Маңғыстауда түркі әлемінің жас қаламгерлері бас қосты

«Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында түркі жас қаламгерлерінің халықаралық фестивалі өтті.
Жиынды Ақтау қаласының әкімдігі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды.
Фестивальдің басты мақсаты — түркітілдес мемлекеттердің жас әдебиет өкілдері арасында шығармашылық байланысты нығайту, қазіргі заманғы әдебиеттегі жаңа есімдерді таныту, жас қаламгерлердің көркемдік ойлау көкжиегін кеңейтіп, олардың туындыларын халықаралық кеңістікке шығару. Фестиваль қонақтары әуелі «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жазушының рухына тәжім етті. Одан соң Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өлке тарихына қатысты жәдігерлермен танысты.
Шара Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханада өткен әдеби форуммен жалғасты. Жиын тізгінін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов ұстады.
– Фестивальдің басты мақсаты – түркі жас қаламгерлерінің шығармашылық ынтымақтастығын дамыту және ортақ рухани құндылықтарды насихаттау. Сондай-ақ «Проза», «Поэзия», «Драма» жанрлары бойынша өткізілген байқауға аталған елдерден 59 талапкер өтінім беріп, қазылар алқасы олардың арасынан 12 жүйрікті анықтады. Фестиваль аясындағы шығармашылық байқау жабық түрде өткізілді. Байқау қорытындысына өздеріңіз куә боласыздар, – деді Мереке Құлкенов.
Форумды Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов құттықтау сөзімен ашты. Бұдан кейін баяндамаларға кезек беріліп, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан «Көркем әдебиет және түркі әлемі», ақын Шерхан Талап «Түркі елдері әдебиетінің байланысын нығайту және жастар әдебиетін қолдау», жазушы Ырысбек Дәбей «Қазіргі түркі әдебиетіндегі аударма мәселелері», ақын Асылан Қуанышұлы «Заманауи түркі халықтары поэзиясы және Цзян Жуңның «Бөрі Тотемі» кітабы», ақын, Yessenov University аға оқытушысы Бақтыбай Жайлау «Әбіш Кекілбайұлының түркі дүниесіне қызметі» тақырыбында сөз қозғады.
«Бұл жиын күнара көрсе де, ертесіне бірін-бірі сағынып бастайтын бауырлардың қауышуымен де қымбат. Тұран бірлестігі, түркі әлемінің тұтастығы деген мәселе маған қайта ұмтылыс болып көрінеді. Әлемді байланыстырып тұратын Құдайдың нұрынан бөлінген рух деген алтын жіп бар. Сол жіпті үзіп алмай жалғап тұрған – әдебиет, оның ішінде адамзатқа құндылықтар сыйлаған түркі әдебиеті. Түркістандағы көк күмбездің астында мәңгі тірі жатқан Әзірет Сұлтаннан басталатын сопылық поэзияның өзі адамзат рухын қанша биікке көтергенін көзі ашық кез келген адам біледі. Соның ізі қазақ әдебиетінде, Орталық Азия әдебиетінде үзіліп қалып еді, қайтадан қазір сол тінге жалғана бастадық. Раиса Қадір қарындасым басқаратын баспадан (Steppe&World баспасы) шыққан Элиф Шапақтың шығармалары сол алтын жіптің жалғасындай болып көрінеді. Бұл мұра қазақ әдебиетіне табысталып жатқан сияқты», – дейді ақын Светқали Нұржан.
Фестиваль аясында әдебиетшілер байқауы ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттерінен 20–40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысуға мүмкіндік алды. «Проза», «Поэзия», «Драма» жанрлары бойынша өткізілген байқауға аталған елдерден 59 талапкер өтінім беріп, қазылар алқасы олардың арасынан 12 жүйрікті анықтады.

Қазылар құрамында жазушы, драматург, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы, республикалық «Простор» журналы проза бөлімінің меңгерушісі Татьяна Баканова, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, ақын, аудармашы, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер болды.
Фестиваль аясында үш номинация бойынша үздіктер анықталды:
Поэзия:
• Шерхан Талап (Астана) – I орын
• Мирас Асан (Астана) – II орын
• Олжас Қасым (Абай облысы) – III орын
• Дүйсенәлі Әлімақын (Астана) – арнайы диплом
Проза:
• Нұрбек Нұржанұлы (Меркі) – I орын
• Қанат Алтынбеков (Алматы) – II орын
• Жавлон Жовлиев (Өзбекстан) – III орын
• Ғалымнұр Кәдірбай (Астана) – арнайы диплом
Драматургия:
• Мұрат Қолқанат (Алматы) – I орын
• Есентүгіл Асылзат (Астана) – II орын
• Шавкат Дўстмуҳаммад (Өзбекстан) – III орын
• Довлетмурат Караев (Түрікменстан) – арнайы диплом
Форум соңында фестиваль жүлдегерлері марапатталып, оларға ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар, дипломдар мен қаржылай сыйақы табысталды.
Сондай-ақ фестивальге ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының бас үйлестірушісі Мұрат Кахраман (Түркия), ТҮРКСОЙ Бас хатшысының көмекшісі Сабырбек Бөрүбаев (Қырғызстан), ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева, ақын, жазушы, «Steppe&World publishing» баспасының бас редакторы Ырысбек Дәбей, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері Ербол Алшынбай, ақын, «Steppe&World publishing» баспасының редакторы Асылан Қуанышұлы қатысты.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері мұндай фестиваль өңірде алғаш рет өткізілгенін айтты. «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында мәдени шараларды өткізу жалғасатынын жеткізді.
ПІКІРЛЕР6