Тағдыр салса, шағылмас тауы кімнің…
06.09.2024
250
0

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА

Шамшырақ

Сұлулығым – шамшырағым,
Сиқырласам алданба.
Тіршіліктің көзі қылып,
Жан әкелдім жалғанға.

Махаббат­тың айдынында,
Өзіңменен егізбін.
Алпыс екі тамырыммен,
Күллі әлемді еміздім.

Өзің үшін жан беремін,
Бөгет болам тасқынға.
Іздеп жүрген жұмағың да,
Табанымның астында.

Жел үрлесе ық іздеймін,
Әлсізімін ортаның.
Жарық көрсе, отқа үйір
Көбелектен қорқамын.

Күнді сүйем, соған қарап,
Қауызымды ашамын.
Жүрегімді сыздататын,
Көлеңкеден қашамын.

Қорғар болсаң, мені қорға,
Мен жаямын жапырақ.
Әрленуге жетіп жатыр,
Бір жылы сөз – жарты бақ.

Мен – әйелмін күннен туған
Сұлулығым – шамшырақ,
Жаға білсең шырағымды,
Жанам мәңгі жарқырап!..

Апа, сенің құшағың…

Апа, сенің көктемде иісің бар,
Жұпар иіс бүр жарған.
Көктемді мен бүгін саған ұқсат­тым,
Көкірегіме ұя салып бір арман.

Тас құрсақты кеңіткенің кешегі,
Тас емшекті жібіткенің кешегі,
Тамырлардан тамырларға таралып,
Мейірім боп еседі.

Апа, сенің құшағың-ай, құшағың,
Еніп кетсем, ен даланы құшамын.
Сен бар жердің бәрі – сая, самал жел,
Еңсем биік, емін-еркін ұшамын.

Қыз өкшесі көтерілді, кешқұрым…
Көктем көңіл сіркіреді, кешті мұң.
Мен ұшқанда қия алмаған жүректің,
Дүрсілін де енді ғана естідім…

Қыз ғұмыр

Өмір маған қос-қостап,
Гүл де берді,
Ұл берді,
Айдар тағып, ат қойып,
Менмен ғұмыр,
Меншіктеп-ап үлгерді.
Өмір мәні – құлыншағым,
Құндағында-ақ бұлқынды,
Күннен-күнге құлпырды,
Құлын күннің қабағында,
Күн күлді!..
Бірі – әкенің,
Бірі – ананың
Қылықтарын қайталап,
Айнытпаған шеберлікке,
Еш мүлтіксіз құдіретке
Еріксіз бас шайқап ап,
Көріп қалып өзімді-өзім
Айнадан
Таңырқана үңілсем,
Қу тірлікке
Байланыппын соншалық,
Әжімменен мөрлегенше,
Маңдайымыз терлегенше,
Ауыр жүгін арқалай,
Желдей ескен
Уақыт­ты да байқамай…
Ұл ер жет­ті,
Қауыз жарды
Қызыл гүл
Ауызға үріп салғандай…
Сұлулыққа тамсанбаған
Менікі деп,
Тас құрсақты кеңіт­тім,
Менікі деп,
Тас емшекті жібіт­тім,
Менікі деп,
Түн ұйқымды төрт бөлдім,
Менікі деп,
Суға түстім,
Отқа түстім, өртендім.
Менікі деп
Қуратпадым ыстыққа,
Жауратпадым жаңбырға.
Енді, міне,
Үлбіреген сол бір гүл
Теңін тауып,
Бағыт алды қияға,
Қимаса да қол бұлғады
Туып-өскен ұяға.
Жалғау үшін
Тірлік отын маздатып,
Сіңіп кетіп
Топырағына жат жұрт­тың,
Жарық болып,
Жылу болып төгілу де –
бір бақыт!..

Іздеймін сені

Тыраулаған тырналардың тізбегі
Үмітімді қайта жалғап күздегі…
Балқытып кеп естің ескі қатпарын
Менің жаным бір жылылық іздеді.

Сәбиде­йін бүлкілдеген еңбегі,
Желбіреген жусан аңқып жөргегі.
Тамырыма қан жүгіртіп, табаным,
Тие сала емдеді.
О, туған жер, салқын самал төсегі…
Қырандарың құндағында-ақ өседі.
Өлең болып төгіле алсам мен бүгін,
Топырақпын қойныңда өскен кешегі.

Сені іздеймін сағынышым қысқанда,
Сені іздеймін жабырқаған тұстарда.
Тағдырымның талғамынан аса алмай,
Сені іздеймін сенен алыс ұшқанда.

Сені іздеймін ағарып таң атқанда,
Сені іздеймін қызарып күн батқанда.
Сені іздеймін өкпем әзер тыныстап,
Тар балконның терезесін жапқанда.

Іздеймін мен алма бақты жайқалған,
Сілкігенде-ақ саулар алтын әр талдан.
Ауыл түгіл қаланы да шыдатпай,
Сілеке­йін шұбыртқан дәм бал тамған.

Іздеймін мен әкем көрген көздерді,
Іздеймін мен жүріп өткен іздерді.
Сағынудың не екенін білмеп ем,
Балқаймақпен әжем баққан кез­дері…

Жасыма жас қосқан сайын іздеймін,
Ағайын бас қосқан сайын іздеймін.
Жеткізбейтін мына жүйрік уақытың,
Талаптарын тосқан сайын іздеймін.

Іздеп барсаң, ниетінен таныңдар,
Қонағына сайлап қойған орын бар.
Іздемеген ізделмейді дегендей,
Тас тілінде сайрап жатар қорымдар.

Беу, ауылым – таңғажайып мекенім,
Тал бесіктен қымтап өскен етегін.
Іздеп барсам, төр сыйлайтын қашанда,
Мен – өзіңнің сыйлы қызың екенмін.

Жарықсыз да жолымды тауып жүрмін

(Монолог)

Таяқ дейді…
Таяқ па, енді шамым,
Жо-жоқ жетер, жүректе бар ғой жалын.
Керек емес тәуіп те, дәрігер де…
Бір Алладан табамын бір амалын.

Адамдар бар менен де халі нашар,
Бәлкім, бұл да біз үшін сынақ шығар.
Көкірегі соқырға кезіккенде,
Көздің соқыр болуы түк емес-ау.

Нашарлар да өмірге керек, сірә,
Мықтылардың қадірін білу үшін.
Жылай беру соншалық қиын шығар,
Үміт керек алайда күлу үшін.

Шүкір, шүкір, бүгін де – менің күнім,
Көз орнына бергендей бұлбұл үнін.
Талайларды тамсантып, таңырқатып,
Көрерменді көмеймен бағындырдым.

Мойныма асынғалы алты шекті,
Бар қазақтың угәйін салып жүрмін.
Бала-шаға қамымен шауып жүрмін,
Отырғам жоқ ешкімге масыл болып,
Нанымды да бұйырған тауып жүрмін.

Ата-анам – барым да бағым деймін,
Сендер үшін әлі де сәбидеймін.
Шамшырағым – әзірге сендерсіңдер,
Балаларым, ардақты жарым менің.

Мен ешкім де емеспін өздеріңсіз,
Қаумалаған қазағым, қалың елім.
Сүрінсем де тіреу болған – туған жерім,
Тағдыр салса, шағылмас тауы кімнің…
Жарықсыз да жолымды тауып жүрмін!..

Сен кімсің?!

Сен емес,
Ар үшін ғана күресем.
Сен – елес,
Төзімді босқа түгесем.
Сен – сезім,
Өртеніп барып сөнесің.
Сен – өзім,
Тағдырға ғана көнесің.
Сен – жақсысың,
Көре білетін көз керек.
«Сен – бақсысың»,
Сезе білетін өзгерек.
Сен – сағыныш,
Күтумен ғана күн өтер.
Сен – жарылыс,
Жүректі сойып, жыр етер.
Сен – «періште»,
Күнәңді көзім көрмейді.
Сен келіспе,
Жел-өсек тыным бермейді.
Сен – тамшысың,
Көрінбей тырсыл қағатын.
Сен – қамшысың,
Оп-оңай жөнге салатын.
Сен – армансың,
Алысқа қанат қағатын.
Мен таңғалдым,
Таусылып барады тағатым.
Таңғалды әне бұла түн,
Таңғалды, міне, ұлы ақын,
Әлсіз боп қалды алдыңда
Әлемнің өзі –
Сені мен менен тұратын
Сен кімсің?!

Өмір және мен

Өмір мұң керек деді,
Мен түннен ұрладым.
Өмір күлкі керек деді,
Мен күннен ұрладым.
Өмір сән керек деді,
Мен гүлден ұрладым.
Өмір ән керек деді,
Мен желден ұрладым.
Өмір үміт боп келді,
Мен таңды атырдым.
Өмір күдік боп келді,
Мен тұңғиықта жатырмын.

Өмір кеңейтіп еді,
Мен көлге құладым.
Өмір тарылтып еді,
Мен шөлге құладым.

Өмір бар болып келді,
Мен байлықты көрдім.
Өмір жоқ болып келді,
Мен кедейлік көрдім.

Өмір түлкі боп кетті,
Мен тазы боп шалдым.
Өмір не деген епті!
Мен разы боп қалдым.
Жел ымдады,
Жапырақтар сөйлейді.
Мен тыңдадым,
Өмір тағы не дейді?!.

Атырау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір