалардың бірі – Созақта туып-өсіп, бар ғұмырын ауылда өткізген, әлемдік білім құнарын бойына жиған, белсенді өмір салтын ұстанған сирек талант иесі Дулат Тұрантегі еді. Студент кезімізде Алматыда Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменовтерге жолыққанда ол азамат­тар ауылдың амандығын сұрап, әуелі Дулат Тұрантегінің есімін ауызға алатын. Оқыған-тоқығаны көп, кез келген тақырыпта ойын жүйелеп жеткізе алатын, білімді азамат­ты еске алуы – оның қабілет-қарымы мен ойшылдығын бағалағаны деп түсінетінбіз.

Ол ағаларымыз жыл аралатып Созаққа жолы түскенде де Дулат ағаға сәлем беріп, әңгіме-дүкен құрғанды ұнататын. Ол кез­де Дулат Тұрантегі аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқаратын. Асқар Сүлейменов кабинетінде отырып, қағаздан бас көтермейтін жолдасына: «Мына қажырыңмен нар түйенің жүгін көтеріп жүріп, бұл шаруаның ұштығына шығар ма екенсің?» – деген екен. Сол кезеңнің саясатын күйт­теп, міндетін атқармауға шарасы жоқ, жоғарғы жаққа партия комитетінің бар қағазын сауат­ты жазып, жөнелтуді жүктеп қойған Дулат Тұрантегінің көп жылы партиялық қызмет­те өт­ті. Сарылып қағаз жазудан қолы босамайтын жолдасының жай-күйіне жанашырлық танытқан Асекеңнің ойын енді түсінгендейміз. Партиялық қызмет­те жүріп те әлемдік өркениет жаңалығынан тысқары қалмады, мәдениет пен әдебиет­тегі, ғылым мен тарихтағы, озық ой, ағымдарды Мәскеу мен Алматыдан шығатын газет-жорналдардан, кітаптардан оқып, уақыт көшіне ілесуге ұмтылып бақты. Созақта туып-өскелі ауасын жұтып, суын ішіп, осы өңірдің кешегісі мен бүгінінен хабары мол Дукеңді ауданға келген журналист пен ғалым, көне өлкенің тарихын білгісі келген көкірегі ояу жанның бәрі тауып алатын.
Партия тараған кез­де Дулат Тұрантегі аудандағы Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи өлкетану мұражайын ашуға көп күш жұмсап, құнды жәдігерлермен қамтуға күш салды, алғашқы директоры болды. Созақтың көне тарихына қатысты құнды деректерді жинақтап, ғылыми ізге түсіріп берді. Созақтық зиялы қауымының бел ортасында Дукең жүреді. Осы елдің өткені мен бүгіні, келешегі туралы сөз қозғалған алқалы жиындарда Дукеңнің ойы көптің көңілінен шығып жататын. Аудан басшылары озық ойлы азаматпен кеңесіп, ақыл-ойын қаперге алатын. «Шіркін-ай, Дулат ағамыз да кешегі Асқар мен Төлеген достарымен бірге Алматыға кетіп қалғанда қазақ әдебиеті көшінің белортасынан лайықты орнын алған болар еді-ау!» деген ой қылаң беретін. Үздіксіз оқып-тоқудан бөлек, қазақтың өңшең ығайы мен сығайы бас қосқан зиялы ортада, көркем шығарма жазудың бәсекелестігі қызған жерде көркемдік ой шыңының біраз белесіне көтерілер ме еді? Жаратылысынан тума талант, ағыл-тегіл ақылдың кені ауылдың бітпейтін шаруасына шырмалып қалып қойғандай көрінетін.
Дулат Зикенұлы Тұрантегі орта мектепті ауылда бітіріп, Алматыдағы мемлекет­тік Абай атындағы педагогикалық институт­тың тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсті. Ауданның Жуантөбе, Шолаққорған орта мектептерінде мұғалім болып еңбек жолын бастап, комсомол қызметіне ауысты. Бөлім меңгерушісі, бірінші хатшы болды. 1962–1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. Ізденуші ретінде философиядан кандидат­тық емтихан тапсырды. Тұрмыс жағдайына байланысты елге оралып, 1964–1994 жылдары партия қызметінде болды. Шығармашылық жұмыспен студент­тік кез­ден айналысты. Алғашқы өлеңдері 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1956–1958 жылдары «Жұлдыз» журналында жарияланды. Әлемнің классик ақындары Гете, Шиллер, Гейне, Гюго, Петефи, Тагор, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Фет, Тютчев, Есенин, Блок, Пастернак, Мандельштамм, Гамзатов, Вознесенский, Рождественский, Высоцкийлердің үздік өлеңдерін аударды. Көптеген тәржіма өлеңдері «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрді.
Ол көркем шығарма жазуға келгенде аса қатаң талап тұрғысынан, жауапкершілікпен қарады. Кітап баспалары мен газет-журналдарға жазғандарын орынды-орынсыз тықпалай бермеді. Ұзақ жыл Созақтан шыққан көрнекті жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Керімбек Сыздықов, Рахманқұл Бердібай тәрізді айтулы қаламгерлермен әдебиет пен өнер жайлы пікір алысып, сұхбат­тасқанының пайдасы болар, әр жылдары «Сыншы, ғалым Рахманқұл Бердібай», «Асқар әлемі», «Сыншы Төлеген Тоқбергенов» ат­ты әдеби портрет кітаптарын жазды.
Шығармашылық қызметін өлең жазудан бастады. Көкейге түйген ойларын өлең шумағымен өрнектеуді қолайлы көрді. Алғашқы жыр жинағы 1994 жылы «Көкейтесті» деген атпен жарық көрді. Ақын өлеңдерінің бейнелі, өрнекті болғанына мән береді. Табиғат туралы жазған екен деп ойласақ, ол өлеңнің табиғат­тың көркем суретімен шектеліп қалмай, сол сұлу көріністі адамның жан дүниесімен қабыстырып, философиялық ой түйетін ерекшелігі байқалады. Ақын өлең жазуды бейнелі ойлау деп түсініп, әрдайым осы көркемдік кредосынан айнымайды. «Бесін ауып барады» өлеңдер жинағы Дукеңнің поэзия әлеміндегі өзіндік үні мен қолтаңбасын көрсетіп берді.
Дулат Тұрантегінің қалам қуаты тарихи тақырыпқа құлаш ұрудан байқалады. Ұзақ жылдық ізденісінің жемісі ретінде 1996 жылы «Баба Түкті Шашты Әзіз», келесі жылы «Шоғырдағы жарық жұлдыз» (мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов туралы), «Қайран қарт­тарым» (поэма) кітаптары өмірге келді. «Жандауыс» (поэмалар жинағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналды), 1998 жылы «Тарихи тұғыр» (Созақ ауданының тарихы), 1999 жылы «Ысқақ баб» (исламның қазақ даласына келу тарихын зерт­теу очерктері), 2003 жылы «Көне де жаңа Созақ» (публицистикалық альбом), 2005 жылы «Біз жауынгерлік парызды өтедік», 2006 жылы «Тарихтың таң шапағы» (Баба Түкті Шашаты Әзіз туралы), 2008 жылы «Тарихы терең» – Созақ ауданының тарихы, 2009 жылы «Бақ жұлдызы жоғары» эссе-роман кітаптарын шығарды. Көптен бері көркем әдебиет сынымен де айналысып, эссе-сын кітаптарын, мерзімді баспасөз бетінде «Егер мен сыншы болсам» және «Талғам таразысы» ат­ты мақалалар жазды.
Оның шығармалары туралы әр жылдары танымал сыншы-ғалымдар Р.Бердібай, Н.Ғабдуллин, Т.Кәкішевтер баға беріп, К.Сыздықов, З.Серікқалиев, Т.Тоқбергеновтер кітаптарына алғысөз жазып, жағымды пікір білдірді. Профессор ғалым Н.Ғабдуллин «Сыншы, ғалым – Рахманқұл Бердібай» ат­ты әдеби портрет кітабына жазған алғысөзінде: «Бұл еңбегі Дулат Тұрантегін тағы бір қырынан танытқандай. Ол бұл туындысында маман зерт­теуші атқаратын іске қол артқан… Бұл еңбекке тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасынан хабары мол, талғамы биік зерделі оқырманның адал лебізі деп қараған абзал» деген ғылыми баға береді. «Дала бүркіті, қоңыр ұл», күйші Сүгір туралы «Күйші-Қызыр», «Атабай сақы», өзге де поэмалары енген «Жандауыс» поэмалар жинағына белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев: «Дулат Тұрантегі – Созақ өңірінде жастайынан жауапты қызмет­терге белсене араласып, өз парызын абыроймен атқарып келе жатқан, өмірдің өзінен оқып, әрлі-берлі рухани асыл қазыналарды өз бетінше іздене жүріп білімін байытқан зиялы азамат­тардың бірі. Тағдырдың өзіне берген сыйы Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов сияқты күні кешеге де­йін тіршілік қызығын бірге бөліскен аяулы арыстардың жүрегімен, жанымен баяғыда-ақ Дулат­тың тұла бойында тұнған көмбенің ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір ашылатынын, күн көзіне көрінетінін сезгенмін. Алысқа шабар сәйгүліктің сырын сақтар сәтінің де шегі болады. Тума талант қауызын жарды.» («Жас Алаш» газеті, 3 наурыз, 1993 жыл).
Дулат Тұрантегі таланты әдебиет­тің барлық жанрынан көрініс тапқан. Оның қаламынан туған «Ит терісі», «Тарғыл тастардың көз жасы», өзге де бір актілі драмалық шығармалары бар. Тарихи драмаларында әйгілі Созақ көтерілісі, саяси қуғын-сүргін зобалаңындағы оқиғалар арқау болған. Олардың біразы жергілікті халық театрында сахналанды. Бұрынғы Калинин атындағы кеңшар мәдениет үйінде өнерпаздарды жиып, пьесасын сахнаға шығарған кезі де есте. Қойылымды өзі жазып, режиссері де өзі болып, рөлдерге лайық жандарды таңдап, әуре-сарсаңға түсіп жүріп, сахналаған пъесасы діт­теген жерден шықты ма, шықпады ма, сол кез­де Дулат ағаның өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан екеніне көзіміз жеткен еді.
Қаламгер ағамыз жасының ұлғаюына қарамастан өнімді еңбек етіп, аса өзекті, қоғамдағы зәру тақырыптарға қалам тербеп, әдеби сын, публицистикалық мақалалар жазды. Тарихта белгілі Созақ көтерілісі туралы деректі хикаят­тарын «Жұлдыз», «Ақиқат», «Қазығұрт», «Әлем әдебиеті» журналдарынан кезіктіруге болады. Көп жылдық зерт­теу еңбегінің нәтижесі – «Созақ» ат­ты көлемді тарихи-танымдық еңбегі.
Соңғы кез­де ауылға телефон шалып, Дукеңді іздегенде, Ресей жаққа сапарлап кеткенін білдім. «Сексеннің сеңгіріндегі ауыл қариясы шалғай елге не үшін барды екен?» деген де ой келген. Баяғы ұзақ сапарлап, мұрағат­тарда сарылып отыратын дағдысымен жүріп-тұруға жарайтын кез­де Омбыдағы қазақтарды іздеп барады. «Омбыда жақындарыңыз бар ма еді?» деген сауалымызға: «Шет елде тұратынның бәрі – менің жақыным, бауырларым!» – деп жауап берді. Омбыдағы Қазақ­стан консульдігінен бастап, қазақ мәдени орталығында, Шоқан Уәлиханов көшесіндегі тарихи тұлғаның еңселі ескерткішіне, жас кезінде оқыған Кадет корпусында, «Шоқан жолы» қоғамдық ұйымында, «Zamandas» газетінің редакциясында болғанын, Алаш ардақтылары туралы тың деректер тапқанын қызықты етіп әңгімелегенде жасының ұлғайғанына, ұзақ жол азабын тартып, зейнетақысын шығындағанына қарамастан, Ресей жеріндегі қандастарымызбен жүздесіп, Омбы қазақтарының ертедегі тарихына қатысты құнды деректер тауып, рухани азық алып қайт­қан еді. Осы Ресей сапары туралы жазбалары «Жұлдыз» журналының екі нөмерінде жарық көрді.
Дулат ағаның жекелеген әңгіме-очерк­тері, ел құрметіне бөленген Теріскей азамат­тары, соғыс майданында ерлік көрсеткен ардагерлер туралы жазған шығармалары әр жылдары шыққан ұжымдық жинақтарға енді. Ке­йінгі кез­де «Ой кешу» ат­ты публицистикалық, әдеби сынның өзекті мәселелеріне арналған мақалалар жинағы, әлем ақындарының озық өлең үлгілерінен аудармалар «Антологиясы», соңғы жылдары жазған өлеңдері, туған өлкенің жеті қат жер астындағы қазба байлығын өндірудің жай-күйін зерт­теген «Құт дарыған өлке» қолжазбасы қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылып, жарыққа шығарар демеуші күтіп тұрған жайы бар. Дулат Тұрантегінің осы кезге де­йін 21 кітабы жарық көрген екен. «Егемен Қазақ­стан» газеті сыйлығының, Қазақ­стан Республикасы Құрмет грамотасының, Президент Алғыс хатының және 8 медальдың иегері, Созақ ауданының Құрмет­ті азаматы Дулат Тұрантегінің есімі «Республиканың атақты азамат­тары» кітабына енген.
Дулат ағаның Созақта өткен 50-60 және 70 жылдық мерейтойында болып, қуанышына ортақтасқан едім, 80 жылдық мерейтойын өткізуді жоспарлағанымен отбасы жағдайына байланысты сәті түспеді. Көп ұзамай өзі де соңына мол мұра қалдырып, келместің кемесіне мініп кете барды. Осындай сирек талант иесінің Жазушылар одағына мүшелікке өту туралы берген өтініші отыз жыл бойы ескерусіз қалып келгені өкінішті. Дулат аға Одаққа мүше болмаса да арлы қаламгер ретінде халқына қажет­ті қыруар шаруа тындырып кет­ті.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.08.2025 | 22:58

мына бетте «сексен сегіз қырлы» жазушылардың түрі бар екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір