ҚАЗАҚҚА ТӘН ДЕРТ ПЕ?..
25.02.2025
58
0

Ел арасында кей сәт­те айтылып қалатын «Қазақтың жауы – қазақ!» деген пікірді сиректеу болса да естіп қаламыз. Сол сөз неге олай айтылды екен деп ойланатынымыз бар. Бірақ өмірдің біраз белесінен өтіп, көрген-білгенімізді сараптап, ой-санамызды зерделеп отырсақ, ол сөздің бекер айтылмағанына көзіміз жетеді. Адамдар арасында бақталастық, көреалмаушылық, күншілдік, күндестік, іштарлық, қызғаншақтық деген түсінік ту сонау ертеден-ақ бар емес пе? Сол жағымсыз пенделік қылық, сезім, теріс әдет әсіресе біздің қазақтар арасында ерекшеленіп тұратыны несі? Неге өзара өшпенділік бізде басым? Сол жағымсыз әдет біздің қанымызға сіңген әдет пе? Неге ол біздің ортамыздан жойылмайды? Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, зиялы қауым ішіндегі беделді азамат­тар бұл жөнінде не ойлайды екен деп ой қуып кете бересің…
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақ­стан»-да (26.04.2024) журналист Назерке Жұмабайдың қазақтың танымал режиссері Сәулебек Асылханмен жүргізген сұхбаты жарық көрді. Сұхбат кейіпкері қазақ театры жайлы бүкпесіз ойын, әріптестері жайлы іштегі толғанысын айта отырып, бір жерінде «…Бүгінде «қайталанбас актер, классик» деп аузымыздың суы құрып, тамсана естелік айт­қанымызбен, Әнуардың (Молдабековтің. – С.О.) да өмірдегі өкініші, өнер жолында көрген қиянаты көп еді ғой. Қалай, десек те, тоғышарлардың ортасында таза әрі талант­ты болып өмір кешу қиын. Әнуардың өкінішке толы арманда кеткен өмірі соның айғағындай сезіледі кейде. Оны айтасыз, Мәмбетовтің (атақты режиссер Әзербайжан Мәмбетов. – С.О.) өзін табанға салып таптамады ма сол күншіл топ?!. Қырық жылдан аса қызмет етіп, өлмес өнер тудырған Әзекең өмірінің соңында туған театрынан қуылып, далада қалды емес пе? Өз ішінен іріткі шығарып, талантын табанға таптағандардан басқа не күтуге болады? Осы оқиғадан ке­йін Әзекең қайта қалпына келе алмады, бұрынғыша буырқанып, бейнелі ойларын сахнада айшықтай алмады. Рас, кезінде «Халық қаһарманы» атағын алып, елордаға қоныс аударып, Қ.Қуанышбаев атындағы Академиялық қазақ музыкалық драма театрының тізгінін қолына алды. Бірақ бұрынғыша кеудесін жазып, кеңінен көсіле алмады. Себебі ең ауыр соққы – жаныңда жүрген, сенім артқан жақындарыңның сатқындығы, екіжүзділігі ғой. Осы оқиғадан ке­йін суреткер жаны қайта гүлдей алмады. Шабыты ішінде жатып тұншықты. Қазақ қадіріне жетпей, осылай талай талантын өлтіріп алды емес пе?..»
Барлығы рас. Айтылған ащы шындықты орынды қабылдап, мойындағанымыз жөн. Ойлап отырсақ, біріміздің жетістігімізді біріміз көре алмай, интеллектуалдылығы жағынан, өнері мен білімімен озып тұрған талай талантты жандарды мойындағымыз келмей, өзімізбен-өзіміз жауласып, бері тартқанды кері тартып, ішімізде қызғаныш оты кү­йіп-жанып, сөнбестей алаулап, аяғынан тартып-шалып жүретін теріс қылығымыздың азабын кім көрмеді? Одан біз не ұт­тық? Қызғаныш пен көреалмаушылықта пайда да, қуаныш та жоқ емес пе?.. Өткенге көз жүгіртсек, ерекше дарынды қазақ ғалымдарының, жазушылардың, өнер қайраткерлерінің «жауы» аз болмаған. Қолдан келгенше оларды, әйтеуір, бір себеп тауып сүріндіруді мақсат еткен қара пейілді жандардың аз болмағанын тарихтан жақсы білеміз. Тіпті ғұлама хакім Абайдың өмірі де мамыражай, тыныш, жайбарақат, «тәт­ті жұмақ» болды деуге аузымыз бармайды. Неге нәзік жүректі, жаны жараланғыш керемет дарын иелері қызғаныш пен күншілдік құрбаны болып жатады? Сырт­тан ғайбат­тау, қаңқу мен сыбыс тарату, өтірік пен өсек – күншілдердің басты қаруы.
Бүгіндері заңғар жазушымыз деп мақтанышпен айтып жүрген Мұхтар Әуезовтің өмірі теп-тегіс, шуақты, кедір-бүдірсіз болды деу артықшылық. Қазақтың жезтаңдай әншісі Күләш Бәйсе­йітова, ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев және басқалар қызғаныштың ыстық шоғына түспеді, отына күймеді деп кім айтады? Ұлт­тық әдебиетіміздің төрінен орын алған «Көшпенділер» тарихи трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннің еңбегі уақтысында орынды бағаланып, Лениндік сыйлық алайын деп тұрған сәт­те, артынан өз қандастарымыз Мәскеуге домалақ арыз түсіріп, барынша жамандап, арыз-хат­тармен жолын кескенін неге жасырайық. Бүгіндері жазушылық шеберлігін әлем мойындаған көрнекті жазушыларымыз Тәкен Әлімқұлов пен Бердібек Соқпақбаевтың еңбектерін көздері тірісінде неге бағалай алмадық? Бұл жерде де қазақтың бар нәрсені дер кезінде бағалай алмайтын, ке­йін «әт­тең, әт­тең-ай!» деп кеш өкініп жүретініміздің бір көрінісі.
Ұлтжандылығымен, отаншылдығымен елдің есінде қалған аса шебер ұйымдастырушы, көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков неге өмірінің соңғы жылдарында елеусіз, ескерусіз, «көлеңкеде» қалды? Мемлекет­тік Әнұранымыздың (Гимніміздің) авторы, жүздеген тамаша сырлы ән жазған, ел арасында «вальс королі» атанған зор талант иесі Шәмші Қалдаяқовқа көзі тірісінде нендей құрмет көрсет­тік? Мемлекет басшылары оның еңбегін дер кезінде бағалай алды ма? Ой таразысынан өткізсек, өкініш ішті өртейді.
Италияның Ла-Скала опера театрында өнерін жетілдірген алғашқы қазақ әншісі, таңғажайып дауысты өнер тарланы Амангелді Сембинді және ерекше қайталанбас дауысы бар опера әншісі, КСРО-дағы тұңғыш контртенор, таңғаларлық шеберлік-қабілетімен әлемдік Гиннесс рекордтар кітабына енген Ерік Құрманғалиевті кезінде орынды бағалап, төрімізге оздыра алмағанымызға не себеп? Жарқырап туған екі өнер жұлдызын өз қолымызбен тұншықтырып, сөндірмедік пе? Құдай жарылқап, көршіміз Қытайда өткен әлемдік өнер жарысында әншілік дауысы шетелдік өнер саңлақтарымен мойындалмаса, қазіргі мақтанышымыз Дінмұхаммед (Димаш) Құдайбергеннің өнердегі жолы не болар еді? Оның талантын кезінде елімізде мойындағымыз келмей, тосқауыл қоймақ болғандар табылмады ма?
Таэквондо және де басқа шығыс күресімен айналысатын және сол спорт түрлерімен қызығатын көпшіліктің есінде қалған таэквондодан әлем чемпионы, қара белдіктің 6-дан иегері, әлемге әйгілі спорт шебері, қазақтың біртуар ұлтжанды азаматы Мұстафа Өзтүрік «Елім», «Отаным», «Атажұртым» деп қанат­танып, ерекше сезіммен Қазақ­станға келгенін білеміз. Қысқа мерзімде еліміздің бірнеше аймағында өз мектебін ұйымдастырып, көптеген талант­ты жастарды спорт аренасына шығарып, чемпиондар дайындады. Өкінішке қарай, Мұстафаны көре алмайтындар, іштен шалатындар, бақталастар пайда болып, оның өмірден ерте кетуіне себепкер болды деген пікір осы күнге де­йін жиі айтылады.
Зиялы қауым қатарында жүрген қаламгеріміздің, белгілі жазушыларымыздың арасында да бір бітпейтін айтыс-тартыс қанша уақыт­тан бері жалғасып келе жатқанын көріп, қазақтарда неге бірлік жоқ, неге бірімізді біріміз аяқтан шалып, жардан құлатуға, көк есекке теріс мінгізуге дайын тұрамыз деген ойға кетесің. Тіпті мүйізі қараға­йдай көрнекті жазушыларымыз кейде трайбализмге жол беріп, анда-санда аға­йындар мен жазушылар арасына шоқ тастап, елді алакөздендіріп қоятыны несі? Оларға Құдайдай сеніп жүрген халық ертең не дейді? Ел сыйлайтын қаламгерлерге осы теріс, жағымсыз тірліктері жараса ма?
Көпшілік болып бүгіндері 125 жылдығын кеңінен атап өтіп жатқан, ұлт­тық ғылымымызды «алға сүйреген», әлемге есімі танымал болған аса дарынды тау тұлғалы ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмір жолына зер салсаңыз (жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» және т.б. кітаптарымен таныссаңыз, ол туралы түсірілген кинофильмді көрсеңіз), оның да «тар жол, тайғақ кешкенін» ұғасыз. «Ол күмәнді «Едіге батыр» жырын ел аузынан жазып алған, қазақтың 25 әнін музыка зерттеушісі А.Затаевичке артынан Мәскеуге арнайы іздеп барып жаздырған, ол тым ұлтшыл кісі» деген айып тағылып, қуғынға түспеді ме? Қазақтың маңдай алды ұлтжанды азамат­тарының бірі – аса көрнекті ғалым-академик Евней Букетовтің де қадіріне жетпей, еңбектерін дұрыс, өз дәрежесінде бағаламай, қуғындап, мүйіздеп, аяғынан шалып, орынсыз оңды-солды арыздар ұйымдастырып, жүйкесіне салмақ салып, денсаулығына залал келтіріп, өмірінің қысқа болуына себепкер болған тағы да өзіміз екенін жасыра алмаймыз.
Күн жарықта шаммен Дінмұхаммед Қонаевтың қайраткерлігінен көлеңке іздейтіндер, оның тіпті руына, ұлтына күмәнмен қарайтындар әлі де ортамызда жоқ емес. Қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың қызметін де қайта-қайта жөнсіз тіміскілеп, «ревизия» жасап, тырнақ астынан кір іздегендей, оны қазақ ұлтына жау, қастандық жасаған етіп көрсеткілері келетіндер анда-санда бой көрсетіп қалады. Тіпті Алматыдағы «нархоз» (халықшаруашылық) институтынан оның атын алдырып тастаған масқара тірліктеріне не деуге болады? Не үшін, кім үшін? Оларды басқалардың алдында әшкерелеп, бірімізді-біріміз шұқи бергеннен не ұтамыз? Неге оларды қаралап, еңбектерін жоққа шығарып, өткен кезеңдегі тарихымызды қайта жазғымыз келеді де тұрады? Одан басқа жазар мәселе, айтар іс қалмады ма?
Еріксіз 1937–38 жылдардағы репрессияда ұлт мұраты жолында жанын салған ұлтшыл арыстарымызды қынадай қырған жауыз жүйенің тырнағына ілінгендердің тағдырын еске аласың. Репрессияға ұшырап, үштіктің үкімімен атылып кеткен 25 мың қандасымыздың сол жағдайға ұшырауының біраз бөлігіне өзіміздің себебіміз болмады ма? Қанша айтулы білімді азамат­тарымыз күншілдіктің, қызғаныштың құрбаны болғаны бір Аллаға аян. «Аға­йынның ішінде бір жақсысы бар болса – түртіп оны көре алмас, басқа қиын іс түссе – ел қыдырып таба алмас», – деп Шернияз Жарылғасұлы қалай тауып, мірдің оғындай етіп шегелеп айт­қан!
Иә, күншілдік, күндестік деген адам мінезіндегі көреалмаушылықты, қызғаншақтықты білдіретін жағымсыз қасиет артымыздан қалмай, неге ғасырдан- ғасырға жалғасып келеді? Күншіл адам өзгелердің қол жеткізген табыстары мен атқарған ісінің оң нәтижесіне қызғанышпен қарап, оларды жақтырмай, сыртынан өтірік өсектер таратып, қанша адал, жаны таза адамның обалына қалды? Ауыр ой тереңге тарта береді…
Мұсылман хадистері бойынша, өзгенің мүлкіне көз салу, біреудің жетістігіне теріс ниет­те болу, өзгенің артықшылығын көре алмау – дені дұрыс адамға тән емес. Ежелгі Мысыр жазбаларында: «Қызғаныш – пенде бойындағы жексұрындықтың ең сорақысы» деп жазылыпты.
«Қызғаныш – жүректің уы» деп француз жазушысы Франсуа Вольтер айтпақшы, біреудің артықшылығына көзін сүзіп, «қайткенде оған жамандық келеді» деген теріс пиғылмен жүрген пендені кім деуге болады? Кейде қызғаныш, көреалмаушылық, бақталастық кейбір адамдардың бойындағы жазылмас дерттің бірі ме екен деген ойға келесің. Сөйтесің де, оған жауап іздеп дал боласың. Егер ол жағымсыз пиғыл, теріс мінез адам бойына жабысқан дерт болса, оның емі не? Ол туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Біздікі сол көп ойды санамыздың сүзгі-елегінен өткізіп, көпшілік арасында осы бір келеңсіз пенделік мінезімізді қайтып жоямыз деген ой тастау еді.
Психологтер қызғаныштан арылуға мынандай қарапайым кеңестер береді: әркім өзінің кемшілігін мойындап, артықшылығын біліп, ортамен сыйластық қарым-қатынаста болуы керек; өзінің әр қадамын екшеп, біреуді «аңдығаннан» гөрі, өз бойындағы кемшіліктерді түзетуге көбірек көңіл бөлу; өмірде жақсылыққа ұмтылу, тіршіліктің жарқын жағына көбірек мән беру; біреудің қабілеті сенен артық болса, оған зиян жасама, достасуға тырыс, жақсылық үйренесің; егер кісі өзін кәсіби және рухани тұрғыда әрда­йым жетілдіріп отырса, оның басқаларды қызғануға уақыты болмайды; өзгелерге жақсылық ойлай білу; өзгенің қуанышына қуану; ең бастысы, қызғаныш адам денсаулығына зиянды екенін білу және одан сақтану.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында 2024 жылдың наурыз айында өткен Ұлт­тық құрылтай отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ат­ты сөйлеген сөзінде:
«…Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өт­ті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиет­терді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу – түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айт­қым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет», – деп қадап айт­ты.
«Күншілдің күні қараң», «Қызғаншақ қызыл итке жем болар», «Күншіл адам – мұңшыл», «Екі қарға таласса, бір құзғынға жем болар» деген көпшілікке ой салар қазақта мағынасы ерек мақалдар бар. Ендеше, біз осы жағымсыз дәстүр қызғаншақтықтан, көреалмаушылықтан, іштарлықтан, бақталастықтан қашан арылар екенбіз?
Әй, қайдам, әзірше бұл сұраққа жауап табу жеңіл емес-ау, сірә… Ойланайық!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымының докторы, профессор,
Жамбыл облысының Құрмет­ті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір