NIS оқушылары халықаралық аренада айтулы жетістіктерге қол жеткізді
21.02.2025
140
0

 

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептің оқушылары әлемнің студенттік астаналарында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделінің қысқы халықаралық конференцияларда биіктен көрініп үш дүркін жеңімпаз атанды.

NIS оқушысы Назым Қайрат АҚШ-та өткен Model United Nations (MUN) халықаралық конференциясында үздіктер қатарынан табылып, “Honorable Mention” номинациясының иегері атанды. Бұл жеңіс мектеп тарихындағы осы бағыттағы алғашқы жетістік деп айтуға болады.

АҚШ-тың студенттер астанасы аталған Бостон қаласындағы әйгілі Массачусетс технологиялық институтында өткен Model United Nations халықаралық конференциясына Зияткерлік мектептің 14 оқушысы қатысты. MIT университетіндегі MUN конференциясы жоғары бәсекелестікпен танымал, мұнда әлемнің үздік академиялық жетістіктері бар, тәжірибелі дебатшылар мен болашақ лидерлер бақ сынайды. АҚШ, Еуропа, Азия, Аустралия, Африка, Латын Америкасы елдерінен келген делегаттарға бұл шара ерекше атмосфера қалыптастырып, халықаралық қатынастар мен дипломатия әлеміне терең үңілуге бірден-бір мүмкіндікті береді.

NIS оқушылары 10-нан астам комитетте климаттың өзгеруі мен тұрақты даму, халықаралық қауіпсіздік пен адам құқықтары сынды жаһандық мәселелерді талқылады. Зияткерлер өздерінің командалық жұмыс жасау қабілеттерін, дипломатиялық техникаларды, оның ішінде іскерлік ағылшын тілін қолдану дағдыларын көрсетіп, көзге түсті.

Конференцияның қорытындысы бойынша Awards Committee халықаралық төрешілер алқасының шешімімен 11 «Н» сыныбының оқушысы Назым Қайратқа табысталған номинация дипломатия саласындағы үздік жетістіктері, аналитикалық ойлау қабілеті мен талқылауларға белсенді қатысқаны үшін берілді.

Model United Nations конференциясына қатысу NIS оқушылары үшін маңызды жетістік болды:

– Бұл баға жетпес тәжірибе болды, және бізге халықаралық қатынастар саласындағы білімдерімізді нығайтуға ғана емес, сонымен қатар жаһандық білім беру желісінің бір бөлігі болуға, мәдениеттер арасында көпірлер орнатуға және болашақ лидерлер ретінде дамуға өз септігін тигізетіні сөзсіз, – деп бөлісті Назым Қайрат.

Сапар барысында, Интеллектуалдық мектептің MUN клубының жетекшісі, «Жаһанды перспективалар мен жобалық жұмыстар» пәнінің мұғалімі Айгерім Серікбаева ұйымдастырған кампус-тур барысында оқушылар Гарвард университетімен танысып, онда оқитын қазақстандық студенттермен кездесті.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS оқушылары әйгілі Оксфорд университеті ұйымдастыратын Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделінің конференциясында жеңіс тұғырынан көрініп Қазақстан туын желбіретті.

Еуропа, Азия, Американың 50 елдерінен университет студенттері мен жоғары сынып оқушылары бас қосқан тартысты пікірталас алаңында дипломатиялық шеберлік пен ораторлық қабілетімен көзге түсіп, өз позициясын жоғары деңгейде қорғап шыққан 10- сынып оқушысы Анель Иманжанова конференцияның жабылу рәсімінде Қазақстан мен NIS-тің атын шығарып “Оutstanding delegate” номинациясының иегері атанды.

Соңғы сүйінші хабар Катар елінен келді. Катар астанасы Дохада Джорджтаун университетінде өткен MUN конференциясында NIS қоржыны тағы бір беделді “Honorable Mention “ жүлдесімен толықтырылды. Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Тұрсұн Ғазиз Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделінің мыңнан аса делегаттарының ішінен үздік үштікке кірді:

– – БҰҰ моделінің конференциясына қатысу ерекше атмосфераны қалыптастырады және қатысушыларға халықаралық қатынастар мен дипломатия әлеміне енуге бірегей мүмкіндік береді. Біздің комитетте түрлі елдерден барлығы 45 делегат болды. Тек үш номинация болғаны бәсекелестікті күшейтті. Маған жеңуге не көмектесті? MUN — бұл ең алдымен көшбасшылық. Мен өз комитетіміздің көшбасшысы болуға тырыстым, өз блогымның қарарын білдіріп сөз сөйлесуге басқа делегаттарды соған лайық екенімді сендірдім,- деп бөлісті Ғазиз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір