ШЫМҚАЛАНЫҢ МЕДИЦИНАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА
14.10.2025
141
0

Халықтың денсаулығы ақ халатты абзал жандардың ғана емес, жергілікті билік өкілдерінің де басты жауапкершілігінде. Шымкент қаласының медициналық жағдайы бұл тұрғыдан алдыңғы шепте деуге болады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов өткен айда ғана медицина ұйымдарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.


Ол ең әуелі №2 қалалық ауруханада болып, қабылдау бөлімі, госпитальдық фармация, диагностикалық бөлімдер, перзентхана мен емхана қызметін аралап көрді. Сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтардың жағдайын бақылап, олардың тиімді пайдаланылуы бойынша жауапты мамандармен пікір алмасты.
Әкім орынбасары жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жұқпалы аурулар ауруханасына да барды. Қазіргі таңда нысанның «С» блогындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен бірге «Б» блогының 3 бөлімшесі (6, 7, 9 бөлімшелері) және «В» блогы іске қосылып, науқастар ем қабылдауда. Ал «А» блогындағы жұмыстар 95 пайызға орындалып, соңғы құрылыс-монтаждау кезеңі жүргізілуде. Арман Сәбитұлы құрылыс сапасына назар аударуды және жұмысты дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары перинаталдық орталықта болды. Медициналық ұйым жүктілігі жоғары қауіп тобындағы әйелдерге, соның ішінде экстрагениталдық аурулары бар науқастарға көрсетілетін мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ Арман Сәбитов №3, №5 қалалық емхана мен қан орталығының жұмысын көріп шықты.
Медициналық нысандарды аралау барысында қала әкімінің орынбасары сапалы медициналық көмек көрсету үшін материалдық-техникалық базаны нығайту, медициналық жабдықтарды жаңарту және нысандарды заманауи талаптарға сай жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Шымкент медицинасының тағы бір көрсеткіші ретінде осыған дейін тек Сызғанов атындағы университетте жасалған ота түрін енді шымкенттік мамандар да меңгергенін айтуға болады.
№1 қалалық клиникалық ауруханаға ұйқы безі құйрығының ісігі диагнозымен түскен науқас басқа қалалардағы клиникаларда бірнеше рет тексеруден өткен. Алайда ол ота жасату үшін осы мекемеге таңдау жасаған. Дәрігерлер толық диагностикалық тексерулер жүргізіп, науқасты отаға дайындады. Жергілікті мамандардың дерегі бойынша, екі сағаттық операция кезінде көлемі 10–11 см ісік алынып тасталды. Лапароскопиялық әдістің ерекшелігі – науқас тез оңалады, тіліксіз орындалады және косметикалық тұрғыдан да тиімді.
Ұйқы безі қатерлі ісігі – ең агрессивті әрі емдеуі қиын ісіктердің бірі. Оның алғашқы белгілері ісік айтарлықтай үлкейгенде немесе басқа ағзаларға таралған кезде ғана байқалады. Негізгі симптомдары: іштің жоғарғы бөлігіндегі немесе арқадағы ауырсыну, тәбетсіздік, жүрек айну, салмақтың күрт төмендеуі, сондай-ақ кейбір жағдайларда қант диабетінің кенеттен пайда болуы. Сондықтан уақытылы тексеруден өту аса маңызды.
Аймақтың тағы бір жетістігі – Шымкент қалалық №4 емханада тұрғындарға медициналық қызмет көрсету заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұйымдастырылған. Пациентті тіркеуден бастап емдеуге дейінгі барлық процесс алгоритм бойынша жүргізіледі. Face ID және eGov қосымшасы арқылы пациентті сәйкестендіру жүзеге асырылады. Дәрі-дәрмек босату жүйесі де цифрланған әлеуметтік әмиян мен eGov арқылы тегін әрі жеңілдетілген препараттар беріледі. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы профилактикалық тексеруден өткізеді. Қажет жағдайда GPS арқылы жедел көмек шақырылады. «SOS медициналық жүйесі» жедел көмекке мұқтаж науқастарға қажетті мамандарды дереу шақыруға мүмкіндік береді. Мұның бәрі – халыққа қолжетімді, сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсету үшін жасалған қадамдар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір