ЖЕР ШАРЫ (дастан)

Толыбай АБЫЛАЕВ
…Иығымда бас емес,
Жер шары өзі тұрғандай.
Қадыр Мырза Әлі
Адамдардың араласуы мұң екен,
Жер шары тез қартая бастады.
К.Э. Циолковский
І
…Балдәурен балалық шақ, тәтті кезім.
Қара мен айырмайтын ақтың өзін.
…Үстелдің үстіндегі Жер шарымен,
Оңаша ойнап бірде жаттым өзім.
Баламын ойын десе жоқ қанағат,
Тұрам ба, таңсық шарға текке қарап?!
Қолыммен зыр еткізіп айналдырам,
Жер шарын жұдырықтай, доп-домалақ.
…Көк бояу… жасыл бояу… тұла бойын,
Түрткілеп өзіме осы ұнады ойын.
…Кенеттен тарс ете қап түскенде шар,
Бұзылды бұлқан-талқан бір-ақ ойым.
Қап, оңай болмады бұл бірақ маған,
Адамға мәңгі-бақи тұрақ болған.
Көтерген кезімде ағам келді жетіп,
Жер шарын едендегі құлап қалған.
Тұрсыншы тұғырында тыныш ғалам!
…Бұйырды сөйтіп сонда бұрыш маған.
Жадыңа мықтап тоқы осы бастан:
Жер шары ойыншық емес!
…ұрысты ағам.
…Ұшырып батпырауық дөңес, белде,
Ғарышкер болсам деймін мен өскенде.
Атымды айдай әлем айтады әлі,
Ардақтап ағама әлгі егескенде.
Құдірет қиял деген бердің, Алла,
Бала емен ойнайтұғын енді қолда.
…Түсімде ұйықтап жатып кеттім ұшып,
Керемет көрсетпек боп мен бұларға.
Арманшыл баламын ғой бөлек мүлде,
Құмармын Ай, Жұлдыз бен мен от Күнге.
Ақыры көкке ұшырды бала арманым,
Ал ағам Айдан тапсын, керекпін бе?!
Ұйытқыған қиялыма желді жегіп,
Тұңғиық өстіп ойға бердім ерік.
Сөйткенше самұрықпен кеттім ұшып,
Сол сәтте Жұмыр жерден енді келіп.
Баланың қиялына жетеді не,
Биікке бергенімде көтеріле,
Тоқтар ағам сияқты толқып кеттім,
Бір қарап Жер-Анадай мекеніме.
ІІ
…Төменде тау тарыдай домаланып,
Мен жаққа көз тігеді көл аларып.
Жұмыр жер, заңғар көкте зымыраймын,
Өзіңді жүрегіме орап алып…
Жел ескен Желаяқтай табанынан,
Әп сәтте әуедемін, тоба бұған.
Зау көкте заңғар үйлер сіріңкенің,
Кішкентай көрінеді қорабынан.
Көрмеппін бұған дейін тіпті ой бөліп,
Еңсемді енді көрдім тіктей беріп.
Жолдары байтақ дала тарқатылған,
Көзіме елестейді жіптей болып.
О бастан бақ пен соры бес елі жер,
Көлбеңдеп көз алдымда көшеді жер…
Алып тау жұдырықтай, шалқып жатқан
Шарайна тектес теңіз, кешегі көл…
ІІІ
Жетіқат көкке асқан соң жер бетінен,
Ақша бұлт аржағында тербетілем.
Ақ ордам асқақтайды төмендегі,
Жаңарған жасампаз ел келбетімен.
Түстігі түрен салса егістікке,
Ақбасқын бораны бар терістікте.
Көзіме көрінеді керемет жер,
Кең байтақ осынау бір кеңістікте.
…Қалайша Қазақиям, мақтамайын,
Өзіңе байланысты бақ-талайым.
…Осынау Отанымды оттан-судан,
Жаратқан Жаббар ием сақта дәйім!
…Кең байтақ Русь жері, ұлан-асыр,
Көркіне көз тоймайды мына жасыл.
Ей, Русь! Есіңді жи, екіленбе!
Бағып тұр қабағыңды бұла ғасыр.
Білімі ұшан теңіз, біліпті Абай,
Патшасын тақтан алған жұлып талай…
Бір кезде қырғын салып…
Қырымды алып,
Қашырған зәре-құтын түрік талай.
Тұсында Алтын орда князьдарын,
Тығыпты іннен інге түріп Мамай…
ІV
…Қытайда бопты қашан тыныш маңай,
Салды ғұн батыстан кеп ұрыс талай.
Сонан соң салдырыпты қорғанды осы,
Құлдарға құжынаған құмырсқадай…
…Ындыны құрдым ұлыс, Ықпалы дүр,
Жан-жағын айдаһардай жұтқалы тұр.
Құрығы бойламайды бұл Қытайдың
Құпия қулығына сырттағы бір.
Аққанат самұрығым тағы аттанды,
Тайландта артқа тастап абат таңды.
Тегеран… Тебризім тебіреніп,
Көз алмай көк жүзіне қарап қалды.
Мен бүгін көктей өттім бұлттан әрі,
Жанары жәудір көздің шықтанады.
Періште арулары Пәкістанның,
Самғаған самұрыққа сұқтанады.
…Ойпаты Месопотамия мүлде жақын,
Есінен адасады кірген ақын.
Суэц пен соған таяу Өлі теңіз,
Суреттеп бере алмаймын тілмен атын.
Болған жоқ самғаған сәт текке ермегім,
Төменде жалғыз ол ма, көп көргенім.
Әлемнің кереметі жеті бірдей,
Жаулайды жанарымды көктен менің.
Баса алмай Ереванда екпінімді,
Асқанда Арараттан көк түрілді.
…Қар жапқан Қап таулары салды ұзатып,
Беу, далам, Баку асқан текті ұлыңды.
О,Баку! Әзірбайжан Ордасы бұл,
Низами, түрегеліп толғашы жыр.
Жадырап кетті менің жан сарайым,
Бір сәттік көріністен болмашы бұл.
…Таң сәрі.
Тәтті ұйқысын ел бұзбаған.
Тып-тыныш кіндігінде Жер жүзді аман.
Бір кезде Мәрмар теңіз шықты алдымнан,
Айнала алуан шаһар андыздаған.
Зілмандай жеңген жойқын зілзаланы,
Тұнып тұр Түркияның гүлге алабы.
…Қол бұлғап аттандырды қимай-қимай,
Анадол… Анкараның күллі адамы.
V
…Үндінің үңілемін жер-жеріне,
Зарыққан Зита-Гита төрде, міне.
Самғаған самұрықтың үстінен мен,
Тәж-Махал! Тәубе, сені көргеніме.
«Бұлттар көшіп барады,
Рита маған қарады.
Өле кетсем егер де,
Рита кімге қалады?»
…Сол әуен жүрегімді жұлмалайды,
Болмаса Рита маған кім қарайды?!
…Дөңгелеп Дели демде, Үнді мұхит,
Үстінде самұрығым сырғанайды.
VІ
Арабтың Құраны хақ, негізі ырым,
Үстінде бәдәуилер көп ізі құм.
Мысырда мыс теңге күн мызғымайды,
Египет… Пирамида егіз ұғым.
Бүркеген Сахарада даланы құм,
Медине, Меккесі әсем қала бүгін.
…Құмырсқа илеуіндей құжынайды,
Қағбаның түбінде жұрт қара құрым.
Отаны Ромео-Джульеттаның,
О, Рим, орманыңды шулатамын.
Мен сақтың ұрпағымын,
Махаббаттың
Қаскөйін қап-қара иірім суға атамын.
Жаһанға ағылшынның жайған атын,
Баураған жыры жұртты Байрон ақын.
Сәулетті Софияға жұлдыз жауса,
Ежелгі Афинаға Ай қонатын.
Тұтасқан Мадридте тұман тағы,
Сүйген ел Петрарка, Лорканы.
Рафаэль айшықтаған қыл қаламы,
Испанка, жаным саған құмартады.
…Әдемі Элладаның көгіс түні,
Әнекей, жұдырықтай жер ұсқыны.
Жарықтық, Грекия аспанында,
Жалт еткен Прометей мен – ұшқыны.
VII
Аспанда самұрықша самғар балаң,
Әне, АҚШ!
…Бұрын-соңды мен бармаған.
Христофор Колумб ашқан тұңғыш рет,
Талайлар құрлықты осы армандаған.
Қақпайтын сансыз ұлттың сыртқа бірін
Жанашыр әлемдегі жұртқа бүгін.
Мойнын созады осы Нью-Йоркте,
Ғажайып ғимараты бұлтқа БҰҰ-ның.
Көздерін аң-таң күйде көкке ел тіккен,
Ғарыштан мен жұмбақпын жеткен нүктең.
Әлемнің төбесінен жан-жағына,
Қарайды Капитолий өктем тіптен.
…Бұйығы Буэнос-Айрес төмендегі,
Бразилия… Аян Пеле ол елдегі.
Абайла, Аргентина,
Атлантта
Босқынды жүзіп жүрген кемеңдегі.
Толқыны таудай Атлант, өктем желі,
Түбіне тентек мұхит кеткен көбі…
Домалақ Жер шарына кетеді ұқсап,
Диего Марадона тепкен добы.
Құлдардың тамған тасқа талай жасы,
Сұп-суық Рио-де-Жанейросы,
Сан-Паулу… өркөкірек наһан қала,
Осы ма өркениет, абайлашы!
Мұнартқан мұхиттар мен тентек теңіз,
Мысалы аңызға арқау, ертекке егіз.
Әнекей, Тынық мұхит, батқан суға
Беймәлім «Испаньоло» ол кеткен із…
Мұздатқан мұнарлы тау жонарқаны,
Сахара шөлдеріне сәлем, тағы!
Ауызынан от бүріккен оқтын-оқтын,
Атақты Килиманджаро жанартауы…
Панама… Колумбия артта қалған,
Аспаны от бүріккен, аптап ол маң.
Джунгли дүр сілкініп шыға келді
Бір кезде «қара құрлық» қаптап алдан…
…Ақ боран Арктика айналасы,
Бағытын талабымның байламашы.
Мұзбалақ құстай Мұзды мұхитыңнан,
Қазақтың өткен мендей қай баласы?!
VIII
Әнекей, Жерді айналып әбігер Күн,
Жетеді байлығы Жер бәріне елдің.
Бостан-бос бүлдірмеңдер бомба тастап,
Мінезі, бар адамдай жаны Жердің.
Мәңгілік мекеніміз,
Мақтаныңдар!
Табаны жауыздардың таптадыңдар.
Ашуын танытады ауық-ауық
Сілкініп,
ей, Адамдар,
Сақтаныңдар!!!
Көк түтін… Жердің үсті бұлдыраған,
Табиғат Ана неге тұнжыраған?!
Бір шетте мұхит тасып, мұздық еріп,
Жылынып келе жатыр күллі ғалам.
…Құм көшіп… орман сиреп… шөл өрлейді,
Құр босқа әйтпесе жер көнермейді.
Байлықтан басы айналған адамдардың,
Кетті екен қатыгез боп неден пейілі.
IX
…Жер шары қарт сияқты көпті көрген,
Қартайып сұмдық сірә, кетті шерден…
Самғаған самұрығым тау түгілі,
Мұнартқан мұхиттар мен өтті шөлден…
…Жетіқат көк пен жерде еркіндігім?!
Ақ уыз таңмен ашты ел түндігін.
Бақ құсы салған ұя босағаңа,
Сен менің Қазақ елі – жер кіндігім!
Жер шолып… желдей есіп… мен тіптен де,
Ен салып бойлықтарға… ендіктерге.
Әлемнің әр тұсына ат шалдырып,
Ата жұрт, аңсап саған келдік демде.
Көгінде талай елдің тәтті ойларым,
Самғады…
Қиыр қонып… шет жайладым.
Мен сонда көрдім мынау жер шарының,
Үстінде желбіреп тұр көк байрағым.
Кеп-кеше болған көкте тасың да арман,
Жаралған жаным жайдан… жасындардан.
Беріде Мұқағали мұзбалақтан,
Әріде Ілиястан.. Қасымдардан…
Х
Адамзат үшін жоқ қой жер жырағы,
Қаншама жер шетінде болдым әрі.
Ей, Адам, Жер шарының тағдырымен,
Ешқашан ойнамаңдар ендігәрі!
Жер-Ана,
Болсын келбет-кейпің аман,
Басымда өзің жайлы ой тұрады әм.
Жатқызып етпетімнен есі шығып,
Ауырсам «жер ұшынды» дейтін анам.
Адамның жерден басқа жоқ тұрағы,
Ойласам өзегіме от тұнады.
Азабы аз емес қой көрген жердің,
Сипағым маңдайынан кеп тұрады.
Бар ма адам жатпай-тұрмай жерді ойлаған?!
Ей, пендем, тағдырымен сен бе ойнаған?!
Тартасың сазайыңды сатсаң бүгін,
Анасын сатқан түбі оңбайды адам.
Болсыншы Жер-мекенім тегіс аман,
Адамның тағдырына көбісі алаң.
Жер-Анам, бала күнгі қиялыммен
Арманым алып-ұшқан мені саған…
Жұмыр жер мағыналы мәні мүлде,
Адамның Жер-Анамен жаны бірге.
Ағамның бала күнгі айтқан сөзі,
Ойыма оралады әлі күнге…
Жер басып жүрген тірі талай жандар,
Алаңдап жер тағдырын тағы ойлаңдар.
Баласы Адамзаттың ақылға кел:
Жер шары ойыншық емес,
Абайлаңдар!!!
Қызылорда облысы, Арал қаласы