АБЫЛАЙ ХАН (дастан)
17.07.2025
591
1

Маған көктен Жебірейіл келіп айтып тұрған жоқ. Қазақта жазулы шежіре жоқ. Не сөйлесе, кигіз кітаптан сөйлейді. Оның мәнісі-кигіз туырлықты қазақ біреуден біреу естіп: «Пәленшекең айтушы еді, түгеншекең айтушы еді!» – деуменен, «естіген құлақтың жазығы жоқ», – деп, еді ғой!– деп, естігенімді қағаз жүзіне жаза берген «бала бастан, кұлын жастан» баққан жылқы-қойым осы болды.
Естігенімді сөйлесем, Еңсегей бойлы ер Есім ханның бәйбішесінен Салқамжәңгір. Салқамжәңгірден Әз Тәуке. Әз Тәукеден – Болатхан. Болатханнан Әбумәмбет, Сәмеке. Бұлар бәрі де хан болған жандар (жанлар). Салқамжәңгірдің тоқалынан Ұлыбақы жалғыз. Ұлыбақыдан – «Қанішер Абылай» жалғыз. «Қанішер Абылайдан» Көркемұлы жалғыз. Көркемұлыдан – Әбілмансұр жалғыз. Әз Тәукенің болып тұрған күнінде баққа таласып, таққа таласып, өз тұқымынан көп жанның қанын ұрт­тап, «Қанішер Абылай» атанып, Үргеніште нағашысы Қайып ханның қол астына қашып кеткен. Бұл барған соң, Қайып ханның ордасын жау шауып, талап, Қайып хан соқа басы сопайып, Кіші жүзге қашып «Абылайдың» жоғын жан білмейді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» заман болып, быт-шыт болып, бордай тозған.
Бұрынғы заманның бір шайыры өлеңмен сөйлеген сөзі:
Үлгілі өткен Абылай қазақ ханы,
Үш жүз түгіл, алты алаш білген, оны (әні)!
Қазақ үшін рақат­тан безіп кеткен,
Алла әмірімен артықша туған жаны.
Хан еді бұл қазақта қолы жеткен,
Үш жүздің баласына еңбек еткен.
[Әкесі Абылайдың «қанішер» боп,
Хандық үшін өкпелеп ауып кеткен.
[Үргенішке жол тартып,
кеткен ауып,
«Нағашым Қайып хан» деп,
соны тауып.
[Жетім-жесір боп қалды
сонда жүріп,
Қиратып Қайып ханды
қалмақ шауып.
«Ақтабан шұбырынды
аштық болып,
Ел кет­ті бет-бетімен бордай тозып.
Жас бала Әбілмансұр жетім калып,
Жүдет­ті жалған құрғыр
шырқын (шарқын) бұзып.
Жас бала талап қылып, іздеді елді.
Қыдырды кедейлікпен талай шөлді.
Ізденіп ата-баба, туған жұртын,
Түркістан Әбілмәмбет ханға келді.
Қасқайып хан алдына кіре алмады,
Оны елеп, ілтипатқа бір алмады.
Маңдайынан сипарлық
болмаған соң,
Орнығып Түркістанда тұра алмады.
Онан сырғып көп тұрмай
жүре берді,
Ұлы жүз Үйсін Төле биге келді.
Жыртылған үсті-басы далба-далба,
Есіктен сәлем беріп кіріп келді.
Бір бала үсті-басы далба-далба,
Күрсініп дем алады анда-санда.
Көзі өткір, тікірейген (тікір екен),
сұрғылт сары,
Ерекше қып жаратқан Алла Тағала.
Қой жүні жыртық күпі,
сеңсең тымақ,
Көзіне шашы түсіп кеткен тым-ақ.
Отырысы сұңқардың баласындай,
Нәсілі Төле биге кет­ті ұнап.
Сұрапты аты-жөнін
Төле мұның –
Бар ма деп, әке-шешең, ағаң, інің?
