ҚОЖА АФРИКАДА ЖҮР
02.02.2023
371
0

«Қазақфильмнің» туындылары тұңғыш рет Африка көрермендеріне жол тартты. Камерунның астанасы Яунде қаласында режиссер Гүлнар Сәрсенованың «Нартай» трагикомедиясы көрсетілді, – деп хабарлайды «Хабар 24». Фильм Yahra (Яра) Халықаралық фестивалінің конкурстық бағдарламасына еніп, 4 түрлі жүлдеге ие болыпты. Айта кетерлігі, арнайы көрсетілімдер бағдарламасында отандық 4 кинотуынды көрсетілген. Оның ішінде көпшілік сүйіп көретін «Менің атым Қожа» фильмі де бар.
Африкалық көрермендер қазақ­стандық өнер туындыларын жоғары бағалауда. Ал киноиндустрия мамандары қазақстандық әріптестерін ынтымақтастыққа шақырды. Бұл біздің кино шығармаларды Марокко, Тунис, Сенегал және Конго кино залдарында көрсету мүмкіндігін туғызады.
– Мен Қазақстанда түсірілген ойын фильмін алғаш рет тамашаладым. Бұрын қазақстандық деректі фильмдермен ғана таныс болатынмын. Кино маманы ретінде өзге ел кәсіпқой мамандары ұсынған жұмысты көріп, ондағы кинематографияны, кино тілін түсінуге тырыстым. Ерекше, керемет әсердемін. Фильмді көріп отырып, шынайы өмір, оқиғаның куәсі болдым, – дейді Канн фестивалінің лау­реаты, режиссер Мусса Туре.
Сонымен, «жер әлемді шулатқан» Қожа бастаған қазақстандық кинотуындылар Африка елінде жүр. 1963 жылдан бері экраннан түспей келе жатқан Қара Қожаның (жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестінің желісі бойынша фильмді түсірген режиссер Абдолла Қарсақбаев) қапырықтағы құрлықтан да көп көрермен тауып, ораларына сенгіміз келеді. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір