«МЕНІҢ АТЫМ ҚОЖА» – БЕРДІБЕК ПЕН АБДОЛЛАНЫҢ МӘҢГІЛІК ӨМІРІ
24.09.2024
139
0

Әлемге әйгілі Канн фестивалінің жүлдесіне ие болған «Менің атым Қожа» фильмін қойған Абдолла Қарсақбаевтың режиссері болған Тұрар Дүйсебайұлы ақкөңіл, әңгімешіл азаматтың бірі еді. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кешегі КСРО киноөнерінің үздігі, еліміздегі театр мен киноның белгілі режиссерлерінің бірі, қатарластарынан қара үзіп кетпесе де пьесаларымен, сценарийлерімен, әңгіме, хикаяттарымен және Шыңғыс Айтматов сияқты ұлы тұлғалармен болған сәттерін боямасыз баянға айналдырған мемуаршы-қаламгерлігімен белгілі болған-ды.

Бірде сол Тұрар көкеммен әңгімеле­сіп отырып, «Менің атым Қожа» филь­мінің дүниеге қалай келгені туралы сұрағам.
– Аға, сіз, ұмытпасам, Абдолла Қар­сақ­баев қойған «Менің атым Қожа» фильмінің режиссері болдыңыз, иә?
– Иә.
– Сол киноның оқиғасын жатқа білемін. Мысалы, доп қуып шаршаған Қожа үйіне келсе, есігінің алдында… тағы да Қаратайдың мотоциклі тұр. Қаратайдың бұл үйге неге келгіштеп жүргенін сіз де, мен де, әрине, Қожаның өзі де жақсы біледі. Сондықтан Қожа мотоциклді жақтырмай «жауыз, сен де, сенің иең де жауыз» деп маңқиып тұрған мотоциклдің дөңгелегін бір тебеді… Осы сюжетті түсірген кезде, қанша дубль жасадыңыздар?
– Екеу, бәлкім, үшеу болар…
– Аз ғой?
– Өйткені Қожаның рөліндегі Нұрлан баламыз өте қабілетті болатын. Ол, тіпті ә дегенде мотоциклдің дөңгелегін бар пәрменімен тебем деп аяғының саусақтарын сындырып ала жаздаған…
– Қарасудан балық аулаған сәттері де керемет қой. Әсіресе Қожаның шат-шадыман жүзі көкейімнен әлі күнге дейін кетпейді. Осы сюжетті қалай түсірдіңіздер?
– Бала кезіңде қалаға қыдырып келгеніңде бүйірінде «Балық» деген жазуы бар машиналарды көріп пе ең? Қожа мен Сұлтанның Қарасудан балық аулаған кезін түсіру үшін, міне, осындай екі машина балық зая кетті. Бірінші жолы машинаның шопыры балықтың бәрін лақ еткізіп бірден ақтара салмасы бар ма, ондай өмірде болмайды ғой, сондықтан балыққа тағы да тапсырыс беріп, екінші жолы балықтарды бөліп-бөліп жіберуін қатаң қадағалауға тура келді…
– «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дейді ғой. Бес тонна балық шығын болса да, осы сюжет өте шынайы түсірілген. Ал, енді Қожаның рөлін тамаша ойнап шыққан Нұрланды қай жерден, қай мектептен таптыңыздар?
– Ересек рөлдерге қажетті артистерді іздестіруде көп қиналған жоқпыз. Ал Қожа мен Сұлтанға келгенде, әй, әбден сабылдық-ау. Көмекшім Мәлік Ыбыраев екеуміз Алматы, Талдықорған, Жамбыл, тіпті Қырғыз елінің астанасы Фрунзе қаласындағы мектептерді аралап, Қожаның рөліне мінез-құлқы, кескін-келбеті келеді-ау деген баланы таба алмай-ақ қойдық. Қай жерге барсақ та: «Ой, бізде Қожадан да өтетін балалар бар» – деп, ылғи жалқауларды көрсетеді. Ал біз іздеп жүрген Қожа еті тірі, пысық, ылдым-жылдым, көзінің оты жайнап тұрған көңілді бала болуы керек.
Бір күні «Қазақфильмнен» шығып келе жатыр едім, бір қарадомалақ бала екі қыздың шашынан тартып, шыңғыртып, қуалап келе жатыр. Әлгінің қылығы мен түр-тұрпатын көріп, жоғымды тапқандай қуандым. Сөйтіп, қасымнан өте бергенде білегінен шап бердім. Ол болса, қапыда қармаққа түскен балықтай бұлқынады.