Адам болса, ақсүйек, құста – сұңқар,
Байқасам, келіседі соған сының!
Ат қоярлық әкем жок, бір баламын,
Тегім, түбім сөйлеуге арланамын.
Әке-шеше, ел-жұртым,
туғаным жоқ.
Атымды сіз кім қойсаң, құп аламын.
Алынбай көптен бері
шашы да өскен.
Сабалақ жыртық тымақ
көзге түскен.
Болған соң үсті-басы далба-далба,
«Сабалақ мұның аты болсын!» –
дескен.
Төленің қойын жайды,
қоржын салып,
Ойын-күлкі жоқ, тіпті бала қалып.
«Болар ұлан – боғынан», –
деген бар ғой,
Төле де зат­ты екенін білді танып.
Сабалақ түйе бақты, қойдан шығып.
Жанын аяп қалмайды жаудан ығып.
Онан шығып жылқыға айналысты.
Келсе, бала тал түсте
ұйықтап жатыр.
Серейiп (cipeciп) төрт борбайы
төрт тарапқа.
Шын асыл жата алмайды
үйде бұғып.
Күндіз түйе, түн болса,
жылқы бағып,
Болат құрыш қап түбінде
жатсын не ғып?!
Қадет жоқ қылған ісі тиянадай,
Көңіліне Төле бидің кет­ті жағып.
Ас болып, кетіп еді би бір жаққа,
Балаға сарқыт алды сынамаққа
Би келіп, тамашалап, бұған бақты,
– Айтамын ғой:
«Бұл бала текті, зат­ты!»
Жатқанын көрмейсің бе
жазып құлаш
«Тірей туған ұлмын деп,
төрт тарапты!»
Оятпай жолдасына басты берді.
Төле би өз үйіне кете берді.
– Бас қолына тиген соң,
не қылғанын
Байқап маған айта кел! –
деп жөнелді.
Баланы оят­ты да, берді басты,
Оянып, оң жамбастап (жанбастап), көзін ашты.
Құбылаға қарап тұрып, керіліп ап.
Шақырды құрбы-құрдас, жар жолдасты.
Оларға кесіп берді көз-құлағын,
Бір кесіп салды аузына езу жағын.
Жолдасы Төле бидің сұрайды енді:
– Сабалақ, өзің жемей, не қылғаның?
– Бірі – көз, бірі – құлақ: жолдастарым,
Беруге осы болды қолда барым.
Мен сеніп осыларға ұйықтап қалдым.
Әйтпесе болмас па еді көңілім жарым?!
Жолдасы түйе жақтан үйге қайт­ты.
Көргенін бастан-аяқ Төлеге айт­ты.
– Күншілдік қас төренің қалыбы екен,
Патша ізет­ті екен! – деп ішін тарт­ты.
Бір күні жылқы ішінде отыр еді,
Екі баран, бір қызыл ат­ты келді.
Жасы үлкен үш кісіні көргеннен соң,
Ұшып тұра келді де, сәлем берді.
Сөйтсе, олар Қанжығалы: қарт Бөгенбай,
Келіпті Төле бидің ауылын сұрай.
Қалмаққа жорық қылып барады екен.
Қанша қол боп жүреді мұнан былай?
[Ж]ыласты түнде келіп Бөгенбайға:
– Мен бір құмар жан едім осындайға!
Мені тастама, осы жолда,
Сізге еріп, үйрене­йін амал-айла!
Жөнелді ертең Бөкен қасына ертіп,
Төртеуі келе жатыр екпіндетіп.
Күні-түні қалмақтың ізіменен
Ел жата көп қосынға келді жетіп.
Бөкеннің бала тұрды атын ұстап,
Батырдың өзі кірді қайрат қыстап.
Бір топ ат­ты ал келді жырып қана,
Бәрін де кежімдеген
әлеміштеп (аламыштап).
Бала айт­ты:
– Бөке, енді мен барайын,
Кұдай берсе, бау ашар олжа алайын!
Атымды ұстап тұрыңыз біраз ғана,
Қайрат қылып, қалшылдап, карманайын!
Бөкеңе атын тастап, бала кет­ті.
Бөкендеп қорасына барып жет­тi.
Қор бала сықылды емес, жаңа пері.
Жымырылып барады тым-ақ епті.
Кешікті, түннің болды қараңғысы,
Дүркілдеген келеді үш-төрт кісі.

Жолдасы қашты.
Бөгенбай тұрып қалды.
Төзімді, шыдамдылық – ердің ісі.
Көрінген бөтен емес, екен бала,
Тастамай келген екен істі шала.
Екі түйе үстінде артқан жүгі,
Батырдың қылып жүрген ісін қара.
– Кешіктім көп түйеден түйе таңдап,
Бір-екі сабаз атан таптым қармап.
Жайдақ түйе алуға көңілім толмай,
Жүк алдым кіріп үйге жеңгейге арнап.
Мұнан соң қайта салды елге таман,
Ел шетіне сәскеде келіпті аман.
Бөкең айт­ты балаға:
– Сүйгеніңді ал,
Мен олжаға тойғалы талай заман.
Бала айтады:
– Бөке, мен мал алмаймын,
Не қылайын, дүниеге көз салмаймын.
Шын пейіл ықыласыңмен батаңды бер.
Сол бата қабыл болса, қорықпаймын!
Қол жайып бата берді қарт Бөгенбай,
Астынан атын берді таңдап қандай?!
– Жылқының «Нарқызылым» тұлпары еді.
Мен қартайдым, шырағым, саған орай!
Шырағым, көзің от­ты бала екенсің,
Мінезің шын ақсүйек жан екенсің.

Жазғытұрым қалмаққа ат­танамыз,
Соған жүр, керек болар жан екенсің!
Бастығы хан барады Әбілмәмбет,
Ат қара, тіл болғанда, қоямыз бет.
Шырағым, Нарқызылды таза сақта.
Ер сыналар бір сапар, не қылсаң, жет!

– Түсіндір бұл сөзіңді Төлеге айтып,
Рұқсатсыз би атамнан кетем қайтіп?!
Егер-им биден рұқсат (лұксат) алып (алыб) берсең,
Мен онан тоқталмаймын бойым тартып.
Төлеге Бөкен қонды ақылдасып,
Аңғал батыр олжаға көңілі тасып.
Сабалақты жорыққа жібермекке,
Биінен қайт­ты үйіне үзделесіп
(уағдаласып).
Жаз шықты, жер жүзінің нұры еніп,
Бөгенбай жұрт­ты жиды хабар беріп.
Сабалаққа сәлемді үсті-үстіне,
Айтып жатыр: «Жет»,– деп келіп.
Қам қылды бала сонда: «Жүре­йін деп,
«Ұрыс, соғыс, төбелес көре­йін!» – деп.
«Көп алдында жарқырап көзге түсіп,
Жекпе-жек бір майданға кіре­йін!» – деп.
Жаратып жүруші еді Нарқызылды,
Найзаны толғамалы білекке ілді.
«Құдай жалғыз, мен жалғыз, арман не?!» – деп,
Шеру тартқан қосынмен жүре берді.
Жымыра тымақ байланған бозбалалар,
Күні-түн ақ сүңгіні қолға алар.
«Жекпе-жекте өлтірсек, қазымыз!» – деп,
Ешбірі көрінбейді жанын аяр.
Екі қол ерге келіп қарсыласты,
Сабалақ көтеріліп, көңілі тасты.
Екі жақ жекпе-жекті ұнатысып,
Ер таңдап шығаруға сөз байласты.
Бұл жолы қазақ кегін алмақ еді,
Ерініп үйде бір жан қалмап еді.
«Ақ табан шұбырындыда» елді шапқан,
Қонтажы Уса Серен Қалмақ еді.
Қалмақта батыр шықты
бір қасқа ат­ты,
Қазақтан барғандарды табандат­ты.
Жекпе-жектен онды алды жүреміте
Оған қарсы баруға жан батпапты.
Қазақтың бір қысылып қалған жері,
Жекпе-жекте қалмақтың алған жері.
Ақырды Әбілмәмбет қолға қарап:
Шіркіннің құрыған ба арманда ері?!
Құр ғана Бөгенбайдың сүлдесі тұр.
Егде тартқан, соғады кеудесі құр.
Сабалақ:
– Мен барам! – деп ыңғайланды,
– Бөке, сен батаңды бер, қызықты көр!
Жетелеп атын жаяу ханға келді,
«Жап-жас бала екен!» деп аяп тұрды.
– Алатауға Қазығұрт не қылмақшы?!
– деп қалмақ ана жақта сақ-сақ күлді.
Жымыра тымақ байланған, сүр шекпенді,
Түйе жайған форым (форма) жоқ бұрынғы енді.
Екі көзін қан басып, ашу кернеп,
Әбілмәмбет патшаға жетіп келді.
Сұп-сұр боп, қалшылдаумен ұртын
шайнап,
Өн-жөнін босатады белін байлап.
Қыпша бел, жауырынды, биік қабақ.
Анда-санда қарайды жауға бойлап.
Пысқырып астында аты жер тарпиды,
«Тез жүрейік дегендей сөзді қой-лап!»
Қол жайып бата берді Әбілмәмбет,
Жұрт тұрды: «Әмин деп, а, Құдайлап!» –
Қолда найза, белінде қанжар, садақ,
Топтан шыға жөнелді: «Абылайлап!»
Қасқа ат­ты бұған қарсы келді қалмақ,
Жан екен бір кісіге о да салмақ!
Жыңғылдай өзі тағы кәрі ит екен.
Айласы қиын екен күшпен алмақ.
Ол заманда кезексіз ұрысқан шам,
Не қылса да, біреуін түрт­ті ғой қан!
Қалмаққа кезек беріп қарап тұрды:
– Батырым, күшің болса, қалма,– деп қам!
Антұрған аямады тура салды.
Қу екен қан қақсатқан талай жанды.
Төс сүйекке шақ ет­ті шар темірдей:
«Қалай өлмей қалды?» – деп қайран қалды.
О да берді кезегін шыдап тұрып,
Толғанды: «Түсірем деп, қалайша ұрып?!»
Өндіршектен найзамен табандат­ты,
Жылт етіп көк желкеден шықты кіріп.
Қалмақты жерге салды қорқыратып,
Жығылды өне бойы қанға батып.
Сүйекке қалмақ жақтан кісі шапты,
Өз заңынша барабан даңғыратып.
Он кісі қалмақ келіп төбелесті,
Қазақ, қалмақ күжірейіп, дүрілдесті.
Өңгеріп ап кетуге бермеген соң,
Ұстап ап алдарында басын кесті.
Беліне байлап алды айдарынан,
Тастамай ат-тоннан түк-сайманынан.
Бұрынғы Сабалақ деп ойлар емес,
Қараса, жан шошырлық айбарынан.
Түк қыла алмай
қашысты келген кәпір,
Дүрілдетіп келеді біздің батыр.
Қолда жетек, қан болған үсті-басы,
Бас жанында сапылдап келе жатыр.
Басты (ханның) алдына тастай берді.
Кім сыйламай тұра алар мұндай ерді?!
Үймелесіп, жиылып қазақ біткен,
Айран-асыр (хайран-асыр)
қалумен басты көрді.
Сонда: «Бастың пішіні: ауызы табақтай, азу тісі таяқтай. Құлағы жарты қарыс, мұрыны қолағаштай. Екі көзінің шүңірейген шұңғылдығы сусын қандырарлық аяқтай!» дескен екен.
Қасына батырларды ертіп алып,
Ерлігіне шыдамай, шын долданып.
Қалмаққа «Абылайлап!» қайта тиді,
Опар-топар өгіз, ойран салып.
Біраздан соң қалмақтар жөнеп берді.
Сабекең көбін шаншып түсірді енді.
Олжаға әбден кенеліп қазақ байқұс,
Бір тарқат­ты іштегі қаткан шерді.

Қалмақтың осы батырының атын біреу Сару дейді, біреу – Шырыш дейді. «Қалдан Шерінің» інісі еді деседі. Жауға шапқанда, «Абылайлап» шапқандығынан. «Қанішер Абылайдың» ұрпағы екендігін біліп, Әбілмәмбет патшаның да қорыққаннан көтені лүпілдесе керек. Осы жорықтан қайт­қан соң: «Бақ та өзіңдікі, тақ та өзіңдікі! Жүр. Түркістанға!»–деген екен.
Бұ да ол сөзге иланып (инанып). Түркістанға бармапты. Әбілмәмбетке сенбеген соң. Төле биге де сенбей, қасында бір Оразаулық сарт жолдасы бар. Сарыарқаға шығып кетсе керек. «Қанішер» Абылайдың әз Тәуке ұрпағына естен қалғысыз қылған залалкерде болғандығынан, о да, бұ да айта берген соң, елеусіз болып қашып кетіпті.
Өлеңмен сөйленген сөз бұрынғы заманның шайырлары сөйлеген сөз болса керек:
Ауызға ерте ілініп, көзге түсті,
Ісі көп талай жерде көкейкесті.
Әбілмәмбет Төлемен үйлесе алмай,
Орта жүзге шығуға көңілі көшті.
Көп жаңғалақ әрқайда көңіл бөлді.
Шын жанашыр таба алмай
жұрт пен елді.
Оразаулық деген сарт жолдас болып,
Сарыарқа салқын самал қырға келді.
Қыдырма қонақ болып әр ауылға,
Малға бай, пейілге кең бар ауылға.
«Шын пұсырман,
пейілі кең екен!» – деп,
Орнығыпты Атығай, Қарауылға.
Аямай, жау дегенде, шыбын жанын.
Талайдың бұрқыратып бастан қанын.
Қолына құрық алып,
баға берді Қарауыл:
Дәулеткелді байдың малын,
Жылқыны түп көтере қалмақ алды,
Қазақ біткен ат­танып, қуып барды.
Қалмақтың қамалы мен шебін бұзып,
Тағы да «Абылайлап», топты жарды.
Көрініп жұрт көзіне түсіп қалды,
Қалмақты тып-тыйпыл қып,
шауып алды.
Қуанды қазақ біткен судай тасып:
«Таптық, – деп.
Қолға түспес бақты жанды!»
Қазақтан қыбырлаған қалмалы жан,
Бұл сөзімде жалған жоқ, шын,
бұған нан!
Атығай, Қарауылдың ортасына,
Алты орда ақ үй тігіп, көтерді хан.
Алты үйге орнатыпты алты қатын,
Түгел қып хандық, сәулет,
салтанатын.
«Құт­ты болсын!» – десіпті қариялар,
Мөр басып,
бекіткендей Абылай атын.
Каракерей Қабанбай батыр басы,
Қанжығалы Бөгенбай үй жолдасы.
Ақсақалдар қол жайып, бата берді,
Қазақтың бірден шулап кәрі-жасы.
Бақ құсы бала жастан басында екен,
Оразаулық деген сарт қасында екен.
Уылжыған уыздай бала күні
Дәл сол күнде жиырма жасында екен.
Қол бастап ат­танған-ды талай
жауға,
Қазаққа көп түсірді олжа, сауға.
«Хан ордасы болуға лайық жер, – деп,
Қондырды жұрт көтеріп Көкшетауға.
Өстірді қойдай бағып күң мен кұлды,
Жетіліп түпсіз, тексіз кісі болды.
«Төрен күт», – деген сөзден
төлеңгіт боп,
Ел болып алды-алдына
халық бір толды.
Тіпті жоқ ол уақыт­та қожа, молда,
«Ер қаруы – бес қару» тегіс қолда.
Жалаң аяқ Аштар мен Нияз қожа,
Кереметпен көрініп шыққан сонда.
Бұл қазақ тәубесінен жаңылмаған,
Басқа жұртқа бас иіп бағынбаған.
Хат танып, хат жазатын хатшылыққа,
Исі қазақ ұлтынан табылмаған.

Сарт, ноғайдан жалдама хатшылар орыс патшасына, Шүршіт патшасына жазған хат­тарында басқа патшалардан пара алып, солардың пайдасын келтіре берген. Сонан соң оларға сенбейтұғын болып, Сыр бойындағы қарақалпақтан хатшы таптырып алдырған екен.

Сарт, ноғайға сенбеген
жүрген шарлап:
«Бұралқы бұзады, – деп, –
жұрт­ты қарлап!»
Бір хатшы Қарақалпақ Сыр бойынан
Ат­тай таңдап, атандай алған арнап.
Садақ белде дап-даяр, найза қолда,
Ат белдеуде тұрады, түйе қомда.
«Елді қортық деген сөз,
қойды шартық» –
Жұрт аузында мақал боп,
қалған сонда.
Шүберекке түйілген жан болыпты,
Ұйықтап жату жігітке шам болыпты.
Сөйтіп, Абылай артылып (аз теліп)
алапаты.
Қырық сегіз жыл қазаққа хан болыпты.
Кімге тұрған баяндап дүние жалған?
Аруақты ердің артында аты қалған.
Алпыс сегіз жасында жұма күні,
Құса болып жарылып, дүние салған.
Он жеті қатын, отыз ұлды болған,
Бір көшеге сыймайтын құлды болған.
Қазақта тіпті Абылайдай хан
болған жоқ,
Орыс пенен шүршітке құнды болған.
Кенже тоқал баласы Қасым еді,
Басқасынан сідігі асыл еді.
Кенесары, Наурызбай, Ер Саржандар,
Кеше Абылайдың аруағын шашып еді.
Қазақтың алты ауызды аласынан,
Көше қашты Сарыарқа даласынан.
Өрісі ұзай алмай қырғын тапты,
Алатауда қырғыздың баласынан.
Хан Абылай үйге тіреу, сырық болған,
Ұрса – шоқпар, ұстаса – құрық болған.
Қырғызға Садырбала хан болғанда,
Алты ұлы бар Әйтеке жырық болған.
Сонда ол Садырбала мақтанған екен:
– Қазы Мәмекті алдым,
Әлібек-Шолақты алдым,
Көкжал Барақты алдым.
Арқада Абылай деген
кәрі сарты бар дейді.
Ол маған не қылады?!– деп.
Абылай хан бұл сөзін естіген соң, үш жүзге жар шақыртып, алаш ұранды қазақтан жан қалдырмай: «Қыл құйрық!» – деп ат­танып, Шу мен Таластың бойына барып, Садырбалаға елші жіберді дейді:
– Қара болса, қатынша бұғып қалсын! Хан болса, қасқиып шықсын! – деп.
Онда Садырбала мәулет сұрады дейді:
– Әр рудан басты-басты кісі алып, пәлен айдың пәлені күні өзім көрініске барайын, тарту-таралғысы мен қонағасысын беріп қайырайын! – деп, жайылып жастық, иіліп төсек болып, елшілерді кайырды да, қырғызға: «Жиылсын!» – деп, кісі шаптырып, бұлар: «Елдесуге келеді ғой!»– деп, бейғам жатқанда, қара құрт­тай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, жалғыз күнде қырғыздың үйіліп-төгіліп келіп қалғанын бір-ақ біліп сасайын деді.
Сол күнде қазақтың өзінен шыққан Кіші жүз – Керейіт: Сарысопының баласы Жалаңаяқ Әшдер (Аудер) деген диуана Созақта жүреді екен. Абылайдың алдына оқтай ұшырап қалғанда:
– А, Жалаңаяқ, бұрын олай жүрсем, былай жүрсем: «Мынау Түркістанда Әмір Темір жасатқан ақ күмбездің иесі Әзіреті сұлтан ғой!» – деп, соған сыйынып жүруші едім. Бұрынғының: «Өлінің мыңына сыйынғанша, тірінің біріне сыйын! Мың өліден бір тірі!» – деген сөзі бар еді. Көрсет кереметіңді!» – дегенде, Жалаңаяқ Әшдер:
– Қырғыз Садырбала лепес балам еді!- депті.
Абылай:
– Ол бір бала да, мынау қазақ жұртың ғой, қаны бірге ұлтың ғой! Бір қырғыз қалай, көп қазақ қалай?! – дегенде:
– Болмас! Болмас! «Сөз тапқанға қолқа жоқ», – деп, Жалаңаяқ Әудер оң саусақтағы сұқ қолын ұртына тығып, қырғызға қарап, үш айтыпты:
– Ал шаба бер, бәлемнің өзіне бықпырт тиді! – депті.
Қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша беріпті де, қазақ көтінен қуып, Қарабалта, Соққылықтың асуына жеткізбей, көбін қырыпты. Сонда қырғыз – Әйтеке жырық қолға түскен. Алты баласының бірде-бірі қайырылып, айырып алуға жарамаған. Садырбала өзі қашып басын сауғалауменен әзер (азар) айырып алған. Абылай Карабалта, Соққылықтан асып барып, шап­пақшы болған. Мұны естіп Садырбала еліне жіберген: «Абылай: «Қарабалта, Соққылықтан аспаймын» деп уәде берсін! Біз біртайпа (тайлы) қырғызды «Ақ үйліге» берейік!» – деп. «Жабаса» деп, қырғыздың Сарy деген бір тайпа елін көшіріп, Абылайға «ақ үйліге» берген де, «Қарабалта, Соққылықтан аспаймын!» деп Абылай хат мөр берген. «Абылай аспас асу» атанғаны солайша дейді. Қос басына бір үй қырғыздан батырлар үлес, сыбаға алып, әр дуандағы Арғын пішіндегі қырғыздар солар!» – дейді. Сол қырғыздың көбі: Үйсін ішінде қалып, «Сары Үйсін» деген қырғыз бен қоныстас болып, күні бұл күнге ше­йін «Үйсін қырғыз атында қалған деседі. Қырғыз Әтеке (Әйтеке) жырыққа алты баласы алты ас берген екен. Бір баласы Қарабек. Қарабектен Жантай. Жантайдан Шабдан.

Р.S. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы – заманынан озып туған әулие, дара тұлға, көрнекті ақын, шежіреші, қазақтың халық ауыз әдебиеті үлгілерін жалықпай жинап, олардың бәрін ұрпақтан-ұрпаққа шашпай-төкпей жеткізуші, ағарту саласының белді өкілі, соңына қазыналы мол мұра қалдырған Алаштың біртуар перзенті.
Көне араб әрпінен аударылып, түрлі мұрағат­тардан жинақталып, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекет­тік университетінде әзірленіп жарияланған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858–1931) шығармаларының 20 томдығы елімізде аз таралыммен шыққандықтан, көпшілікке қол жетімді болу үшін 9-томында жарияланған «Абылай хан» туралы дастанды оқырман назарына ұсындық. Газетіміздің келесі санынан бастап, «Кенесары-Наурызбай» туралы дастанды жариялайтын боламыз.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.07.2025 | 19:39

абылай арғынның бір-екі ауылына хан болды екен деп бүкіл қазақты былғаудың қажеті қанша. ол хан емес, қатардағы сүлтан дәрежесінде

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір