КҮЙ-ДАСТАН
08.10.2024
566
0

Еділ мен Жайық арасында еркін созылып жатқан қасиет­ті Нарын құмы – қазақ күйінің қанат қаққан қастерлі құндағы. Күй алыбы Құрманғазыдан басталған ұлы керуен Дәулеткерей, Баламайсан, Есжан, Ерғали, Диналармен жалғасып, ХХ ғасырда Рысбай, Әзидолла, Қаршығалардың салтанат­ты шоғырына ұласты. Қара домбыраның күмбірін жарты әлемге паш еткен осынау қанат­тылардың қатарында қазақтың даңқты күйші қызы Айгүл Үлкенбаеваның есімі де мақтанышпен аталады.

Жуырда Атырауда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Қадір Жүсіптің «Күй падишасы» ат­ты жаңа кітабы жарық көрді. Көлемді дастанға Қазақстанның халық артисі, әйгілі күйші-домбырашы Айгүл Нариманқызының туған топырағы, өскен ортасы, өсу жолдары арқау болған. Н.Жантурин атындағы облыстық филармонияда өткен кітаптың тұсаукесер рәсіміне өңір зиялылары, өнер адамдары қатынасты. Өнер кешінің басты меймандарының қатарында «Күй падишасы» кітабының басты кейіпкері Айгүл Үлкенбаева, қазақ руханиятының жанашыры, Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген Сүлеймен Шадкам, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сөз алды.
Жиын барысында сөз тізгінін алған ақын Қадір Жүсіп: «Айгүл Үлкенбаева – қазақтың күй өнерін насихат­тауда өзіндік бір биікке көтерілген тұлға. Оның домбырадағы орындаушылық шеберлігі қазақ халқының мәдени байлығын әлемге паш етіп, ұлт­тық өнерімізді биікке көтеруге зор үлес қосты. Күй – қазақтың жүрегі, ал Айгүл Үлкенбаева – осы өнердің шын жанашыры, шебері әрі күй падишасы. Ал жаңа кітап – Айгүл Үлкенбаеваның қазақ күй өнерін әлемге таныту жолындағы ерен еңбегін және күйдің ұлт­тық мәдениет­тегі тарихи маңызын поэтикалық тілмен жеткізген ерекше туынды», – деп ой өрбіт­ті.
Ұлт­тық өнерге, дәулескер өнерпазға арналған жаңа кітаптың таныстырылымына жиналған жұртшылық сөз құдіреті мен күй сиқырына қанық болып тарады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір