«Мен оқыған 30 кітап»
08.10.2024
376
1

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтайдың биылғы көктемде Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ат­ты үшінші алқалы жиынында сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда қайтадан жандандырып, барынша орнықтыруымыз керек», – деп кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет­тігіне назар аударды. Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында бұл үрдіс «Мен оқыған 30 кітап» байқауы арқылы өткен жылдан бастау алып, биыл жалғасын тапты. Таяуда Қазталов аудандық екінші «Мен оқыған 30 кітап» байқауы қорытындыланып, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.

Биыл байқау ережесіне өзгеріс енгізілді. Ұйымдастырушылар алқасы оқушылардың жас ерекшеліктерін, оқу деңгейлерін ескере отырып, 5–7 сынып, 8–11 сынып оқушыларына арналған кітаптар тізімін бекіт­ті. Ал жүлде қоры 2 млн теңгені құрады. Байқау тест сұрақтарына жауап беру және әңгімелесу сынды екі кезеңді қамтыды. Жазғы демалысты жан дүниесін рухани тұрғыдан байытуға арнаған ұл-қыздар оқығаны мен ойына тоқығанын ортаға салып, сынға түсті. Осы тұста айта кетелік, жеткіншектер жаз бойы оқуы тиіс кітаптар тізімі алдын ала түзіліп, оқушыларға күн ілгері үлестірілді.
Рухани байқаудың марапат­тау рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев жеңімпаз-жүлдегерлерді аудан әкімінің атынан құт­тықтады.
– Биыл біздің ауданда «Мен оқыған 30 кітап» байқауы екінші рет ұйымдас­ты­­рылды. Осы рухани шараның жеңім­паз-жүлдегерлерін аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың атынан құт­тықтаймын! Бұл байқау – білімге қанат қаққан оқушыларымызды жігерлендіріп, ұл-қыздарымыздың әдеби кітап оқуға ынта-ықыласын арт­тырып, зиялы ұлт қалыптастыруға септігін тигізетін дәстүрлі жобаға айналып келеді. Руханиятымызды кемелдендіріп, ұрпағымыздың зейінін ашып, талабын шыңдауға, ауыл балаларының кітапқа құмарлығын арт­тыруға қолдау көрсеткені үшін ұстаздарға, кітапханашыларға, ата-аналарға ризашылығымды білдіремін! – деді Серік Ерболатұлы.
Байқау қорытындысына сәйкес, қазылар алқасының ұйғарымымен 5–7 сынып оқушылары арасында І орынға Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Рамина Тілемісова лайық деп танылса, ІІ орынды қараөзендік Айша Рахимова, ал ІІІ орынды қараөзендік Сәнім Тұрарбек пен қараобалық Азиза Ережеп иеленді. Ал 8–11 сынып оқушылары арасындағы ақыл-ой мен білім-білік бәйгесінде Тереңкөл мектеп-бөбекжайының оқушысы Нұрайым Рахмет І орынды иеленсе, Казталов мектеп-лицейінің оқушысы Бақтияр Тольяти ІІ орын, Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Аяулым Тілепберген және Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Айман Маркс ІІІ орынға ие болды. Кітап оқу байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері қаржылай сыйлыққа (І орын – 300 000 теңге, ІІ орын – 200 000 теңге, ІІІ орын – 100 000 теңге), ал біраз оқушы белсене қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарына (30 000 теңге) ие болды.
«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын қазына» дегендей, дүниенің қыр-сырын танып-білуге ұмтылған талапты ұл-қыздарға ҚР Президенті жанындағы Ұлт­тық құрылтайдың мүшесі, Батыс Қазақстан «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр Әбдірахманов, «Қазақстанның құрмет­ті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері, Қараоба ауылдық модельді кітап­ханасының кітапханашысы Лаура Бердіғалиева қазылық ет­ті.
– «Мен оқыған 30 кітап» байқауы биыл Казталов ауданында екінші рет ұйымдастырылды. Бұл демалыс кезінде мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан оқушыларға берілген тапсырма десе де болады. Менің байқағаным, казталовтық оқушылардың ересектердің ескертуінсіз-ақ кітап оқуға ынта-ықыласы артқан. Бұл, әрине, қуанарлық та, құптарлық та құбылыс. Оқушылардың, ұл-қыздарымыздың интеллектуалдық дәреже-деңгейін көтеретін мұндай бастаманы біз берісі облыстық деңгейде, әрісі кең байтақ Қазақстан бойын­ша насихат­тауға бек пейілдіміз. Әрине, кітап оқу, көркем әдебиет – адамзат қоғамы үшін де, жеке адам үшін де интеллектуалдық тұрғыдан адамның ой-өрісін дамытып, дүниетанымын кеңейтетін, таным-түсінігін тереңдететін, қоғамдық санаға ықпалды институт­тардың бірі. Алдағы уақыт­та аудан көлемінде мұндай бастама үзіліп қалмай, жүйелі жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ мұндай жасампаз бастаманы өзге аудан-ауылдарға қоса, облыс орталығындағы, республикадағы білім ошақтары да іліп әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Бауыржан Файзоллаұлы өз сөзінде.

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН

5–7 сынып оқушылары оқитын кітаптар тізімі:
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»
С. Мұратбеков «Жабайы алма»
Ш. Мұртаза «Ай мен Айша»
Б. Майлин «Шұғаның белгісі»
Джеймис Барри «Питер Пен»
Эдит Несбит «Теміржол бойындағы балалар»
Джоннатан Сайфт «Гулливердің саяхат­тары»
Ш. Мұртаза «Соғыстың соңғы жесірі»
Ж. К. Роулин «Хэрри Пот­тер мен жасырын бөлме»
Б. Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат»
А. Лингрин «Ұзыншұлық Пипи»
Ы. Алтынсарин «Мейірімді бала»
Б. Соқпақбаев «Шал мен бала»
С. Бегалин «Бала Шоқан»
Н. Ақыш «Нағыз әже қайда?»
И. Спири «Хайди»
А. Сьюэлл «Сүлікқара»
П. Коэльо «Садақшы»
К. Льюис «Алиса таңғажайыптар әлемінде»
Ж.К. Роулин «Хэрри Пот­тер мен феникс алқасы»
Б. Момышұлы «Ұшқан ұя»
Қ. Әбдіқадыров «Тәт­ті қауын»
М. Мағауин «Бір атаның балалары»
О. Бөкей «Бес тиын»
Ы. Алтынсарин «Бір уыс мақта»
Б. Соқпақбаев «Қамқорлық»
Ж.К. Роулин «Ғасырлардан жеткен куидич»
Ж.К. Роулин «Хэрри Пот­тер мен шалқан ханзада»
Ж.К. Роулин «Хэрри Пот­тер мен азкабан тұтқыны»
«Қыз Жібек»
8–11 сынып оқушылары оқитын кітаптар:
А. Конан «Жоғалған әлем»
А. Лингрин «Ұзыншұлық Пипи»
Ә. Кекілбаев «Ханша Дария хикаясы»
Е. Мырзахметұлы «Жолда қалған таяқ»
О. Бөкей «Тортай мінген ақ боз ат»
І. Есенберлин «Көшпенділер»
Ж. Аймауытов «Ақбілек»
Ғ. Мүсірепов «Кездеспей кеткен бір бейне»
І. Есенберлин «Қаһар»
Ш. Уәлиханов «Алтыншаһарға сапар»
С. Мәуленов «Алыс кетіп барамын»
А. Тукерман «Муша»
Р. Дахи (Даль) «Матилда»
М. Мақатаев «Аққулар ұйықтағанда»
Р. Мұқанова «Мәңгілік бала бейне»
М. Әуезов «Еңлік-Кебек»
М. Жұмабаев «Батыр Баян»
Д. Мұштанова «Аңыз болған абысындар»
С. Сарғасқаев «Тәмпіш қара»
О. Бөкей «Қайдасың, қасқа құлыным?»
А. Құнанбайұлы «Қара сөздер»
М. Әуезов «Қилы заман»
Ә. Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»
С. Мұқанов «Аққан жұлдыз»
Т. Әбдіков «Қонақтар»
М. Дулатұлы «Бақытсыз Жамал»
Ә. Кекілбаев «Үркер»
Ш. Мұртаза «Қызыл жебе»
М. Әуезов «Абай жолы»
Т. Сұлтан «Темір және оның империясы»

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.10.2024 | 10:35

Сіздер Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романын оқыған боларсыздар. Сол романда Жорға Күрең деген кейіпкер бар ғой. Тіл саясаты комитетіндегі Ербол Тілешов тура соның сұрпынан екен. Сұрқы да, құлқы да соған келеді. Тек бас қамын, пайдасын ғана ойлайтыны көзінен көрініп тұр. Тіл туралы бірдеңе деу керек болса, тіл саясаты комитетінен осыны жұмсай салады. Бұл жымсиып сөйлейді. Сонымен іс бітеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір