«ASTANA ЮТАРИЯ LTD» СЕРІКТЕСТІГІ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
19.08.2025
259
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы ел экономикасының өсуіне, жастардың жұмысшы мамандықтарды кеңінен игеруіне, осы саланың алға басуына оң ықпал етті. Президенттің: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» – деуі қашан да өзектілігін жоймайды. 
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруда Елорда маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан «ASTANA Ютария LTD» серіктестігінің орны ерекше. Аталмыш серіктестік жеңіл өнеркәсіпті дамытып қана қоймай, тұрақты жұмыспен қамтуға да үлес қосуда. Екі гектар жерді алып жатқан, 10 жылдық тарихы бар компанияда 250 адам еңбек етеді. Жыл сайын түрлі оқу орнын тамамдаған мамандар осы компанияға тәжірибеден өтуге келіп жатады. Өздерін белсенді маман ретінде көрсете алған жандар ары қарай осы ұйымның қызметкеріне айналып, жемісті еңбек етуде. Осындай оңтайлы жағдайларына қарамастан, бұл орталықта да кадр тапшылығы жоқ емес. Бас қаланың жастары көбіне басқа жұмыс орындарын таңдайтындықтан, компания қызметкерлерін өзге аймақтардан келген жандар құрайды. Сол үшін де кәсіпорын жанынан 100 орындық жатақхана салынып, жұмыс істеуде.
Бұл кәсіпорында кеңсеге арналған классикалық үлгімен қатар өндірістегі басшылық құрамның және жұмысшылардың жұмыс киімдері тігіліп, төтенше жағдай қызметкерлері, әскери, күзет, жол полициясы, қаржылық мониторинг агенттігінің кеңселік киімдері, шахтер, мұнай-газ бен теміржол саласындағы жолсеріктердің және дәнекерлеушілерге арналған топтамалар, спорттық киімдер әзірленеді. Ресейдің теміржолы да жұмыс киімдерін тігуге тапсырыс беруі кәсіпорынның жұмыс сапасының жоғарылығын, нарықтағы орнын, шетелдік аренаға да шыққанын дәлелдейді.
Компания бас директорының технология және әзірлеме жөніндегі орынбасары Гүлнәр Игембаева: «Кәсіпорын Елордадағы және еліміздегі оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істеп, тәжірибеден өткізу арқылы жастарды жұмысқа тартуға тырысады. Олар тәжірибеден өткен уақытта жалақысы да, шәкіртақысы да төленеді. Оқуын бітірген соң жұмыс істеймін деген жастарды компания жұмысқа алуға қашан да дайын, себебі кадр тапшылығы үнемі кездеседі», – дейді. 
Биыл тігінші ретінде жұмысқа алынған жас түлектердің бірі Әмина Мұратқызы Түркістан жоғары көп салалы қол өнер колледжін тамамдаған екен. «Былтыр колледждегі бөлім меңгерушісі болып қызмет ететін апайымыз осындай фабрика бар екенін естіп, кәсіпорынмен келісімшартқа отырды. Сөйтіп, бізді осында жіберді. Үш ай тәжірибеден өтіп, жалақы алдым. Сосын жұмысқа қабылдандым. Қазір кәсіпорынның жатақханасында тұрамын, айына 5000 теңге ғана төлеймін. Одан бөлек, түскі ас пен түстен кейінгі тіскебасар тамақ тегін беріледі. Жұмыс таңғы 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін созылады, екі күн демаламыз. 300 мың теңгедей жалақы аламын. Біз сияқты жастар үшін бұл өте тиімді. Ал жұмыс барысында күн сайын арнайы жұмыс киімдерін тігіп, тәжірибеміз де арта түсуде», – дейді ол кәсіпорын жұмысына риза екенін білдіріп.
Кәсіпорын құрамында сырт киімдер, костюм мен шалбар, логотиптер тігумен жабдықтар жөндеумен айналысатын тағы 5 цех халыққа қызмет көрсетуде. «Бір цех күніне 250 пиджак, 270 шалбар шығару керек, екінші цех әр күні 80 сыртқы киімді дайындап беруі қажет. Цехтарға шетелдерден түрлі тігін машиналары сатып алынады. Бірі тіке тігіс жасайтын әмбебап машина болса, бірі түйме қадайды. Екінші күрделі цехта қалталарды өңдейтін автоматтар, шалбардың балағын жасырын тігіспен тігетін арнайы машиналар, белдіктегі корсаждық лентасын тігетін машиналар және басқа да түрлі техникалар бар», – дейді Г. Игембаева.
Жұмысшы мамандардың алаңсыз жұмыс істеп, еңбек етуіне, халықтың сапалы дүниелермен жабдықталуына аянбай қызмет етіп отырған кәсіпорын жұмысына сәттілік тілейміз. 
М.РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір