АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК және РАДИКАЛДЫҚ ИДЕОЛОГИЯҒА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ
Қоғамда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру маңызды. Санасы уланған теріс діни ағымдардың өкілдері ақпараттық кеңістікті құралға айналдырды. Қоғам дертіне сыни көзқарас, азаматтық позиция қалыптастыру бағытында, Атырау облысында да бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр.
Дін атын жамылған экстремистік, террористік идеологиялармен күресу мақсатында, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің жетекшілігімен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Дін саласында жалпы профилактикалық жұмыс жүргізетін облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Топ құрамында 160 адам бар. Оның ішінде 47 теолог, 11 білім беру маманы, 5 спортшы, 6 этномәдени бірлестік өкілі, 9 журналист, 3 құқық қорғау қызметкері және басқа да салалардағы белсенді мамандар қамтылған. Ақпараттық-түсіндіру тобы жеке кездесулер, топтық кездесу, дөңгелек үстел сынды іс-шараларға спикер ретінде қатысып, мақсатты аудиторияның сауалдарына жауап береді.
Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жыл басынан бері 260 іс-шара өткізілді. Ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен өткен шаралар 88 132 адамды қамтыды. «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған ауқымды жұмыстар қатарында ұлттық құндылық, рухани тәрбие, жастар мәселелеріне арналған іс-шаралар бар. Мәселен, «ҚР діни бірлестіктер және діни қызмет» туралы заңын түсіндіру мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында 78 іс-шара өтіп, 11 537 адамды қамтыды.
Ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстары мақсатты топтарды қамтуда. Айталық, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған «ҚР діни бірлестіктер және діни қызмет» туралы заңы әлеуметтік осал топтарға да түсіндірілді. Қазіргі уақытта Атырау облысы аумағында 15 діни бірлестік өз жұмысын жүргізуде. Аталған діни бірлестіктерге және 9 сауда орнында «ҚР діни бірлестіктер және діни қызмет» туралы заңы бойынша 10 583 адамға ақпараттық жадынамалар таратылды.
Атырауда діни ағарту жұмыстарына іс басындағы имамдар, дін мамандарымен бірге, дін саласында білім алып жатқан студенттерді пайдалану тәжірибесі де қолға алынып отыр. Бұл мақсатқа еліміздегі ең ірі діни оқу орны – «Нұр-Мүбәрак» университетінің студенттері тартылды. Контрпропагандалық жұмыстарға қатысатын студенттердің фейсбук, инстаграм, тик-ток сынды әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын ақпараттық материалдармен тұрақты түрде толықтыру практикасы өз жемісін бере бастады. Наурыз айынан бастап, осы мақсатқа жұмылдырылған үздік 23 студентпен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде, пост, рилс форматындағы 613 материал жүктелді. Оған қоса, әлеуметтік желілер арқылы «Сенің өмірің – сенің таңдауың», «Жалған ақпарат жарға жығады», «Қазақтың ұлттық киімі», «Жетекке ерген жендет», «Адастырған ақиқат», «Өмірге оралу», «Хабарласпа!» тақырыптарында әлеуметтік бейнероликтер жүктеліп, таратылуда. Осындай мақсатты жұмыстар әлеуметтік желілерді дін бағытындағы сенімді, шынайы контенттермен толықтыруға мүмкіндік беріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, өңір имамдарының, дін саласы мамандарының біліктілігін арттыру – басты назарда тұрған мәселе. Бұл бағытта ұдайы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. 24-28 маусым аралығында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры Атырау облысы бойынша дін қызметкерлеріне «Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі имамдардың (теологтердің) рөлі» тақырыбында семинар-курсын өткізді. Курстың мақсаты – өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі имамдардың (теологтердің) рөлін көтеру және жұртшылық алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Кәсіби құзіреттіліктер мен тәжірибелік дағдыларды дамыту, біліктілігін арттыру. Аталған іс-шараға Атырау облысының ҚМДБ-ға қарасты мешіт имамдарынан 50 адам қатысып, адам психологиясымен жұмыс жасау, еліміздің діни ахуалы, зайырлылық қағидаттары, әлеуметтік желілерді пайдалану, аудиториямен тығыз байланыс орнатуға байланысты түрлі теориялық және тәжірибелік сабақтар алып, білімдерін жетілдірді.
Қалай десек те, дін – нәзік тақырып. Қазіргідей ақпараттық тасқын, жаһандану уақытында теріс ағымдармен жұмыс заманауи технологияларды максималды түрде қолдану арқылы жүзеге асырыла береді. Айта кету керек, Атырау облысы бойынша 64 діни бірлестік бар. Оның 50-і исламдық бағыттағы бірлестіктер, үш православтық, үш католиктік, бір кришнаиттік, жеті протестанттық діни бірлестіктер жұмыс істейді. Атырау облысы бойынша дін істері басқармасы тарапынан, барлық діни бірлестіктердің жұмысына бақылау жүргізіліп келеді.
Қаһарман МУСАЕВ,
Атырау облыстық дін істері
басқармасының басшысы