ӘН-ӘМІРЕ (дастан)
28.07.2025
230
0

Ұлт өмірінің мазмұны мен мағынасына айналған айтулы даталы күндер болады. Қазақ халқын әлемге паш еткен сондай ұлы күннің бірі – Әміре Қашаубаевтың осыдан жүз жыл бұрын халықаралық ЭКСПО көрмесінде Париж сахнасынан ән салып, дүниені дүр сілкіндірген күн. «Эйфель мұнарасындағы үшеу» («Қазақ әдебиеті», 27.06.2025) атты мақаласында Қали Сәрсенбай осы ұлы оқиғаның ел көлемінде өз деңгейінде аталып өтуін әңгімелепті. Осы ойды қолдау мақсатында мен де «Ән-Әміре» атты туындымды ұсынғанды жөн көрдім.

Арасанбай ЕСТЕН

Кіріспе
(Ұзынқұлақтан)

– Тәнті қылған әніне,
Құлан жүйрік термеге.
Әлгі біздің Әміре
Бармақ дей ме көрмеге?!.

– Еуропа көгінде
Қалықтатып қыранша.
Ұлы Париж төрінде
Сынап көрмек Франса.

Желдей ескен бұл хабар,
Қайран қылып жаранды.
Жаңалық боп бір сонар,
Аймаққа тез таралды.

«Жел соқпаса бекерден
Шөптің басы тербелмес».
Дәм бұйырып шет елден,
Жүрмек міне, керуен-көш.

Бетке алып Парижді,
Шыққан ұлы сапарға.
Жұлдызқұрты тәрізді,
Зымырайды отарба.

Жол үстінде
(Ұлтарақ астындағы аманат)

Бойындағы бар талап,
Сенген асқақ әніне.
Үлкен үміт арқалап,
Келеді әнші Әміре.

Қара жұмыс, қол еңбек
Қалып бәрі кейінде.
Әнмен нұрға бөленбек,
Түсіп талқы-зейінге.

Өркениет өнер мен
Хас талантты таныса.
Асып-шалқып кемерден,
Шырқалмақ «Балқадиша».

Жетелеген мақсатқа,
Ойға бөлер жол қилы.
Алып-ұшып сан-саққа
Көңіл, шіркін толқиды.

Жүзу өнер-айдында
Басты мақсат діттеген.
Оған қоса мойнында
Аманат бар жүктеген.

– Мұстафа сол Парижде,
Қамқор болған талайға.
Аңду салған әр ізге
Тыңшылар көп, алайда…

Аса сақ бол, абайла,
Тәуекелге барыспа.
Ебін тауып қалайда,
Осы хатты табыста.

Сәлем де ақ жүректен,
Табыспен қайт толайым!
Мұстафа өзі ретпен,
Келістірер орайын.

Деген сөзі Ахаңның
Ой түбінде жаңғыра.
Соңын күтті сапардың,
Талай таңды таңға ұра.

Көңіл тасқын ғаламат,
Жүрексініп, сассынба.
Берік жерде –аманат,
Ұлтарақтың астында.

Парижде

Аманаты Ахаңның
Көкейінде жаңғыра.
Келіп түсті шаһардың,
Келбет-көркі таң қыла.

Самаладай жайнаған,
Сән-салтанат келісті.
Қошаметшіл айналаң,
Жұмақ дерлік жер үсті.

Сарайлар ақ шағала,
Көшелері оқтаудай.
Алуан сансыз самала,
Жымың қаққан от қандай!

Ғажап сурет, тосын жай,
Қыл пернеде ән шертсе.
Көңіл күймен осындай,
Келіп кірген концертке.

Ән-құдірет

Тау толқыны тәрізді үн,
Бөлектене басқадан.
Аспанында Париждің
Әуеледі асқақ ән.

Өршіл әуен бебеулер,
Өрлеп шырқау шығанға.
Таппай тосын теңеулер,
Жандары жоқ шығарға.

Қалың нөпір көрермен,
Жаудырғанда шапалақ.
Таңдай қақты Ромен
«Паһ, шіркін-ай, паһ-палап!»

Асыл жанның зиялы
Ұмыттырып наласын.
Кезіп кеткен қиялы
Байтақ қазақ даласын.

Үзіп алып мақпалдай
Жүректің бір парасын.
Жалғастырып жатқандай,
Париж – Семей арасын.

Құшақ жая үр бағы,
Әнге айналып күллі мұң.
Париж ұйып тыңдады
Адамзаттың бұлбұлын.
Сарай іші сілкініс,
Қошаметте шек болмай.
Шапалақ боп сүйсініс,
Жалғасуда тоқталмай.

Тыңдарман таң-тамаша,
Тербеткендей Ән-ғарыш.
Пікірлесер таласа,
Жүздерінде таңданыс.

– Саф алтынға телінген,
Үнің кетер мың жылға!
Қазақ ұлын тегіннен
Теңемепті бұлбұлға!

Деп қысқа да, нұсқа да,
Ой қорытты Роллан.
Тарқатқанда Мұстафа
Әнші жайлы сыр одан.

Өнеріне табынып,
Көрме Халықаралық.
Күміс алқа тағынып,
Танытқан ол даралық.

Даңққа бөлеп Алашты,
Төл парызы өтелген.
Сол мереймен жарасты,
Оралған-ды шет елден.

Түнгі тергеу
( Алматыдағы азапты жылдар)

Әр ізінен көрінеу,
Күдік іздеп астарлы.
Келісімен еліне
Азапты күн басталды.

…Қиын сәтте сол аса,
Сезбес үшін бейпенде.
Мұстафамен оңаша
Шыққан еді Эйфельге.

Көзден таса көреген,
Жерге әкелген табанды ер.
Үшіншісі – Ромен,
Француздық қаламгер.

Қылмысыңды мойында
Күнін ойлап өлмеудің.
Деп оралған бойында,
Астына алған тергеудің.
– Аяғына бас ұрып,
«Мәртебелі тақсырдың»,
Оңашада жасырып,
Шоқайға не тапсырдың?!.

Мырзаңызға елшідей,
Кім, не берді бұл жақтан?!.
Айтсаңшы тез, мелшимей,
Айырылдың ба тіл-жақтан?!.

– Бөтен жерде жәрдемші,
Тілмаш болды ол маған.
Деген сөзге тергеуші,
Сенсін қалай оңбаған.

– Ана мырзаң өзіңді
Не кәдемен сыйлады?
Айт, – деп –
шындық сөзіңді,
Ұрып-соқты, қинады.

«Басшыңды айт.
Ол кім?» – деп,
Әзірейіл қу малай.
Зікір сала зіркілдеп,
Шабынады бурадай.
Сұрағы осы жаттанды,
Тергеушінің жексұрын.
Тапқандай-ақ жат жанды,
Тепті өзекке текті ұлын.

Болсын дей ме тірі өлік,
Мәңгүрттенген көр кеуде,
Күндіз үйге жіберіп,
Түнде алар тергеуге.

– Айналаңа тіс жарып,
Жақ ашсаң жан адамға,
Дереу қайта ұсталып,
Атыласың табанда!

Жүрген-тұрған, тоқтаған,
Әр қадамың аңдулы.
Бас еркіндік жоқ саған,
«Тіл» бергенше мандымды.

Деген зәрлі зіркілмен
Түнгі тергеу басталар.
– Сыбайлассың кім-кіммен?
Тағы кімдер басқалар?!.

Түні бойғы тергеуден,
Таңға жуық көз ілді.
Осы сүргін-сергелдең,
Сегіз жылдай созылды.

«Не болады алдағы іс?..»
Ойлағанмен уайым ғып,
Театрда – алданыш,
Күні бойғы дайындық.

«Қыз Жібек пен Төлеген»
Операсы қойылмақ.
Озып келген сөреден
Бұл рөлге лайым бап!

Сахнада ол Төлеген,
Қылшылдаған бозбала.
Жігіт болып түлеген,
«Жібегімен» мәз бола.

Жетіп шіркін, сол шаққа,
Бет ашса бұл қойылым.
Ана жансыз найсап та,
Тыяр бәлкім, «ойынын».

Танып олар мұны ертең,
Қалар бәрі жабулы.
Деген күні таңертең
Денесі өлі табылды!…

Азаптаудан түніге…
Тума талант тұсалып,
Ән-ғұмырдың түбіне
Жетіп тынды үш әріп!..

P.S.
Бейбіт күнде айналаң,
Аң да аумай, ел көшпей.
Тағдырлармен ойнаған
Заман өткен сенбестей.

…Шейіт болған ұлы ерім,
Сол аламантасырда.
Түріп түннің түнегін,
Жетті міне, ғасырға!

Сақтап әнін, тегін де,
Рухымен табыса.
Қазағымның көгінде
Асқақтар «Балқадиша!»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір