Ұлт­тық өнерімізді ұлықтаған сапар
13.05.2025
120
0

«Ел іші өнер кеніші» демекші, Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы Алматы облысының Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек, Жаркент және Есік қалаларына сәуір айында гастрольдік сапармен барып қайт­ты. Халқымыздың асыл мұрасы ұлт­тық өнерімізді ұлықтаған сапарда театр өнерпаздары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, елмен қауышқан ерекше сәт­терге толы болды.

Театрдың ерекшелігі қойылымдардың барлығы тек жанды дауыста және 20-дан астам ұлт­тық аспапта шебер ойнайтын «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен көрерменге ұсынылды. Труппа құрамында «Алатау» би ансамблі, ақындар, дәстүрлі ән орындаушылары және талант­ты жас актерлер өздерінің өнерлерін көрсет­ті.
Театр осы сапарында дәстүрлі өнеріміздің барлық бағыт­тарын ерекше қырынан көрсететін «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші, өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін «Әгугай мен Игигай» ат­ты ертегілік қойылымы сынды көрерменнің көңілінен шыққан әр жанрдағы қойылымдарды көрсеткен болатын.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлт­тық дәстүріндегі «Алтыбақан» жастардың басқосуына арналған. Ауыл сыртында кұрылған «Алтыбақан» жастардың кешке ойын-сауық құратын жері болған. Жазғы күнгі айлы түнде қыздар мен бозбалалар жұптасып, алма-кезек ауысып, тербелушілер ән бастағанда тамашалаушылар да қосылып, ән шырқалған, күй тартылған, би билеген. Жігіт­тер мен қыздар екі топқа бөлініп айтыс ұйымдастырған. Айтылатын әндер негізінде көңілді, рухты, әзілмен көмкерілген назды болып келеді. «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші – жастарға арналған тамаша дәстүрімізді бар қырынан көрсететін қойылым.
Әннің де өз құдіреті бар екені сөзсіз. Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен қазақтың дәстүрлі ән өнерінде орындаушылық, әуендік, құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты шарт­ты түрде бірнеше мектеп қалыптасқан. «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешінде бес мектеп бойынша (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарбағатай) попури айтылады. Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш ордашылардың гимні де шырқалатынын ерекше атап өткен жөн. Музыкалық қойылымның мақсаты – жастарға арналған тамаша дәстүрімізді бар қырынан көрсету болды.
«Әгугай мен Игигай» – халық ертегілері желісі бойынша құрастырылған, балаларға арналған музыкалық ертегі-шоу. Заманауи үлгідегі ерекше формадағы балаларға арналған қойылым салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызбен астарланған ертегілер өскелең ұрпаққа керек ұлт­тық тәрбиеге негізделген.
Еліміздегі дәстүрлі өнер бағытындағы бірден-бір театр тек Алматы қаласымен шектеліп қалмай алдағы уақыт­та Жетісу облысы, Оңтүстік пен Шығыстағы облыстарды қамтитын гастрольдік сапармен баруға дайындалып жатыр. Дәстүрлі өнер – ұлт құндылығы. Ұлт­тық құндылықтарымызды бойымызға сіңіру арқылы ғана өзіміздің болмысымызды сақтап, дамыған елдердің алдыңғы қатарына шыға аламыз.

Ардақ БЕРКІМБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір