Сатира саңлағының мерейтойы өт­ті
19.11.2024
38
0

 Жамбыл облысында белгілі ақын, сатирик Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай, «Шоқтығы биік Шона» ат­ты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өт­ті. Айтулы мерейтойға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Шона Смаханұлының жақындары мен елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарымды қаламгерлер қатысты.
Бұл күні Тараз қаласындағы №44 жалпы білім беретін мектепте орналасқан Шона Смаханұлының бюстіне гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды.
Ғылыми конференцияға модераторлық еткен ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ақынның өмір жолынан сыр шертіп, сатириктің күрескерлік қабілеті, педагогикалық қыры жөнінде сөз тарқат­ты.
– Шона қысқа ғана ғұмырында артына өшпес із қалдыра білді. Ол жастайынан қиыншылыққа мойымай өсті, Ұлы Отан соғысына қатысты, ұстаздық қызмет атқарып, талай қазақ жастарын ән мен өнерге баулып, олардың тәлім-тәрбиесіне баса мән берді. Таласқа сапарында бала Шонаның бойындағы шығармашылық қасиет­ті аңғарып, оның айтулы тұлғаға айналарын дәл тауып, дөп басқандардың алғашқысы Асқар Тоқмағамбетов еді. Ке­й­іннен өзімен үндес, ойы қанат­тас шығармашыл інісі жайында: «Шонаны таптым. Шонаны тауып, шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу, адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – батыр!» – деп сатириктің шығармашылығы мен қайраткерлік болмысына биік баға берді,– деді Бауыржан Жақып.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев белгілі қаламгер, сатира саңлағы Шона Смаханұлының қазақ әдебиетіндегі алар орнына тоқталып, оның есімі мен мол мұрасы туған халқымен бірге мәңгі жасай беретінін ерекше атап өт­ті.
– Қаламгер саналы ғұмырын қазақ сатирасын дамытуға арнады. Әзілмен шығарма жазса да, оның түбінде шындығы бар екенін ойлы оқырманға жеткізуге тырысты. Ол қай кез­де де ақиқат­тың ақ туын жоғары көтеріп, өзінен ке­йінгі ұрпағына үлгі-өнеге бола білді, – деген аймақ басшысы конференцияға қатысушыларға сәт­тілік тілеп, риясыз алғысын білдірді.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде сатира сардарының мерейтойына арналған конференцияның тағылымдық әрі танымдық маңызы зор екенін айт­ты.
– Ұлт­тық әдебиет пен өнердің тойы – Шона Смаханұлының 100 жылдығы құт­ты болсын! Мемлекет­тілік пен егемендікті нығайтуға, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің еңбегін Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары бағалайды. Президент тапсырмасына сәйкес есімі елге белгілі тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде атап өтілуде. Бүгінгі шара сол маңызды бастамалардың жарасымды жалғасы іспет­ті, – деді Мәлік Отарбаев.
Басқосуда зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар орамды ойларын ортаға салып, Шона Смаханұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынба­сары, ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтауын жеткізе отырып:
– Қабырғалы қаламгер сатиралық өлеңдерімен қатар, қазақ музыкасында өзіндік орны бар, халыққа кеңінен танымал, қайталанбас лирикалық әндердің сөзін жарыққа шығарды. «Анамның тілі» ат­ты әуезді әнді білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл ән жүректі тербеп, көңілді кернеп, адам бойына ерекше әсер сыйлайды, – деп атап өт­ті.
– Шона Смаханұлының 100 жылдығы қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің қуа­нышы. Ағамыздың азамат­тық, қайраткерлік тұлғасы киелі ана тіліміздің жанашыры ретінде ұлт қайраткерлерінің ішінде ерекше биік көрінді. Ол қазақ кітаптарының насихат­талып, кең таралуына бар күш-жігерін жұмсады. Алматыда қазақ мектептерін ашу жолындағы қайтпас-қайсар, табанды ерен еңбегін жанқиярлық ерлік деп бағалаймыз. Ұлт алдындағы перзент­тік парызын адал орындап, Таласта туып, түркі әлемінің көгіне түлеп ұшқан сатира сұнқарының әдебиет пен қоғамдағы орны мәңгілік биік төрде, – деп ой түйді ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.
Жазушы Көсемәлі Сәт­тібайұлы Астана, Алматы қалаларындағы мектеп пен көшенің біріне Шона Смаханұлының есімін беруді ұсынып, ұлыларды ұлықтау – ұрпақ ісі екенін алға тарт­ты.
Бұдан бөлек, профессор Қансейіт Әбдезұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті ректоры Жансейіт
Түймебаев­тың арнайы құттықтауын жеткізіп; филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебай; сатирашы Ермахан Шайхыұлы; Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек; жазушы, драматург Елен Әлімжан; жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш; сатирик Алпысбай Боранбаев сөз сөйледі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Ер Шона» ат­ты жинақтың тұсауы кесілді.
Ш.Смаханұлының сөзіне танымал композиторлар К.Әзірбаев, С.Кәрімбаев, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, І.Жа­қанов, Ә.Телғозиев, А.Қоразбаев, Ә.Тінәлі т.б 100-ден астам ән жазған.
Кешкілік Баласағұн орталығында Шона Смаханұлының сөзіне жазылған әндерден галла-концерт өткізілді.
Тағылымды шарадан жиналған көпшілік келелі ой түйіп тарқасты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір