ТЕБЕГЕНОВ ТАҒЫЛЫМЫ
26.11.2024
83
0

Темірхан Тебегенов!..
Темке!..
Қайран асыл да біртуар көрнекті оқымысты, ғұлама ұстаз жайлы тереңнен толғап әлі талай-талай жазармыз, төгіле, егіле еске алармыз. Қазақ елінің дарынды әдебиетші ғалымы осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш арыстары секілді дүрілдетіп, дәуірлетіп қандай ғаламат жұмыстар атқарды десеңізші!..

Шәкірт­тер жүрегіне білім шамшырағын жаққан білімпаз ұстаз еді. Ауыл мұғалімінен Қызылордадағы университетке оқытушы болып ауысты. Оқу-ғылым орталығы – Алматыға арман арқалап, бала-шағасын жетелеп, Абай атындағы Ұлт­тық педагогикалық университетінде дәріс бере бастады. Осында байтақ еліміздің бай кітапханасы мен архивтерінен шықпай тынбай ізденіп, филология ғылымының докторы атағын қорғады.
Жарты ғасыр ұстаз болып қаншама шәкірт­тер тәрбиеледі. Еліміздің қай түкпіріне барсақ та, қай мектеп, университетке бас сұқсақ та, алдымыздан Тебегеновтің шәкірт­тері қарсы алады. «Біз Тебегеновтен тәлім-тәрбие алған шәкіртіміз», – деп ұстаздары жайлы ардақ тұта, мақтанышпен, тебірене әңгімелейді.
Бойында дарыны бар талант­ты жастарға үнемі ақыл-кеңес беріп, көбісін ертіп жүріп ақын-жазушыларға таныстырып, жазғандарын газет-журналдарға жариялататын ізденімпаз ұстаз сонымен қатар қаламы жүйрік, ойы ұшқыр әдебиетші, сыншы еді. Моңғолия, Қытай, тағы басқа шет­елдегі қазақ әдебиетін жан-жақты зерт­теп, жеке жинақ та әзірледі. Энциклопедиялық шалқар білімін танытып, сан-салалы әдебиет, тарих, шежіре жөнінде көптеген туындылар жазды.
Мен өзім оның ғылыми зерт­теудегі ізденісіне таңғалатынмын. Жамбыл облысында Сыпатай батыр Әлібекұлы жайлы, Оңтүстік Қазақ­стан облысында ақ тулы сіргелі Жабай батыр туралы конференция өткізетін болып, соған баяндама жасауға өтініш айт­қан едім. Темкең бірден келісіп, әр дәуірдің, әр өңірдің тарихи тұлғалары жайлы 10-12 бет баяндамасын тап-тұйнақтай етіп әзірлеп берді. Бұл зерт­теуі тарихшы, қаламгерлердің тісі бата бермейтін, көп ел білмейтін құнды жәдігер, дәлелдер тауып, ойлы пікірлер айт­қанымен айрықша құнды болып, арнайы жинаққа енгізілді. Журналға жарияланды.
Тебегенов ірі жамбылтанушы болатын. Ұлы ақынның 160, 170 жылдықтарында мақала жазды. Ал 175 жылдық мерейтойында Үкімет­тік комиссия мүшесі болып, өзі істейтін университет­те Жамбыл жайлы үлкен жинақты құрастырып, жылдың басында кітап етіп шығарды. «Жамбыл Жабаев» және «Жамбыл әлемі» ат­ты 40 том жинақты құрастырып шығарғанымда да Темкең көп көмектесті. Ал оның қызы Алтын­арай Тебегенова Жамбылға жаңаша көзқараспен ғылыми кандидат­тығы атағын қорғады. Осы іргелі еңбегін тұтастай көптомдыққа енгізген едік.
Жыл сайын Жамбыл бабамыздың туған күнінде, ұлы ақын еліне бірге баратынбыз. Әр жыл сайын ХХ ғасырдың Гомері жайлы бір-бірін қайталамайтын мақала жариялайтын. Осындай ұлан-асыр еңбегі үшін Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбыл атасының бейнесі бар лауреат­тық төсбелгіні омырауынан еш уақыт­та тастамайтын. Жамбыл жылында Нұрдәулет Ақыш, Бауыржан Жақып, Алмасбек Мәуленов секілді оқымыстылармен бірге «Жамбыл жүрген ізбенен» ат­ты экспедицияға қатысып, Тараз, Шымкент, Түркістанға де­йін барып, Қырғызстанға де­йін сапарлап қайт­ты. Барған жерлердің бәрінде әсерлі баяндама жасап отырды. Ұзақ жылғы зерт­теулерінің нәтижесінде алып ақын жайлы бір том жинақ әзірлеп қойған еді.
Тебегенов – танымал түркітанушы ғалым. Ол Азербайжан, Қырғызстан, Түркия мемлекет­терінде бірнеше мәрте болып, ғылыми баяндамалар жасады. Түркі әлеміндегі үлкен еңбегі үшін ТҮРКСОЙ-дың арнайы сыйлығымен марапат­талды. Сүбелі де терең ғылыми еңбектері арқылы әлем елдеріне аты мәшһүр бола бастады. Қытайдың астанасы Бейжің (Пекин) қаласындағы Ұлт­тар университеті арнайы шақыртып, студент­тер мен оқытушы-оқымыстылар алдында айлап дәріс оқытатын.
Темірхан Тебегеновтің жетпіс жасқа толған мерейтойы өте мазмұнды өт­ті. Сол кез­дегі университет ректоры Тахир Балықбаев арнайы ғылыми конференция ұйымдастырып, онда ірі-ірі ғалымдар, ақын-жазушылар тағылымды баяндамалар жасады. Темкеңнің ұстаздығы, ғылыми зерт­теушілігі, қаламгер-жазушылығы жан-жақты зерт­телген баяндамалар жасалды.
Ал Алматыдағы Ұлт­тық кітап­ханада өткен мәжілісте Т.Тебегеновтің 14 том шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Оның он томын өзі қызмет істейтін университет шығарып берді. Бұл ұлан-асыр мол қазынаның бір данасын ұлт­тық кітапханаға сыйға тарт­ты. Мерейтой иесін құт­тықтаған құт­тықтаулар Қытай, Түркия, Моңғолиядан, еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп түсті. Ке­йін жетпіс жылдығы Қызылордадағы университет­те кеңінен аталып өт­ті. Өзі оқыған мектепте арнайы музей-сынып бөлмесі ашылды. Темкең мерейленіп, қуанып, еңбегінің еленгеніне шынайы риза болып жүрді.
Ұстаз ретінде танымдық, тағылымдық сапалы оқулықтар жазды. Талай-талай ақын-жазушылар, тарихи тұлғалар жайлы естелік эссе, ғылыми мақалалар жариялады. Қазақ­стан Жазушылар одағының және әдебиет пен өнер жөніндегі мемлекет­тік комиссия­ның мүшесі болып әдеби ортада үлкен қайраткерлік таныт­ты.
Адамның арманы таусыла ма?! Күнара дерлік бір-бірімізге телефон шалып, әйтпесе жай кез­десіп, сырласып, әңгімелесетін қайран күндер-ай!..
– Енді бірер жылда 75 жасқа келемін ғой. Соған 20 томдық шығармалар жинағын әзірлеп жатырмын, – деуші еді.
Мен оның бұл арманын сөзсіз орындайтынына кәміл сенетінмін. Рухы күшті, жан-жағына мейірім-шуақ шашып тұратын оның ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, білімі, парасат-пайымы мен адамгершілігі шіркін-ай, қандай еді?!
Аяқ астынан жарым түнде қызы Алтынарай: «Папам кетіп қалды», – деп қан жылап хабар айт­қанда, сенер-сенбесімді білмей, сенделіп, ойым онға, түсім жүзге бөлінгені-ай!..
Уақыт шіркін сырғып тоқтамайды. Тірі болса, Темірхан 75 жылдығын тойлап арамызда жүрер еді. Бірақ арамызда ақ көйлекті ақ адал дос, ғұлама оқымысты Темкең – Темірхан Тебегенов жоқ. Іздейміз, сағынамыз, оның ғылымдағы, педагогикадағы, әдебиет­тегі орны үңірейіп, бос тұр.
Ізгі адамнан із қалады…
Соңында қара ормандай шәкірт­тері қалды, міне, жиырма том шығармалар жинағы шықты. Ал баспаға дайындалған бұдан басқа бес том қолжазбасы кезек күтіп жатыр.
Темкең жайлы әлі талай-талай естеліктер, ғылыми мақалалар жазылар. Тебегенов тағылымы әлі зерделеніп, зерт­теле бермек.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір