ШАХИМАРДАН (Ән-дастан)

Қорғанбек АМАНЖОЛ
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Абай
Армысың, айналайын ән әлемі,
Уа, неткен ән әлемі әдемі еді!
Шәулідей тоят іздеп шарықтаған,
Аспанда ақық дауыс әуеледі.
Адамзат дүние есігін әнмен ашқан,
Қайғырса, қапаланып зарға басқан.
Қуанса, шалқып-тасып, таңға ұласып,
Аққу ән қанатымен маржан шашқан.
Құйқылжып зау биікте қалықтаған,
Қазағым ән тыңдаудан жалықпаған.
Ғұлама мән іздеген, әнге қарап,
Халықтың қасиетін анықтаған.
Әнім бар Қаратаудай күңіренген,
Әнім бар Алатаудай іріленген.
Аялап Көкшетаудың сексен көлі,
Айнакөл толқынында інжуленген.
Әніміз айшықтаған ел мұратын,
Мейірін тыңдағанның қандыратын.
Қазақтың бар даласы ән салғандай,
Арманды алаулатып жандыратын.
Сал Біржан, Сері Ақандар, Үкілі Ыбырай,
Қуантқан ән гүлімен жұртын ұдай.
Әншісін аспандата қолпаштаған
Қазақтың «Бәрекелді!» «Шіркінін»-ай!
Шіркін-ай, әнге дүние толар ма еді,
Солардай ән атасы болар ма еді,
Естай мен Иманжүсіп, Мәдилер де
Шеніне Шаляпинді алар ма еді?!
Астынан алты қырдың ән асырған,
Жан ләззәт алады екен жарасымнан.
Алаштың ән-қазына асыл кені
Сан ғасыр күйін толғап, кең ашылған.
Биігі ұлағаттың Абай әні,
Көзінің қарасымен аялады.
Қайран жұрт, қалың елі қазағының
Жұбатқан жан жылуы, сая бағы.
Ескі әннің кереметін кешіп еді,
Есті әннің ескегін көп есіп еді.
Ән-Абай айтып сәлем қалам қасқа,
Жібектей бал махаббат есіледі.
Самғатты қазақ әнін биікке Абай,
Алланы, адамзатты сүйіпті Абай.
Ғақлия, даналықпен ұйытты Абай,
Әнімен елжіретіп иітті Абай.
Әнімен ұрпағына дарытты арман,
Сәулені себездеген көріпті алдан.
Қыранша қомдап қанат «Ағаш аяқ»
Парижге Әмірені алып барған.
Танытқан жер-жаһанға ән-қазақты,
Қалайша ұмытармыз сол ғажапты.
Қара Ертіс, Ақ Жайықтай
Ән-күйіміз
Өткен мен болашақты жалғап ақты.
Қазақтың әніндегі аққу-көктем,
Мәскеуде Күләш қызы гәккулеткен.
Ақ жолын Әміренің жалғағандай,
Әніме бақ күн жеткен, шат күн жеткен.
Опера дейтін жойқын дарияда,
Айналып әсем сазды арияға,
«Қыз Жібек» сұлуымен сахнада
Қазақтың әні шықты жарияға.
Қаласы ақ Самардың – Роза бұлбұл,
Қатардан асып туған о да дүлдүл.
Әнімді түрлендіріп, бүрлендіріп,
Құйқылжып шырқағанда құлпырды гүл.
Туындай желбіреген көрнекті елдің,
Ән-рухым, алдаспандай сермеп бердің.
Әлемге көзайым боп дидарласты,
Дәурені Бибігүл мен Ермектердің.
Келіскен, көріктенген, кемелденген,
Құйғытқан Құлагерше белең-белден,
Асқақтап алты құрлық аясында,
Әлемге қазақ әні сәлем берген.
* * *
Жері жоқ махаббаттан ғапыл қалған,
Құлатқан ғадауатты жақын жардан.
Әнімен айшықтаған ар-иманын,
Әншінің падишасы Шахимардан.
Өзін ол Маңмаңкердей жаратыпты,
Ермектей ұлы ұстазды аға тұтты.
Мақпалдай баритоны байсалданып,
Жарқ етіп жалпыны жалт қаратыпты.
Әндегі әр табады шырын-балдан,
Тәлімі Жылысбаев білімдардан.
Байғали Досымжанов дарабоздан
Абайдың партиясын ұғып алған.
Арнасын ән-бұлақтың ариялатты,
Жылғасын жайқын Сырдай дариялатты.
Әлемнің баспасөзі, Би-Би-Силер
Сүйініп жаңалыққа жариялатты.
Әр елдің мықтыларын көзі көрген,
Ойына тілсіз тілі сезім ерген.
Бибігүл ән-апайы беттен сүйіп,
Батасын Ермек аға өзі берген.
Туған жер Керекудің Шарбақтысы,
Текті ұлды келетіндей самғатқысы.
Аяулы ата-анасы қасиет қонған,
Арбаиген ауылының ардақтысы.
Ауылы болған еді жолдың басы,
Әкесі – Қайдар әнші, домбырашы.
Анасы Рутәй әнді аңыратса,
Лап етіп жанушы еді жан шырасы.
Таланты туған жерден тамырланды,
Атанып әнші бала бағы жанды.
Арманы Ерейментау, Қара Ертіс пен
Құлынды даласында сағымданды.
Тартса да қай биікке ұлық ғалам,
Киесін туған жердің ұмытпаған.
Әлемдік ән шыңында Шахимардан,
Ән-күйін туған елдің ұлықтаған.
Шырқайды Шахимардан әлем әнін,
Тербейді қазағының әдемі әнін.
Шалқыған шабытының шаңқай түсі,
Бұл күнде Бұланайдай дара дарын.
Алаш пен адамзатты тең ұстаған,
Жер жүзі айтар алғыс тегіс саған.
Әлемнің саз өнері, ән әуені
Шаһидың жүрегінде қоныстаған.
Опера, ариясын, симфониясын,
Шахаңдай жанмен ұғып кім толғасын?!
Тілінде жеті жұрттың шырқаса да,
Тұмадан төгілдірген шырқау басын.
Шалдықпай шың басына өрмеледі,
Көңілдің құлағымен зерделеді.
Моцарт, Бах, Шуберт, Верди, Россинилер
Әлпештеп ән-бесікте тербеледі.
Томский, Риголетто, Жанботалар –
Тудырған Шахимардан ән-боталар.
Көмекей әулие баба Бұқар жырау,
Ол да бір болды белес алға апарар.
Опера ариясын самғатады,
Халқына ән ләззатын жырғатады.
«Шырқаса Шахимардан шырқасын» деп,
«Браво!» «Бәрекелді!» – деп үн қатады.
Әнменен әрбір таңын атырады,
«Достарын Шахимардан шақырады».
Жыл сайын әннен қонақкәде жасап,
Қызыққа Керекуін батырады.
Өмірі осылайша әнге айналды,
Сапарлап жерді айналды, Күнді айналды.
Жер жүзін ән-қанатпен адақтаған
Арманы бала күннің шынға айналды.
* * *
Салтанат, сахнадағы сәнінің де,
Ақша бұлт аялаған әнінің де,
Бұл күнде дүйім дүние білген Шаһи
Бастауы бар еді ғой бәрінің де.
Әркімнің әләулайын әнге матап,
Әу бастан іздемеген арзан атақ.
Кеңестің кер жүйесі қазақ әнін,
Кеудеден кері итеріп қорғалатпақ.
Орыс пен Еуропа әнін тұмарлаған,
Сахнаға қазақты аса шығармаған.
Садақа бергендей-ақ қайыршыға
Қорлыққа намысы бар шыдар ма адам!
Жас Шаһи мұның бәрін түйген ішке,
Қорланып түсіп жүрген күйзеліске.
Ұлт рухын тұншықтырған астамшылық,
Тудырған тұла бойда жиреніш те.
Шаһиды сансыз ойлар мазалады:
Кем емес ешкімнен де қазақ әні.
«Сұрша қыз», «Сырымбет» пен
«Айдайларға»
Әлемнің жалт бұрылар назары әлі.
Көңілі дарияланды, теңізденді,
Дәйімі концертіне көп ізденді.
Әндері Ақан, Біржан, Мұхит, Естай,
Тәжінде гауһар тастай бәдізделді.
Қазақта ән атасы – Біржан дейміз,
Үш жүзді айбоз әнмен қырған дейміз.
Киелі, қасиетті халық әні
Жолына болайықшы құрбан дейміз.
Төлтума ән мектебім заңғарда тұр,
Әр сөзі, қайырымы болған нақыл.
Кемелдік, кенендігі сезім тербер,
Ария, романс та сонда жатыр.
Парасаты телегей-теңіз Абай,
Есті әнмен пешенесі егіз Абай.
Үйлесіп жауһарымен жер-жаһанның
Қалаған романсқа негіз Абай.
«Сылдырап келісімі» толағайдың,
Аялап даналығы ән-Абайдың,
Сәулелі сазы жаңа, үні дара,
Нұр-шуақ қараңғыға төгеді Ай, Күн.
Әлемдік музалардан бір кемі жоқ,
Құлагер шабысының бүлкегі жоқ.
Танытса Алаш әнін Абайменен,
Бетіңе келер әсте шіркеуі жоқ.
Әніне ұлы Абайдың жастан ғашық,
Шаһи да шығуға осы асқарға асық.
Бастауы кім дегенде Абай болды,
Әр әнін әуелетті аспанға асып.
Өткерген небір хикмет, бұлағай күн,
Бойлады мұхитына ұлы Абайдың.
Жазылған өлеңіне әндер қанша,
Сиқырлап саз соқпағы жыр-Абайдың.
Нұрғиса, Сыдық пенен Әбілахат
Тыңдаған жұрттың табар жаны рақат.
Әрлеген Абай жырын романстар
Шырқалса, шырақ жанып, мейір қанады.
Арасын пәни жалған, бақи арман,
Жалғады сазбен осы Шахимардан.
Жанында ән-шабыттың оты жанып,
Абайдың ән асқары шақырды алдан.
Баураған ән-Абайға жанды салды,
Хакімнің хикметіне жолды салды.
Ишағы, Мәкен, Ғазел апалары
Абайдың ұрпағынан алғыс алды.
Абайдың немересі Мәкен апа,
Көзінен шапағатын алаулата,
Аруағы Абай атаң қолдасын деп,
Көзінше көпшіліктің берді бата!
* * *
Шақырып сағымданған биік арман,
Жүрекке ыстық іңкәр құйылар қан.
Асыққан аңсарына Шахимардан
Күтеді тағдырының сыйын алдан.
Шалқытқан бар шаттығын, бар күйігін,
Аңсайды сағындырған ән биігін.
Теңіздің тоғызыншы балындай боп,
Толқыны дауылдатар жан күйінің.
Сезімі алай-дүлей буырқанып,
Алардай әулекінің жынын қағып.
Алатау жаққа қарай қарағыштап,
Ширығып, шырақтанып, шамырқанып.
Асқардан құйылғандай жыр құлаққа,
Медеуден өтіп,
Тартты Шымбұлаққа.
Қасында сазгер досы Бақтияр бар,
Аспанның аясында кірді баққа.
Құз-жартас қиясына өрлеп тағы,
Тоқтамай Шымбұлақта алға аттады.
Желпінген көңіл шіркін желдей есіп,
Тәуекел қауіп-қатер аңдатпады.
Табанның тайғанатпай алғадайы,
Шығудың шың басына келді орайы.
Самғаудың нартәуекел сәттерінде,
Ойпырмай, өмір-өлім алмағайып!
Құз-жартас қалып артта талай сыны,
Күннің де қадалғандай арай сұғы.
Қос қанат қолтығына байлағандай,
Асқақтап қарсылады Абай шыңы.
Арсыдан саулағандай нұры көктің,
Миғраждың сатысымен жүріп өттің.
Дариға, сол бір сәттің ғажабын-ай,
Аяны алқағандай құдіреттің!
Басында Абай-шыңның Шахимардан,
Кеудеде кереметтің оты жанған.
Жазира жасыл әлем, ақша бұлттар,
Шалқытқан шаттандырып аққу-арман.
Жадырап жарқын бір таң атқандай-ақ,
Шашуын шапағатшы шашқандай-ақ.
Сүйіне сәлем салып, тілекші боп,
Алматы алақанда жатқандай-ақ.
Аспани Алатауда әмір-көген,
Арсыға құйғытқандай көңіл-дөнен.
Оқыстан алай-дүлей шабыт кернеп,
Күй кешкен тілдескендей Тәңірменен.
Кенеттен тапқандай-ақ құбыласын,
Шапақ шақ шашқандай-ақ шұғыласын.
Кеудесін желге төсеп Шахимардан,
Абайдың аңыратсын ариясын.
Одан соң «айтты сәлем Қаламқасқа»,
Жібіген «Қаламқасқа» қара тас та.
Жолына мал мен басты құрбан қылып,
Әддің жоқ асық жарды сағынбасқа.
Мәңгілік Абай шыңы ақық арман,
Тылсымын көкейіне тоқып алған.
Нышандап болашағын әулиедей,
Сол шыңда ән шырқаған Шахимардан.
Жазылған маңдайына жаһұт құсап,
Уа неткен ғажайып бұл, бақытты сәт!
Айналып ақиқатқа Шаһи-арман,
Абайдың ықыласы ашты құшақ.
Осындай ерен талап ерге дарып,
Орынын әрқашан да төрден алып,
Ән салған Абай-шыңда жас қыранға,
Батасын Абай рухы бергені анық.
* * *
Аңсарлы азаттыққа болған ұран,
Өшер ме Сексен алты ел жадынан!
Оянып еді-ау сонда намыс, сана,
Қағылған Желтоқсанда сол дабылдан.
Қайғылы, қасіретті күндер еді,
Көп жұрттың құр сүлдері жүрген еді.
Бозінген боздағанда,
Ақ қар, көк мұз,
Табанды емес, жүректі тілген еді.
Мәскеудің шыдамады қорлығына,
Қаймықпай қарсы тұрды зорлығына.
Қазағын құлай сүйген жүрекпенен,
Үн қосқан Шахимардан ел мұңына.
Қаңырап жайлағанда жылан ішті,
Сезініп жауратпайтын жылы ағысты,
Еңсесін елмен бірге көтеретін,
Абайдан тапқан сонда жұбанышты.
Беу қазақ, Желтоқсанда аласұрдың,
Тұлпарын намысыңның таң асырдың.
Сөзіне құлақ түрші, қане, қане
Данышпан Абай хакім жанашырдың.
Өлеңін бас ақынның әнге бөлеп,
Шалқытқан терең ойлы мәнмен ерек,
Атақты Рахмадиев романсына,
Тербеліп тебіренген жан керемет.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың…
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың».
Романс шабыт-күйдің толғағы екен,
Ерекең жас кезінде жазған екен.
Шырқалмай сахнада әуел баста,
Содан соң ұмытылып қалған екен.
Шаһи сол романсты тауып алған,
Шырқады сынға салып бағын алдан.
Сазгерлер жиынында аңыраған,
Әннің де даңқы шығып, жолы болған.
Олжаға сүйінішті жолыққандай,
Қайғысын қазағының дәл ұққандай.
Қапалы күндерінде Желтоқсанның,
Намысты ән-қайраққа жанытқандай.
Мұң-дерті – қалың елі қазағының,
Әлі де наласы көп, азабы – мың.
Өз ырқы өзінде емес, Тұзағында
Кеңестің кері кеткен тозағының.
Шырқалған Еркеғали романсы,
Құдды бір құйқылжыған дала құсы.
Абайдың аруағымен қанаттанып,
Бөленді ащы мұңға жан ағысы.
Сахнада Шахимардан тебіренген,
Қайсарлық қасиетін елі көрген.
Самалдап ән киесі бар қазақты,
Ызғарлы Желтоқсанның желіменен.
Қазақты қорғап тұрды Абай әні,
Жұбатты, жігер берді, аялады.
Шаһи да шырайлы әннің
шынары боп,
Тамырын келешекке жаяды әлі.
Атқылап жан жүректен жанартауын,
Алғыс пен алып жатыр көп алқауын.
Еркеғали ағасы байғазыға,
Сыйлады романстың және алтауын.
Жігіттің аламанда жанар бағы,
Атағы алты алашқа таралмағы.
Абайдың өлеңімен қанша сазгер,
Шаһидың айтуына ән арнады.
* * *
Абайдың әндері мен өлеңдері,
Қол жетпес інжу-маржан өнердегі.
Қосылып ойлы-мұңды романстар,
Ән-Абай асқарланды, тереңдеді.
Ретімен түзілгенде репертуар,
Белін де Шахимардан бекем буар.
Шалқыған ән қайнары Абай болса,
Халқы да шөл басуға өте құмар.
Таймады бағын ашқан бағытынан,
Тиегі ән-дарияның ағытылған.
Концертін түгелімен Абайға арнап,
Келесі биігіне тағы ұмтылған.
Хакімнің хикметіне қанық еді,
Әр жолы алау оттай жанып еді.
Тыңдаған көппен бірге көзайым боп,
Қазақтың ән дүлдүлі – Жәнібегі.
Кәрменов Жәнібекті кім білмейді?!
Ән айтса гүл бүрлейді, түн гүлдейді.
Құбылтып «Сегіз аяқ» нәштелгенде,
Қосылған домбыраға бұлбұл дейді.
Өзі де Шыңғыстаудың бел баласы,
Кіл күлік, ерен білік таңдамасы.
Бәсіре ішкен асын жерге қойған,
Бәсінде ұлы атаның ән мұрасы.
Тереңнен толғар Абай әлемін де,
Қиялы қыдырады ән елінде.
Бір күні Шаһи досты келіпті іздеп,
Жәнібек ханға бермес сәлемін де.
Екеуі бірге кешкен жаһұт көлді,
Ақиық Жүсіпбектің шәкірті еді.
Сырласса Ақселеумен алқа-қотан,
Абыздай атағынан ат үркеді.
Шаһидың Абай әнін ұнатыпты,
Көңілін көлдей жайып құлатыпты.
Концертті енді бірге жүргізбекке,
Бейілді болған екен, сірә, тіпті.
Жәнібек болжалдапты жолын алдан,
Жарқылдай күліп келіп қолын алған.
Концертті әңгімемен әрлемекке,
Шаһиға базыналап қолқа салған.
Аяулы асыл Жәкем көшелі еді,
Қазақта қара тілдің шешені еді.
Шарқ ұрып шабытына мінген кезде,
Жөңкілген ақ бұлттардай көшер еді.
Тілегін Шахимардан қабыл алды,
Қосатын концертіне жөні бар-ды.
Ағылса ән-әңгіме алма-кезек,
Абай да тереңірек танылар-ды.
Хакімнің даналығын халқы сүйген,
Халқы үшін хакімі де жанып-күйген.
Екі дос екі мәрте концерт беріп,
Алдында алаш жұрттың басын иген.
Шаһидың көмейінде ән киесі,
Самалдап Жәнібектің әңгімесі,
Үйлесіп домбыраның ішегіндей,
Нұрланды концерт қойған әрбір кеші.
Балқытып ой-сезімін от деміне,
Жеткендей жерден шалқып көктегіге,
Зерленіп гауһар тастай нұрын шашып,
Абайдың даналығы жетті еліне.
Екі дос ұлы Абайды көкке өрлетті,
Әні мен әңгімесі жан тербетті.
Әттең-ай, әттең дүние, амал қайсы,
Сұм ажал кетті-ау алып Жәнібекті.
Бір сырлы, сегіз қырлы асқан дарын,
Көп еді болашаққа жоспарлары.
Қапыда дос қазасы қатты соғып,
Шаһидың жанарынан жас парлады.
Көз емес, кеудедегі жан жылады,
Ақпады бір жыл бойы ән бұлағы.
Бағыштап содан кейін үлкен концерт,
Абайдың рухы қайта жаңғырады.
* * *
Бір жарым ғасыр деген ұлы мерей,
Мерейде тұра ма әсте гүл бүрлемей.
Халықтың ұлан-асыр мейрамында,
Күн-дағы тұра алмайды күркіремей.
Шаһи да бір ғажайып құлап ойға,
Тулады ыстық іңкәр тұла бойда.
Қалдырмай байтақ елдің бір қаласын,
Арнады ән сапарын ұлы Абайға.
Шуақты атып талай таңдар алдан,
Ұйтқысы болды мұның Роллан ағам.
Мың тоғыз жүз тоқсан бес есте шығар,
Әлемдік Абай жылы жарияланған.
Уа, қара, қараңызшы, бұл ғажапқа,
Саулады Абай әні бар қазаққа.
Толғаса Абай жайын Роллан шері,
Ән-Шаһи атой салып қонған атқа.
Роллан Сейсенбаев қас қаламгер,
Бұл күнде қалмаған ол аспаған бел.
Әлемнің алтын қалам жазушысы,
Шырқатқан амазондық баспагерлер.
Болса да бұл бір шаруа аса қиын,
Емес қой Абай-клуб осал ұйым.
Роллан ер дүниеге дүркіретіп,
Лондонда Абай хакім ашады үйін.
Әлемге хакім атын жеткізеді,
Игі іске күллі жаһан көз тігеді.
Атақты Барбиканда оркестрлеп,
Ашылу салтанатын өткізеді.
Ән салған ойлы-мұңды татымдыдан,
Қапысыз қансонарда батыл қыран.
Абайдың жиынына Лондондағы,
Арнайы Шахимардан шақырылған.
Абай әні Лондонның аспанында,
Жаңалық жетті әлемге қас-қағымда.
Абай үйі Лондонның шаһарында,
Алашты аламанға қосқанында.
Қанатын қыран қазақ қомдағанда,
Абайдың даналығын толғағанда,
Абайдың ариясы шырқап биік,
Шаһидың дауысымен самғағанда.
Шат Лондон шапалақтап соқты қолын,
Жаудырды алыс-жақын ақ тілегін.
Бибігүл, Ермек, Шахимардандардың,
Дидарын бір көруге бақты жолын.
Ұлы сәт – Абай үйі ашылғаны,
Жайқалды миллион жүрек жасыл бағы.
Абайды асқақтатқан ең ғажап күн,
Алапат жиырмасыншы ғасырдағы.
Әзелден ізгілігі үлгі болған,
Басында бұл ғажаптың тұрды Роллан.
Абайды дүйім дүние көрді-білді,
Уа, солай орындалды мың жылғы арман.
Лондонның сапарынан сый көреді,
Көптен-көп көңіл сырды түйген еді.
Абайдың аруағынан аян түсіп,
Өзгеше Шахимардан күйге енеді.
* * *
Хакімнің қара сөзін, бар өлеңін,
Абайдың ай шуақты ән әлемін,
Жадына жаттап-тоқып алған Шаһи,
Жарқ етіп шаттандырды тамам елін.
Ән айтса әңгімемен әдіптейді,
Мәнерлеп көркем өлең көріктейді.
Абайдың кәусарынан сусындаған,
Концерттен қайтады жұрт қанып мейірі.
Алаштың әндей асыл арманы үшін,
Алапат аңыратты жан дауысын.
Шаһ-әнді ұлы Мұхтар Мағауин де,
Абайлық биігі үшін қолдады шын.
Хакімнің даналығы – ұлы мұрат,
Жалғасты ай аралап, жыл жағалап.
Асқарға қанаттанып Абай-рухпен,
Ғибратын себелейді нұрға балап.
Жолдаған жалғыздыққа жан серігін,
Тұздығы Абай болды әр сөзінің.
Адақтап шетелдің де шаһарларын,
Таппады-ау, сірә, тыным жансебілім!
Мәшһүрге зияраттап ырым қылды,
Қиыннан қиыстырып үзілдірді.
Ілімін толық адам әнге бөлеп,
Інжуін ғақлиялап түзілдірді.
Ардақтап Уақат қазірет атасын да,
Алады, Құран оқып, батасын да.
Концертін «Абай жолы» деп атаған,
Бекзаттық жараспай ма заты асылға.
Одан соң «Абай жолы – Хақ жолы» деп,
Майдан қыл суырғандай толғады көп.
Кереку, Екібастұз, Астанадан
Әрі асып Алматыда жалғады дөп.
Жақсартып әр қадамын жаңалады,
Көрермен ықыласпен бағалады.
Жол тартты ақырында Алашына
Ой толғап Толық адам, Абай әні.
Сүйеді даналықты саналы адам,
Жіліктеп сахынада саралаған.
Тамаша тартымымен, ән тілімен
Абайдың даналығын даралаған.
Көремін ұлық нышан ер бетінен,
Абайдан аумай қалған келбетінен.
Хакімнің Мәскеудегі мүсіні де,
Сомдалған Шаһи әнші суретінен.
Хакімін қазақ әркез сүйе бермек,
Ғибратын көкейіне түйе бермек.
Шалқытар Шахимардан,
Әсем сазбен
Әлияр Өтетілеу сүйемелдеп.
Тылсымы толық адам жанды баурап,
Ізгілік, иман, ілім болды мұрат.
Бауыр деп бәрін сүйген адамзаттың,
Абайдың махаббаты жанды лаулап.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»,
Бар қазақ ақиқатқа төкті ықылас.
Парасат, ғаделеті сүйіндірген
Рас сөздің шындығына шүбә болмас.
Бар болмыс, ажарымен толық адам,
Имани гүлін шашты сахынадан.
Абайдың ән биігі асқарынан
Шарықтап Шахимардан төкті маржан.
Арсыға асып сонау шаһи арман,
Абайдың ән шыңында шалқи алған.
«Құйқылжып көңіл құсы шартарапта»,
Шырқайды ән шәулісі Шахимардан!