– Пустите, дядя, пустите…
– Атың кім?
– Не скажу?
– Фамилияң кім?
– Не скажу.
– Қайда оқисың?
– Не скажу.
– Нешінші класта оқисың?
– Не скажу.
– Үйің қайда?
– Не скажу.
Болашақ «артисім», сөздің қысқасы, «не скажудан» басқа ештеңе айтпайды. Тіпті біз күткендегіден де асып-түсетін қисық-қыңырдың өзі. Сөзін қарашы…
– Киноға түскің келе ме?
– Я не люблю кино.
– Неге?
– Вы все там врете и придумываете.
Теперіш көрген екі қыздың бірі қасымызға таяп келді.
– Дядя, вам сказать его фамилию?
– Айта ғой, айналайын!
– Он – Сегизбаев, зовут его – Нурланом-драчуном.
Нұрлан оған «айтпа, әйтпесе қазір көресіні көрсетемін» дегендей жұдырығын түйіп, жұлқынып тұр.
Екінші қыз да тосылмады.
– Он учится в 33-ей школе в шес­том классе, «двоечник» он. А брат его знаменитый футболист – Тимур Сегизбаев.
Қолын босатуым мұң екен, қыздар қашып, ал Нұрлан оларды тырқырата қуып кете барды. Нағыз Қожаны «тапқаныма» қуанғаным сонша, студияға қайтып келдім де, Сегізбаевтардың мекен жа­йын сұрастырып, үйіне телефон соқтым. Телефонды қоңыр дауысты кісі алды. Сәлемдесіп, танысқаннан кейін шаруам­ды айттым.
– Ол шаруаны папам шешеді, мен Тимур деген ағасы болам. Ол кісі Совминде хаттар және арыз бөлімінің меңгерушісі болып істейді, – деп әкесінің телефонын берді.
Содан Совминге телефон соқтым.
– Иә, Сегізбаев деген мен болам, – деді майда қоңыр дауыс.
Телефон соғуымның жайын түсіндіріп едім, бірден баласынан көрген «қорлығын» айтып, мұңын шаға бастады. «Мынандай жерде қызмет етіп отырғанда, тіпті ұят екен», – деп те қойды.
Мен: «Біз кино түсіру кезінде оның тәрбиесі мен тәртібіне де көңіл бөлеміз, сабағы үзіліп қалады деп алаңдасаңыз, мұғалім де жалдаймыз», – деп, бәйек болып жатырмын. Осыншама үздіккенім, «соншалықты мұқтаж болсаңыз, үйге келіңіз», – деген жылы жауаппен аяқталып, көңілімде үміт оты тұтана бастады.
Жұмыстан кейін Карл Маркс пен Калинин көшесінің қиылысындағы Совминнің үйінде тұратын Нұрланның әкесіне келдім. Есікті болашақ Қожа ашты. Әкесімен танысып, киноның тәрбиелік мәні жайлы айтып, егер Нұрлан Қожаның рөліне бекітілсе, жұлдызы жанып, мінез-құлқы өзінен-өзі түзеліп кететінін тәптіштедім. Ол кісі менің өтінішімді түсініп, баласын шақырды. Бұл кезде Нұрлан есіктің пердесінің сыртында біздің әңгімемізден тыс қалмайын дегендей құлағын түріп, кейде, тіпті сығалап тұрған.
– Нұрланжан, режиссер ағаң сенің бойыңнан Қожаның кейбір қылықтарын байқап, үлкен өтінішпен келіп отыр екен, қалай ойлайсың, осы кісінің шаруасына көмектесу керек шығар?
Сөйтіп, қыздардың шашын тартқылап, жұлқынып жүрген «көше тентегі» анау-мынау жұлдыздардың қолы жете бермейтін түсіру алаңының мәртебелі төрінен бір-ақ шықты.
– Ал Сұлтанды қалай таптыңыз?
– Оны да кездейсоқ жолықтырдым. Ассистент Қалтай Әлішев екеуміз «хрушевкадағы» (Алматыдағы Райымбек батыр мазарының маңы. – К.С.) моншаға барып, жуынып-шайынып жатқанбыз. Жуыну залында бір ұзын бойлы, арық бала қабырғасы ырсиып шомылып жатыр екен:
– Әй, балақай, арқама қолым жетпей жатқаны, көмектесіп жіберші, – деп едім:
– Что, я тебе мойщик что ли? – дегені көзі бағжаң етіп.
Мен үндемей бу бөлмесіне өтіп кеттім. Бірақ ойымнан әлгі дудар бас, арық, ұзынтұра бала кетер емес. Өйткені біз сандалып таппай жүрген Сұлтанның образын бір шығарса осы бала шығаратын сияқты.
Будан шыға салысымен жаңағы «тіл- азарды» іздейін. Жоқ. Тайып тұрыпты. Моншашыдан сұрап едім: «Осы маңайда тұрады, шешесі әне, анау жерде балмұздақ сатып отыр», – деді. Салып ұрып жетіп бардым. Бұйымтайымның баласы туралы екенін білгенде:
– Өзі аурушаң еді, тапсырмаларыңызды орындай ала ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ әкесімен сөйлесіп көріңіздер, кешке таман жұмыстан келеді, – деді.
Кешке үйіне бардық. Әкесі такси жүргізушісі екен. Ол біздің ұсынысымызға, тіпті қуанып кетті.
– Баламның ауыратыны рас. Бірақ кім біледі, таудың ауасы, жаңа орта ем болып, жазылып кетер. Оның үстіне дәрігермен, мұғаліммен қамтамасыз етеміз деп отырсыздар, – деп баласының Сұлтан болып, киноға түсуіне рұқсат берді.
– Сұлтанның өз аты кім еді?
– Қарағым, кешір! Ағаң, сексенге келді, Сұлтанның да, әке-шешесінің де аты-жөнін ұмытып отырмын. Фамилиясы Көкенов болуы мүмкін. Ал аты… әлде Марат, әлде Мұрат па еді… «Мы» деп жаза берсейші…
– Қазір қайда екенін білмейсіз бе?
– Әлгі ауру ақыры алып тыныпты деп естідім. Айтпақшы, қазасы туралы анасынан естіген екем ғой. Баласының фильмге түскен кездегі суреттері болса ескерткіш үшін алайын деп келіпті. Суреттерін тауып беріп, қаражат жағынан көмектесіп, Алланың разылығы үшін үйіне барып, аруағына Құран бағыштағанбыз…
Көңілім қабаржып қалды.
– Жаны жаннатта болсын! Айтпақшы, Қожа мен Сұлтанға жайлауда жолығатын Дәулет деген кішкентай «саудагер» бала да бар еді ғой…
– Ә, оны киноның директоры Тастақ жақтан «тауып» әкелді. Сірә, көршісі болуы керек. Айтпақшы, қызық болды, өткен жылдары «Менің атым Қожаның» мерейтойына орай бас қосқанбыз. Сол кезде жиналған жұртшылыққа фильмнің бір кездегі кішкентай қаһарманы, бүгінде ер жеткен азамат Нұрлан-Қожаны таныстырып жатыр едім, бір зор дауыс:
– Аға, мені неге таныстырмайсыз, – дегені.
– Сен кім едің, айналайын? – деп дауыс шыққан жаққа бұрылсам, бір өңкиген үлкен жігіт:
– Мен Жұмағұл қойшының баласының рөлін ойнаған Дәулетпін ғой, – деп ыржиып, күліп тұр.
– Ой, айналайын…
Шұрқырай табыстық. Сөйтсек, қойшы Жұмағұлдың қымыз сатқыш «сау­дагер» баласы бүгінде жоғары білімді дәрігер болыпты. Жаңылмасам, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың дәрігері болғанмын деді-ау деймін.
– Нұрлан-Қожаның фильмнен кейін­гі тағдыры қалай жалғасты?
– Ол ұзақ әңгіме. Тоқсаныншы жылдары «Апиын» атты көркемсуретті фильмімнің шаруасымен жазушылардың шығармашылық үйінде жатқанмын. Түсіру алаңынан кеп, бөлмеме кіре бергенімде «Тұрар аға!» деген дауысқа мойын бұрсам, сұңғақ бойлы, қараторы азамат тұр. Күлкісі көзіме оттай басылды. «Қуан­ған мен қорыққан бірдей» дейді ғой:
– Қожамысың? – деппін сасқанымнан.
– Жоқ, Нұрланмын, Тұрар аға! – деді ол.
– Иә, Нұрлан, Нұрлан, бірақ сен мен үшін бәрінен де қымбат қара Қожасың, – деп құшақтай алдым.
Нұрлан мектепті бітірген соң Мәскеу­дегі кино институтының сценаристер факультетіне түседі. Діні бөлек қызға үйленеді. Алматыға келеді. Ажырасады. Баспана әйелде қалады. Өзі пәтер жалдайды. Жансақтау үшін жекеменшік машинасымен жолаушы тасып та көреді.
Маған жолыққан кезде Қ. Әбенов деген режиссермен бірге Желтоқсан оқиғасына байланысты кино түсіріп жүр екен. Бірақ бұл фильмнен де шеттетіліп қалған-ау шамасы. Өйткені кейінгі жолыққанымда өзі солай деп күрсінді.
Сосын біз, бір топ кинематографтар ақылдаса келіп, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Храпуновқа Нұрланның оқушы кезінде-ақ қазақ елі үшін сіңірген ерен еңбегін айтып, пәтер сұрап, хат жаздық. Бірақ ол құрғақ уәдемен қарасын көрсетпей, алдап кетті.
Одан кейін әкім болып Иманғали Тасмағамбетов келді. Алғашқы арыз аяқсыз қалған соң енді осы азаматқа шықтық. Міне, Нұрлан өзі тұрып жатқан қазіргі пәтерін Иманғалидың шешімі бойынша алды. Киноөнеріне қайта оралды.
– Біздің кейбір мырзалар Тараздың төрінен «Жолы болғыш серілер» («Джентельмены удачи») фильмінің үш серкесіне әспеттеп ескерткіш орнатып қойды, ал қазақ баласын дүниежүзіне паш еткен Нұрланның жағдайы анандай дейсіз ғой. Тұрар аға, «Менің атым Қожаны» қай жерде түсірдіңіздер?
– Шамалғанның жоғарғы жағында Сәт жайлауы деген жер бар, сонда түсірдік. Қазір сол жерден Ыстықкөлге қарай тасжол салып жатыр.
– Қарасу да сол жақта ма?
– Иә, сол маңдағы ауылдардың қасында ғой.
– Аға, осы фильмді қойған режиссер Абдолла Қарсақбаевтың өзі фильм туралы бірдеңе жазып қалдырған ба, жоқ па?
– Кино туралы рецензиялар, сұхбаттар бар болса, бар шығар. Бірақ өзі көсіліп жазуға үлгермеді-ау деймін.
Шіркін, Абдолла шын мәніндегі, кәсіпқой режиссер еді ғой. Шаршау, шалдығу дегенді білмейтін. Мінез кімде жоқ дейсің, менде де, сенде де бәрінде де бар. Көп адамдар Абдолланың тік айтатын мінезін жақтырмайтын. «Менің атым Қожа» Бердібек пен Абдолланың мәңгілік өмірі ғой.

* * *

Тұрекеңнің әңгімесінен кейін фильмге қатысты адамдардың аты-жөндерін анықтап, нақтылай түсу үшін «Менің атым Қожа» фильмінің титрімен танысуым керек болды. Бірақ кинопрокатқа шыққанына бірталай жыл болған киноны табан астында қайдан табасың? Бүгінгі бейнепрокаттарда жоқ. Тұрекеңе телефон шалып: «Менің атым Қожаның» бейнефильмі бар ма үйіңізде?» – деп едім, «Біреу алып кетіп еді…» – деп күмілжіді көкем. Осы кезде Әйгерім атты қызымның «Бүгін теледидарда «Менің атым Қожа» болады екен. Бейнетаспаға көшіріп алайын ба, әке?» – дегені есіме түсті.
Үйге келіп, қызым жинап қойған бейнетаспаларын ақтарып, әңгіме арқау­ына айналған фильмді тауып алдым. Фильмнің сценарийін повестің авторы, классик-жазушы Бердібек Соқпақбаевпен бірге Н.Зелеранский жазыпты. Одан кейінгі жазулар экраннан былайша тізбектеліп өте бастады.
«Фильмді қойған А. Қарсақбаев. Көркемдік жағын басқарған Е. Арон. Бас оператор М. Аранышев, суретшісі Қ. Ходжықов, режиссері Т. Дүйсебаев, операторы А. Қастеев, композиторы
Н.Тілендиев, өлеңді жазған Т. Молдағалиев.
Рөлдер мен дубляж жасағандар: Қожа – Н. Сегізбаев (Ф. Шәріпова), Сұлтан – М. Көкенов (А. Кенжеков), Жанар – Г. Құрабева (Т. Тасыбекова), Жантас – Е. Құрмашев (З. Ысқақова), Миллат – Б. Римова, Рахманов – К. Қожабеков, Майқанова – Р. Мұхамедиярова, әжесі – Э. Құрманбаева, Қаратай –
М. Құланбаев, Жұмағұл – А. Толыбаев
(Х. Кәрімов)…».

Көсем-Әлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір