Ұлт құндылығы
08.10.2024
37
0

Күні кеше Арқа төсін дүбірлеткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлт­тық рухымызды сілкіп, санамызды сергітіп өт­ті. Бар қазақтың кеудесін мақтанышқа бөлеген осынау байрақты бәсеке ұлы даланың ұлық салтын, телегей тарихын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлт­тық спорт түрлері қазақ баласының табиғатпен біте қайнасқан қайсар да алғыр бітімін, мергендігін, қайратын, ар-намысын шыңдап келді.
Жауынгерлік рухы ежелден әйгілі Атырау өңірінде «Ұлт­тық спорт түрлерінің Атырау облыстық клубының» құрылғанына он жылдан астам уақыт өт­ті. Осы уақыт ішінде клуб облыс бойынша ұлт­тық спорт түрлерінен ересектер, жастар, жасөспірімдер құрама командасын құрып, Республикалық, Халықаралық жарыстарға қатысып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуді мақсат тұтып келеді. Көкпар, бәйге түрлері, құсбегілік, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сынды жеті түрлі спорт түріне өңір жастарын баулуда бірқатар бастамалар жүзеге асты. Қазіргі таңда облысымызда осы спорт түрлерін дамыту барысында барлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігі тарапынан осы бағыт­та бірқатар қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұқаралық-спорт­тық республикалық және халықаралық Күнтізбелік жоспарға сәйкес барлық чемпионат­тарға, фестивальдар мен турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз.

Атыраудағы ұлт­тық спорт клубының құрамында жеті жат­тықтырушы, алпысқа жуық спортшы бар. Көкпардан үш деңгейлі құрама үздіксіз жат­тығу жұмыстарын жүргізіп келеді. 2013 жылы құрылған «Нарын» ересектер командасы республикалық, халықаралық турнирлер, фестивальдар мен чемпионат­тарға қатысып, жүлделі орын иегерлері атанды. Ұлт­тық спорт­ты жастар арасында кеңінен дамыту мақсатында мемлекет­тің қолдауымен 2020 жылы қаңтар айынан бастап «Жас Нарын» жастар (18–21 жас аралығы) ұлт­тық спорт командасы, 2021 жылы қаңтар айынан бастап «Жасөспірімдер» (15–18 жас аралығы) ұлт­тық спорт командасы құрылған болатын. Жаңа командалар Атырау облысы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында іріктеулер жүргізудің нәтижесінде дүниеге келді. Бүгінде жыл басындағы бекітілген күнтізбеге сәйкес чемпионат­тарға, фестивальдарға, турнирлерге қатынасып, оқу-жат­тығу жұмыстары өткізіліп жатыр. Қадамдарын жаңадан бастап келе жатқан екі жас команда да тамаша көрсеткіштерге қол жеткізіп үлгерді. Көкпар, бәйге, жамбы ату, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, құсбегілік сияқты ұлт­тық спорт түрлерінің спортшылары өткізілген жарыстарда біраз жоғары жетістіктер көрсет­ті.
Сонымен қатар 2015 жылы Ақмола облысы Балқарағай елді мекенінде өткен құсбегіліктен І Халықаралық фестивалінде атыраулық Кушкаров Арман бас жүлдеге ие болса, бүркітшілеріміз осы жылдары Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары атанды. Тараз қаласында 2015 жылы өткен жастар арасындағы саятшылықтан Х чемпионатында «Атырау облысы Ұлт­тық спорт түрлері» ЖШС-нің жас бүркітшісі Сармат Абдулкәрімұлы бас жүлдеге ие болды. 2013 жылы Саятшылар арасындағы Қазақстан Республикасының бесінші чемпионатында Арман Кушкаров жүлделі I орынды иеленді. 2020 жылы Шымкент қаласында өткен ХV ҚР чемпионатында 80 келі дәрежелі салмақтағы палуанымыз Мейірбек Құсайынов қола жүлдегері атанды.
2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің Батыс аймақтық іріктеуінде жастар командасы көкпардан ІІ орынды иеленсе, теңге ілу және жамбы ату ойындары бойынша ІІІ орынды қанжығамызға байладық. Астана қаласында өткен Көкпардан «ҚР Көкпар федерациясының кубогі» ашық республикалық турнирінен 16 команда арасынан қола жүлдегері атандық. Сонымен қатар Тараз қаласында өткен Көкпардан ХХ ҚР чемпионатында қола жүлденің тұғырына көтерілдік. Қазіргі таңда ұлт­тық спортымыздың деңгейі көтеріліп, қанаты қатайып келе жатқанын айқын байқауға болады.
Елімізде ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында ұлт­тық ойын түрлерінен чемпионат­тар, турнирлер өтіп жатыр. Біздің облысымыздың спортшылары да жыл сайын жарыстарға қатысып, жүлделі оралып жүр. Солардың бірі – 2016 жылы Талдықорған қаласында өткен көкпардан ХVI Чемпионатында Атырау облысының «Нарын» көкпар командасы 16 команданың арасынан күміс жүлдегер атанса, 2017 жылы Алматы қаласында өткен көкпардан ХVIІ чемпионатының қола жүлдегерлері болды.
Ұлт­тық спорт­тың басқа спорт түрлерімен салыстырғанда қиыншылығы мол, себебі футболға, воллейболға, хоккейге, боксқа, күреске алаңы дайын болса, спорт құралдары түгел болса жат­тығуға көп кедергі жоқ. Ұлт­тық спорт­та жүйрік ат­ты баптау­дың өзі ерекше дайындық пен бірнеше маңызды этаптарды қажет етеді. Бұл спорт түрлерінің қауіп-қатері мен жауапкершілігі мол болғандықтан ата-ана тарапынан бала қабылдауда белгілі бір қиындықтар туындап жататыны тағы бар.
Осы ұлт­тық спорт түрлерін дамытумен айналысып келе жатқан кезеңнің ішінде көз жеткізген бір мәселе – кадр тұрақтандырудағы қиындықтар. Оның бірден-бір себебі – жат­тықтырушылардың еңбек ақысының төмендігі. Бюджет қаражаты жем-шөп, дәрі-дәрмек, жанармай, оқу-жат­тығу жұмыстары мен іссапарларға жұмсалады. Басты құндылықтарымыздың бірі – ұлт­тық спорт болса, оның дәрежесін көтеру үшін жат­тықтырушылар мен спортшылардың әлеумет­тік мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек деп білемін.
Көшпенділердің ұлы династиясының атамекенінде отырған, дала өркениетінің тікелей мұрагерлері – қазақ халқының тілі, тарихы, өнері мен мәдениеті секілді ұлт­тық спорты да – басты бірегейлігі.

Өнербай ЖАНБАЛА,
«Атырау облыстық ұлт­тық
спорт түрлері» ЖШС директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір